82-МАУСЫМДЫ «АЙМАН-ШОЛПАНМЕН»...

82-МАУСЫМДЫ «АЙМАН-ШОЛПАНМЕН»...

82-МАУСЫМДЫ «АЙМАН-ШОЛПАНМЕН»...
ашық дереккөзі

Театр талғампаз көрерменiмен қайта қауышты. Шығармашылық ұжым үшiн де, өнерсүйер қауым үшiн де қымбат маусымашар дәстүрiнiң салтанатты мерекеге ұласатынына шүбә жоқ. Сонымен, сахнасы шынайы сезiмге толы өнер ордасы һәм қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы мемлекеттiк академиялық драма театры өзiнiң 82- маусымының тұсауын кесiп, бұл жолғы шымылдықты «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен ашуды мақұл көрiптi.

Маусымдық кезеңнiң ашылуына орай баспасөз-мәслихатын өткiзген театр ұжымы қасиеттi қарашаңырақтың маусымдық және маусымаралық кезiндегi атқарған қыруар тiрлiктерiне тоқталды. Бәлкiм, театр жүйесiн онша бiле бермейтiн, бiрақ «Осы мен бiр театрға барып сергiп қайтсем қайтедi» деп өзiн осынау бiр құдiреттi өнердi тамашалауға қамшылайтын жандар арнайы бұрылып келгенде, тақташадағы «Театр кезектi демалыста» деген хабарламаны оқып, басын салбыратып қайтатын да шығар. Алайда, театр сахнасында күнiн батырып, таңын атырып жүрген әртiстер бұл кезде де сүйiктi көрерменiнен қол үзiп қалған емес. Жер-жердi, ел-елдi аралап халықты өнерiмен баурап, кәсiби шеберлiктерiне тәнтi еткiзген әртiстер үшiн өнердi қадiрлеп әрi қастерлей бiлетiн қауыммен бiрге болу үлкен бақыт. Мәселен, театрдың шығармашылық ұжымы жаз мезгiлiнде Қарағанды, Жезқазған облыстары мен Сәтбаев қаласында гастрольдiк сапарда болып, Әуезов театрының қандай туындыларды сахналап, қандай актерлардың тұсауын кесiп жатқандығын тағы бiр дәлелдеп келдi. Өнердi құрметтеген жергiлiктi жұртшылық «Қарагөз», «Ымырттағы махаббат», «Сыған серенадасы», «Әпке», «Қош махаббат», т.б. спектакльдердi тамашалап, алғысын жаудырыпты. Ал таяуда ғана еларалық шығармашылық байланыстардың өзара артуына байланысты театрдың бiр топ ұжымы Өзбекстан Республикасының Ташкент шаһарында бiр апталық гастрольдiк сапардан оралыпты. «Бiз Өзбекстандағы 1 млн. 600 мың қазаққа азық боларлықтай бес спектакль, тағы басқа классикалық туындыларды қойдық» деген театрдың көркемдiк жетекшiсi Есмұқан Обаев бiраз жобалар мен игi жаңалықтарға қайырылды. «Бүгiнде бiздiң театрда жаңалық көп. Соның бiрi – бiз өз қатарымызға сегiз жас әртiс алдық. Бәрi Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектерi. Олар бiр жылдай стажер ретiнде жүрiп, аға буын өкiлдерiнен тәжiрибе алып, көңiлiмiзден шығуға тырысты» дейдi.

Шынында да, қайсыбiр елдiң мәдениетi жайлы сөз етсек, әуелi театры мен киносына тоқталамыз. Өнер бар жерде – театр да, кино да бар. Кейiнгi кезде Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң аталған өнер саласына назарын салып, бiраз игi шараға мұрындық болып жатқандығы бiздi де қуантпай қоймайды. Айталық, жыл сайынғы «Бәйтерек» республикалық жабық бәйгесi, министрлiктiң драмалық және музыкалық шығармаларға арналып бөлiнген қаржылай гранты, сөз жоқ, театр саласының отымен кiрiп, күлiмен шығатын шығармашылық өкiлдерiнiң белсендiлiгi мен ынтасын арттыра түсетiнi анық. Соның арқасында бiрқатар үздiк те озық шығармалар театр сахнасы арқылы көрерменiне жол тартты. Олардың iшiнен «Қазақтар», «Күзгi романс», «Фархад-Шырын», «Сұлу мен суретшi» спектакльдерiн атап айтуға болады. Әлбетте, мұның бәрi репертуарлық қорды кеңейту мен көбейту мақсатынан туған шығармашылық iзденiстердiң жемiсi. Аз уақыт iшiнде өз көрерменiн тауып үлгерген спектакльдердiң қатары әлi де молая түсiп, бұл үрдiс жалғасын таба бермек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