Жаңалықтар

ШЫРЫЛДАҒАН ШЫНДЫҚ ҚАЙДА?

ашық дереккөзі

ШЫРЫЛДАҒАН ШЫНДЫҚ ҚАЙДА?

Қымбатшылықтың ұзын құрығы ауыл жұртын титықтатты

Ауыл халқында көңiл-күй жоқ. Қайдан болсын?! Базарда адам жанына қажеттiнiң бәрi қымбаттап кеттi. Әу баста бұл қымбатшылық нан бағасының өсуiмен басталса, ендi мiне, ұсақ-түйек заттар да «әкеңнiң құнын» сұрайтын болды. Бұдан кейiн ауыл жұрты жанайқайын бiлдiрмегенде, кiм бiлдiрсiн?!

Жақында Алматы облысына барудың сәтi түстi. Анда-санда жолым түсетiндiктен де, бiраз туған-туыстың үйiне бас сұға кетудi жөн көрдiм. Жол-жөнекей жолығып, жүздескен жандардың қабағында бiр зiл бар. Тiршiлiк тауқыметi өне-бойларын меңдеп, әбден батпандап алған сияқты. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн күн-көрiстiң қамымен тыраштанып жүрген бiр адам. Үлкенi бақшасынан шыққан азын-аулақ, артық-ауыс көкөнiсiн сатып талшық етсе, жасы базарда арба сүйреп, күнделiктi нәпақасын айырып жүр. Бiрақ одан түскен пайда қане? Ендi қайтпек, құр босқа қымбатшылықты айтып, зарлай бергеннен түк шықпайтынына көздерi жеткен. Кез келгенiн сөзге тартсаң, «Бағаның күрт шарықтауын Үкiметтiң өзi құрықтай алмай жатқанда, басқадан не үмiт, не қайыр?!», — дейдi самарқау үнмен.

Алматы облысына қарайтын iрiлi-ұсақ аудандар мен елдiмекендерде базар-ошар да жоқ. Күнделiктi жанға қажеттi азық-түлiктi ауылдың маңдайына бiткен үш-төрт дүңгiршектерден ғана алады. Оның өзiнде баға удай қымбат. Аудан орталығы «Қабанбайға» барайын десе, ауыларалық автобус та қатынамайды. Ал, көлiк жүргiзушiлерi (таксистер) «Нан қымбаттағанда, бензин де қала ма?» деп апарып-әкелгенге пәленбай ақша сұрайды екен. Шынында, ас атасының қымбаттауы бүкiл азық-түлiкке, керек-жарақ дүниенiң бәрiне дерлiк әсер еттi. Қала тұрмақ, ауылда да сол баға. Ұшып тұр. Базарға кiрiп, аралап та көрдiм. Айтқан бағасынан бас айналып кетедi. Әрине, қалада тұратын адам жұмысбасты. Ауылдағы ағайын сол сауда-саттықтың арқасында тамағын айырып отырған жоқ па? Баяғыдай егiн егiп, оның рахатын көрiп отырған ешкiм жоқ. Бәлкiм, содан кейiн де алдындағы затын ақша болсыншы деп қымбатқа сататын шығар. Оның үстiне, мына қымбатшылық та қара нан мен қара суды жанға демеу еткен жандарды кәдiмгiдей титықтатып жiбердi-ау. Бұл аздай, қай жерде болмасын нанмен бiрге күнбағыс майының да бағасы кенеттен тыс шарықтап кеткенiн байқамасқа лажың жоқ. Сенсеңiз, кәдуiлгi тазартылған, рафинадталған майдың бағасы 400-теңгеге бiр-ақ жеткен. Әдетте, ауылды жерде мақта, күнбағыс егетiн егiстiк жерлер бар екенiн ескерсек, оны тартатын арнайы құрал-жабдықтың болатыны анық қой. Бiрақ бұл арнайы жекеменшiк қожалықтарға қарағандықтан да, олар да бағаны қолдарынан көтерiп жатқаны өз алдына. Содан ба екен, базарда ұн да, май да, тiптi, шай мен қантың да қымбат. Басқа басқа, кезiнде дүркiреп тұрған ауылдың, ауыл халқының түнерiп, сұрғылттанып кеткенi жаныма қатты батты. Тек қана күнделiктi азық-түлiгiн айыруға бел буған жандарды мазалайтын басқа ой да, мәселе де жоқ. Бар ниетi жейтiн нанын адал ақшамен табу ғана. Ал зейнетке шыққан қарттар болса, таң шапақтанып атқаннан-ақ, жағалай базар маңына жайғасады. Бiрi шекiлдеуiк, екiншiсi құрт, сағыз, анау-мынау ұсақ-түйек сатумен кештi батырады. «Бұл да болса, зейнетақымызға үстеме болады», – дейдi жасы алпысты алқымдаған апа. Анадай жерден аяңдап, келгеннен жағдайларын сұрап, қымбатшылықтың ауылға әкелген зардабы мен тауқыметi жайында әңгiме бастағаным сол екен, әбден «күнделiктi пiкiр-таласқа» айналған басты тақырыптары болар, бәлкiм, жанып тұрған отқа тағы да май құйып жiбердiм бе, артынша бәрi жамырай кеттi. «Мынау қайдан келген бастамашыл немесе тыңшы» деп ойламасын деп, ашына саудасын жүргiзуге кiрiскен апаларға өзiмдi Алматыдан, «Түркiстан» газетiнен келгенiмдi айта кеттiм. Аузымды жиып болар-болмастан, «Осы сендер шындықты ашып жазасыңдар ма?» деп өзiмдi төтесiнен сұрақтың астына алды әлгi апа. «Шамамыз келгенше, қоғамдағы маңызды мәселелердiң басын ашып айтуға тырысып бағамыз ғой» дедiм, өзiме қадалған қан¬шама мұңды көзге қайта қарауға жалтақтаған жанармен. «Қайдам, әкiмшiлiктегiлер өзi азын-аулақ зейнетақымызға бiрнеше газеттi жаздырады ғой, ырыққа көнбей. «Басшылар не деп жатыр екен, елдiң тұрмыс-тiршiлiгi қалай екен?» деп сол газеттiң бетiн парақтап, ашып қарасаң, «бәрi жақсы, бәрi керемет» деген мақаланы, сөз тiркестерiн көрiп қарным ашады үйде отырып алып. Сонда, кiм ақымақ? Осындай тек мақтау, марапаттаудан тұратын әлгi мақаланы басқан газет пе, әлде басты кейiпкер – ауылдың өзiнде отырған бiз бе?» деп ашумен көптен жиналып қалған дертiн тарқата бастады.

