Жаңалықтар

«БЕЛАСУ» СЫРТҚЫ САЯСАТ ШЕЖIРЕСI...

ашық дереккөзі

«БЕЛАСУ» СЫРТҚЫ САЯСАТ ШЕЖIРЕСI...

Көрнектi мемлекет қайраткерi Қ. Тоқаевтың дипломатиялық қызмет туралы кiтабына үңiлгенде

Мен бұл кiтапты сатылым сөрелерiнен емес, жас дипломат жiгiттердiң жұмыс столдарынан жиi ұшырастырдым. Әдетте кiтап оқудан қол үзе бастаған кейiнгi толқынның мұқабасы жәукемделе бастаған қалың кiтаптың әр бетiне қызылды-жасылды белгi салып қойып мұқият оқуы қызықтырды. Таңданысымды жасыра алмай жұрттың қазiргi оқитын дүниесi не екен деген қызығушылықпен авторына көз жүгiрттiм. Қасым-Жомарт Тоқаев. «Беласу». Дипломатиялық очерктер. Қызықтым…

Жас дипломат жiгiттiң белгi салған тұстарын көрмек болып, қолымды соза бергенде «–Тәте, кешiрiңiз… бере алмаймын!» – деп қызғыштай қорғағаны да есiмде. Сол жолы маған оқуға бұйырмаған кiтап төрт жылдан кейiн қолыма тидi.

Беласу – қазақтың әдемi теңеу сөзi. Бұл сөздi автор әдейi таңдап, талғап алса керек. Тәуелсiздiк табалдырығын аттап, алғашқы кезеңнiң талай төбелерi артта қалып, беласу тұсының да жауапты кезеңдерi көрiнген сыңайлы. Тәуелсiздiкке қаймана қазақ баласының бәрi қуанып, бөркiн көкке атты. Ол кездегi әсерлi сөз де, жiгерлi рух та жадымызда сақтаулы. Азаттықтың ақ таңы атқанын зиялы қауым, ақын-жазушылар жерiне жеткiзiп, саналы жұртқа айтып та, түсiндiрiп те жатты. Толғаулар да жазылды, ән де шырқалды, күй де төгiлдi, құлаш-құлаш баяндамалар да жасалды. Бiрақ Қазақстанға шын мәнiндегi Тәуелсiздiк қалай келдi? Тәуелсiз, дара мемлекетпiз деп өзге жұртты мойындату үшiн қандай iстер атқарылып, қандай саясат көзделдi. Алпауыт мемлекеттердi қандай саясаткерлер ауыздықтап Қазақстан мемлекетiнiң сөзiн сөйледi. Тәңiрдiң өзi қолдаған Қазақ мемлекетiнiң тағдырын кiмдер мойындады, кiмдер керi әрекет жасап бақты?… Әлемдiк саясат Қазақстан мемлекетiн тануда кiмдердiң пiкiрiне сүйендi? Жалпы Қазақстан мемлекет болып қалыптасуда басынан қандай саяси күндердi өткердi?…

Бұл сұрақ қарапайым оқырман ғана емес, елiнiң бүгiнi мен болашағын тереңнен ойлайтын әр қазақ азаматының көңiлiнен орын алатын болса, дәл соларға айтылар ой мен терең мағыналы жауаптар «Беласудан» табылады. «Беласудан» мемлекетiмiздiң жаңа дәуiрiнiң қалыптасу тарихымен бiрге сыртқы саясатымызда ненi ұттық, неден ұтылыстар болды, бүкпесiз жазылған. Бұғанағы қатпаған жас мемлекеттiң әлемдiк саясатта өзiне тиесiлi орынға иелiк ету үшiн ұстанған өткiр де тапқыр саясатын оқып отырғанда ерiксiз бойыңды жан тебiрентер сезiмнiң билейтiнi анық.

Елiмiздiң сыртқы саясатын қалыптастыру Қазақстан тәуелсiздiгiнiң негiзi болып табылғаны белгiлi. Осы тұста халықаралық дәрежеде Қазақстан деген елдiң бұрын-соңды танылмағаны анықталды. Елiмiздiң егемендiгiн таныту барысында сан қилы күрделi асулардан өткен тәуелсiздiгiмiздiң бейнесiн Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» атты кiтабынан да аңғаруға болады: «Бiзде сыртқы саясат қызмет дәстүрлерi бұрын-соңды болған жоқ. Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi нағыз дипломатиялық мiндеттер орындаған жоқ. Өзiнiң алдында осындай күрделi проблемалар тұрған, бiрақ шетелде бiрде-бiр дипломатиялық өкiлдiгi жоқ, сыртқы саясат дәстүрлерiн айтпағанның өзiнде, сыртқы саяси мәселелер жөнiнде ең қарапайым әзiрлемелерi жоқ, бiлiктi кадрлары жоқ елдi көз алдыларыңызға елестетiп көрiңiзшi… Бiздiң сол кездегi жағдайымыз ешбiр сандырақ болмағанымен, соншалықты қайғылы жағдай болды. Жеткiлiктi кемелденген әулетi, пайдалы қазбаларының орасан зор қорлары бар, бiлiктi еңбек ресурстары, өз аумағында ядролық қаруы бар мемлекет – Қазақстанның бiр де бiр халықаралық шарты болған жоқ… Егер бiз шұғыл түрде өзiмiздiң сыртқы саясатымызды қалыптастыруды бастап кетпеген болсақ, бiздiң мүдделерiмiзге орасан зор нұқсан келерi де түсiнiктi», – дегенi бар.

Тәуелсiздiктiң алғашқы тарихи беттерi осындай дағдарыстармен де бетпе-бет келдi. Сол кезде Қазақстанның сыртқы саясатын кәсiби деңгейде бұлтартпай жүргiзе алатын сенiмдi күштiң қажет болғаны да рас. Осы тұста Елбасы Ресей сияқты алпауыт мемлекеттiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң кәсiби маманы, тiс қаққан дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанға шақыруы да түсiнiктi едi.

