ЖОҒАРЫ ОҚУ РЫНДАРЫН РЕТТЕУ ӘЛI БIТКЕН ЖОҚ

ЖОҒАРЫ ОҚУ РЫНДАРЫН РЕТТЕУ ӘЛI БIТКЕН ЖОҚ

ЖОҒАРЫ ОҚУ РЫНДАРЫН РЕТТЕУ ӘЛI БIТКЕН ЖОҚ
ашық дереккөзі

Бiлiм саласы төңiрегiнде шешiмiн таппай жатқан даулы мәселе көп. Оның бiрi – кешегi елдi дүрлiктiрген ұлттық бiрыңғай тестiлеу жөнiнде өрбiсе, ендiгiсi – бүгiнге дейiн заңсыз жұмыс iстеп келген жоғары оқу орындарын қысқарту туралы. Әсiресе, жекеменшiк оқу орындарына қырғидай тиген тексеру барысы бiраз басшылар мен студенттердi әбiгерге салғанға ұқсайды. Нәтижесiнде 40-қа жуық оқу орындары есiгiне дәу қара құлып салуға мәжбүр болса, кейбiрi аудиториясына қарай өзара бiрiгiп үлгердi. Ал есесiне елiмiздегi жекеменшiк оқу орындарының көшбасшысы саналатын «Тұран» университетi 15 жылдан берi әр түрлi салада бiлгiр әрi бiлiктi маман даярлап келедi. Бiз де аталмыш университеттiң ректоры, Жоғары оқу орындары қауымдастығының президентi Рахман Алшановпен бiлiм саласындағы күрмеуi қиын мәселелер жөнiнде әңгiмелескен едiк.

– Бiлiм және ғылым министрлiгiне Ж.Түймебаев тағайындалысымен ол жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткен жоғары оқу орындарын (ЖОО) қысқартуды қолға алды. Бұл мәселе неге бұдан бұрын көтерiлмедi?

– Бұл мәселе бұған дейiн де талай айтылып жүрген. Тек Жансейiт Қансейiтұлы емес, алдындағы министрлер де бұл мәселенi аракiдiк көтерiп қоятын. Бiрнеше рет «Жабыңдар, қысқартыңдар!» деген әңгiмелер болды. Бiрақ қатаң түрдегi жалпы тексерiстi жүргiзу Түймебаевтың ғана қолынан келдi. Барлық ЖОО тексерiлiп, нәтижесiнде 33 оқу орны есiгiне қара құлып салды. Ал 20 шақтысы бiрiгемiз деген ұйғарымға келiп отыр. Бiр сорақысы сол, базбiр оқу орындарының күндiзгi бөлiмiнiң өзiнде небары 25 студент оқып келген. Ендi оларға қандай оқу процесi ұйымдастырылғанын бiр ғана Құдай бiледi. Мiне, өз дегенiн iстеп, өз бетiмен кеткен оқу орындарына осы тексерiс дөп түстi.

– Алматы қаласының өзiнде қанша ЖОО қысқарды?

– Алматыдағы негiзгi оқу орындарының бес-алтауы жабылып, қалғаны өзара ымыраға келiп, бiрiктi. Кейбiрi бiрiге салысымен, атын да өзгерттi. Жалпы тексеру қорытындысы ұсақ оқу орындарын қысқарту, кiтапхана, оқытушылар, компьютер ресурстарын бiрiктiру әрi оларды iрiлендiрудi назарда ұстап, жоғары оқу орындарының дәреже деңгейiн көтеру бойынша жұмыс жүргiздi. Ал жаңағы бiрiккен оқу орындарының бiлiм сапасы жақсарды ма, әлде одан да бетер төмендеп кеттi ме, оны оқу жылының соңы көрсетедi. Әрине, бiр жылдың iшiнде сапа соншалықты өзгере қояды деу қиын, дегенмен, әлi де алда болатын небiр тексерiс пен сыннан сүрiнбей өтсе бәрi айқындалады. Сонда ғана екi нашар оқу орнын бiрiктiргеннен не ұтып, неден ұтылғанымызды бiрден бiлемiз.

