Жаңалықтар

ЖАҢҒЫРЫҚ

ашық дереккөзі

ЖАҢҒЫРЫҚ

"Бүгiнде заман өзгердi. Ол кез бен бұл кездi салыстырудың өзi қиын. Бұдан жарты ғасыр бұрын әдебиетке келген дарынның бетi қайтып, ұшты-күйлi жоғалып кетпейтiн. Бiрден классик бола қоймаса да, өз өнерiн тастап, тiрлiктен баз кешiп, мәңгi жоғалмайтын. Кезiнде өлеңге келу қиын, келгеннен соң ақын болып қалу одан да қиын едi. Өйткенi әдебиетпен өмiр сүру, отбасыңды асырау тiптен мүмкiн емес-тi"-дептi, көрнектi ақын Қадыр мырза Әлi талантты ақын Темiрғали Көпбаевтың "Жаңғырық" атты өлең кiтабының алғысөзiнде.

Қадыр аға ақынның қиын кезеңде, нарық қыспағының аласапыран уақытында жоғалып кетпей, өз кәсiбiн өзi тапқандығын мысалға келтiрiп отыр. Темiрғали Көпбаев бүгiнде көпшiлiкке танымал баспагер. Шын мәнiнде, ақынның баспагерлiгi бiр төбе, ақындығы бiр төбе. Ақын боп туған адам қай кезде де ақын боп қалады. Оған дәлел, араға уақыт салып, Темiрғали ағаның тағы бiр жыр жинағының жарық көргендiгi. Жыр жинағын ақтарып отырып, көз жеткiзген тағы бiр нәрсе, тұрмыстың тұтқыны болып, тiршiлiктiң қамымен жүрсе де, ақын өлең жазудан сырт айналып кете қоймапты. Оған ақын қаламынан туған әрбiр өлең жолдары дәлел бола алады. Кiтаптың қай бетiн парақтап көрсеңiзде, сезiмге толы шумақтар, жүрек қылын шертетiн жыр жолдарын кездестiресiз. Онда ақынның мұңы да, қуанышы да, қайғысы да, сезiмi де бар.

"Абайларын сабатқан

Алыпбыз бiз, алыпбыз.

Ала бөлек жаратқан

Ала-құла халықпыз" десе,…

немесе

Елмiз ғой бiз, жоқ дауым.

Еңкiлдемей не етейiн?!

Ертеңгi ұрпақ жоқтауын

Естiмей-ақ өтейiн!-дейдi.

"Жаңғырық" жыр жинағы — Темiрғали ақынның жаңғырығы емес, өмiрге, өлеңге деген сағынышы. Оған "Жаңғырықты" оқыған кез-келген оқырманның көз жеткiзетiнi анық.

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