«КӨРIКТI МЕКЕННIҢ» КЕЙIПКЕРI ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕДI

«КӨРIКТI МЕКЕННIҢ» КЕЙIПКЕРI ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕДI

«КӨРIКТI МЕКЕННIҢ» КЕЙIПКЕРI ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛҒЫСЫ КЕЛЕДI
ашық дереккөзі

«Көрiктi мекен» фильмi бүгiнде қазақ көрерменiне жақсы таныс. Аталмыш фильмнiң кейiпкерлерiн сомдауға қандастарымыз түскенiмен, негiзгi режиссерi – қытай. Фильмдi көрiп отырып, қазақ ауылында бар-жоғы 3-ақ ай жүрiп, қазақтардың өмiрiмен танысып, бiте қайнасып, олар жайлы қазақтардан артық фильм түсiрген қытай режиссерiнiң шеберлiгiне тәнтi боласың.

Мiне, араға жыл салып, фильмнiң басты кейiпкерi Амантаймен, жас актер Әлiмжан Тұрысбекпен кездесудiң сәтi түстi. Бүгiнде Темiрбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi Әлiмжанның қазақ топырағына келгенiне де көп уақыт бола қоймапты. Осыдан тұп-тура бiр жарым жыл бұрын туысқандарын жағалап, шекара асып келген жас жiгiттiң оқуға түсуiне белгiлi театр сыншысы Әшiрбек Сығай көмектескен көрiнедi. Оны жас актердiң өзi де жасырмайды.

«Былтыр 2-курста оқығам. Биыл 2 курсты қатар оқып жүрмiн»,– дейдi. «Көрiктi мекенде» ойнаған актердiң өзi редакцияға келiп тұрғанда, «Көрiктi мекен» фильмi туралы сұрамау мүмкiн емес қой. Екеумiздiң де «ә»-дегеннен әңгiмемiз аталмыш фильмнен басталды.

– «Көрiктi мекен» – менiң алғашқы фильмiм. Ол кезде институтта оқып жүргем. Институттың үлкен залы бар болатын, сол залдың алдында бiр топ студенттер шүпiрлесiп жиналып қалыпты. «Не болып жатыр екен?» деген оймен мен де жақындап келдiм. Сөйтсем, режиссерлер фильмге түсетiн балалар iздеп жүр екен. Қасымдағы балалар: «Барып көрсеңшi, мүмкiн сенi таңдап қалар» деген соң, жақындап келдiм. Бiрақ, iштей «өтпейтiн шығармын» деген ой да жоқ емес. Жақынырақ келiп, бiреуiнен сыр тартып: «Кiмдi таңдадыңыздар?» деп сұрап көрiп едiм: «Ертерек келгенiңде сен де бақ сынап көретiн едiң. Таңдау бiтiп қойды» дегенi. Екi-үш баланы ертiп, әлгi адам iшке кiрiп кеттi. Жалғыз өзiм қалған соң, тағы да: «Неге өзiмдi айтып көрмеймiн. Мүмкiн жарап қалармын» деген ой келдi. Қайтадан әлгiлердiң артынан ерiп бардым. Сақал-мұрт қойған бiр топ қытайлар есiктiң алдында тұр екен. Қастарына жақындап келдiм де: «Менi де байқап көрiңiздершi?!» деп қытайша айтып едiм, олар дереу менен: «Қытайша бiлесiң бе?» деп сұрады. «Бiлем» дедiм. Есiңiзде болса, фильмде әкесi қайтыс болған сәтте Амантайдың көпшiлiкке сөйлейтiн сөзi бар едi ғой. Сол тұстағы сөйлейтiн сөзiмнiң мәтiнiн қолыма берiп, «осыны айтып көршi» дедi. Кинодағы ең қиын көрiнiс те осы. Оның арасында бес-алты бала келдi. Жиырмадай бала өздерiн сынап көрiп жатыр. Бiреуiнiң қытайшасы жақсы емес, ендi бiрi дұрыс ойнай алмай жатыр. Бiр кезде кезек маған келдi. Сөздерiн жаттап алғам. Образын келтiрдiм, бiрақ, көзiмнен жас шықпай қойды. Екiншi рет «тағы көрсет» дедi. Тағы да көзiмнен жас шықпады. Сосын ақырында менi алып қалды да: «Адамдардың барлығын жинап, елдiң бәрi жылап жатқанда, көңiлiң босай ала ма?» деп сұрады. Жұрт қиналып, жатқанда сенiң де көңiлiңнiң босамауы мүмкiн емес қой. «Иә» дедiм. Суретке түсiрiп алды да: «Домбыра тарта бiлесiң бе?» деп тағы сұрады. Домбыраны үйренiп жүрген кезiм едi. «Тартам» дедiм. «Онда домбырамен бiр ән салып бершi!» дедi. Домбырамен қазақша бiр ән салып бердiм. «Атқа қалайсың?» деп тағы сұрады. Атқа мiне алмасаң, қазақ боласың ба, «Иә» дедiм. Телефон нөмiрiмдi жазып алды. Бiр жетiден кейiн телефон шалып, «Үрiмжiге кел» деп, шақырды. Негiзгi студия Үрiмжiде болатын. Барсам, менен басқа тағы екi жiгiт бар екен. Үшеумiз бiрдей бақ сынауымыз керек екен. Ана екеуiн көргеннен кейiн, көңiлiм бiртүрлi болып қалды. Iшiмнен, «Бекер келiппiн» деп қоямын. Режиссер: «Ендi үшеуiң бiрдей бақ сынайсыңдар. Рөлдi қолдан бермеңдер» деп қояды. Актерлер бiрiнен кейiн бiрi келiп жатыр. Жеңгемнiң орнында ойнайтын қыз, әкемнiң рөлiндегi актерлер де келдi. Екiншi күнi арамыздағы бiр жiгiттi қайтарып жiбердi. Қалған екеумiздi бiр жетi сынап көрдi. Соңында екеумiз де өтпей қалдық. Үйге қайттық. «Өтпедiм» деп жүргем. Бiр күнi Үрiмжiден телефон соғып тұр. «Екi күнде Үрiмжiге келiңiз. Амантайдың рөлiн сiз ойнайсыз» дейдi. Содан бәрiмiз Алтайға қарай кеттiк қой. Фильм Алтайдың етегiндегi бiр ауылда түсiрiлдi. Екi жарым айдай сонда болдық, – дейдi Әлiмжан.