Ресейдiң Сыртқы iстер министрлiгiнде 18 жыл қызмет етiп, сыртқы саясатты жүргiзу мен жұмыс үйлестiрудiң тәсiлiн меңгерген, дипломатиялық үлкен мектептен өткен кәсiби маман Қазақстанға шақырылуы Қ.Тоқаев үшiн тосын жағдай болатын. Әрине талай жеңiстерi мен жемiстi еңбек жылдарының куәсi болған бұл үйге ендi «бөтен» саналып, тек ресми жағдайлармен ғана кiруi көңiлге ауырлау болғанын да автор жасырмайды. Оқырман ретiндегi көңiлге келген қызғаныш көп кешiкпей-ақ мынандай жолдарға жалғасып, ой сергiттi.

«Халқымыз аңсаған, арманға толы жаңа дәуiр келдi. Аянбай еңбек етiп, бар күш-жiгерiмдi туған елiм – Қазақстан игiлiгiне аямай жұмсар сәт те туды. Сондықтан, байырғы таныстарыммен қоштасуға көндiгiп, қажеттi құжаттарымды рәсiмдей бастадым», – дейдi. Сол кезде қайсы есiкке кiрсе де насихат жүргiзiп, өздерiндей дайын инфрақұрылымның егемендiк алған мемлекеттердiң ешқайсысында жоқ екендiгiн тiлге тиек етiп, тiптi Ресейдiң бас консулы етiп, Қ. Тоқаевтың Хайфонға (Вьетнам) жiберiлiп отырғандығына себеп тауып қалдыруға тырысып баққандары да байқалған. Әрине, Ресей елiнiң мүддесi тұрғысынан iшкi және сыртқы саясатты меңгерген дипломатты кеңестiк державаның оңай жiбере қойғысы келмейтiнi де түсiнiктi.

Елiмiздiң алдында тұрған мәселенiң негiзi — басқа мемлекеттердiң Қазақстан тәуелсiздiгiн мойындауы болды. Осы тұста кертартпа әсерлердiң көптiгiнен торығу да, ширығу да болғанын айта отырып, елiмiздiң болашағы, мемлекетiмiздiң қалыптасуы деген ғана мүдде тұрғандығын Қасым-Жомарт Тоқаев жеткiзе әңгiмелейдi.

Елбасының жүргiзiп отырған саясатын басқа елдердiң қолдауы үшiн де бiлiм мен бiлiктiлiк, саясаткерлiк пен тапқырлықтың аса қажет екендiгi, тiптi кейде өзара қарым-қатынас, силастық пен кәсiби жақындықтың өзi де кейбiр тұстарда көптеген мәселелердiң оңынан шешiлуiне себеп болатынына көз жеткiзесiң.

Қазақстан басшысы Н.Назарбаев Азия құрлығында қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жолында бiрiгуге шақырып, әлемдiк қоғамдастыққа жүгiнгенi белгiлi. Сондай жауапты кезеңдердегi бiр оқиғаны автор есiне алыпты: «Алғашқы мұндай талпыныс 1993 жылдың сәуiрiнде жасалды. Бiз бұл iс-шараның табысты болатынына соншалықты сенiмдi едiк деп айтып жату артық болар. Бұл уақытта Қазақстанда iс-жүзiнде тиiстi инфрақұрылым жоқ едi: қажеттi үй-жайлар, үкiметтiк автомобильдер, тiптi қонақтарды қабылдап, ұйымдастыратын мейрамханалар болмады. Iлеспе аудармашылар және хаттама рәсiмдерiне қанық дипломатиялық қызметкерлер жетiспедi» («Беласқан» 372-бет). Сол жолы Қазақстанда шетел делегацияларын қабылдайтын тиiстi инфрақұрылымның болмағаны салдарынан лайықты үй-жай таба алмай алғашқы әлемдiк қауымдастыққа келген сарапшылардың «Алатау» шипажайына апарылғаны, ескiрген автокөлiктердiң бiрiнiң жолда iстен шығып қалуы сияқты жағдайаяттары елiмiздiң экономикасынан да, әлемдiк дипломатия алдында да тым кенже тұрғанының көрiнiсi едi.

«Осындай орашолақтау басталған жұмыс он жылдан кейiн саммиттi ойдағыдай өткiзумен аяқтады. Ал ол кезде бiз негiзгi күштi iстiң кәсiби жағына салдық. Отырысқа қатысушыларға құжаттардың алдын-ала дайындалған жобалары ұсынылды, олар халықаралық ұйымдарда қабылданған деңгейге сай келдi деген жоғары баға алды. Азия қауiпсiздiгi сияқты жаңа құбылыстың сапалық сипаттамалары туралы қызу да мүдделi пiкiр алмасу болып өттi» («Беласу» 373-бет).

Тәуелсiздiк алған жас мемлекеттiң алпауыт мемлекеттермен иық тiресiп келiссөздер жүргiзуге тарихтың өзi мәжбүр еткенiн, сол жолда кәсiби мамандардың жетiспеуiнен қиындықтардың туындағанын бiлу арқылы олқылықтар мен кемшiлiктерiмiз айқын көрiнiс алған. Қамсыз, дайындықсыз, босбелбеу мiнезiмiздiң салдарынан талай есемiздiң де кеткен жерлерi көрiндi. Мемлекеттiң қалыптасу жолындағы қым-қиғаш қиындықтарын қарапайым оқырман да, халық та бiле бермейдi. Бiз үшiн ерекше киелi деп таныған елiмiздiң аяғынан тiк тұруы үшiн қаншалықты тер төгiлiп, көбелердiң сөгiлгенiн «Беласуды» оқып отырғанда көзiң жетедi.