– Сiз басқаратын Жоғары оқу орындары қауымдастығы құзырына не кiредi? ЖОО қысқарту жөнiндегi арнайы комиссия жұмысына қатыстыңыздар ма?

– Қауымдастық қызметкерлерi ертеңгi күнi тағы да анау-мынау әңгiме шықпасын деп тексеру шараларында болып, пiкiрiн бiлдiрiп жатты. Соңғы шешiмiне дейiн комиссияның мүшесi ретiнде жабылған оқу орындарының студенттерiн қай жерге бөлу, орналастыру мәселесiне де қатыстық. Осыған байланысты барлық ректорларға тапсырма берiлдi. Бiз де өз тарапымыздан: «Мына студенттер далада қалмасын, оқуға қабылдаңдар, ертеңгi күнi жастар опық жемесiн» дегендi айттық. Әдетте осындай жағдайға әкелген әлгi оқу орындарының басшылары да басынан аяғына дейiн мәселенiң ақ-қарасын шешу үшiн атсалысуға мiндеттi.

– Әлгiндей жекеменшiк әрi сапасыз ЖОО шамадан тыс көбейiп кеткендiгi бiлiм сапасының төмендеуiне әсерiн тигiзетiнi жасырын емес. Бәлкiм, маманды шетелден шақыруға осы олқы тұсымыз да себеп шығар…

– Шынымен де, соңғы 10 жылдың iшiнде бiрталай лицензия шамасы келмейтiн оқу орындарына берiлiп келген. Ал сол лицензияны алғандардың өзi сол мiндеттi игере алмай кеттi. Әсiресе, заман талабына сай экономика, құқық мамандықтарына лицензия шамадан тыс берiлгенi айқын. Бiр айта кетерлiк жайт, көп оқу орындарында оқытушы жеткiлiксiз. Мәселен, бiр оқу орнында 500-1000 студент оқыса, ал оқытушының саны әрi кетсе, 50-ден 110-ға дейiн жетедi. Демек, бұлар лицензияны оңай жолмен алып, бiлiм сапасына мән бермей, бақылаусыз жүйемен кеткен. Осы жағынан министрлiк тарапынан да, қаптаған сапасыз оқу орнысымақтардан да шектен тыс олқылықтар байқалды. Әлi реттеу бiткен жоқ. Менiңше, бұл тексерудi тек қана жекеменшiк оқу орындарына ғана емес, мемлекеттiк оқу орындарына да жүргiзу керек. Мынаны қараңыз. Кейбiр оқу орындарында бiр ғана заң ғылымының кандидаты заты да, аты да дардай факультетте сабақ бередi. Бұл не сонда? Сапа деген қайда қалды? Бiлдей бiр университетте бiр профессор, бiр доцент лекция оқымайтын болса, сонда не болғаны?! Бiр сорақысы, ендiгi бiр оқу орнында бiр ғалымсымақ бес-алты пәннен дәрiс бередi екен. Мұндай дарынды талант иесiнiң болуы мүмкiн емес. Оның үстiне ақпарат заманында әр пәннiң жүйесiнде талай өзгерiстер болып жатыр. Оны бiр адам игерiп кеттi деу миға қонымсыз жайт.

– Мұның бәрi кешегi тексерудiң нәтижесiнде ғана белгiлi болды ма?

– Жоқ. Бұрын тексерiлгенде дұрыс қарамаған ғой. Осы жолы Елбасы өзiнiң Жолдауынан кейiн қатаң тапсырма бердi. Қанша уақыттан берi жауырды жаба тоқып келген мәселенi тексеру тек Жансейiт Түймебаевқа бұйырыпты.

