"ҰЛЫ АЛАМАННЫҢ БӘЙГЕСI –"ҮШҚОҢЫРДА"

"ҰЛЫ АЛАМАННЫҢ БӘЙГЕСI –"ҮШҚОҢЫРДА"

"ҰЛЫ АЛАМАННЫҢ БӘЙГЕСI  –"ҮШҚОҢЫРДА"
ашық дереккөзі

Өткен аптаның жексенбiсiнде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылы жанындағы "Ақсай" атшабарында ұлы аламан бәйгесi өттi. Бұл Алматы облысында өткен биылғы маусымашар жарысы наурызда "Талдықорған" атшабарында өткен ұлттық ат спорты ойындарының соңғы сынағы болып табылады. Республика күнiне орай, арнайы ұйымдастырылған бәйгедегi Аламанға 50 мың АҚШ доллары бастаған, «Волга» және «Нива» автокөлiгi қоса тiгiлдi. Қалған жүйрiктер де сый-сияпаттан құр қалған жоқ.

"Ұлы аламан" халықаралық бәйгесiне елiмiздiң әр түкпiрiнен және Қырғызстаннан жиналған жүзге жуық тұлпар қатысты. Концерттiк бағдарламамен басталған дода Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовтың құттықтауымен ашылды. Мерекелiк ат спорты жарысында аламанға әуелi құнандар шықты. 11 шақырымдық сайыста Алматы облысында ғана емес, елiмiздiң басқа аймақтарында өтiп жүрген бәйгелердiң көбiнен жүлделi орынды иемденiп жүрген Ескелдi ауданының ақсақалы Ақылбай Ақберлiновтың жылқы зауытында бапталған "Гәкку" атты сәйгүлiгi тағы да оза шауып, бәйге алды. Жорға жарысында Алматы облысының намысын қорғаған Ғабит Үмбетовтың "Тарланы" басқалалардан озық келiп, бiрiншi орынға тiгiлген 1500 АҚШ долларын иемдендi. Ал жұрт асыға күткен Аламан додасында алғашқы жетi орынға жүлде тағайындалған болатын. Жарысқа қатысқан 24 жылқының төртеуi ғана 31 шақырымдық шабыстың мәре сызығына жеттi. Бас жүлде 50 мың АҚШ долларын Болат Назарбаевтың "Үшқоңыр" атты дүлдүлi еншiлесе, екiншi орынға тiгiлген "Волганы" Қарасай ауданының азаматы Советбек Байғазиевтiң "Қарауылы" иемдендi. Үшiншi орын Ғабит Үмбетовтың "Қаймақ" атты тұлпарына бұйырып, "Нива" автокөлiгiн иелендi.

Едiге БЕКТАС