Тәуелсiздiк – Қазақстанға шығынсыз, оңай келдi деген дақпырттың мүлде қате екендiгiн ұғынасың. Әрине адам шығыны болмағанымен талай «найзаның ұшы, бiлектiң күшi» көрiнген қауып-қатердiң төнгенiн аңғаруға да болады. «Беласуды» оқып отырып жалпы бiздiң ұлттың, оның iшiнде тiптi зиялы қауымның да үлкен саясаттан қаражаяулығын аңғардым. Өзiмiздi өзiмiз қатты дәрiптейтiн ұлт бола тұра амбиция мен құлқынның мүддесiнен аса алмай тұрған дағдарысымызға ерiксiз алаңдайсың.

Қазақстанның қалыптасу тұсында мемлекет мүддесiнен өз мүддесiн, жеке бизнесiн әлдеқайда тиiмдi санаушылар топтары пайда болғандығы, олардың ұлт, мемлекет саясатын жүргiзуден гөрi, жеке бизнесiнiң саясатын жасауды тиiмдi көргендерi де төбе көрсеткен. «… Үлкен құрбандықтар берiп, пешканы падишахқа шығару» тәсiлiн меңгергендерге сенiм артқан бейқам ұлтымыздың жетiмсiреген тағдырына ерiксiз жаның ашиды. Үлкен лауазымдағы қызметкерлердiң мемлекет мүддесiн арқалаған болып жүрiп, ұлтымыздың қамын ойлаған болып отырып, мемлекетаралық келiссөздерге келгенде мемлекет iсiн шегере қойып, жеке бизнесiнiң құжаттарын ала жүгiруi бiздiң елдiң билiк басындағы азаматтардың мемлекет болашағы үшiн өте қауiптi тұстарын да аңғартады. Ал мұндай әрекеттер шетелмен келiссөздер барысында мемлекет деңгейiн көрсететiнi анық. Ұлы Абайдың: «Ашиды жаным, қайнайды қаным, мiнездерiн көргенде» деген асыл сөзi, қай ғасырда болса да иесiн дөп тауып жататындығына қайран қалмасқа амал жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлының дүркiн-дүркiн шенеуiктердiң алатын айлығының соншалық көптiгiне шүйлiгуi, Алматыдағы тау аңғарларын жекешелендiрiп, қоршап алғандарды заң алдында жауап беруiн талап етуi билiктегiлердiң осынша оспадар, өрескел өзiмшiлдiгiнiң айғағы.

«Беласу» бiздiң мемлекет ретiндегi сыртқы саясатымызбен ғана шектелмейдi, әлем мойындаған ұлы тұлғалардың елiмiз туралы дұрыс пiкiр қалыптасуын басты назарда ұстайтыны аңғарылады.

Мысалы, 1991 жылы Сингапур патриархының Қазақстанды келiп көруге қызыққанына қарағанда, Қазақстанның алғаш тәуелсiздiк алған тұстардағы кезеңi өз елiнiң алғашқы даму кезеңiн еске түсiргендей болса керек. Ли Куан Ю Қазақстанға келуге қарсы болмаған, бiрақ…

«… Оны ойдағыдай қарсы алмағанымыз да рас. Тәжiрибелi саясаткердi мұқият тыңдау орнына оған бiр топ экономистерiмiз жiберiлiп, экономикамызға көмектесу жолы осы екен деп ойлаған олар Ли Куан Ю-ға өздерiнiң қисық-қыңыр сауалдарымен тарпа бас салудан әрiге бара алмаған». Сингапур басшысы бiздiң экономистерiмiзге мұндай ұшқырлық танытқаны үшiн ұстамдылықпен мақтау айтып, ал бiздiкiлер болса, оларға аса ештеңе керегi де жоқ болатын – өзiмшiл желпiнулерi басылған соң, соған мәз болып тарасып кеткен. Мiне, бiздiң кемiстiгiмiз бен әлсiздiгiмiз де осында. Көз алдау-теориялық тұрғысынан бiз мықтымыз, ал iс жүзiнде шыдамсыз да дәйексiзбiз. Кейiннен Сингапур дипломаттары маған патриарх бұл сапарға онша риза болмай қайтқанын айтты. Ол емтихан емес, алдағы әлем жағдайы туралы пiкiр алысуға үмiт артқан едi».

Қ. Тоқаев саясаткер ретiнде барлық iлгерi дамыған, кенже дамыған елдердiң iшкi саясатын да, экономикасының даму қарқынын да терең бiлдi. КСРО-ның қандай келiссөздерден бас тартқаны, қайсiбiр елдер мен қандай саясатты ұстап отырған тұстарын ол өзi атқарып жүрген қызметi арқылы бүкпесiз бiлетiн. Сондықтан да «Сингапурге келгенде американдықтар басқа елдер үшiн кешiрiлмес саналатын көптеген мәселелерге көзiн жұма қарады. Сингапурға деген осындай қарым-қатынас күнi бүгiнге дейiн сақталуда. Осы бiр ырысы шалқыған жерден мен кеткелi де көп уақыт өттi. Сингапур тұрақты прогресс жолында. Бұл мен үшiн де қуанышты. Өйткенi ең алдымен бұл өзi Азияның көптеген мәдениетi астасқан, бiрегей ел. Сингапур басшылары ұлтаралық татулықты сақтай бiлуге және тiптi оны нығайтуға қол жеткiздi. Күнi бүгiнге дейiн әртүрлi ұлттар өкiлдерi осы елдiң беделiн нығайта отырып, мемлекеттiк және қаржы құрылымдарында қоян-қолтық еңбек етедi. Сингапурда мен дипломаттық кәсiптiң түрлi дағдыларын меңгердiм. Тiл бiлiмiмдi жетiлдiруге және сараптамалық материалдар даярлауға көп еңбектендiм. Мен ондағы шетелдегi дипломаттармен iскерлiк байланыстар ұстауды, әртүрлi ведомствалардан келген әрқилы адамдары бар ұжымында жұмыс iстеп, өмiр сүрудi үйрендiм» – деп еске алады. Сол сияқты Қытайдың iшкi саясатын да, сыртқы саясатын да егжей-тегжейлi бiлуi Қытайдағы Кеңес елшiлiгiнде атқарған қызметтерiмен астасып жатыр.