Қытай режиссерiнiң қазақ өмiрiнен фильм түсiргенiне таңданысымызды жасыра алмай, Әлiмжаннан сұрағанымызда, ол: «Шыңжаң автономиясының құрылғанына 55 жыл толды. Соған орай, аз ұлттардың өмiрiнен фильм түсiру туралы арнайы тапсырма берiледi. «Ұлттық ерекшелiгi бар фильмдi түсiресiң» деген соң, үш ай бойы зерттейдi. Айына бiр рет келiп, екi-үш аптадан тұрып, қазақтарды әбден зерттеген ғой. «Көрiктi мекендi» түсiрген режиссер де солай жасады. Ең қызығы, қазақ ауылына келгенде режиссердiң ең бiрiншi көзiне түскен нәрсе, қазақтың келiндерi болыпты. Таң атқаннан кеш қарайғанға дейiн үй тiршiлiгiмен жүретiн келiндердiң тiрлiгiне тәнтi болыпты. Сиырын сауып, қамырын ашытып, тамағын iстеп, бас үйтiп, сойылған малдың iшек-қарнын да аршып жатқан келiн болған соң, ең әуелi келiннiң образын ашқысы келiптi»,– дейдi актер. Кинодағы есте қалған нюанстардың бiрi – жiгiттiң тұлпары емес пе?! Тiлi жоқ мылқау жануардың сезiмталдығына таңқалғанбыз. «Ол кадрлар қалай түсiрiлдi?» деген сауалымызға, Әлiмжан: «Жалпы, үйретiлген ат қой. Арғы жағы құпия. Оны айтуға болмайды» деп жалтарып кеттi. Бас кейiпкердi ойнаған Маржан қазiр Қытайда тұрады екен. Бишi. Талантты бишi киноға көп қыздардың арасынан iрiктелiп алыныпты.

Фильм бiткеннен кейiн, киноны алғаш Үрiмжiде көрсетедi. Әкiм-қаралардың бәрi қатысқан тұсаукесер рәсiмiнде фильмдi көрiп, көзiне жас алмаған жан қалмапты. Тiптi, Әлiмжанның өзi де көзiне жас алғандығын айтады. «Фильмдi түсiру кезiнде қатты шаршадық. Киiмдерiмiздi арқалап, тауға бiр шығып, бiр түсу қиын болды. Әрi шатырда жатамыз. Сенсеңiз, фильмдi жаз мезгiлiнде түсiргеннiң өзiнде, бiр күнде жылдың төрт мезгiлiн бастан кешiретiнбiз. Таң ертең күн жылып, түсте жаз келетiн де, түстен кейiн жаңбыр жауып, соңы қарға ұласатын. Сондай қиын күндерi «ендi киноға түспеспiн» деп ойладым да», — дейдi.

