СЫПАЙЫ СӨЗ, БIРАҚ... СЫЗДЫ СӨЗ

СЫПАЙЫ СӨЗ, БIРАҚ... СЫЗДЫ СӨЗ

СЫПАЙЫ СӨЗ, БIРАҚ... СЫЗДЫ СӨЗ
ашық дереккөзі

Путин Қазақстандағы орыс тiлiн қадағалайтынын айтты

Өткен аптаның аяғында Ресей Федерациясының президентi Владимир Путин халықпен тiкелей эфир арқылы жүздестi. Бұл оның президенттiк мерзiмiнде жамағатпен 6-шы сұхбаты екен. Үш сағат бойы тiкелей эфирде үн қатқан Ресей президентi осы уақыт аралығында 60-тан астам сауалға жауап берiп үлгерген.

Әрине, Ресей президентiнiң жамағатпен сұхбаты бiзге не үшiн таңсық бола қалды деп таңдануымыз мүмкiн. Бiрақ, бұл жолғы жүздесу бұрынғыларынан өзгерек болып тұр. Олай дейтiнiмiз, сұрақ беру ауқымы Ресей аумағымен ғана шектелмеген. Сондай-ақ, Қазақстанның батысында орналасқан Ақтау қаласының тұрғындары да сауал беру мүмкiндiгiне ие болған. Өзге ел президентiне сауал қою мәртебесiне қол жеткiзiп, оған маңызды сауалдар жолданып жатса құба-құп дейiк. Бiрақ, Қазақстанның Ақтауынан берiлген екi сауалдың да маңыздылығы тым жоғары емес. Бiрiншiсi, Путиндi Каспий жағалауына шақырса (Путин келмей жүргендей-ақ), екiншiсi, өзiн Екатерина Герасименко деп таныстырған ақтаулық студенттiң орыс тiлiне қатысты сауалы болды. Сауалды сөзбе-сөз жеткiзсек, «Владимир Владимирович, у меня вот такой вопрос. У нас в Казахстане, конечно, в отличие от Прибалтики, проблем с русским языком нет. Его здесь учат, ну и все могут на нем говорить. Но скажите, что Россия делает и будет делать для развития русского языка, ну, в странах бывшего Советского Союза, и в целом для поддержки соотечественников» (Владимир Владимирович, менiң сұрағым былай. Бiзде Қазақстанда Балтық жағалауы елдерiмен салыстырғанда, орыс тiлiнiң проблемасы жоқ. Ол мұнда оқытылып жатыр, бәрi осы тiлде сөйлей алады десе де болғандай. Дегенмен, Ресей бұрынғы Кеңес одағы елдерiнде орыс тiлiн дамыту үшiн, жалпы отандастарды қолдау мақсатында не iстеуде, не iстемек?). Жерден жетi қоян тапқандай, мәре-сәре күйде мұндай сауал жолдаудың астарында не жатыр? Бiрiншiден, президенттiң тiкелей эфирiне жолданатын сауалдар алдын-ала сұрыптаудан өтедi. Оның өзiндiк цензурасы бар. Демек, сауалды дайындаушылардың Ақтау қаласын таңдауында да, оның тұрғындары атынан студент қызға жоғарыдағыдай сауал қойғызуында да мән бар. Ұмытылып кеткен, соңғы кезде даңғаза дабырасы азайып бара жатқан орыс мәселесiн тағы бiр көтерiп қою керек. Империялық пиғылдан достастық көңiл-күйге назар аудара бастаған Путиннiң есiне мұны тағы бiр салып қою басты назарда.

Бiрақ, Путин бұл мәселенi екiншi бiр елдiң iшкi iсi деп қоя салған жоқ. Оның аталған сауалға берген жауабына назар аударсақ, бұрынғыдай зiлдi болмаса, орыс тiлiнiң қолданылу аясының тарылып бара жатқандығын ескерте отырып, наз бiлдiрушiлiк байқалады. «Орыс тiлiн ұлтаралық қарым-қатынас тiлi ретiнде қолдау бiздiң жұмысымыздың басты бағыты. Бұл Қазақстан үшiн тiптi өзектi. Қазақстанда халықтың 85%-ы орыс тiлiнде сөйлейдi. Ел басшылығы орыс тiлiн дамытуды қолдау, оның бiздiң екi ел арасындағы өзара қарым-қатынасқа тигiзетiн ықпалын жоғалтпау үшiн барлығын жасауда. Дегенмен, соңғы жылдары, бәлкiм техникалық себептерге байланысты болар, орыс мектептерiнiң саны азайып келедi. Бұл мүмкiн, орыс тiлiндегi оқулықтардың жетiспеушiлiгi салдарынан да болар. Былтыр бiз осыған орай, Қазақстанға 23-25 мың оқулық жiберген болатынбыз. Биылғы жiберiлуге жоспарланған оқулықтар саны – 33 мыңнан астам. Орыс тiлiн шет мемлекеттерде оқытуды қолдау мақсатында «Русский мир» деген арнайы ұйым құрғанбыз. Әрине, ең алдымен, Кеңес одағының бұрынғы елдерi басты назарда болады, соның iшiнде Қазақстан да бар» деп жауап берiптi.