– ЖОО-да бiлiм сапасы, оқытушылардың бiлiктiлiгi төмендеп кеттi деймiз. Осының бәрiне жалақы мәселесiнiң дұрыс жолға қойылмауы әсер ететiн сияқты.

– Әрине, аз жалақы төлесе, оқытушының дәрiс беруге ынтасы қалай аусын. Бұл бұл ма, аты жер жарған университеттерде арнайы байқаудан өтпегендер жұмыс iстейтiнiн қайтерсiз. Демек, талап төмендеп кеткен соң оқытушыларға қойылатын мiндеттi де босаңсытып алған сияқтымыз.

– Оның үстiне жалақы мөлшерi оқытушының бiлiктiлiгiне де қарамайды екен. Ол жәй оқытушы, кандидат, доцент болсын, тiптi, профессор болсын, айырмашылық аса байқалмайды деп жүр. Осы рас па?

– Иә, бұл мәселенi де қайта қарау қажет. Егер университетке бiлiктi ғалым шақыру керек болса, ақшасын қанағаттандыратындай етiп төлеуге тиiс. Бүгiнде жақсы мамандарды бәрi аңдып жүр. Әсiресе, банк саласына экономика, қаржы мамандығын тәмамдаған маман тапшы. Бiз тура осы саясатты жүргiзбесек, сапа да ақсай бередi. Ол үшiн оқу орнын компьютермен, интернетпен толық қамтамасыз ету керек, бiлiмдi әрi бiлiктi оқытушыларды шақыру қажет. Жалпы, жаңа ағымға бағытталсақ, қазiргi университеттiң ұйымдастыру сапасы өте жоғары болу тиiс қой. Мемлекеттiң арнайы тапсырысы бойынша жыл сайын 30 мың грант бөлiнiп отыр. Оның 30 пайызы ауылдан келген балаларға берiледi. Осыдан кейiн мемлекет бiлiм саласына қамқорлық жасамайды деп айту әбестiк болар.

– «Тұран» университетi де жекеменшiк оқу орны. Сiздерге басқа жекеменшiк оқу орындарының басына түскен күн тумапты. Себебi неде?

– Бiз Қазақстандағы бiрiншi құрылған жекеменшiк оқу орны болып есептелемiз. Әрине, бiзден бұрын заңды орындардан өткендер де бар. Бiрақ дәрiс оқуды бастаған – бiз. Әу бастан, негiзiмiздi қалағаннан берi өзiмiзге қойған басты талап – сапа жағына көңiл бөлу. Студенттерден түскен төлемнiң негiзiн кiтапханаға жұмсаймыз. Соның нәтижесiнде «Тұран» университетiнiң кiтапханасы Қазақстан бойынша ең жоғары деңгейде жабдықталды. Компьютерлiк кабинеттер, кiтапханаға қосылған интернет, ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру, бiлiктi маман-оқытушыларды шақыру күн тәртiбiнен түспейтiн мәселелер. Демек, бiр студентке кететiн шығын басқа оқу орнына қарағанда он есе артық деген сөз. Сол сияқты республика бойынша студенттердi қалаiшiлiк автобуспен таситын бiрден-бiр оқу орын – «Тұран» университетi. Ал студенттерден пара алу деген бiрiншi күннен болған емес. Егер мұндай сөздiң шетi шықса, ол оқытушы әп-сәтте жұмыстан босатылады. Студенттер арасында осы пара алу мәселесiне байланысты бес-алты рет сауалнама өткiзгенде, жалғыз «Тұран»университетi пара алмайтын оқу орны болып шықты. Қазiр тек қана Алматыдан ғана емес, елiмiздiң жер-жерiнен, Ақтаудан, Атыраудан келiп оқып жатыр. Тiптi, Түркiменстан, Түркиядан келген студенттер де бар.

– Ал студенттiң бiлiм алуына қандай жеңiлдiк қарастырылған?