Сөз саптауына аңдап үңiлдiм де, талай жыл ұстаздық қызмет атқарып, талай ұрпақты бiлiммен сусындатқан көзi ашық аяулы ұстаз болғанын әп-сәтте бiле қойдым. «Ей, шырағым-ай, ауыр сөз айтсам, көңiлiңе алма! Кейде мына Үкiмет басшыларының көзжұмбайлық әрекеттерiне жының қозады. Бiз күйбеңдеп там-тұмдап өмiр сүрiп жатқанда, «мемлекеттiк» деген аты бар газет пен телеарналар мүлдем басқа мамыражай өмiрдi көрсетедi. Соған қарайсың да, не күлерiңдi, не жыларыңды бiлмей дал боласың. Ау, шырылдаған шындық қайда?» деген апам өмiрде жоқ әдiлеттiлiктi iздей бастады айналаға көз тастап. Әңгiме ауанын басқа жаққа бұруға дәтiм тағы бармады. Сол тыңдағаннан, мол тыңдадым. «Тым болмаса, менiң жанайқайымды сен айтшы» деген үмiт бар жабырқау жанарында. Небiр зарлы, күйiкке толы жанды сөздер кеттi шерлi мұңның астарында. «Алатын зейнетақым он мың теңге. Бiр қап ұның қазiр бес мың теңгенiң ол жақ бұ жағында. Оған басқа iшiп-жейтiн азық-түлiктi қоссаң, он мыңың тап қазiр жоқ. Сонда, алған тамағымыз бiтсе, аш отырып, өле бермекпiз бе? Қарасаң, Ресейде бәрiне, тiптi аяғы көрге жақын зейнеткерлерге де жағдай жасалған. Дұрыс-ақ. Сол әдiстi бiздiң елде тиiмдi жүргiзсе, шамасы жетпейдi емес, жетедi. Бiрақ, әттең, осыны басшылар алдында тайға салған таңбадай анық етiп айтып берер қайсар да, батыл азамат жоқ боп тұр ғой араларында…».