Қазақстан баспасөздерiнде ауық-ауық Ресей оқулықтарының мектептерде қолданылатыны жайында мәселе көтерiлiп қоятыны бар. Алайда, оған түбегейлi түрде қарсылық танытып жатқан ешкiм жоқ. Құзырлы органдар бұл мәселеге ден қоймай-ақ келедi. Алайда, бiлiм туралы заң бойынша, Қазақстанда тек өзiмiзде дайындалған оқулықтар ғана қолданылуы тиiс. Қазiр Қазақстан алыс-жақын шетелдердегi қазақ диаспорасы балалары үшiн жылда оқулық жiбередi. Бiрақ, қазақ мектебi бар деп саналатын мемлекеттерде (Өзбекстан, Қытай, Моңғолия) ол оқулықтар жарамсыз деп табылады. Өйткенi, оқу стандарттары бiрдей емес, идеология мүлдем жат деп саналатындықтан, жiберiлген оқулықтар қажетсiз деп есептелiнуде.

Ал, бiз елiмiздегi орыстiлдi мектептерге Ресейдiң оқулықтарын пайдаланатын болсақ, онсыз да ұлттық санасы жарымжан ұрпақ кiмнiң идеясымен сусындайтыны айқын болмай қалары сөзсiз. Бұл, бiрiншiден. Екiншiден, Қазақстан азаматының Ресей президентiне жоғарыдай сауал қоюы ұлттық идеямыздың, мемлекетшiлдiк санамыздың солқылдақтығын танытса керек. Керiсiнше, Ресейде тұратын миллионға жуық қандастарымыздың тағдырына неге алаңдаушылық бiлдiрмеймiз? Елдiгiмiздi танытып, ондағы қазақтар үшiн ашылған 1 қазақ мектебiнiң жоқ екенiн айтып неге шағымданбаймыз? Немесе, күнде төбемiзден құлап жатқан «протондар» проблемасын неге көтермеске? Ресей президентiне екi ел қарым-қатынасына байланысты қойылар сауалдар мың-миллиондап. Ал, бiз әбден езiп жауыр болған тақырыптардың айналасынан шыға алмаймыз.

Сондай-ақ, Путиннiң үш мемлекеттiң – Қазақстан, Ресей, Беларусь бiрыңғай кеден одағын құру туралы келiсiмге келгенiне тоқтала кетуiнiң өзi тегiн емес. Сарапшылар Путиннiң ТМД құрылымынан гөрi ЕурАзЭҚ-қа көбiрек иек артқанын айтып дабыл қағуда. Бұл құрылымда әзiрге 6 мемлекет – Ресей, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжiкстан, Қырғызстан бар. Олардың үшеуi бiрыңғай кедендiк тарифтерге келiсуге әлi бара алмай отыр. Ал, үшеуi осы жолғы Душанбе саммитiнде дәл осы құжатқа қол қойып қайтты. Путин бұны Душанбе саммитiнiң жетiстiгi деп бағалауда. Сол себептi де, ол тiкелей эфир арқылы халықпен жүздесуiнде Қазақстан Президентiне сәлем жолдап, ыстық ықылас бiлдiрдi. Бұнысы Душанбе саммитiнде қол жеткiзген табысы үшiн бiлдiрген алғысы болса керек. Кеңес Одағы құлағаннан кейiн пайда болған саяси құрылымдардың үмiт күттiрерi әзiрге осы ЕурАзЭҚ болып тұрғанға ұқсайды. Ал, экономикалық-энергетикалық тәуелдiлiгi арқылы Ресей әзiрге ТМД-лық мемлекеттердi уысында ұстайтын болады.

Есенгүл Кәпқызы