– Бiз жыл сайын елу, жүз шақты студентке жеңiлдiк жасаймыз. Университетке түрлi ғылыми байқауға қатысқандар, олимпиаданың жеңiмпаздары, оқу озаттары, жетiмдер мен мүгедектер, ауылдан келгендер 50, 25, 15 пайыз жеңiлдiкпен келедi. Ендi бiз жекеменшiк оқу орны болғандықтан мемлекеттен қаржы алып отырған жоқпыз. Өзiн-өзi қаржыландыру мәселесi бар, дегенмен бәрiн тегiн оқытуға шама жетпейдi. Бiрақ бiрталай студент осы жеңiлдiкпен оқиды. Ал бағасы мамандығына қарай, 160-170 мың теңгеден 230 мың теңге айналасында төлеп оқиды.

– Бiраз жылдан берi заң саласында маман даярлап келген Шәйкенов атындағы заң университетi де жекеменшiк оқу орны екенiн бiлемiз. Кешегi тексерiс кезiнде бұл оқу орнының да заңсыз жұмыс iстегендiгi анықталды.

– Оның өздерiнiң құрылтайшысы бар. Ал негiзгi басты ұжымы Астанаға көшiп, Алматыдағысы жай филиал ретiнде қалып қойды. «Бiлiм туралы» заңға сәйкес, бұлар бөлек университет болуы керек едi, тiптi тым құрымағанда филиал болып қалуы керек пе едi? Қазiр бар болғаны филиал ретiнде жұмыс iстемек. Олар осы бойынша тек екi-ақ курс оқуға тиiс. Ал құрылтайшылары болса, бұған өзара келiспей отыр. Әрине, жекеменшiк болғаннан кейiн, бұл мәселенi сол құрылтайшылары шешедi ғой.

– Ал «Тұран» университетiнде қанша құрылтайшы бар?

– Құрылтайшы үшеумiз. Бар мәселенi келiсiп iстемесе болмайды. Үш құрылтайшы болғандықтан, әрқайсымыздың пiкiрiмiз, көзқарасымыз әр түрлi. Ал негiзгi соңғы шешiмге келгенде, тек ауызбiршiлiктiң арқасында ғана жұмыс iстеп келемiз. Бiз Қазақстан бойынша алғаш Бiлiм корпорациясын құрдық. Оның құрамына екi университет (бiрi осы, екiншiсi Астанада), екi колледж (бұның бiреуi Астанада, бiреуi Алматыда), лицей, екi ғылыми зерттеу институты, «Тау-Тұран» атты сауықтыру кешенi, «Тұран-Профиль» деген Бiлiм жетiлдiру академиясы кiредi. Оқып жатқан студенттердiң саны – 6 мың 300-дей, 2 мыңы колледжде, 300-i лицейде, 100-ден астамы магистратурада бiлiмiн жетiлдiредi. Сол сияқты 500-ден астам қызметкер жұмыс iстейдi.

– Қазiр министрлiк техникалық мамандықтарға көптеп грант бөлiп, осы салаға бет бұрып келедi. Жалпы, «Тұран» университетi осы талап үдесiнен шығып жатыр ма?

– Бiз көп профильдi университеттiң қатарына жатамыз. 13 мамандық бойынша мамандар дайындаймыз. Тек қана экономика, заң ғана емес, информатика, ақпаратты технология, сервис, сондай-ақ туризм саласының мамандары бiлiм алуда. Қазақстанда алғаш рет туризм мамандығын ашқан да бiз. Болашақта да заман ағымына сай, яғни, сұранысқа қарай 5-6 факультет ашуды ойлап жатқан жайымыз бар. Әлбетте, техника саласына аса көңiл бөлiнiп жатқан шақта, инвестиция ауадай қажет. Бұл жерде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетi, Қарағандыдағы, Өскемендегi, Оңтүстiк Қазақстандағы техникалық университеттерi осы мамандықтарды игерiп келедi. Бiз соның бәрiн сараптап, сауалнама жүргiзiп, сұранысты қанағаттандыруды көздеп, бiраз дайындық шарасын бастадық.