Ресейдiң аса дарынды дипломаттарымен қызметтес, әрiптес болуы дипломатиялық тәжiрибе жинақтауында да өзiндiк ролi болғанын автор ризашылықпен есiне алады. Солардың бiрi 36 жасында тарих ғылымының докторы атанған қытайтанушы Капицаның аса жетекшi маман болғанын айта келiп, «М.Капица Қытаймен егес жағдайында ұнамды да қажет адам болды. Өзiнiң зор тұлғасымен, ой-өрiсiмен келiссөздер кезiнде қытайлықтардың мысын басып тастайтын. Кеңес тарапының қайсыбiр мәселелер бойынша дұрыстығын дәлелдеу кезiнде жүзiнен салқын мысқылды жымиысы кетпейтiн. Оның бастамасымен 30 елшiлiкте қытайтанушы – дипломаттар үшiн арнайы қызмет орны қарастырылды. Олардың мiндетiне КСРО үшiн стратегиялық мүдделi аудандардағы Пекиннiң iс-әрекетiн бақылау енетiн. Iссапар алдында қызметкерлердi қабылдай отырып, ол тапсырма берудi ұмытпайтын: «Оларға кедергi жасаңдар. Неғұрлым көбiрек қоқыстандырсаңдар жұмыстарыңды да соғұрлым жоғары бағалаймыз», – дейтiн».

Бұл сол кездегi кеңестiк держава санасымен ғана ойлайтын тұлғалардың болғанын көрсетедi. Бәлкiм белгiлi бiр мөлшерде ұлт саясатын жүзеге асыру мақсатында мұндай мамандар бiздiң халқымызға аса қажет те болар ма едi деген ойға қалдым. Себебi, бiздiң қазiргi рухтағы дипломаттарда да, шетелде бiлiм алып жатқан «Болашақтағы» жастарымыз да өз ұлтына деген ықыластан гөрi өзге ұлтқа табыну, тамсану, бағыну, соларға мойынсұну, құл болу жағы дәстүрге айналып отырғаны жасырын емес.

Қ. Тоқаевтың 1983 жылы Пекинде болуы қытай халқының ерекшелiгiн меңгеруiне зор әсерiн тигiзген. Күнделiктi өмiрде қарапайым қытайлықтардың тұрмысын мұқият зерттеуiне мүмкiндiк берген сияқты. «Қытайлықтар «жоқ» деген сөзден қашқақтап тұрады екен. Әсiресе ресми араласу кезiнде. Егер Қытай дипломаттары мәселе зерттеудi талап етедi десе, бұл жауапқа алданып қажетi жоқ, бұл – бас тарту, – дейдi автор.

«1993 жылы Пекинде болған келiссөздер уақытында Н.Назарбаев Цзян Цзяминге Семей және Лобнор полигондарына тексеру жүргiзу жөнiндегi бiрлескен жұмыс тобын құруға ұсыныс жасады. Қытай басшысы мейманның көңiлiн қалдырғысы келмедi, «зерттеу керек» дедi де қойды. Ал, бұл келiспеген жауап екенi мен үшiн айдан анық болатын. «Жоқ» деген сөз естiлмеген соң бiздiң ортамызда бұл жалған үмiт бiрнеше жыл бойы сақталып келдi. Менiң өз әрiптестерiме қытай менталитетiнiң ерекшелiктерiн түсiндiруiме тура келдi.

Қытай тарихын зерттей жүрiп, зияткерлермен әңгiмелесе келе мен қытайлықтар сана-сезiмi аса жоғары деңгейдегi ұлт екенiне көзiм жеттi. Олар өздерiнiң көне тарихын құрмет тұтады, оны мақтан етедi. Әлемдiк өркениетке берiк енген техникалық өнертабыстар дәл осы Қытайда пайда болды. Бұл жерде ең алдымен қағаз, оқдәрi, компас туралы сөз етiп отырмыз», – деп қытай халқының ерекшелiгiн айта отырып, автор қытайлар қандай елде тұрмасын бар мүмкiндiгiнше өз Отанына қызмет ететiнiне көптеген мысалдар келтiрген. «Қытайдың алғашқы атом бомбасы Лос-Аламостағы американдық зертханада жұмыс iстейтiн этникалық қытай-физиктiң тiкелей қатысуымен жасалғаны да таңқаларлық емес. ҚХР-дың ядролық бағдарламасын жасауға КСРО-да бiлiм және тәжiрибе алған Қытай ғалымдары үлкен үлес қосты. Реформа дәуiрiнде «хуацяо» миллиардтаған доллар инвестиция салып, Қытай экономикасына үлкен пайда келтiрдi. Мұны Пекин де көтермелеп отырады. Неғұрлым көзге түскен отандастарын өкiлеттi орган – Халық консультативтiк саяси кеңесiне енгiзедi. Қытайда азаматтық оның қаны бойынша танылады. Басқаша айтқанда, қытайлықтардың шетел азаматтығын алуы өз таңдауларында, алайда ол бәрiбiр «ортадағы мемлекеттiң» азаматы болып саналады», – дейдi.