Зейнет жасындағы ұлағатты ұстаздың сөзiнiң астарында зiлдi шындықтың жатқанын iштей құптадым. Аттың басын жiберген апаның уытты да, сызды әңгiмесiне базардағы жұрт та қосылып, басын изеумен болды. Кiм бiледi, шындықты шырылдап тұрып, ержүрек апамдай батыл айтуға бәзбiреулер мойынсұнбас та едi. Бiр байқағаным, керiсiнше, сол кiсiнi қолпаштап, сөзiн мақұлдап, рух беретiндер бар екенi аңғарылды. Расында, қарапайым халық осы уақытқа дейiн елдiң жамандығын жасырып, жақсылығын асырып келгеннен не ұтты? Мiне, желеу сөздiң кесiрi айналып келгенде, ауылдағы бейқам тiршiлiк иелерiнiң тынышын алды, басқа «семiздi көтере алмайтындар» төзе алмайтын түйткiлдерге келiп тiредi емес пе?!

«Мына заман, қай заман, зарлы заман» деп ақтаңдақ жырау жырлағандай, дәл бүгiнгi қара халық та зарлы заманның басындағы күйдi кешiп отырған ба дерсiң. Ащы да болса, шындық, бағаның өсуi ана-а-у билiк төрiнде немесе сол билiктiң жетегiнде жүргендерге емес, әуелi сол ауыл жұртына бататыны айдан анық. Жақында газетiмiзге сұхбат берген Рахман Алшанов деген азамат: «Керек болса, байлар нан да жемейдi» деп едi, бәлкiм солай да шығар. Алайда, ас атасы – нан қымбаттаған кезде, билiктегiлер ауылдағы күйбең тiрлiкпен күнелтiп жүрген ағайынның қал-ахуалын бiр сәт көз алдына елестетуге болмас па едi?! Бәрi де кеш. Нан бағасы бiрiншi күннен қымбаттағаннан-ақ бағаны тұрақтандырамын деген ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмовтiң сөзi де далада қалды. Ал монополияны реттеудi қолға алуға жұмыла кiрiскен Үкiметтiң де жүнi жығылып қалған сияқты. «Темiрдi қызған кезiнде соқ» деген пиғылды ұстанған монополистер болса, бағаны күннен-күнге аспандатып, ырыққа көндiрмей барады. Үкiмет бағаны реттеуге келгенде неге қауқарсыздық танытып қалды? Сонда астыққа, қара алтынға, минералды ресурстарға бай қазақ елi осынау жөнсiздiкке қашанғы көне бермек?! Басқасын қойшы, негiзi бiзде ұннан өндiрiлетiн өнiмдердiң бағасы өз парқын ұстап тұруы керек екенiн жиi айтып келемiз. Қаншама астық шетелге бей-берекет, есепсiз экспортталып жатыр. Өзiмiздi өзектен теуiп, басқаны жарылқап жатқанымыз қалай? Әрине, тегiн емес, қыруар ақшаға жөнелтiлiп жатқаны анық. Бiрақ елiң, халқың, жұртың нан тапшылығына ұрынып жатқанда, мұндай харам ақшадан не пайда? Ал жаңағы көреген қария айтпақшы, базбiр газет пен телеарна қызметкерлерi «Баға ырыққа көндi», «Баға тұрақтанып келедi» деген жаттанды сөздерiн бүлк етпей айтып та, жазып та келедi. «Ел құлағы елу», «Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейдi атам қазақ. Қысқасы, көрген көзде жазық жоқ.

Иә, қасиеттi мекен – ауылдың мәнiсi кеткенi қашан. Ал қымбатшылық деген жалмауыз қыспаққа алғалы берi, ел мүлдем сұрқайланып кетiптi. Бұрындары «ауыл» десе аңсарымыз ауып, екi көздi жұма сала бәрiн тастап тура тартып кетуге құштар едiк. Қазiр алыстан ат арытып, ауылдың қара топырағын жалаңаяқ басуды армандап, «Иiсiңнен айналайын, Туған ел!» деп бар даусымен жарияға жар салып, айқайлағысы келген адамның көңiлi әп-сәтте су сепкендей басылады екен. «Қайран, ауылым, тоз-тозың шығып, түгiң қалмай, тоналыпсың ғой!» – дейсiң iштей күйiнiп. Анау жағалай қонған талайдың өнiп-өскен қара шаңырағы да, мынау талай төлдiң аузын көкке жеткiзген шабындық жерiң де әбден тозыпты ғой!

«Ауыл жылы» деп айдар таққан үш жылдық бағдарламаны атқаруда көзбояушылық көрiнiстер мен iшiңдi өртер өтiрiк мадақтаулар кiмге қажет болды екен, а ?! Шындық iздесең, дәл сол ауылдағы қарапайым жандардың әл-ауқатын әлгiндегi құр сөзге құрылған көрсеткiштердiң салмағымен бiрге таразыға салып көр. Бәрi де қор болған есiл сөз-ай дейсiң, сол кезде осы шатпаққа қайта оралып.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