– Кейбiр жоғары оқу орындары секiлдi шетелден дәрiс оқитын оқытушылар шақыру үрдiсi бар ма?

– Бiр кездерi бiз де шетелден көп шақырдық. Бiрақ олардың жүргiзген дәрiсiнiң деңгейi әртүрлi. Ал мықты деген профессор, докторын шақырсаңыз, қыруар ақша талап етедi. Елiмiздiң ЖОО-на келiп-кетiп дәрiс оқып жүргендердiң бiлiктiлiгi төмен. Асып бара жатқан түгi жоқ. Солардың айтқан әңгiмелерiн өзiмiз де игерiп, бiлiп отырмыз десек артық емес. Қазiр ақпараттық технологияға байланысты «қашықтықтан оқыту» деген жүйенiң арқасында бiр профессордың қажеттi лекциясын жазып алып, өзiмiзде тыңдауға толық мүмкiндiк бар. Сондықтан бiз оларды шақырмай-ақ, интернет арқылы тыңдау жүйесiн енгiзiп жатырмыз. Құдайға шүкiр, қазiр АҚШ, Германия университеттерiмен тығыз байланыс орнады. Жаңағы айтқан, «Тұран-Профиль» арқылы жыл сайын 100 студент Германияда оқып, ол жақтан да бiзге келiп лекция оқып жатқандар бар.

– Бұрында ЖОО бiтiрген маманға жұмыс дайын тұратын. Қазiр де осы үрдiстi жандандыруға болмай ма? Жалпы, «Тұран» университетiн бiтiрген маман қайда барады?

– Қазiр республика бойынша бұрынғы жүйе жоқ. Әрине, бiз жүз шақты компаниямен тығыз қарым-қатынастамыз. Арнайы келiсiмшарт та бар. Мәселен, жазда банкке өндiрiстiк тәжiрибеге барған 10 студенттiң сегiзiн жұмысқа алды. Тiптi, декандардың өзi: «Студенттердi өндiрiстiк тәжiрибеге жiберемiз бе, жiберсек бәрiн бiрден алып қалып жатыр» дейтiн болды. Егер сапалы маман дайындайтын болсақ, олар ешуақытта жұмыссыз қалмайды.

– Сiздiңше, кейiнгi кезде дендеп ене бастаған батыстық үлгi – кредиттiк технология бiздiң бағыт-бағдарымызға сәйкес келе ме?

– Мына бiлiм саласындағы реформаның негiзгi мақсаты – iлгерi дамып келе жатқан экономикаға бiлiктi маман даярлау. «Ертеңгi күнi қай жерде iстеймiн?» деп сандалып жүрмес үшiн қазiр мүлдем жоқ мамандар дайындау керек қой. 10-20 жылдан кейiн бүгiнгi оқығаның керек болмай қалуы мүмкiн. Кредиттiк технологияның негiзгi көздегенi – студент қатып қалған стандартпен ғана емес, ағымдағы жаңалықтарға байланысты iзденуi қажет. Сол арқылы өзiн алдын-ала жоспарлауға, дайындауға, таңдауға күш бере алады. Көбi бұл бағытты дұрыс түсiнбейдi. Кредиттiк технология – оқытушы таңдау. Алайда, оқытушы дегенде, осы жүйенiң өзiндiк талабына сай оқытушы болуы қажет. Оған кiтапхана базасы, интернет жүйесi сай болу керек. Кейбiр оқу орындарының интернетi де дұрыс жабдықталмаған. Осындай ресурстар толыққанды қызмет көрсетпесе, кредиттiк жүйенi енгiзу далада қалады. Ал таңдайын десе, оқытушы жоқ, бiреу ғана. Кiмдi таңдайды? Қазiр қарасаңыз, «Бiз кредиттiк технология бойынша оқытамыз» дейдi де, iс жүзiнде ескi жүйемен оқытатын оқу орындары көп. Дегенмен, эксперимент негiзiнде жүргiзiлiп жатқанмен, толығымен енгiзiлдi деп айту қиын.