Әлiмжан «Көрiктi мекен» фильмiнен соң да бiрнеше фильмдерге түсiптi. Арасында сериалдар да болыпты. Ең қызығы, ол сомдаған кейiпкерлерiнiң бәрiнде қытайша ойнапты. Жалпы, Қытайда фильмдердiң бәрi дерлiк, қытай тiлiнде түсiрiледi екен. «Көрiктi мекендi» кейiнiрек Үрiмжiдегi дубляж жасайтын студиядағылар қазақшалаған екен. Қазақтың мәдениетiн үш жылдың iшiнде игерiп, меңгерiп алған қытайлық режиссердiң осындай ұлттық нақыштағы фильмдi жасауына жергiлiктi ақын-жазушылардың да еңбегi сiңген көрiнедi. Режиссер сценарийдi дайындап алғаннан кейiн, ақын-жазушыларға көрсетiп, солардың ақыл-кеңесiне жүгiнiптi. «Көрiктi мекен» фильмiндегi пошташыны бiлесiз бе? Сол жiгiттiң қазақ киносын түсiрудегi еңбегi елеусiз», — дейдi Әлiмжан. Құлжада дүниеге келiп, қытайша тәлiм-тәрбие алғанымен, бойындағы қазақы қанынан алыстап кетпеген жас актер елден тәлiм-тәрбие алсам деген үлкен арманмен, шекара асып, Қазақстанға келген көрiнедi. Қазақстанның азаматтығын алу былай тұрсын, елге келгенде де жағдайы соншалықты тәуiр көрiнбейдi. «Оқуға тапсыру кезiнде де бiраз қиналдым. Әшiрбек ағаның арқасында Өнер академиясына орналасқаныммен, жатақхана алу қиын болып тұр. Бiр жыл оқып шығып едiм. Ендi биылдан бастап, 1-курсты қайта оқисың деген соң, екi курсты қатар алып оқып жатырмын. Жатақхана берiледi деген, шешiлетiн шығар, бiлмеймiн. Ана жақта фильмдерге түсiп, тиын-тебен тауып жүр едiм, мында келгелi киноға түсу мүмкiн болмай жатыр. «Қазақфильмге» барып едiм, «Өзiмiз шақырамыз» деп, телефонымның нөмiрiн алып қалған. Әзiрге хабарласа қойған жоқ. Қытайда фильмдерге өздерi шақырушы едi. Қазiрдiң өзiнде Пекин университетiне шақырулар келiп жатыр. Мұндағы қиындықтардан соң, кейде «Кетiп қалсам ба?» деп те ойлаймын. Бiлмеймiн, соңы не боларын? Қосымша жұмыс iстеуге тағы мүмкiндiк жоқ. Тiл бiлмеген соң, тағы қиын екен. Мұнда бәрi орысша ғой. Қытайда қытайша сөйлемесең, күн көре алмайсың. Мұнда қазақтың тiлiнде сөйлесең де, күн көру мүмкiн емес», – деген қиналысын жасырмады. Отбасындағы алты баланың кенжесi Әлiмжан елге жалғыз өзi келiптi. Онда да туысқанын iздеп барамын деп келген екен. Қазiр Қытай мен Қазақстанның арасындағы көшi-қон мәселесi қиындап кетiптi. Олар тек үш жағдаймен ғана елге келе алады екен. Оның бiрi – оқу, жұмыс барысы, сосын туысқандарына қыдырып келу. Ата-анасы, бауырларының бәрi Қытайда тұрады. Елде қалып, киноға түсiп, өнерiмдi дамытсам деген арманы да бар. Бiрақ, оған баспананың, қаржы-қаражаттың қиындығы мұрша берер емес. «Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке жолыққым келедi. Өнерге, мәдениетке жанашыр адам деп естимiн. Мүмкiн, маған да бiр көмегi тиер», дейдi Әлiмжан.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiмде ұлтан болайын» деп келген Әлiмжан Тұрысбектi де тiршiлiктiң тауқыметi айналып өтпеген сияқты. Бiр жылда екi бiрдей курсты оқу, жатақханасыз күндер, қаржы-қаражаттың қиындығы иектеп алған соң, бәрiне қолды бiр сiлтеп, Қытайға кетейiн десе, «қазақ киносына түссем, қазақ кино өнерiнiң дамуына үлесiмдi қоссам» деген арманының бәрi желге ұшпақ. Оның үстiне, 1,5 миллион қазақтар қанша қазақша фильм түсiрер дейсiң. Бұл қиындықтар жалғаса берсе, жас жiгiттiң келешек тағдыры не болмақ?! Талантты жастың түбiнде елден алыстап, өзге елге кетпесiне кiм кепiлдiк бере алады?!

Гүлзина Бектасова