ЖЕРДIҢ ИЕСI ШЕНЕУНIК ЕМЕС…

ЖЕРДIҢ ИЕСI ШЕНЕУНIК ЕМЕС…

ЖЕРДIҢ ИЕСI  ШЕНЕУНIК ЕМЕС…
ашық дереккөзі

Алматы қаласындағы тау бөктерiндегi заңсыз салынған үйлердiң құрылыс жұмыстарына байланысты Үкiметтiк комиссияның құрылғандығынан барша қауым құлағдар екенi рас. Үкiметтiк комиссияның құрылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да тiкелей себепкер болғаны белгiлi. Табиғаттың сұлу жаратылысы саналатын көрiктi мекендердегi қаптаған құрылыстардың күннен-күнге саны артып бара жатқаны Президенттi де алаңдатқан болар. Үкiметтiк комиссияның қандай шешiм шығаратыны да елдi елеңдетiп жүргенi айқын едi.

Көрiктi Алматының маңындағы тау бөктерiндегi Үлкен және кiшi Алматы өзендерi, сондай-ақ, Бөкенбай, Медеу және Алма-Арасан аңғарларындағы бiрiнен-бiрi асатын зәулiм сарайлар көздiң жауын алып, жақұт тастармен әшекейленгендей көрiнетiн. Әлгi Сүлеймен патшаның сарайларынан кем түспейтiн керiм үйлердiң iшiнде кiмдер тұратыны да бiздi қызықтыратын. Ондай зәулiм сарайлардың iшiне кiрмек түгiлi, айналасына барудың өзi мұң едi бiзге… Көкпен таласқан Алатаудың бөктерiнде таумен жағаласа, жармаса салынып жатқан үйлердiң иелерi кiмдер екен деген ой да бiр сәт еске түсетiн. Әйтсе де, әй, көркем Алатау сенiң сұлулығыңды мына ғажайып үйлер басып қалады-ау, таң бозынан арайлап атқан таңмен сенiң әсем жаратылысыңа қызықтап қарауға да мүмкiндiк тумайтын болды-ау, деген iштей өкiнiш те жоқ емес едi.

Сол сәттерде бiздiң қызыға да, қызғана да қарап жүрген үйлерiмiздiң түбiнде бiр шикiлiк барын сезбеген екенбiз. Сөйтсек, зәулiм сарайлар да, жақұт тастармен өрiлгендей қоршаулары бар сұлу ғимараттар да, заңсыз көрiнедi. Олардың заңсыз екендiгi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тапсырма берiп, үкiметтiк комиссия құрмағанында ешкiмнiң де қаперiне кiрмес едi-ау. Ендi мiне, елдi елеңдетiп, көптiң көңiлiнде жүрген түйткiлдiң де түйiнi жазылды.

Табиғи аймақтарда соңғы нақтыланған деректерге сүйенсек, 577 жер телiмi тiркелген екен. Оның 23-i Шымбұлақ пен Тұйықсуда, яғни Медеу шатқалында орналасса, 92-сi Бөкенбай аңғарларында, қалған 254-i Алма-Арасанның маңайында салынған екен. Елбасының тапсырмасымен құрылған үкiметтiк комиссия шығарған шешiмдi премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мырза жария еттi. Премьер-министрдiң сөзiне қарағанда, табиғи аймақтарда заңсыз үй салынуға жол бергендердiң бiрi — Алматы қаласының бұрынғы әкiмi, бүгiнгi ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр Храпунов мырзаның аты аталып қалды. «Бұрынғы әкiм ретiнде заңсыз шешiм шығаруға себепкер болғаныңыз үшiн бұдан кейiн Үкiмет құрамында бiрге жұмыс iстей алмаймыз. Мемлекет басшысына сiздi қызметiңiзден босату жөнiнде ұсыныс жасамақпын», — деп қадап айтты премьер-министр.

Сондай-ақ, заңсыз жер телiмдерiн бергендердiң қатарында, Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Бақыт Оспановтың, Алматы қаласының әкiмнiң орынбасарлары Қайрат Бөкенов пен Яков Заяцтың да есiмдерi аталып қалды. Жер телiмдерiн берудi бүгiнге дейiн қадағалап келген Яков Заяц мырзаның жер телiмiн заңсыз беруде қатысы болмауы мүмкiн еместiгiн де тiлге тиек еттi премьер-министр мырза. Сондай-ақ, Кәрiм Мәсiмов: «Қала әкiмiнiң орынбасары Қайрат Бөкеновтiң де жер телiмдерiне заңсыз шешiм шығаруға қатысы болғаны белгiлi. Сондықтан, оны да бүгiнгi атқарып жүрген қызметiнен босату жөнiнде тапсырма беремiн», — деп баса айтып көрсеттi. Сонымен қатар, аты аталған есiмдердiң қатарында Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары Әлихан Тойбаевтың, Алматы облысы Талғар ауданының әкiмi Кенжебек Омарбаев және Талғар ауданы әкiмiнiң орынбасары Қалимолла Байболов, Алматы облысы Қарасай ауданының әкiмi Болатбек Құтпанов та бар.

Сондай-ақ, аталмыш жерлердi иемденiп, үй салып алғандардың да мәселесi жуық арада шешiлуi мүмкiн. Үкiмет басшысының қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке берген арнайы тапсырмасы осыған негiзделдi. Мемлекеттiң меншiгi саналатын жерлер мемлекетке қайтарылуы тиiс. «Иманғали Нұрғалиұлы, Шымбұлақ пен Медеу маңайындағы үйлердiң мәселесiн сiзге арнайы тапсырғалы отырмын. Олар өз ерiктерiмен жер телiмдерiн мемлекеттiң меншiгiне қайтаруы тиiс. Әзiрше, жолдастық келiсiм жасау қажет. Егер оған келiспесе, олармен басқаша сөйлесемiз», — дегендi де ескерте кеттi премьер-министр.

Осы мәселеге орай, Бас прокуратура журналистермен арнайы брифинг өткiздi. Брифинг кезiнде Бас прокуратураның ресми өкiлi Сапарбек Нұрпейiсов: «Оларды шартты түрде екiге бөлiп қарастыруға болады. Бiрiншiсi — жер телiмдерiн беруге, су пайдалануға, айрықша қорғалатын табиғат аумақтары туралы заңнаманы бұзуға байланысты деректер мен жердi өздiгiмен алу, мақсатсыз пайдалану секiлдi заң бұзушылықтардан тұрса, екiншiсiне сәулет және қала құрылысы саласындағы талаптарды бұзуға байланысты фактiлер топтастырылған», — дедi.

Әзiрге аты аталған мырзалардың қызметтен кету қаупi туғанымен, заңды түрде жарлық шыға қойған жоқ. Бiрақ, заңсыз шешiм шығарғандар заң алдында жауап беруге құқылы. Өйткенi, табиғат жеке адамның меншiгi емес. Министр де, әкiм де, шендi-шекпен киген шенеунiгiң де халықтан үлкен емес. Халықтың игiлiгi саналатын табиғаттың көркемдiгiн бүлдiруге болмайды. Ендiгi мақсат, бүлдiргендi түзету ғана.

Гүлзина Бектасова