Жаңалықтар

ЕНДI НЕ IСТЕЙМIН?

ашық дереккөзі

ЕНДI НЕ IСТЕЙМIН?

– Бәдiгүл-ау, менiң басыма тас байлап қойғандай көтертпей, көзiм көрмей қарауытатын болды.

– Не болып қалды?

– Осы партия бойынша сайлауға түсудi қай ақылды шығарды екен, соған мен түсiнбеймiн?! Бiр мандатты округтер қай тақияларына тар келiп тұр?

– Түсiнбейтiн несi бар? Демократия. Бұрын додаға қосылғандар тәрбие көрген қыздай қылымсып, сайлау алдында ауыл-ауылды армансыз аралап, елге қап-қап ұн, килограмдап күрiш, қант, кәмпиттi дауыс үшiн тегiн таратып, елдi желеп пе, әлде елеп пе, бiр жарылқайтын едi, сол атымтай қылықтарынан құтылды. Оны айтасың қазiр сайлауға сандалып барсаң да, басым ауырды деп алданып бармасаң да, дауысың үшiн сенi ешкiм елеп бұрынғыдай ескермейтiн болды. «Қазiр халықтың қаншасы қатысса да, келгендерiне қанағат етiп, сайлау өттi, науқан бiттi», – деп есеп берiп отыра бередi.

– Бәдiгүл-ау, сонда мына менiң байымның күнi ендi не болады?

– Не болғаны несi? Ендi үйде отырады да. Мүйiзi шықса ебiн тауып екi рет сайланды, аузы-басы, мұрты майланды, парламентке риза болар. Астанадан армандаған үйiн алды, саяжайын салды. Сайтанға да жан керек дегендей, жасы жетпiске келдi, шаршаған жоқ па?

– Ойбай оған үйде отыруға болмайды.

– Неге?

– Ол үйде отырса бәрiмiзге маза жоқ. Менiмен де, балалармен де жас баладай жағаласып, бәрiмiзге Әйтеке бидей ақыл айтып берекемiздi алады. Оны айтасың ас үйге кiрiп алып, келiнмен жағаласып жүрiп қазан-ошаққа араласатынын айтсаңшы.

– Онысы ендi әдет қой. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Шiркiн-ай, баяғыда сенiң шалыңның сиырдың сирағынан жасайтын дiрiлдегiне ғашық едiк қой. Қуырған қуырдағы, кескен кеспесi қандай дәмдi болатын. Мен саған өмiр бойы қызығатынмын. Сен осы үйiңе қонақ келетiнде көмекке адам шақырған қатын емессiң ғой. Салаттарын айтсаңшы, аузыңа салсаң бiр жұма дәмi кетпейтiн…

– Жә ендi, тiлiң тиедi.

– Жоға тәйiр мен сендерге тiлектеспiн ғой, тiлiм тисе байың баяғыда балапан қозыдай қалпақтай түсер едi. Өмiр бойы бiр қолынан пышақ, екiншiсiнен табақ түспеген шалыңа ендi ас үйге кiрме деу адам құқығын бұзумен бiрдей емес пе?

– Әй, шынында солай екен. Басында келiн келгенде қайта-қайта тышқанша жылтыңдап ас үйге жетiп барып: «Тұзын дұрыс салдың ба, шұжықты былай әдемiлеп турадың ба», – деп дәрiс оқып, келiннiң мазасын алатын болды. Ана байғұс қысылады. Мен шалымды қойға тиген қасқырдай қуып шығамын. Кейiн ашық тұрған ас үйге кiрiп, қолына бiр мезгiл пышақ ұстап, қазанның қақпағын ашып, пiсiп жатқан астың иiсiн иiскемегеннен кейiн, витаминi жетiспеген адамдай ауыратын әдеттi шығарды. Мен қысыламын.

– Кiмнен?

– Келiннен.

– Неге?