– Эксперимент демекшi, бiлiм саласына келген министр өзiнше бiр реформасын ала келедi. Бiрiн соңына жеткiзбей жатып, екiншiсiн бастап кеп жiбередi. Жалпы, жасалынып жатқан реформаларға көңiлiңiз тола ма?

– Бұл үлкен проблема. Шынымен, бiзде аяқсыз қалатын iстер аз емес. Осы жағы қатты алаңдатады. Жеме-жемге келгенде көбiнесе басталған iс сол күйi қалып жатыр. Жаңа министр жаңа талабын әкеледi, ал оның алдындағы жоспар көлеңкеде қалып қояды. Келесiсi де солай. Сондықтан жүйелi түрде жұмыс iстеу қиындыққа соқтырады.

– Дегенмен, қай министрдiң реформасын құптадыңыз?

– «Мына министр былай iстедi, анау солай жасады» десек те, әрқайсысы өзiнше жұмыс жасады. «Анау министр тұрғанда, мына жұмыс атқарылды, есесiне мына мәселе жайына қалды» дейтiндер де бар арамызда. Мысалы, Шәмшә Беркiмбаева қазақ тiлiнде маман дайындауды, ауыл мектебiн көтерудi қолға алды. Бұл өте дұрыс жоба едi. Ал оңтайландыру процесiн дамытуға Түймебаев кiрiстi. Бiлiм саласының жан-жақты, түрлi саласы бар. Бiреуi бiрiне мән берсе, келесiсi басқасына көңiл бөледi. Егер министр ұзақ уақытқа тағайындалса, бiр нәтиже байқалар едi. Айналдырған бiр жылдың iшiнде не бiтiредi?

– Өзiңiз экономика ғылымдарының докторы, профессорысыз. Дәл қазiргi уақыттағы елiмiздiң экономикалық жағдайы жөнiнде, соңғы бiр-екi айда нан бағасының күрт қымбаттауына байланысты не айтар едiңiз?

– Қазiр дамыған елдерде экономикалық саясаттың көп қырлы тәсiлдерi бар. Бiлiктi Үкiмет мұны дер кезiнде болжап, пайдаланып отыруы керек. Елiмiздiң экономикасы қарыштап жатқанда мұнайдың, бидайдың, алтынның бағасы сағат сайын өсiп жатыр. Бiздегi сыртқа шығаратын ресурстардың барлығының дерлiк бағасы өстi. Кеше ғана мұнайдың бiр баррелi 10 доллар едi, ертең 80-88, тiптi жақында 100-ге жетуi мүмкiн. Яғни, доллар жеңiлдендi, мұнай биржасы өсiп жатыр. Мiне, осыдан соң инфляция бiртiндеп бiзге көштi. Ақшаны не iстеу керек? Жақында Үкiметте ақша игерiлмей қалды деген сөз болды. Ол ақша қайда кетедi? Мұның бәрiн мұқият басқарып отыру керек қой. Егер бiз бар байлығымызды сыртқа шығарамыз деп шешсек, онда сұранысты ұлғайтып, әлеуметтiк мәселе – зейнетақыны, жалақыны өсiрейiк. Ал монополистер бағаны көтерiп жiберсе, салықты көбейтiп, тыйым салу қажет. Бiзде 30-40 жыл болды, «еркiн нақты экономика» деген ұғым жоқ. Әдетте, бiздiң басшылар нанның, майдың бағасы өстi деп әбден қымбаттағаннан кейiн, яғни, тұрақтандыруға болмайтын кезде анаған, мынаған тиiсiп жатыр. Оның орнына «мынау нан бағасы өскеннен кейiн қосылған үстеме» деп зейнетақы мен жалақыны көбейтсе, құба-құп емес пе?! Байларға анау-мынаудың қымбаттағаны түк емес, олар керек болса, нан да жемейдi. Ал қара нан мен қара суды талшық етiп отырған жандар көп, солардың есебiн алу қиын емес қой. Түскен табысты салық арқылы алып, неге осы жағдайы төмен отбасыларға бермеске? Дүниежүзiнде бидайға деген сұраныс ұлғайған сайын, бiздегi бар астықтың өзi жетпей отыр. Неге? Өйткенi, механизм дұрыс жұмыс iстемейдi. Ел басшылары осы мәселеге келгенде қайдағы бiр шым-шытырық шараларды қолданады.

