Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛI – ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТIЛДIҢ, ҚАЗАҚ ҰЛТЫ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛА МА?..

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛI – ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТIЛДIҢ, ҚАЗАҚ ҰЛТЫ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҢ ҚҰРБАНЫНА АЙНАЛА МА?..

Егемендi мемлекет атанғанымызға 16 жыл толса да қазақ тiлiнiң жұлдызы жанбай-ақ қойды. КСРО дәуiрлеп тұрған 1989-жылдың өзiнде тiл жанашырларының белсендi қайрат көрсетуiнiң арқасында, мемлекеттiк тiл мәртебесiн алған қазақ тiлi содан бергi уақыт аралығында барынша тұқыртылумен келедi. Кезiнде қазақ тiлiмен қатар орыс тiлiне де мемлекеттiк тiл мәртебесiн беру мәселесi көтерiлген болатын. Алайда ол идея елеулi тойтарыстарға тап болғаннан кейiн билiк өз дегенiн жүзеге асыру мақсатында үш тұғырлы тiл (триединство языков) деген жаңа тәсiлдi ойлап тапты. Сонда қалай, артық-кемi жоқ бiр-бiрiмен тең дәрежеде қолданылатын үш тұғырлы қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнiң қайсысы мемлекеттiк тiл мәртебесiне ие? Әлде үшеуiн де мемлекеттiк тiл деп қабылдаймыз ба?

Бiр қарағанда үш тұғырлы тiл идеясында пәлендей кiнәрат жоқ тәрiздi әсер қалдырады. Шынтуайтына келгенде көп тiл игеруге ешкiм қарсы емес. Әл-Фараби бабамыздың 76 тiл бiлгенi бiз үшiн мақтаныш. Бiрақ бала оң-солын танығанша өз ана тiлiнде оқып, бiлiм алмаса, оның табиғи жолмен дамуына кiнәрат түсiп, ұлттық дiлiн қалыптастыра алмайтыны белгiлi. Мәселен, Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек өз ана тiлiнде тәрбиеленедi. Өзге де өркениеттi елдерде, тiптi кешегi КСРО-ның өзiнде бастауыш сыныптар тек ұлттық тiлде оқытылды. Шет тiлдерiн игеруге 5-шi сыныптан бастап бұрылатын. Солай бола тұра «шаш ал десе, бас алуға» бейiм кей пысықайлар үш тұғырлы тiл идеясын жалаулата көтерiп, әлi бұғанасы қатпаған, ой-санасы, буыны бекiмеген 2-3 жасар сәбилердi балабақшадан бастап үш тiлде оқытуға кiрiсiп кеттi. Тiптi телеарналар бұл орайда қай облыстың игi нәтижелерге қол жеткiзгендiгiн жарыса насихаттауда. Сонда тұнығы астан-кестен қозғалысқа түскен әлгi сәбилердiң болашақ тағдырына кiм жауап бередi? Кезiнде қазақтың дара перзентi Жүсiпбек Аймауытов: «Бала өз ана тiлiнде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деп ұран тастамап па едi? Жалпы үш тұғырлы тiл идеясы ешқандай ғылымға негiзделмеген, педагогикалық өлшемдерге мүлде сыйыспайтын бастама. Оның үстiне үш тұғырлы тiл деген атауы да ақылға қонбайды. Байыбына барсақ, бiрiншi тұғырда тұратын тек мемлекеттiк тiл болуы керек едi. Ал, өзге тiлдердi онымен бiр сапқа қатар қою – Ата Заңға қайшы. Сондықтан ең болмаса «мемлекеттiк және қос тұғырлы тiл» десе бiр сәрi. Бiз «үш тұғырлы тiл» идеясын асығыс жасалған шешiм деп бiлемiз.

