Жаңалықтар

ОҚУШЫ КӨП, БIЛIКТI ЖАС МАМАН ЖОҚ

ашық дереккөзі

ОҚУШЫ КӨП, БIЛIКТI ЖАС МАМАН ЖОҚ

Алматы қаласының Әуезов ауданында 39 мектеп бар. Аталмыш аудандағы бiлiм ордаларының жетiстiктерi мен жетiспеушiлiгi неде? Бiрден айта кету керек, Алматы мектептерiнiң басты түйткiлi – олардың тарлығы. Көпшiлiк орта мектептерде кабинеттер жетiспейдi, ал ару қала Алматыға жан-жақтан келiп қоныстанған халық көп-ақ! Демек, қала сыртындағы аймақтарда мектеп жасындағы балалардың саны аз емес. Алдағы уақытта қала бойынша 100 мектеп салынғалы отыр. Әлбетте, бұл қазiргi таңдағы бiлiм беру саласындағы басты мәселелердiң бiрi. Сөйтсе де жұмыс iстеп тұрған мектептердiң жай-күйi қандай? Көңiл тола ма?

Алматы қалалық №149 орта мектепте 2 дайындық сыныбы және 73 орыс-қазақ сыныптарында 115 мұғалiм сабақ бередi. 3 ауысыммен оқитын аталмыш мектептiң оқушыларының 70 пайызы ғана оқулықтармен қамтамасыз етiлген. Оқулықтар жетiншi сынып пен жоғары сыныптардың көбiсiне жетiспейтiн көрiнедi. Деседе, бiлiм ошағының басты қиындығы – орынның жетiспеуiнде.

«640 орындық мектебiмiзде оқушы саны тым көп. Былтыр Үкiметтен бөлiнген 2млн. 1 жүз мың теңге қаржыға мектеп жөндеуден өттi. Көшенiң арғы бетiнде қарама-қарсы орналасқан ғимаратты өзiмiзге қосып та алдық, әйтсе де, күн өткен сайын балалардың саны көбеюде. Бiр сыныпта 38-40 бала оқиды», – дейдi мектеп директоры Манкеева Ғалия. Жалпы, мектеп соңғы заманғы материалдық жабдықтармен қамтылған. Жаңа оқу жылында бiлiм ошағының кiтапханасына 7 компьютер бұйырыпты. Асханасында ыстық тамақ әзiрленгенiмен, құрғақ тамақ өнiмдерiмен бастауыш сыныптар және жоғары сыныптардың әлеуметтiк жағдайы төмен 10 оқушысы тегiн тамақтандырылады. №149 аралас орта мектептiң жетiстiктерi де жеткiлiктi. ««Ақбота» интеллектуалдық марафонында бiздiң мектеп 23 жүлделi орынды иелендi. Сонымен қатар, мектебiмiз спорттан, дәлiрек айтсақ, футбол мен баскетболдан жоғары нәтиже көрсетуде», – дейдi тәрбие iсiнiң меңгерушiсi А.Төрежанова.

«Пiкiр таласы – шындықтың анасы» демекшi, осы орайда ата-аналардың да пiкiрi орынды.

«Мақсат атты ұлымды осы мектепке бiрiншi сыныпқа жiберген едiм. Мектеп тек дүниетану атты оқулығымен қамтамасыз еттi, қалғандарын өзiм сатып алдым», – дейдi бiрiншi сынып оқушысының анасы Р.Қалышева.

Сонда оқулықтар жетiншi сынып пен жоғары сыныптар арасында ғана емес, бастауыш сыныптар аралығында да жетiспегенi ме? Бiрiншi сыныптың оқушысы Нұржанов Мақсаттың еншiсiне оқулықтар түгелiмен бұйырмапты. Ал мұндайдың санын нақты бiлiп жатқан да ешкiм жоқ. Бiлiм ошағының тағы да бiр олқылығы кейбiр кабинеттердегi парталардың көнелiгi. Бiрақ ескi заманның парталары сапалы әрi берiк деп түсiндiредi тәрбие iсiнiң меңгерушiсi. Яғни, №149 орта мектепте жетiстiктер мен жетiспеушiлiктер аз емес секiлдi. Бұл бiр ғана мектеп. Ал, Әуезов ауданындағы басқа мектептердiң ахуалы қандай?