– Мұның бәрiн қарапайым Сiз бен бiз айтып отырғанда, сол Үкiметте отырғандар бiлмейдi емес бiледi…

– Оны сұрайтын Парламент бар. Халық: «Бiз сендердi сенiп, сайладық, неге Үкiметтен осының бәрiн сұрастырып, бiлмейсiңдер?!» деп сұрамай ма? «Не iстеп отырсыңдар, шамаларың келмесе, орныңды босат» деуге сайлаушының құқығы бар. Үкiметтi бекiтiп жатқан – Парламент. Жаңа реформаға байланысты Конституцияда Парламенттiң ролi күшейдi. Сондықтан Үкiмет бәрiне дайын болып, егер алда-жалда бiр жерде сүрiнiп кетсе, тұрып кететiн толық мүмкiндiгi бар. Оны қалай, қай жолмен шешу керек деген мәселелермен күнделiктi отыру керек қой.

– Қысқасы, бағаның қымбаттауы студенттiң жыл сайын төлейтiн төлемақысына да құрық салады ғой…

– Әсер етедi. Қуат көзi, жол тасымалы, кiтап, интернетке, бәрiне ақша төлеу керек.

– «Тұран» университетiне бақандай 15 жыл толыпты. Осы мерейтойға жету сiздер үшiн үлкен күш болған шығар…

– Бұл тек «Тұранның» ғана емес, жалпы Қазақстандағы жекеменшiк жоғары оқу орындарының 15 жылдығы. Бүгiнде жекеменшiк оқу орындарының өзi 50 пайызға жақындап қалды. Университетiмiздi бiтiрген түлектер жан-жақта түрлi салада кәдiмгiдей үлкен-үлкен лауазымды жұмыс атқарып, көп компанияның тiрегi болып жүр. Бiздiң мақсатымыз – дәл нақ уақытта кәсiпорындарға қандай маман қажет, соған байланысты бағдарлама түзу, жаңалықтар енгiзу. Ал лицей мен колледж ашқан себебiмiз, көп жерде мектептiң деңгейi төмендеп кеттi. Университеттi көтеру үшiн алдымен абитуренттiң деңгейiн көтеру қажет болды. Сондықтан да студенттiң көпшiлiгi өзiмiзден келген түлектер болғандықтан, айтқан, ойлаған мақсаттарымызға жетуге мүмкiндiк көп. Негiзi бiз студенттiң санына емес, сапасына назар аударып, бiлiм алуға жайлы жағдай жасап бағудамыз. Жекеменшiк оқу орындары iшiнде алғаш болып магистратура, докторантура аштық. Кейбiр жоғары оқу орындарынан он есе көп интернет пайдаланып отырмыз. Бұл үлкен көрсеткiш. Қазақстан бойынша қазақ тiлiнде бiлiм алатын студенттiң саны 50 пайызға жақындап қалды. Ал бiрақ кiтапханадағы 50 миллион кiтапты бiр адамға шаққанда 16 кiтаптан келедi екен. Қауымдастықтың өзi авторларды жинап, оларға тапсырыс берiп, кiтап шығарып жатыр. Бүгiнге дейiн 65 мың кiтап жарық көрiптi. «Бiрақ бұл жетпейдi» деп қарап қалмай, үкiметке, жан-жаққа хат жазып, айтып жатырмыз.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