Кәнiгi дипломаттың бұл мәселенi айтуында да үлкен мән болса керек. Оқырман осы мысалдардан өзiнше ой түйiп, тұжырым жасауға тиiс. Қытай қандай жат жерде жүрмесiн өз мемлекетiнiң мүддесiн көздейдi, өзiнiң Отанына жанын салып қызмет етедi. Осы тұста бiздiң ұлттың жаңадан құрылған мемлекетiне деген көзқарасы да солғын, отансүйгiштiк қасиетiнiң де осал екенiн айта кетудiң орны бар. Данышпан Абайдың: «…бiздiң қазақ сартты көрсе күлушi едi: «енеңдi ұрайын кең қолтық, …шүлдiреген тәжiк, …түйеден қорыққан ноғай, …сасыр бас орыс» – деп. …Қарап тұрсам, сарттың екпеген егiнi жоқ, саудагердiң жүрмеген жерi жоқ, қылмаған шеберлiгi жоқ. Бiрiмен-бiрi жауласпайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнiн солар бiледi, салтанат, әсем де соларда. Бiздiң ең байымызды «сасық қазақ» аяғың былғаныш, – деп үйiнен қуып шығады», – дептi. Жұртқа жыртақтап күлiп, өзгенi мазақ етiп, өзi ғана керемет болып отыратын қазақтың осы мiнезiн сол кезде-ақ сынаған. Сол кезде-ақ, малдан да басқа саланы үйренiп, өнерлерiн меңгерiп, бiлiп ал деп отырған жоқ па, ұлы ұстаз.

Мемлекетiмiздiң болашағы ортақ мүддемiз, ал оған қауiп төнгенi әр қазақ баласының басына бұлттың үйiрiлгенi екенiне де енжар қарап отырғанымыз – бүгiнгi күннiң ащы шындығы.

Қытайдың мемлекет басқару саясатындағы тұлғаларының ұстанған принцптерiне таңданғанымды жасыра алмаймын. «Мао Цзэдун билiк құрып тұрған кезiнде «Дэн Сяопин Мао Цзэдунның әйелiне ашық қарсы шықты. Дэнға «қытайдың Хрущевы», «бас ревизияшыл», «капиталистiк жолмен жүрушi — капжолшы» деген айдар тағылып, «қайта тәрбиелеуге» түпкiрдегi ауылға жiберiлдi. Алайда Мао Цзэдун, ақылгөй Чжоу Эньлайдың құлаққағыс етуiмен болар, Дэндi құртып жiберуге батылы жетпедi, тап бiр «сирек талант» әлi де өз қызметiн атқаратынын сезген сыңайлы. Дэн Сяопин партиядан да шығарылған жоқ. … Итальяндық белгiлi журналист Фаллачидың сауалдарына айдаудағы өмiрi туралы жауап бере отырып, Дэн Сяопин: «Мен ауылшаруашылық жұмыстарымен айналыстым, дәретхана тазаладым, таза ауада күн бойы дерлiк жұмыс iстей жүрiп, денсаулығымды түзедiм. Алайда төраға Мао менi ұмытқан жоқ. Ол маған ең маңызды құжаттарды жiберiп тұрды. Демек, мен Қытайда және одан тысқары жерлерде не болып жатқанымен хабардар болып отырдым», – деген тұсы бар.

Демек, Аспан асты елi мемлекет болашағын, оның нығаюы мен қалыптасуын мақсат еткендiктен де мемлекеттiң мүддесiнен қарайтын тұлғаларын жеке бастың күншiлдiгiмен құрбандыққа шалмаған. Дэн Сяопин бастамасындағы реформаның басым бағыты ауылшаруашылығында болды.

«ҚХР-дың жағалаулық аудандарында экономикалық аймақтар құрудың бастамашысы да Дэн Сяопин болды. Бұрын күтiмсiз қалған шағын деревнялар қазiргi заманғы индустрия мен туризмнiң қуатты орталықтарына айналды. Қытай патриархы осылайша стратегиялық аңғарымпаздық таныта отырып, өзiнiң «Бiр мемлекеттегi екi жүйе» тұжырымдамасын iс жүзiнде жүзеге асыруды жеңiлдетiп бердi.

Дэн Сяопин қазiргi заманғы әлемдегi неғұрлым серпiндi даму қатарындағы елдiң басшысы ретiнде өмiрден өттi. Тiптi оның дұшпандарының өзi Қытайдың реформа жолына түсiп, тек экономика ғана емес, сонымен қоса өз ұстанымын дүниежүзiнде нығайту жөнiнен де таңқаларлықтай табысқа жеткенiн мойындайды. «Қытайға тән ерекшелiгi бар социализм», басқаша айтқанда Компартияның басқарушылық ролiн сақтай отырып, нарықтық экономиканы кеңiнен енгiзу тұжырымдамасы дәл осы Аспан асты елiнде әзiрлендi. Дэн Сяопиннiң «социализм мен капитализмдi межелеп бөлетiн жоспар және рынок өлшем болып табылмайды. Қытайдың өндiрiс күштерiн дамытуға, оның қуатын нығайтып және халықтың тұрмыстық деңгейiн көтеруге жәрдемдесетiндердiң бәрi социалистiк болып табылады» деген ғибрат сөзi сақталған. («Беласқан»)

Елбасымыз Н.Назарбаев 1996 жылы Сингапурдағы ресми сапарында Ли Куан Ю мен кездескен сәттерiнде ерекше қабылдай отырып жақын сыр алысқан екен. Сонда Сингапур патриархы кезiнде өзiнiң Дэн Сяопинмен болған саяси қақтығыстарды есiне де алмастан Дэн Сяопиннiң қызметiне жоғары баға бере отырып, «Дэн Сяопин Горбачевтан ақылдырақ болып шықты. Ол реформаны ауыл шаруашылығынан бастады, сөйтiп оны салаларға бiрте-бiрте ауыстырып отырды. Ал, Горбачев болса, экономикалық дамудың заңдылықтарын түсiнбедi, салмақты тек саясатқа салды. Қазiргiдей жағдайға ұшырауы – өз саясатының қисынды салдары. Реформаны асықпай жүргiзу керек едi», – дедi. Ал оның мұнан кейiн айтқандары қазiр де назар аударуға тұрарлық… («Беласу» 23-бет)

