ЖЕТПIС ЖЫЛ БОЙЫ БIЛIММЕН СУСЫНДАТҚАН
ЖЕТПIС ЖЫЛ БОЙЫ БIЛIММЕН СУСЫНДАТҚАН
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетi жайында
Арал аймағындағы бiлiм мен ғылымның ордасы саналатын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiне биыл 70 жыл толып отыр. XX ғасырдың басында кеңестiк әкiмшiл-әмiршiл жүйенiң қыспағымен Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институты Сыр өңiрiне көшiрiлiп, оның негiзiнде жаңа оқу ордасы құрылған болатын.
1990 жылдардың аяғында бұрынғы кеңестiк Одаққа бiрiгiп келген республикалар тәуелсiз ел болуға ұмтылды. Дербес экономикалық модель ғана емес, өзiндiк бiлiм беру жаңа жүйесiн қалыптастыру қажеттiлiгi туындады. Қазақстан үшiн тарихи маңызы зор реформалар кезеңi басталды. Ғасырлар тоғысында отандық өндiрiстi, ғылым мен бiлiмдi жан-жақты дамыту үшiн әлемдiк ақпараттық және бiлiм кеңiстiгiне интеграциялануға бейiм жаңа тұрпатты кәсiби маман даярлауға мемлекет тарапынан айрықша көңiл бөлiне бастады. Бiлiм ошақтарын оңтайландыру қолға алынды. Осындай түбегейлi шаралар аясында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 ж. 24 наурыздағы №256 қаулысымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда гуманитарлық университетi және Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты бiрiктiрiлiп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетi болып қайта құрылды. Басқаша айтқанда, гуманитарлық және техникалық салалар бойынша бiлiм беретiн аймақтағы жоғары оқу орындары бiрiктiрiлiп, iргелендi. Оқу орнының ректорлығына аймақтағы ғылым мен бiлiмдi дамытуға қосқан қомақты үлесiмен танымал техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов тағайындалды. Тың көзқарас пен кешендi iс-әрекеттерге негiзделiп университеттiң материалдық-техникалық базасын нығайту, оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми әлеуетiн көтеру, университеттiң кiтапхана қорын жаңа мазмұнды оқулықтармен, оқу-әдiстемелiк құралдармен қамтамасыз ету, оқу ғимараттарын, жатақханалар мен асханаларды күрделi жөндеуден өткiзу, қазiргi заманғы оқу зертханаларын ашу, оларды қажеттi құралдармен жабдықтау, Арал аймағына қажет жергiлiктi мамандар даярлау үшiн жаңадан мамандықтар ашу; оқытушыларды үй-жаймен қамтамасыз ету секiлдi көлемдi жұмыстар қызу қолға алынды. Бiр айта кететiн жайт, ұжым мүшелерi жаңаша жұмыс жасауға жұдырықтай жұмыла бiлдi. Осылайша оқу-тәрбие процесiне соны серпiн берiлдi. Нақты айтар болсақ, 1998-1999 оқу жылы қарсаңында оқу процесiн оңтайландыру, жетiлдiру, кадрлар әлеуетiн арттыру мақсатында университет құрылымы 49 кафедра көлемiнде 10 факультет болып қайта құрылды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев республиканы Орталық Азия аумағында қоғам өмiрiнiң маңызды салалары бойынша алдыңғы қатарға шығарып, ТМД шеңберiнде Қазақстанның геосаяси ықпалын арттыру үшiн Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын ұсынды. Бұл жасампаз идеяның байыпты жүзеге аса бастауы бiздiң ұжым тарихында жаңа бетбұрыс кезеңiне сәйкес келгенiн айта кету орынды. Межеленген стратегиялық мұраттарға қол жеткiзуде келер ұрпақ мүддесiне баса назар аударылатыны белгiлi. Демек бiлiм кеңiстiгiн кеңейту, халықаралық ғылыми байланыстарды одан әрi нығайту мемлекетаралық қарым-қатынастың басты бiрiктiрушi факторына айналып отырады. Мiне, осылайша Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы алыс-жақын шетелдер тарапынан қажеттi қолдау тапқан тұста отандық бiлiм сапасын жаңа да жоғары деңгейге көтеру мүмкiндiктерi