Рахманқұл БЕРДIБАЕВ: ЕҢ ҮЛКЕН МӘДЕНИ БАЙЛЫҚ

Рахманқұл БЕРДIБАЕВ: ЕҢ ҮЛКЕН МӘДЕНИ БАЙЛЫҚ

Рахманқұл БЕРДIБАЕВ: ЕҢ ҮЛКЕН МӘДЕНИ БАЙЛЫҚ
ашық дереккөзі

ЖАРТЫ ҒАСЫР БҰРЫН

Ұлы Отан соғысы қарсаңында шығуын тоқтатқан «Қазақ әдебиетi» газетi он бес жылдық үзiлiстен кейiн 1955 жылы 14 қаңтарда қайта жарық көрдi. Оған дарынды ақын Сырбай Мәуленовты бас редактор етiп қойды.

Бұл репрессияның райы қайтқанымен, коммунистiк идеологияның өктемдiгi әбден асқынып тұрған, қаламгерлер халықпен бiрге социалистiк догматизмнiң қасаң да тар шеңберiнде шерменде болған тұсы едi.

Барлық баспасөз ол кезде тек қана бесжылдықтар тынысы мен социалистiк жарыс, өндiрiс, шаруашылық пен саяси науқандар, жоспар мен мiндеттемелердiң орындалуы туралы ғана жазып, ұлт тағдыры, жұрттың рухани-әлеуметтiк мұң-мұқтажы, мәдени-әдеби, тарихи көкейтестi мәселелерi назардан тыс қалатын.

Дәл сол кезеңдегi үлкен мәдени оқиғаның бiрi – көп жылдар бойында тоқталып қалған «Қазақ әдебиетi» газетiнiң қайтадан шығуы едi, – деп еске алады публицист-ғалым, ұлт мүддесiнiң өткiр мәселелерiн көтергенi үшiн қудаланса да, алған бетiнен қайтпаған, бүгiнде 80 жасқа толып отырған Рахманқұл Бердiбай. – Әдебиет газетiнiң пайда болуы жұртшылық ойының өрiстеп, жаңа қуатпен қанат жаюына септестi… Өзгелердi қайдам, бiздер, газеттiң сол кездегi жас қызметкерлерi ендiгi жерде баспасөз бетiнде халықтың көкейкестi мәселелерi көтерiлетiн, мұның өзi ұлттық оянуға соны серпiн беретiнiне қатты сенетiн едiк. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң басшылары Сырбай Мәуленовтен, Сафуан Шаймерденовтен, Жұбан Молдағалиевтен бастап қатардағы қызметкерлерге дейiн қалайда үлкен, iргелi мәселелер қозғау арқылы халыққа қызмет ету парызын терең сезiнетiн. Менiң қаламгерлiк өмiрiм дәл осы тұста басталғанын сәттiлiк санаймын…

Газеттiң үлкен рухани серпiлiске түскен жылы елу алтыншы жыл болды. Дәл осы жылы басылым бетiнде қазақ тiлi, тарихы, мәдениетi, ұлт мектептерiнiң аянышты халi жөнiнде аса маңызды мақалалар басылып, жұртшылық пiкiрi кең көлемде көрiнiс тапқан едi. Айталық, газет қызметкерi Р.Бердiбаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласы қазақ қоғамын дүр сiлкiндiрдi. Мақалада қоғамда белең алып бара жатқан орыстандыру саясатына қарсылық бiлдiрiлген болатын. Иә, дәл осы кезеңнен бастап орыстандыру саясаты ашық түрде кең көлемде жүргiзiлiп жатқан. Ауыл мектептерiн үздiк бiтiрген балалар жоғарғы оқу орындарына түсе алмай, құлайтын болды. Себебi,қабылдау емтиханы кезiнде орыс тiлiнен шығарма жаздыру үрдiс ала бастаған. Осыдан кейiн орыс тiлiнде шығарма былай тұрсын, диктанттың өзiн қиналып жазатын қазақы ауыл баласының мүшкiл халын көз алдыңызға елестетiп көрiңiз.