Жасыратыны жоқ, ел iшiнде қытайлықтардың өз елiне симай, дүниенi кезiп жүргенi мәлiм болғандықтанда бос жатқан жерiмiзге әлдекiмдер толып кете ме деген алаңның қарапайым халық арасында бар екенi де рас. Қытайда бiр жылда 15 млн. адам дүниеге келедi деген көрсеткiш бiздi әрине алаңдатады. «Беласудағы» «Қазақстанның сыртқы саясаты» деген тарауында мен негiзiнен Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны делимитациялау мен экономикалық ынтымақтастық арасындағы келiссөздердiң мағына-мазмұнына толық қаныққым келдi.

«Президентiмiз Н.Назарбаев Қытаймен тұрақты қарым-қатынасты реттеудiң мемлекетiмiздiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жоспарындағы стратегиялық маңызын жақсы түсiндi. 1993 жылдың бас кезiнде болған бiр әңгiмемiзде ол маған сыртқы саясатымыздың осы бағытына барынша мұқият болуымызды тапсырды», – дейдi Қасымжомарт Кемелұлы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Қытай жағымен шартқа қол қою ниетiнде болды, ал қытайлықтар болса өздерiнiң дипломатиялық дәстүрiнде шартқа қол қою тәжрибесiнiң бұл күнде жоқ екенiн тiлге тиек етiп, құжатты мәлiмдеме деп атауды ұсынып, мiзбақпай отырып алады. Бiрақ Қазақстан жағы бiрнеше кездесуден кейiн өз айтқандарына қытайлықтарды көндiрiп, мәлiмдеме емес, декларация деп атауға көздерiн жеткiзедi. Жұмыр басты пендеге Қытай неге шарт жасасу дегеннен үрiктi?… –деген күмәндi ой келедi.

«…Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара сызығының өтуi туралы келiсiмге орай кейiнде елiмiзде әртүрлi пiкiрлер етек алғандықтан, шекара проблемаларына байланысты екi лидер уағдаластығына неғұрлым толығырақ тоқтала кетудi жөн көрiп отырмын. Мұнда екi даулы учаске – Талдықорған облысындағы Сарышелдi өзенi ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Шағаноба деген жерiне байланысты келiсiм өте-мөте өткiр сынға ұшырады. Менi көне салды, Қазақстан жерiн Қытайға берiп қойды деп айыптады. Бұл орайда шекара мәселелерiнiң тарихы әрiде екенiн айта кетейiн. Қытай мен Ресей арасындағы алғашқы шартқа ХVII ғасырдың орта шенiнде цин әскерi қысымымен орыстардың Албазин қаласы құлаған соң қол қойылған. Бұл құжаттарда Сiбiр мен Қиыр Шығыс ауданындағы, сондай-ақ Орта Азия учаскелерiнде, соның iшiнде қазiргi Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекара айқындалды. Алайда екi жақ жүзжылдыққа таяу уақыт бойына шекара мәселесiн көтерген жоқ, әрқайсысы өз iстерiмен болып жатты. 1911 жыл цин әулетi өмiр сүруiн тоқтатып, республика құрылды. Бұдан соң бұл ел азамат соғысына және жапондықтарға қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа ұрынды. Жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы жартысы КСРО үшiн де ауыр болды: ел азамат соғысын және Ұлы Отан соғысын бастан өткердi. КСРО мен ҚХР шекара сызығын анықтауға тек 1964 жылы ғана кiрiстi. Бұл жерде осы келiссөздерге мен жоғарыда айтып өткен патшалық Ресей мен циндiк Қытай арасындағы шартта заңдық негiз болғанын атап айту маңызды. …Даулы учаскелерге келсек, бұл жөнiндегi жұмыстар шекара келiссөздерi шеңберiнде жалғасты. Бiз шарттар мәтiнiн мұқият талдап, шекара сипатамаларын оның iс жүзiнде өтуiмен салыстырдық. Жердiң бедерi (рельефi) оның табиғи жағдайы мен уақытша факторларына байланысты көптеген өзгерiстерге ұшырағаны анықталды. Шарт құжаттарында бiр басқа да, ал шекараның өзi бiр басқа. Осы шекара мәселесi бойынша көптеген мамандар жұмыс iстедi. Заңгерлер, топографтар, картографтар, геологтар және шекарашылар. Шын мәнiнде шекараның әрбiр метрi зерттелдi. Барлық факторлар, соның iшiнде халықтың орналасуы мен мал жайылымдары, бағалы кен көздерi есепке алынды. Ұзақ пiкiрталастар нәтижесiнде екi мемлекет арасындағы шекара жобамен, сол даулы учаскелердiң ортасымен өтуге тиiстiгi айқын болды. Айта кетер бiр жағдай, Қытай тарапы қолында даулы жерлерге түгелдей дерлiк қатысты мықты дәлелдемелер болды, бiрақ ондай көзқарастың келешегi жоқ екенiн олар да түсiндi. Өйткенi бiз бұл жер аумақтарын Қытайға ешқашан да бермеген болар едiк. Өзара келiсiмге келмеу ешбiр жақсылық әкелмейтiн. Бұл даулы жерлер екi ел арасындағы нағыз «даудың басы Дайрабайдың көк сиырына» айналып, шекара жағдайларын барынша қиындатып, осыған байланысты әртүрлi салдарларға ұрындырары мүмкiн едi. Кеңес Одағының өзi ҚХР-мен шекара жанжалдарын қинала бастан өткерген болса, Қытайдың пайдасына Даман аралынан бас тартуға мәжбүр болса, Қазақстан өзiнiң аса қуатты көршiсiмен егеске баруға жол бермеуге тиiс екенi айтпаса да түсiнiктi. Мен қазақ жерiн Қытайға «беруге көне салды» немесе «тегiннен тегiн бердi» деген тезистерге үзiлдi-кесiлдi қарсымын. Ешқандай көне салушылық болған жоқ. Өткен уақыттардан бiзге мұра болып қалған бұл жер дауы саяси жағынан да, заңды тұрғыдан да барынша мүлтiксiз, қолда бар шарт құжаттарына қатаң сәйкес шешiлдi. Өзiңе тиесiлi емес нәрседен дәмеленiп те, оған көнiп-көнбеудiң де қажетi жоқ.