– Ертең үйренiп алса атасына: «Ата, қазанның көбiгiн сыпыра салыңызшы, немесе кәртөп арши салаңызшы», – деп қайқаңдап, қазша қаңқылдап тұрса ұят емес пе?

– Ендi не қыл дейсiң шалыңа? Қайта ту деймiсiң. Ертеде өзiңмен жағаласқанда «қой, ұят болады, бар», – демедiң. Ұятың ендi ояныпты. Бiрден беттен алып, қолдан қақпай ақырындап-ақырындап тәрбиеле. Осы жасқа келгенде байларымыз баламыз сияқты бiр түрлi бауыр басып кеттi ғой. Ақырын айтсаң елемейдi, қаттырақ айтсаң өкпелеп қалады.

– Сырттан келсем болды екi көзi өлетiн айналма қойдың көзiндей, ештемеге зауқы жоқ, отырады да қояды. «Барып жазуыңды жазсаңшы», – десем «Қайда барып жазамын?», – дейдi. Шынында, бейшарада кабинет те жоқ.

– Сонда соншама дүниелердi қайда отырып жазып жүр? Қарасаң қазiргi жас жазушылар: «Тамаша туындыларды тудыратын күйiмiз де, жайымыз да жоқ», – деп жоғалып, жылап жатады ғой.

– Бiздiң Бәкең әмбебап қой. Дәретханада отырып ойланады. Дәлiзде жүрiп толғанады, содан барып бабы келгенде бос бұрышқа отыра қалып, қаламы қолында жазуын жазып тастайды. Содан өзiмен-өзi мәз болып бiраз жүредi, арасында күледi. Жазғанын шығарады. Алып жатқан қаламақысы жоқ болса да, жақсы дүние жазу үшiн бар уақытын сарп етуге бар. Ақша үшiн жазса бар ғой, содан жақсы дүние шықпайды-ау деп ойлаймын. Өзiң бiлесiң, өмiр бойы пәтер жалдап немесе жатақханада тұрдық, қайдағы күй. Көп жағдайда асханада отырып жазатын.

– Е, ендi түсiндiм, келiн жоңғар жасақтарындай асхананы жаулап алса, сен ол сорлыны сүтке түскен мысықтай тырқыратып кусаң, әрине, айықпас ауруға шалынады. Шалыңның шабыты асханада келедi десеңшi?! Осы уақытқа дейiн жынданып кетпегенiне шүкiршiлiк ет.

– Депутат болмаса ендiгi өзi де жынданар едi. Әйтеуiр Астанаға кетiп құлағымыз тынышталып, жанымыз жай тапты ғой.

– Емдерiң сол болса тағы депутат болмай ма? Ауыздарын ашпай, үкiдей үндемей ұйықтап, сол парламентте сенiң шалыңнан да кәрiлер отыр ғой, олардың жанында сенiкi қарғадай қаңқылдап, сауысқандай саңқылдап, көштен қалмай, қашан көрсең де, телебейнеде ернi жыбырлап, бiрдеңенi айтып отырады. Әй,Сәдiгүл-ау, сенiң байыңның Астанада бiреуi бар-ау деймiн? – деп күлдi Бәдiгүл.

– Қойшы, қай-қайдағыны айтпай. Соған кiм қарап тұр дейсiң.

– Ендi кiм көйлегiн кигiзiп, тамағын дайындап, дәмдеп берiп жүр? Осы Алматыдан барғандардың бәрiнiң Астанада екiншi жанұялары бар дейдi ғой. Сол рас па?

– Рас болса, рас шығар. Шалымның қасында сонда оқитын менiң немере сiңiлiм бiрге тұрады.

– Шалың ендi қазiр қайда?

– Демалыста, депутаттарды тарыдай шашып, тырқыратып, таратып жiбердi ғой.

– Ендi тағы сайланбай ма?

– Ендi ол байғұсты кiм сайлайды?