1994-жылы 150 шалақазақ кәсiпкерлер билiктiң жасырын түрде қолдауымен «қазақстандық ұлт» идеясын көтердi. Ол кәсiпкерлер «Казахстанская правда» (22 желтоқсан, 1994 ж.) газетiнде былай деп жазды:

«В связи с введением… новых паспортов исключить графу «национальность», так как мы, многонациональный народ Казахстана, ЯВЛЯЕМСЯ ОДНИМ НАРОДОМ И НАЦИЕЙ – КАЗАХСТАНЦАМИ».

Байыбына барсақ, бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлт» идеясы бiзге мүлде келмейдi. Себебi, Америка ұлттық мемлекет емес. Ол елде бiр кезде ашкөздiк психология жетегiнде тек баюды мақсат тұтқан басқыншы келiмсектер салтанат құрды. «Американдық ұлт» идеясы зорлықпен, азаппен өлтiрiлген 150 миллионға жуық жергiлiктi үндiстер сүйегiнiң үстiне бой түзедi. Сондықтан ол ел бiзге экономика саласында үлгi саналса да рухани тұрғыдан мүлде үлгi бола алмайды. Адам баласының жалқыны мойындамай, жалпыны ұғуы мүмкiн емес. Тiршiлiкте бiр адамды сүю арқылы ғана бүкiл адамзатты сүюге, тануға жол табамыз. Әр адам өз ұлтының тiлiн, салт-дәстүрiн сүю арқылы ғана басқа ұлттардың тiлiне, рухани құндылықтарына үлкен құрметпен қарай алады. Тамырсыз бiрде-бiр өсiмдiк болмайтыны сияқты адам баласы да ата-тегiмен, оның рухани құндылықтарымен көрiнбейтiн тамырлар арқылы жалғасқан. «Қазақстандық ұлт» идеясы бiрте-бiрте бiздiң сан ғасырлық ата-баба рухымен байланысымызды мүлде жойып, жаңа космополиттiк болашақ қалыптастыратыны ешкiмге құпия сыр емес.

Рас, бiртұтас кеңес халқын жасау идеясын кезiнде КСРО көсемдерi де көтердi. Бiрақ олар өз дегендерiне жете алмады. Оның үстiне бұл идеяны КСРО-ның соңғы президентi М.Горбачевтың өзi де қолдай қойған жоқ. Ол бұл тұрғыда былай дейдi:

«Есть все основания предположить, что коммунистический космополитизм не мог победить по той простой причине, что в его фундаменте лежала утопия. Как мы уже с Вами говорили, национальные чувства, как и чувства собственности, имеют глубокие корни в душе человека. Можно смело утверждать, что нельзя стать гражданином вселенной, если ты не стал гражданином своей страны…

Нельзя было желать, чтобы русские забыли, что они русские, казахи забыли, что они казахи, а грузины забыли что они грузины. Здесь был просчет коммунистического эксперимента». (М.Горбачев, Д.Икеда, «Моральные уроки XX века», Москва, 2000 г.)

Егер бұл мәселеге ислам дiнi тұрғысынан қарасақ, ұлтты жою Алла қалауына қарсы шыққандық болып табылады. Өйткенi Құран Кәрiмде: «…бiр-бiрiңдi тануларың үшiн сендердi ұлтқа, руға бөлдiк» (49-сүре) деген аят бар.

Сондай-ақ «үш тұғырлы тiл», «қазақстандық ұлт» идеялары қазақтардың мемлекет құрушы ұлт екендiктерiн жоққа шығарып, бүгiнгi билiк басында қазақ халқы есебiнен ұсталып отырған шамамен 90 пайыздық ұлттық көрсеткiштi бiрден құлдыратып, 5-10 пайызға дейiн түсiрiп жiберетiндiгi күмәнсiз. Жуырда «қазақстандық ұлт» идеясының «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарына енгенi «Хабар» телеарнасы арқылы хабарланды. Бiр сөзбен айтқанда бұл жолмен жүрер болсақ, келешекте қазақ халқы өз Отанында ұлт ретiнде мемлекет басқару билiгiнен айрылады. Себебi, американдықтар сияқты ұлттық мәселе әркiмнiң жеке отбасылық шаруасы болып қалары хақ. Сондықтан да мұндай утопиялық идеяларға жол беруге болмайды деп бiлемiз.

