Жаңалықтар

РЕЖИССЕР ШЫҒАРМАЛАРЫ БIР ЖЕРГЕ ТОҒЫСТЫ

ашық дереккөзі

РЕЖИССЕР ШЫҒАРМАЛАРЫ БIР ЖЕРГЕ ТОҒЫСТЫ

Оқырман қауымға Қазақстанның Халық әртiсi, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, қазақ деректi киносының негiзiн қалаушылардың бiрi – Ораз Әбiшев жайлы деректермен кеңiрек танысуына мүмкiндiк туды. Жуырда киногерлер Үйiнде кинорежиссердiң шығармашылығы мен өмiрiне арналған кинотанушы Нәзира Рахманқызының «Ораз Әбiшев» атты қазақ және орыс тiлiнде жарық көрген кiтабының тұсаукесерi болып өттi.

Кiтап-альбомның бiрiншi бөлiмiнде Ораз Әбiшевтiң шығармашылығы жан-жақты зерттелiнсе, екiншi бөлiмiне режиссермен бiрге жұмыс iстеген замандастары мен шәкiрттерiнiң кино туралы айтқан естелiктерiнен құралған жинақтама енген. Сондай-ақ, туынды О.Әбiшевтiң шығармашылығы мен өмiрiнен хабар беретiн фотосуреттер мен белгiлi өнер қайраткерлерiнiң, көрермендердiң режиссерге жазған хаттарымен безендiрiлген.

Жиын шымылдығы келген қонақтардың ыстық лебiзiмен ашылып, О.Әбiшевтiң «Апа», «Қалыбайдың бағы», «Абсент» фильмдерiнен үзiндiлер көрсетiлiп, Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясы студенттерiнiң өнерiмен өрнектелдi. Бұл фильмдерге нақты уақыт атмосферасы мен халықтың салт-дәстүрiн, тұрмысын экран арқылы бейнелеу тән. Сонымен қатар, қандай тақырыпта болмасын, режиссер үшiн ең бастысы — адам, оның қайталанбас тағдыры, жеке тұлғасының бейнесi екенi көрiнедi.

«Ораз аға өзiнiң әрбiр кейiпкерiне сүйiспеншiлiкпен қарап, аса құрметтеп, бағалайды және бұл кинопленкада мәңгiлiк бейнеленiп қалады» дейдi Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, өнертану профессоры Бауыржан Нөгербек.

Балжан ҮСЕЕВА