Жаңалықтар

ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚТЫҢ КЕРI

ашық дереккөзі

ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚТЫҢ КЕРI

«Денсаулық – зор байлық» Әсiресе бүгiнгiдей қымбатшылық белең алып тұрған уақытта деннiң саулығына не жетсiн. Биiк мiнберден, «Халықтың денiнiң саулығы – елдiң байлығы» деп жүремiз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекшi қалың қауым естiген сайын елiтiп, көңiлдерi көтерiлiп-ақ қалады. Алайда, сөз бен iс кей кездерде қабыса бермейтiн секiлдi.

Бұл неден көрiнiс табуда? Қазiр не көп, жекелеген медициналық орталықтар көп. Тiптен Астана мен Алматыда әрi десе облыстың iрi-iрi қалаларында израиль медицинасы, қытай медицинасы, кәрiс медицинасы тағы басқа да осындай ақылы орталықтар жетiп жатыр. Жоқтан бары жақсы, аздан көбi жақсы десек те, бұларда тек қалталылар ғана емделуде. Оларда ғылыми дәрежелi жоғары емдеушi дәрiгерлер жұмыс iстейдi. Жұртты шақыратын жарнамалары қандай. Соның өзiнде қаншама ақылы болса да «Бар қаражатымды берiп, ауруымнан айыға алмадым» деушiлердi көптен кездестiрiп жүрмiз. Ал қалың қара қауым өз аудандарына қарасты медициналық аппараттары жұтаңдау емханаларын мiсе тұтуда. Соны да көп көрдi ме денсаулық саласының вице-министрi Жақсылық Досқалиев мырзаның өткен аптадағы алқалы жиында бүйректен сирақ шығаратын ұсынысын ортаға тастағанын жұрт телеарналардан көрiп, жағаларын ұстады. Оның айтуынша халыққа медициналық қызмет көрсету ақылы тәсiлге көшпейiнше, қолданылған емнiң сапалы болуы екiталай екен. Мұны қалай түсiнуге болады? Сонда емханалардағы медицина қызметкерлерiнiң халыққа сапалы қызмет көрсетуi сол қаражатқа байланысты ма? Олардың жалақысы көбейгеннен «сiз», «бiзi» артып, бiлiм мен бiлiктiлiгi бiрден жоғары деңгейге көтерiле сала ма? Әлде сол емханаларға шетелдiк қымбат медициналық аппараттарды сатып алу кедей-кепшiктiң қалтасындағы болмашы ақшасына қарап қалды ма екен. Ау, экономикамыз өркендеп жатыр, достастық елдердiң алдына шықтық деп Үкiметiмiз кеуде қағып жатқанда, вице-министр мырзаның жарлы-жақыбайдың қалтасына көз тiгiп, қағып – сiлкiгенi қалай болады. Ол «Тұрмысы төмендерге Үкiмет компенсация беру керек» – деген уәж айтады. Айта салуға оңай. Күнi кеше астығымыз мол болса да, нанның қымбаттауын екi апта бойына тоқтата алмай әзер дегенде ырықтандырған Үкiмет табан астында бiрнеше миллиондаған кедей-кепшiкке компенсацияны қайдан тауып бере салсын?

Досқалиев сөйлеген күннiң ертеңiне-ақ жұрт өре түрегелiп, дүрлiгiп кеттi. Оны өзi де телеарналардан көрiп, аса қажеттi дәрi-дәрмектердi сатып алуға қаражаттары жетпей жүрген жұрттың жүйкесiне тиiп, ашу ызасын келтiргенiн байқаған да болар. Қарапайым халықтың жағдайын жақсы бiлетiн бiрқатар медицина қызметкерлерi де вице-министрдiң бұл ұсынысын орынсызға санап, құптай қоймады. Бiр ауыз сөз орнымен айтылса, мерейiңдi өсiредi, орынсыз айтылса қадiрiңдi қашырады.

Бұрынғы Парламент депутаты Татьяна Квятковская да бұл мәселеде қалыс қалмады. Дамыған батыс елдерiнде де халыққа ақысыз қызмет көрсететiн iрi-iрi медициналық орталықтардың барын айтып, ашына сөйледi.

– Ол елдiң жағдайын шын ойлайтын азамат болса, сондай алқалы жиында дәрiханалардағы дәрi-дәрмектердiң ұшып тұрған құнын қалай түсiрудi неге айтпайды, – дейдi зейнеткер Зекен Темiрғалиев: – Оның бұл ұсынысы жығылғанға жұдырықтың керi ғой.

Қарияның сөзiн жөн демеске амалымыз жоқ. Шетелдерден дәрi-дәрмек жеткiзушi әлеуеттi азғана топ монополия құрып алғаны қашан. Қой дейтiн қожа, әй дейтiн әже болмаған соң дәрi-дәрмектерге ойларына келген бағаларды қойып жатыр. Мұны Үкiмет бiлмей отыр дейсiз бе? Бiлгенде қандай. Осы мәселенi жұрт та айтып-айтып шаршады. Ендi мiне, Досқалиев медициналық қызмет ақылы болмай, сапалы болмайды деп отыр.

Көлбай Адырбекұлы