туындады. Бiздiң ұжым да аталған саладағы озық бiлiм беру технологияларын ұтымды пайдалануға, сол арқылы бiлiм сапасын едәуiр арттыруға бастайтын жаңа қатынас жолы ретiнде өзiнiң халықаралық байланыстарын кеңейтуге батыл қадам басты. Бұның нақты дәлелi үшiн ұжымға Сыр өлкесiнiң құдiретi киелi Қорқыт Атаның аты берiлген 1998 жылдан бергi бiрқатар өркениеттi елдермен орнатқан ғылыми әрi әрiптестiк байланыстарымыздың басым бағыттарын қысқаша сараласақ жеткiлiктi деп ойлаймын. Бұл бағытта Ұлыбританияның Роберт Гордон университетi), Италияның (КАРАНА Консорциумы), Канаданың (Оңтүстiк Альберта Технологиялық институты (SAIT), Ауылшаруашылық Олдс кол¬леджi, Саскачеван университетi, Альфред Колледж), АҚШ-тың (Мичиган қоғамдық колледжi, Минниаполис қоғамдық-техникалық колледжi), Түркияның (Түркi әлемiн зерттеу қоры, Түркия халықаралық әрiптестiк әкiмшiлiгi, Сүлеймен Демирел университетi, Анкара университетi, Фират университетi, Думлупинар университетi, Кожалы университетi, Гебзе Жоғары Технологиялық университетi, Стамбул университетi, Сакария университетi, Ататүрiк университетi), Оңтүстiк Кореяның (Кенги университетi, Андонг ұлттық университетi, Чунг Ан университетi, Каннам университетi), Австрияның (Леобен тау-кен университетi, Евразия-тынықмұхит университеттер жүйесi), Италияның (Болонья және Карло Каттанео университетi), Қытайдың (ЧинДжан Санжи политехни¬калық университетi) университеттерi және басқа да түрлi бiлiм беру және ғылыми мекемелермен, сондай-ақ қоғамдық ұйымдарымен әрiптестiк қатынастар орнатты.
2005 жылдың мамыр айынан берi университет жоғары оқу орындарының Еуропалық Ассоциациясына (ЕУРАШЕ — Брюссель, Бельгия) толыққанды мүше болып кiрдi. Бұған қоса ұжымымыз 2005 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бiрi болып Италияның Болонья қаласындағы университеттердiң Ұлы Хартиясына мүше болып қабылданды.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы шеңберiндегi әрiптестiк қарым-қатынастарымыздың күн санап күшейiп отырғанына арнайы тоқталудың қажетi бола қоймас. Алайда, кәсiби бiлiм беру саласында бәсекелестiк орта қалыптастыру үшiн де батыстық және шығыстық модельдердi салыстыра отырып, олардың озық тәжiрибелерiн оқу процесiне кезең-кезеңмен енгiзу бiздi бiржақтылықтан сақтайды. Танымымыздың аясын кеңейтедi. Мұндай ұтымды тәжiрибе өз жемiсiн берiп те отыр. Айталық, елiмiзде жоғары кәсiби бiлiм беруде кредиттiк технологияның ендiрiлуi осының айғағы болып табылады.
Бiлiм беру технологиялары жаңарғанымен әрбiр тәлiм алушы студент үшiн оқытушының ерекше тұлға болып қала берерi сөзсiз. Сондықтан да университет деңгейiнде ұжымның ғылыми әлеуетiн көтеру басты нысана болып қала бермек. Бұл бағыт бойынша iзденушiлерге қолайлы жағдай жасалып, қажеттi қолдау көрсетудiң тамаша дәстүрi қалыптасты. Әрiптестерiмiздiң 22 монографиясы, көптеген оқулық, оқу-әдiстемелiк құралдары университет есебiнен жарық көрдi. Салыстыру үшiн айта кетсек, 1997-1998 оқу жылында университетте 171 ғылыми атағы бар оқытушы-профессорлар қызмет атқарса, 1999-2000 оқу жылында олардың қатары 204-ке жеттi. Ал 2006-2007 оқу жылында ғылыми атақ-дәрежелi әрiптестерiмiздiң саны 300-ден асты. Соңғы 9 жыл iшiнде 30-дан астам докторлық, 200-ден астам кандидаттық диссертациялар қорғалды. Сол жылдары университеттiң кiтапхана қорында 668 561 дана оқулықтар мен оқу-құралдары болса, бүгiнгi күнi ол 1 000 000 данадан асты. Бұл Республикадағы басқа да жоғары оқу орындарымен салыстырғанда едәуiр жоғарғы көрсеткiш.