1994 жылдан берi таза қазақ мектебi болып құрылған №104 қазақ орта мектебi 800 орынға есептелген, алайда, бұл бiлiм ошағында да жас ұландардың саны бұдан әлдеқайда көп. «Басқа да мектептер iспеттi бiздiң де негiзгi мақсатымыз – оқушылардың таным белсендiлiгiн, бiлiмге қызығуын арттырып, кәсiби бағдар бағытында имандылыққа тәрбиелеу. Басты проблема – бiлiм ордасында орын жетiспейдi. Осы себеппен мектебiмiз биыл күрделi жөндеуден өткен жоқ», – дейдi мектептiң бастауыш сыныптары бойынша оқу iсi жөнiндегi меңгерушiсi Ж.Е.Шөкенова. Бұл мектеп те ережеге сай материалдық жабдықтармен, оқулықтармен, 1-4 сынып оқушыларын тегiн тамақпен қамтып отыр. Өнер мен спорт саласындағы үйiрмелерге, олимпиадаларға балалар көптеп қатысады. «Өкiнiшке қарай, биыл бiздiң мектепте «Алтын белгiмен» бiтiрген түлек жоқ. Бiрақ былтыр 3 бала бұл нәтижеге жеткен едi»,– дейдi аталмыш мектептiң оқу iсi жөнiндегi меңгерушiсi Л.Ө.Сыдықжанова.

Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 орта мектеп – Әуезов ауданына қарасты «Ақбұлақ» ықшам ауданындағы жалғыз бiлiм ошағы. Сырт көз сыншы. Бұл мектептiң ел қатарлы емес, басқалардан әлдеқайда көш iлгерi екендiгi бiрден бiлiнедi.

«Бiздiң мектеп негiзiнен 694 орынға лайықталған, бiрақ бала саны тым көп. Бiрiншi қыркүйек болмай жатып, мектебiмiз жөндеуден өтiп, материалдық жабдықтармен, оқулықтармен қамтылған. Оның себебi бiзде 148 оқушы көп балалы жанұядан шықса, 80 бала әлеуметтiк жағдайы төмен отбасынан, жартылай жетiм және тiрiдей жетiм балалар бар. Олардың барлығы жалпыға бiрдей бiлiм беру қаражаты бойынша мектепке қажеттi дүниелермен қамтамасыз етiлген», – дейдi әлеуметтiк педагог Л.Шайкенова.

«Өнердi үйрен де жирен» демекшi, шынында да мектеп оқушыларының әрбiрi – дүниенiң ендi қаланып келе жатқан кiрпiшi iспеттi. Өнерге бейiм балалар кiшiгiрiм сахна залында «Мұзда жанған алау» (Қ.Рысқұлбеков туралы), «Хан Кене», «Абай», «Еңлiк-Кебек» пьесаларын қойып үлгерiптi. «Сахнаға әбден машыққан ұл-қыздар жыл сайын Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түседi», – дейдi әлеуметтiк педагог. «Қарлығаш» би тобы, «Ақбұлақтың аққұлақтары» атты көңiлдi тапқыштар клубының да өз жетiстiктерi бар. Мектептегi бiлiм сапасын сарапқа салсақ, соңғы жылы үш бала – «Алтын белгi» иегерлерi атанса, 9 оқушы – ҰБТ бойынша жоғары нәтиже көрсетiп, мемлекеттiк бiлiм грантын жеңiп алған. Нәтиже жаман емес.