– Бiз сайлайық. Бәдiрен баяғыдай сенiмдi өкiлi болады. Менiң шалымның жолы жеңiл екенiн бiлесiң. Болмағанды болды деп, майын тамызып мақтағанда, сайлаушыларды сендiретiн Құдай берген қасиетiнiң бар екенiн бiлесiң ғой.

– Әй, Бәдiгүл, сен әлi бер жақта жүр екенсiң ғой.

– Не ендi?

– Ол зәндемелiк ендi өтпейдi. Менiң шалым түрiне қарамай қу. Осы уақытқа дейiн қалай депутат болып жүргенiн бiлемiсiң?

– Құдекемнiң қолын ұстаған қолдаушыларың бар деп естимiз ғой.

– Сайтаны да жоқ. Менiң шалыма оқу өтiп кеткен. Менiң қасымда жатқанда бiр жағында мен, екiншi жағында көркем әдебиет, газет, журналдар жатады. Кезектi сайлауға ел естерi кетiп, ұсынылып, ұмтылып жатқанда керектi бар құжаттарын ретке келтiрiп дайын отырады. Содан дайын құжаттарын қолтығына қысып, қай округте оппозиция өкiлi түсiп жатса, сонда апарып соңғы күнi тып-тыныш тiркеле қоятын. Елге барып, беретiнiн берiп, айтатын ақылын айтып, уәденi үйiп-төгiп, алатын даусын алып, оппозиция өкiлiмен жағаласа жүрiп есебiн тауып екiншi кезеңге өтетiн. Қайталап дауыс берген кезде оппозиция өкiлiн депутаттыққа өткiзбеу үшiн Үкiмет өзi амалсыздан менiң шалымды сипап-сылап, сайлап жiберетiн.

– Қазiр де солай iстемей ме?

– Қазiр кiм шын, кiм өтiрiк оппозиция екенiн бiлмей қапыда қалдық қой. Радионы басып қалсаң бар партияның сөздерiн берiп жатады, телебейненi ашып қалсаң өздерiн берiп жатады. Бұрын оппозиция тайға таңба басқандай, бақа көзi бадырайып қырдан көрiнiп тұратын. Ендi есiркеп, Үкiмет бәрiнiң басынан сипайтын болды. Бәрiнiң бағдарламалары бiрдей. Бәрi ел қыдырып кеттi. Бұрынғыдай барған жерлерде тас лақтырып, бас жарылып жатқандары жоқ. Оның үстiне осы науқанда ел партия тiзiмiмен сайлауға түсетiнiн бiлмейдi екенсiң.

– Сенiң шалың қай партияда едi?

– Мәселе сонда, партияның мүшесi емес. Баяғыда партиялардың бiреуiне кiр деп талай қақсадым. Тыңдамады. «Мен зиялымын, ел бiлетiн шығармашылықпен айналысатын адаммын, маған партияның не керегi бар? Партия маған не берiп, жарылқап жатыр? Жазушы керек болса партия маған келсiн», – деп бөсетiн.

– Партиямен ойнап жүр екен. Осы жолы партиялар адам сыйлатудың жолын тапқан екен, ендi бiр партияға өзi барып, есiгiнен сығалап жас баладай жалынады десеңшi.

– Қай партия есiркеп ала қояды дейсiң? Мұның партияда жоғы менiң басымның ауруы болды. Қазiр партия басшылары өздерiнiң таныстарын таңдап алатын болды ғой. Бәдiгүл-ау, сенiң көмегiң болсын, Бәдiрен қай партияның басшысын таниды екен сұрасаңшы. Осы жолы болмаса да, келесiде жолы түсiп бiр партияға мүшелiкке кiруiне көмектессiн. Отыз жыл шыдаған басым ендi бес жыл тағы шыдармын. Тым болмаса мәслихаттың депутаты болса да жаман болмас едi.

Кенеев ТАҢДАЙ