Жаңалықтар

БIЛIМ КЕҢIСТIГIНДЕГI ЖЕТIСТIК

ашық дереккөзі

БIЛIМ КЕҢIСТIГIНДЕГI ЖЕТIСТIК

Spain Inn Group бiлiм холдингi мен SAINT DIADOR FOUNDATION халықаралық ұйымының Еуропа ректорлар Клубы, Еуропа Бизнес Ассамблеясы (Оксфорд, Ұлыбритания), Имидж зерттеулерi Орталығы (Москва, Россия), Iскерлiк орта Ассамблеясымен (Киев, Украина) бiрлесе ұйымдастырған Испанияның Барселона қаласындағы жоғары бiлiм бойынша жыл сайын өтетiн «Euro Education 2007 Integration of European experience» атты конференцияда жоғары бiлiмнiң өзектi мәселелерi және Еуропа кәсiби нарығының жай-күйi, академиялық және дипломнан кейiнгi бағдарламаларды Каталония университеттерiмен бiрлесе құру мүмкiндiгi мәселелерiнiң қарастырылуымен қатар Еуропа ректорлар Клубына жаңа мүшелер қабылдау, Еуропа Бизнес Ассамблеясының халықаралық марапаттарын тапсыру рәсiмдерi жүзеге асырылды.

Өжеттiк пен нәзiктiк, қайсарлық пен мейiрiмдiлiк егiз өрiлген дала қыздарының тектiлiгi тал бойына ана сүтiмен дарыған қазақ қызы әлемдегi ең көне парламенттердiң бiрi Каталония парламентiнiң биiк мiнберiне көтерiлдi. Республикадағы бiрегей жоғары оқу орны Қазақ Мемлекеттiк қыздар педагогика институтының ректоры Ш.К. Беркiмбаева қазiргi қоғамның интеллектуалды дамуына қосқан жеке үлесi үшiн «SOKRATES INTERNATIONAL AWARD – Сократ» халықаралық марапатының иегерi атанды. Шәмшә Көпбайқызының елдегi бiлiм беру iсiн жақсартуға сiңiрген еңбегi ескерiлiп, Вена Халықаралық университетiнiң Құрметтi профессоры атағының берiлуi мен бүгiнгi күнге дейiн Қазақстандық бiлiм кеңiстiгiнде, қала бердi Ортаазиялық бiлiм айдынында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетiнiң ректоры С.А. Әбдiманапов қана еншiлеген бұл марапатты иемденуi – бiлiм мен ғылым шыңына өрлеу жолындағы iрi жетiстiгi. Ал Еуропа Бизнес Ассамблеясы тағайындаған экономика, ғылым және мәдениет саласындағы халықаралық марапат иелерiнiң құрметiне орай үстiмiздегi жылдың 8 желтоқсанында өткiзiлетiн Австрияның Вена қаласындағы балға арнайы шақырылуы – институт ректорының жоғары деңгейлi әлеуметтiк қызметiнiң белгiсi. Spain Inn Group бiлiм холдингiнiң директоры, UNIS испан университеттерi ассоциациясының координаторы Т. Компаниецтiң: «Халықаралық деңгейге көтерiлудiң стратегиясы мен тактикасы: маркетинг бағдарламалары, кәсiби және саяси институттармен бiрлесе қызмет ету», Каталонияның политехникалық университетi навигация факультетiнiң деканы Роман Пуджерманальдiң: «Каталония политехникалық университетiнiң Украина университеттерiмен ғылыми-зерттеу жобалары бойынша ынтымақтастығы», Самарадағы университеттiк орталықтың директоры Синуари Стерн Зилланың «Самарадағы университеттiк орталықтың бакалавр және магистрлiк бағдарламалары» тақырыбындағы мақалаларының мазмұны жаһандық бәсекелестiк тегеурiнiне ұлттық негiзде төтеп беретiн маман даярлауды және бiлiм берудiң қазақстандық озық үлгiсiн қалыптастыруды, жоғары дамыған әлемдiк технологияны меңгерудi мұрат тұтқан Қыздар институтының мүддесiне қызмет етерi сөзсiз. Бұл – Қазақстан оқу-ағарту жүйесiн халықаралық бiлiм кеңiстiгiнде тұрақты және орнықты дамыту бағытында жасалған қадамы ретiнде қабылданатын құбылыс.

UNIS, SAINT DIODOR FOUNDATION испан университеттерi Ассоциациясының, Еуропа ректорлары Клубының (CRE), Еуропа Бизнес Ассамблеясының (ЕБА, Ұлыбритания), Еуропа, Азия, Латын Америкасы, Африка елдерi жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткiзiлген аталмыш конференцияда салиқалы сөз бен салмақты ұстанымның иесi Шәмшә Көпбайқызы басқаратын Қыздар институтының жұлдызы көкке өрледi. Ұлттық рух пен ұлттық танымды пiр тұта отырып, әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылу жолында қарымды да қабiлеттi, тегеурiнi мықты ұрпақ қалыптастыру мақсатымен еселi еңбек етiп жүрген Ұстаздар ұжымы еуропалық стандартқа сай жоғары сапалы қызмет көрсетуге жету жолындағы ұмтылысы үшiн «EUROPEAN QUALITY – Еуропалық сапа» халықаралық марапатына ие болды. Ортаазиялық, Қазақстандық бiлiм кеңiстiгiнде бүгiнгi күнге дейiн ешкiмнiң қанжығасына байланбаған мерейлi мәртебе – ұлттық мектептiң ұлы мұратын әлдилеген Қыздар институтының тағы да бiр биiк белеске көтерiлгенiнiң көрiнiсi.

Жоғары кәсiби бiлiм беру iсiнде саналылық пен салауаттылықты, iзденiмпаздық пен iскерлiктi бағдар еткен осынау оқу орны басшысы мен ұжымның халықаралық деңгейдегi қоғамдық институттар мен сараптау орталықтарының назарына iлiгiп, әдiл бағасын алуы бiр бұл емес. 2006 жылдың 25 қазанында Мәскеудегi Халықаралық iскерлiк кеңесi Қазақ Мемлекеттiк қыздар педагогика институты ұжымын «Ұлттық экономика көшбасшысы – 2006» Құрмет белгiсi Халықаралық сыйлығының лауреаты ретiнде танып, Құрмет дипломын табыстаса, өткен жылдың 20 қарашасында Амстердам қаласындағы Бизнес және менеджмент жоғары институты Шәмшә Көпбайқызы мен оның ұжымын «Тиiмдi дамушы кәсiпорын» номинациясы бойынша «Алтын құйма» халықаралық сыйлығына ұсынып, Құрмет дипломымен марапаттаған болатын.

Аталған жайттар институттың iргесi жаңа қаланған тұста заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтың қазiргi және болашақтағы қазақ қыздары шамшырағының жарық сәулесi ешқашан сөнбейтiндiгiн тап басып тани бiлген көрегендiгiнiң дәлелi iспеттес.

Л. ТАСТЕМIРОВА,

Қазақ Мемлекеттiк қыздар едагогика институтының

оқу-әдiстемелiк басқарма бастығы