Жуырда «Нұр Отан» партиясы жағындағы бiр беделдi газет «Нұр Отан» партиясы орыс тiлiне мемлекеттiк мәртебе беруге референдум өткiзу туралы мәселе көтермек» деп жазды. Егер бұл идея расқа шықса, қазақ тiлi былай тұрсын қазақ ұлтын жоюға үш бағытта жұмыс жасалып жатқанын айқындау қиын емес.

Ойланбай жасалған ағат қадам елiмiздiң бiрлiгi мен шырқын бұзуы мүмкiн. Сондықтан бiз билiк тұлғаларын әлдекiмдердiң жетегiнде кетпей, көтерiлген мәселелер төңiрегiнде әлi де терең ойлануға шақырамыз.

Әбдiжәмiл НҰРПЕЙIСОВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Мұзафар ӘЛIМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Мұхтар ШАХАНОВ, Республикалық «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы; Қадыр МЫРЗА-ӘЛИ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Бибiгүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртiсi, Еңбек ерi; Амангелдi АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор; Әлихан БАЙМЕНОВ, «Ақ жол» партиясының төрағасы; Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор; Клара ХАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесi, Корея достық қоғамының вице-президентi; Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесi, Әзiрбайжан мәдени орталығының төрайымы; Ескендiр ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Темiрхан МЕДЕТБЕК, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Талаптан АХМЕТЖАН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары; Смағұл ЕЛУБАЙ, Пен-клубтың вице-президентi; Мереке ҚҰЛКЕНОВ, «Қазақ газеттерi» ЖШС-нiң бас директоры; Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтың лауреаты; Эрнест ТӨРЕХАНОВ, Алматы қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы; Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi; Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Жүсiпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас Алаш» газетiнiң бас редакторы; Шәмшиддин ПАТТЕЕВ, «Түркiстан» газетiнiң бас редакторы; Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, «Ана тiлi» газетiнiң бас редакторы; Ертай АЙҒАЛИ, «Қазақстан-Заман» газетiнiң бас редакторы; Құдияр БIЛӘЛ, «Жалын» журналының бас редакторы; Шарафутдин ӘМIР, «Заң» ЖШС-нiң президентi; Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үнi» газетiнiң бас редакторы; Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетiнiң бас редакторы; Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы; Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ, «Алтын орда» газетiнiң бас редакторы; Талғат ЕШЕНҰЛЫ «Жас қазақ» газетiнiң бас редакторы; Ермұрат БАПИ, «Тасжарған» газетiнiң бас оқырманы; Серғазы МҰХТАРБЕКҰЛЫ, «Қазақстан» газетiнiң бас редакторы; Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛI, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалi дирекциясының бас директоры, композитор; Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысы; Мыңбай IЛЕС, журналист; Оразхан ЖАРҚЫНБЕК, «Сана» газетiнiң бас редакторы; Әлiбек ҚАЛАМБАЕВ, ҚР халық ағарту iсiнiң үздiгi, зейнеткер; Кәдiрбек СЕГIЗБАЕВ, жазушы; Серiк АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын; Әмiрхан МЕҢДЕКЕ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; Сабыржан ШҮКIРҰЛЫ, ҚР еңбек сiңiрген мәдениет қызметкерi; Нұрқасым ҚАЗЫБЕК, жазушы; Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА, ҚР еңбек сiңiрген әртiсi; Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ҚР Мәдениет қайраткерi; Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ, журналист; Кемелбек ШАМАТАЙ, журналист; Болат ШАРАХЫМБАЙ, ақын; Есенғали РАУШАНОВ, «Жазушы» баспасының директоры, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты; Жанболат МАМАЙ, журналист, т.б.

(Хатты қуаттап, қолдағандар 73 адам. Қол қою әлi жалғасуда.)