Мiне, осындай жеңiсi мен жемiсi мол үлгiлi бiлiм ошағының директорынан да бiршама мәлiмет алып, бiлiм беру жүйесi мен жас мамандардың жетiспеушiлiгi турасында сөз қозғап, пiкiр алмасудың сәтi түстi. №154 орта мектептiң директоры, филолог Е.Ш.Мәсәлiмнiң бiлiктi басшылығы болар, алдағы уақытта дәл осы бiлiм ошағында мажар тiлi (венгр тiлi) оқытылып, қоңыртану оқулары бойынша байқау ұйымдастырылмақ. Жалпы мұнда қоңыртану, араб тiлi, дiнтану пәндерi жүргiзiледi. Десе де, мемлекеттiк тiлдiң орны бөлек, өйткенi бiлiктiң басшының саясаты балаларды ұлттық идеология бойынша қазақылыққа тәрбиелеу екендiгi қуантады.

«Бiздiң мектеп бұрын орыс мектебi болған, алты жылдан берi аралас мектеп. Бiлiм ордамызда оқушылардың көпшiлiгi гуманитарлық ғылымды таңдай отырып, қазақ халқының киелi қасиеттерiн бойларына сiңiруде. Мектебiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiнiң жеткiншектерi де қазақ тiлiн жақсы меңгерген. Мәселен, Е.Сергеенко атты түлегiмiз қазақ бөлiмiне оқуға түссе, «Ақбұлақтың аққұлақтары» деген көңiлдi тапқыштар клубының мүшелерi түгелдей қазақ тiлiнде сөйлейдi, бiрақ барлығы орыс ұлтының балалары. Олар Алматы қаласының әкiмдiгiнiң III дәрежелi кубогын иеленiп, Республикалық лигаға өттi. Бұл бiз үшiн үлкен мақтаныш. Сондықтан өнерлi әрi бiлiмдi жастарға барлық жағдай жасауға тырысамыз. Мәселен, 3 компьютер сыныбында Рамазан Жәшитовтың «Үлкен ойын» атты интерактивтi-танымдық бағдарлама енгiзiлген. Жаңадан физика кабинетi және мультимедиялық кабинет аштық. Тек бiр ғана спортзалымыз бар, ал мектебiмiз таршылық етуде. Бiрақ көкейде жүрген өзектi мәселелердiң ең бастысы бұл емес, бiлiктi жас кадрлардың аздығы», – дейдi директор Е.Ш.Мәсәлiм. Шынында да, №154 орта мектептегi бiлiктi кадрлардың көпшiлiгi аға буын өкiлдерi. Бұл мәселенiң түйiнiн тарқатсақ, бiлiмдi, бiлiктi болашақ жас мұғалiмдер жоғары оқу орнын тәмамдаған соң билiкке, бизнеске кетiп қалады, болмаса өмiр сүруге қолайлы жақты iздейдi. Оларды да кiнәлауға болмас. Қазiр не көп, мұғалiмдердi дярлайтын оқу орындары көп. «Жас мұғалiмдердi Жапониядағыдай бiрнеше мәрте сүзгiден өткiзген дұрыс», — деген тiлегiн де айтып қалған едi үлгiлi мектеп директоры.

Әуезов ауданы негiзiнен Алматының сыртқы жағында орналасқан. Мұнда да пәтерлердiң құны аспандап тұр, жағдай мәз емес. Сондықтан жас мамандардың мұндай сыртқы аймақтарға келiп жұмыс iстеуi екiталай. «Екi жыл бұрын Алматыда жас мамандарды жатақханалармен қамтамасыз ету туралы мәселе көтерiлген едi. Сол мәселе қайта қолға алынса, жастар жұмысқа бiлек сыбанып кiрiсер ме едi?», — дейдi ғалым Ернар Шәуенұлы. Бұның жүзеге асуы бiлiктi жас мамандар үшiн аса қолайлы болар едi. Өйткенi, қаланың сыртқы жағында орналасқан аудандарда арзан деген бiр бөлме 20-25 мың теңге, нан бағасының, тағы басқа азық-түлiктердiң қымбаттауы да қарапайым халық үшiн ауыр салмақ. Әуезов секiлдi қаланың сыртқы аудандарында бұл көзге анық аңғарылады. Сондықтан бұл аудандағы мектептерде қарапайым отбасынан шыққан балалардың санының күн санап өсуi қуантқанмен, бiлiм сапасы төмендеп кетпесе игi.

Жансая ПЕРНЕБАЙ