Шекара туралы мұндай келiсiмнiң орынды болуына күмән бiлдiрушiлiк Қытай тарапынан да болғанын айта кеткенмiз жөн. Кейбiр Пекин «желөкпелерi» «Қытай әлсiздiк көрсетiп, Қазақстанның айтқанына көнiп қалды», дегендi айта бастады. Бұл келiсiмдi Тайвань баспасөзi өткiр сынға алды. Аралдағылар қытай коммунистерi үлкен қателiк жiбердi, гоминьдан режимi мұндайды ешқашан жiбермес едi, деп шуласты… Шекараны делмитациялауды аяқтау туралы мемлекет басшылары деңгейiнде қол қойылған келiсiм, елiмiздiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде орасан зор маңызға ие. Аспан асты елiмен соғыс және әртүрлi жанжалдарға толы болған тарихи ұзақ уақыттан соң Қазақстан Қытаймен тең құқықты ынтымақтастық қатынас жасай отырып, мемлекет ретiнде тұңғыш рет өз шекараларын айқындап алды. Ендi Қытай карталары дәл осы құжаттарға сәйкес көрсетiлмек. Қытай жағы бұрын өздерiне мұндай жауапкершiлiк алмаған болатын. Расында да, ҚХР-да бұрын шығарылған карталарда, Балқаш көлiн қоса алғанда, бiрсыпыра жер көлемi iшiнара Қытайдiкi деп бөлген. Қытаймен даулы жерлердi реттеу халықаралық қоғамдастықта оң пiкiрлер тудырды. Бұл тақырып дүниежүзiлiк бұқаралық ақпарат құралдарында белсендi түрде түсiндiрiле бастады. Мен өзiм де осы келiсiмдi әзiрлеушiлердiң бiрi ретiнде, құдiреттi Қытаймен уағдаластыққа қол жеткiзгенiмiз үшiн шетелдегi әрiптестерiмнен көптеген құттықтау хаттар алдым», – деп есiне алады дипломат Қ.Тоқаев.

Қытаймен экономикалық қарым-қатынасымыз хақында мына бiр детальдi де оқырман үшiн пайдаланғым келдi. «… Қытай жылына 250 млн. тонна шикi мұнайды қажет етедi, өзiнiң өндiретiнi 160 млн.тоннадан сәл-ақ асады, сондықтан да ол шетелден 80 млн. тонна мұнай тасымалдауға мәжбүр. Ол Қытай рыногына негiзiнен жағдайы тұрлаулы емес Парсы шығанағынан келедi. Осыдан келiп Қытай мұнайдың Қазақстаннан үздiксiз келуiн қамтамасыз етудi қалайды. Қытайлықтар үшiн аса маңызды бұл тақырыпты Мемлекеттiк кеңес премьерi Чжу Жунцзи одан әрi жалғастырды. Ол Н. Назарбаевқа 50 млн. тонна мұнай сорып жiберу қамтамасыз етiлген жағдайда Қазақстанның батыс бөлiгiнен Қытай өз аумағына мұнай құбырын тарту құрылысына кiрiседi деп мәлiмдедi. «Он жылдан кейiн бiз бұл мұнайды алуымыз керек», – дедi Қытай премьерi өзiне тән тура мiнезбен. Қытай басшыларының мемлекет жағдайын әрiден ойлайтыны, олардың өз елдерiнiң мүддесiне риясыз берiлгендiгi тағы да айқын көрiндi. Былайша қарағанда, бәрiбiр отставкаға кетедi, 10 жылдан кейiн не болатынында оның қандай шаруасы бар деп ойлағандайсың. Алайда Чжу Жунцзи Қазақстаннан 50 млн. тонна мұнай алуымыз керек дегеннен айныған жоқ».

Әрине, Қазақстан әлемдiк ынтымақтастықтарға Н.Ә.Назарбаевтың ұстанған саясатын сырт елдерге үйлестiру барысында жемiстi де жеңiстi iстер атқарып отырғанын ешкiм де жоққа шығармас. Бұрын-соңды шетелде елшiлiгi де жоқ Қазақстан ендi тең дәрежеде иық тiрестiрiп, келiсiмдер жүргiзе бастады. Бiз дербес, тәуелсiз ел атандық.

«Беласу» елiмiздiң сыртқы елдермен ұстанған саясатын айта отырып, аса мән беретiн, қауiпсiздiгiмiздi қамтамасыз ететiн мемлекет мүддесi жайындағы мәселелерге де тоқталады. Бiздiң ұлт ретiнде бей-жай қарайтын салғырттығымыз тағы да алдымыздан шығады. Осы тұста көңiлге келген мына бiр жан сыздатар оқиғаны мысалға келтiрейiн.