Кадрларды шетелдерде даярлау, алдыңғы қатарлы озық оқу тәжiрибелерiн тарату, халықаралық стандарттарға сәйкес оқу бағдарламаларын жетiлдiру мақсатында университет Ресей Федерациясының М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi, В.К.Горячкин атындағы Мәскеу мемлекеттiк агроинженерлiк университетi, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттiк мұнай және газ университетi, Мәскеу мемлекеттiк әдiлет академиясы, Мәскеу педагогикалық мемлекеттiк университетi, Мәскеу жол-көлiк институты, РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясы, Новосiбiр, Казан, Томск және т.б. университеттерi, сондай-ақ Украинаның Тарас Шевченко атындағы Киев университетi және Өзбекстанның Ташкент Ауылшаруашылық ирригациясы және механизациясы институты сынды iрi оқу орындарымен әрiптестiк қарым-қатынас орнатылған. Қазiргi таңда университетте оқу процесi жоғары базалық бiлiм беретiн (бакалавриат) – 56, ғылыми-педагогикалық бiлiм беретiн (магистратура) – 15, аспирантурада – 9, орта кәсiптiк бiлiм беретiн – 32 мамандықтар бойынша жүргiзiледi. Үстiмiздегi жаңа оқу жылында университетте 10884 студент бiлiм алуда, оның 5882-сi күндiзгi оқу бөлiмiнде. Бүгiнде оқу процесi күндiзгi оқу бөлiмiнде 9, сырттай бiлiм беру бөлiмiнде 2 факультетте және 48 кафедрада ұйымдастырылған. Университет жанында жоғары оқу орнына дейiнгi бiлiм беретiн «Қабiлет» бейiмдi бiлiм беру лицейi, қазақ-түрiк лицейi, 32 мамандық бойынша орта кәсiби бiлiм беретiн университет колледжi жұмыс iстейдi. Бүгiнгi күнi университетте қолданысқа енгiзiлген студенттердiң бiлiмiн бақылау мен бағалаудың модульдiк-рейтингтiк жүйесi оларға бiлiм беру сапасын арттырудың тиiмдi әдiсi ретiнде танылды. Осы ретте 2006-2007 оқу жылындағы басты шығармашылық мамандықтардан басқа барлық мамандықтар бiлiм берудiң кредиттiк жүйесiне көшiрiлгенiн айта кету орынды.
Бүгiнгi күнi құрылғанына 70 жыл толып отырған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетi Арал аймағындағы ғана емес, Республика бойынша да кәсiби бiлiктiлiгi жоғары мамандар даярлауда алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бiрiне айналды. Осы кезге дейiн оқу орны 40 мыңнан астам өз iсiнiң шеберi, кәсiби бiлiктi мамандар даярлап шығарды. Олардың ел экономикасы салаларының дамуына, аймағымыздың өсiп-өркендеуiне қосқан үлесi мол. Түлектер арасында белгiлi кәсiпкерлер, ғұлама ғалымдар, iрi өндiрiс басшылары, спорт саңлақтары, қоғам және мемлекет қайраткерлерi көптеп саналады. Олар Кеңес Одағының Батыры И.Журба, академиктер Р.Бердiбай, Н.К.Надиров, Ә.Н.Нысанбаев, Д.Кiшiбеков, партия және Кеңес қызметкерлерi Е.Көшербаев, А.Т.Ақдәулетова, Ш.Н.Нұрымгереев, сондай-ақ елiмiздiң өнер, әдебиет салаларында елеулi iз қалдырған С.Мәуленовты, К.Тұрсынқұловты, С.Жиенбаевты, Т.Нұрмағамбетовты, С.Боранбаевты, Б.Исаевты, О.Бодықовты, М.Сатыбалдиевтi зор мақтанышпен атай аламыз. Бүгiнгi күнi университет оқытушы-ұстаздары арасында өз түлектерiмiз ғылым докторлары, профессорлар – А.Айдосов, Қ.Балтаев, Ж.Асанов, Б.Кәрiбозұлы, Ж.Сәдуақасұлы, Б.Сейсенов, А.Ерназаров, С.Баекова, Т.Бурсова, М.Досжанов, Г.Күлдеева, С.Ибадуллаева, С.Рахатов, Н.Абдрахманов және жүзден астам ғылым кандидаттары мен доценттер жемiстi қызмет етуде.
Бiлiм – адам баласының өмiрлiк рухани азығы болатын болса, сапалы бiлiм әрi саналы тәрбие беру өлшеусiз еңбектiң, үздiксiз iзденiстiң, қарымды қабiлеттiң нәтижесi болып қала бермек.
Б.САЙЛЫБАЕВ, Қорқыт Ата атындағыҚМУ ректорының мiндетiн атқарушы, п.ғ.к., профессор