1998 жылы қазанда Ташкентте Мәңгi достық туралы шартқа қол қойылады. Сол жолы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы шартқа да қол қойылады. «Айта кетер бiр жайт, өзбек мамандары өздерiн жақсы жағынан көрсеттi, оларды айтқанынан қайтару қиын, қайсыбiр мәселе болмасын, өте-мөте сауда-экономика саласына байланысты мәселелердi тым жетiк меңгерiп, келiсiм мәтiндерiн әзiрлеуде де мұқият жұмыс iстедi. Өкiнiшке орай, Қазақстан өкiлдерi жайлы олай айта алмаймын. Себебi, елiмiзде қаржы-экономикалық ведомствалар қызметкерлерiн күрт жасарту науқаны барысында iс жүзiнде барлық тiкелей өндiрiсте мамандар штаттан шығарылып, келiссөзге өңкей бiр тәжiрибесiз жастар барды. Олар қабiлеттi де болар, бiрақ өзбек келiссөзшiлерi тегеурiнi алдында жиi абдырап қала бердi. Ал, керiсiнше, тәжiрибелi мамандарымызды сақтап қалған салаларда келiссөздер бiрқалыпты әрi сәттi өттi. Бұл көбiне су проблемаларына, сондай-ақ шекараны делимитациялауға қатысты» («Беласу»).

Мына тұрған өзбекпен тiресерге лайықты қаржыгерлерiмiз болмағанда анау алпауыттармен айқасарға iрi қаржыгерлердiң болмайтыны бесенеден белгiлi болып тұрған жоқ па екен деген күдiк ұялайды. Мемлекетаралық келiсiмдерде бiздiң елiмiзде неге кәсiби экономист тұлғалалар жоқ. Осы ретте И.Кәрiмов туралы пiкiрдi де келтiре кетейiн: «И. Кәрiмов догматизмнен аулақ кетпесе де, аса жоғары деңгейдегi алдына мақсат қоя бiлетiн басшы, әсiресе, экономикада. Ол күнi бүгiнге дейiн елдегi экономиканы ырықтандырудан айрықша қайсарлықпен бас тартумен келедi. Бұл саясатты ол халықтың әзiр еместiгi және Өзбекстанның қауiпсiздiгiн әлсiретуi мүмкiн дегенмен түсiндiредi. Сонымен қатар, бiр кезде Жоспарлау комитетiнде және Қаржы министрлiгiнде iстеген өзбек басшысы айрықша дәл есептей бiлетiндiгiмен көзге түседi, шетелдiк басылымдардың бiрiнде ол «Ташкент еңбекқоры» деп аталған болатын» («Беласу»).

Жақында «Жас қазақ» газетiнен (5-қазан, 2007) «Қытайлар бiлгенiн iстеуде» – деген мақала оқыдым. Азаматтық ала алмай жүрген қандасымыз Алматыдағы көкбазарда Қытайға телефон соғатын жерден елiмен, саңқылдап сөйлесiп тұрған бiр қытайдың әңгiмесiне таң қалады. «Сөйлеу мәнерiнен Қытай астанасы Бейжiңнiң диалектiсi аңқып тұр», – дейдi автор. Жарты сағатқа созылған әңгiмесiнiң ұзын-ырғасы мынау: «Шекарадан кiргеннен бастап, қай тесiкке барсаң да, парадан көз ашпайды екенсiң. Бiр жақсысы, ақшаға қандай iсiң болса да бiтедi. Заттары удай қымбат, оның басты себебi — өздерi ештеңе өндiре алмайды, қалт-құлт етiп тiршiлiк кешiп жатыр. Мұндағы барлық iс-орындарында қызмет көрсету сапасы өте төмен, адамдары дөрекi. Мiнездерi жаман болады екен. Әсiресе, бiздерге… ұстанған көзқарастары тым жаман. Орталық қалаларында адам аз, жер көп болғанына және өте ескi болғанына қарамастан, үйлердiң бағасы Бейжiңдегi үйлермен қарайлас… Бiздiң құрмақ болған серiктестiгiмiздiң iсi бiтуiне жақын. Ақысын берсең, боқысын шығарады. Қаптаған парақорлардан аяқ алып жүре алмайсың. Ендi тек лицензия алу ғана қалып тұр. Мен Қазақстанға келген екенмiн, қайткен күнде де тығырықтан шығатын жол тауып, осында iрге теуiп қалуым керек. Бұл – әрбiр шетелде жүрген жұңғолықтардың түп мақсаты». Иә, Аспан асты елiнiң түп мақсаты мыңжылдықтармен есептелетiнi бiзге де мәлiм. «Беласу» – саналы оқырманға дипломатиялық мәдениеттi сақтай отырып, мысалдар арқылы көптеген мысалдарға көз жеткiздi. Жасыратыны жоқ, ұлт ретiнде отаншылдық сезiм бiздiң елде өте төмен болып отыр. Өкiнiшке қарай, бiз осындай өз көрпемiздiң астындағы пара алу былығын да бастан өткiзiп отырмыз.

Дипломатиялық жазбалар арқылы әлемдiк саясаттағы iрi тұлғалардың iс-әрекеттерi мен саясаттағы ғажап тапқырлықтары өз халқының игiлiгiне шешiлген тарихи жеңiстерiне де куә боласың. 1993 жылы Н.Ә. Назарбаевқа АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Уоррен Кристоффердiң баллистикалық зымырандардың шахталық-ұшырымдық қондырғыларын демонтаждау туралы тар ауқымды келiсiмге қол қоюына көндiрмек болады. Дәл осындай тар ауқымдағы келiсiмге қол қоймайтынын мәлiмдеген Елбасының қайсарлығына үш сағат уақыт бойы ешқандай нәтиже шығара алмаған Уоррен Кристоффердiң керi ұшып кетуiне тура келген.

Жалпы әлемдiк саясаттағы iрi тұлғалардың кейбiр сөздерi де, iс-әрекеттерi де тосын қылықтары да таң қалдырады. Мысалы, Дж.Бу