Сонымен, сол тұста жұртшылық пiкiрiн туғызуға мұрындық болған, кезiнде жас авторға атақты қаламгерлерiмiзден жылы лебiз есiттiрген, үкiметiмiздiң 1956-1957 жылдардағы үш қаулысының дүниеге келуiне себепкер болған, автордың өзiне таяқ жегiзiп, ұлтшыл атандырған, «итжеккенге» айдалудан басқанын бәрiне душар еткен, қызметiнен шығарғызған, «Социалистiк Қазақстаннан» бастап «Правда» газетiнiң бетiнде сынға ұшыратқан, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң жұмысы туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жасырын қаулысында«саяси қате жiбергендердiң» бiрiншiсi атандырған мақалада не айтылып едi?! Мiне, оқып көрiңiз! Бұдан 51 жыл бұрын жарияланған дүние. Арада жартығасырдан астам уақыт өткен!Бүгiнде Тәуелсiз елмiз. Бiрақ тiлге қатысты сөз таусылып бiте ме осы? Материалды оқи отырып, бұны да ойлай отырыңыз.

Адам баласының тарихында тiлдiң атқаратын қызметi аса зор екенi белгiлi. Марксизм классиктерi тiлдi қатынас құралы деп атады. Қоғам өмiрiндегi әрбiр прогресс тiлдiң қатысуынсыз жасалмайтыны да ақиқат. Сондықтан да тiлдiң, оның тарихын оқыту, үйрету әр заманда да маңызды мiндет болып келедi. Тiл– әрбiр халықтың жасаған ең үлкен рухани қазынасы деуге болады. Тiл– жүздеген жылдарда жасалып, толыққан тарихи категория. Ол соншалықты ұзақ дәуiрде, ұзақ процесс нәтижесiнде туған. Демек, оның келешек тағдыры да ұзақ. Әрбiр тiл өзiнiң табиғи жүйесiмен еркiн дамуға тиiс. Тiл процесiн шаруашылықтың кейбiр салаларындағыдай жарлықтармен немесе қаулылармен жеделдетуге яки өзгерте салуға болмайды. Бұл да жауапты шешетiн мәселенiң бiрi. Коммунистiк партияның ХХ съезiнде елiмiздегi барлық халықтардың тұрмысын, мәдениетiн өркендетудiң қажеттiгi атап көрсетiледi. Оның тiлге де қатысы бар. Олай болса, тiлдiң кейбiр мәселелерiн көтерiп, көпшiлiк пiкiрiн ортаға салуымыз да әбден орынды. Содан келiп, қазiргi қазақ тiлiнiң оқытылуы жағдайы қандай деген сұрақ ерiксiз туады. Шынында да бiздiң мектептерiмiзде, жоғары оқу орындарында қазақ тiлiн оқыту мәселесi ойдағыдай шешiлген бе? Бiздiңше, қазақ тiлiнiң көптеген сөз етерлiк жайлары күнi бүгiнге дейiн ескерiлмей келедi. Әдетте, қазақ тiлiн оқытудың жайы мен мiндеттерi көлеңкеде қалып қояды. Асылы бiздiң тiл мамандарымыз, кейбiр интеллигенттерiмiз бұл әңгiменi қозғамай, жылы жауып қоюды жақсы көредi. Бiрақ мұны ұлттық тiлдiң тағдырын ойлағандық деп айтуға ешбiр болмайды. Тiлдiң оқытылу жайы, орфография, терминология мәселелерi үлкен сәтсiздiкке ұшыраулы.

Ең алдымен, бiзде тiлдiң табиғатын елемеушiлiк байқалады. Тiлдiң сан ғасырлық өмiрде халықпен бiрге жасасып келе жатқан мәдениет екенiн ұғуыңыз тиiс. Әрбiр тiлдiң ұшан-теңiз мүмкiншiлiгi болады. Ол қоғам өмiрiндегi прогреспен iлесе өсiп, өркендеп отырады. Әр заманның тiл байлығы өзiне сай. Егер ертедегi қазақ тiлi өз дәуiрiнiң қажетiн өтесе, қазiргi қазақ тiлi социалистiк өмiрдiң қатынас құралы болып отыр. Қазiргi қазақ тiлi – адамзаттың ең ұлы ойшылдары – марксизм классиктерiн өз тiлiнде сөйлете бiлген бай тiл болып саналады. Ол бұдан былай да көркейе, жандана түспек. Қазақ тiлiнде дүниежүзiлiк әдебиет қазынасына қосарлық тамаша көркем шығармалар жасалды.

Алайда, бiздiң арамыздан осы шындықты ескермейтiн жолдастар да табылады. Ондайлардың зияны да аз болып жүрген жоқ. Бұл – мәселенiң теориялық жағын түсiнбеуден туар деп ойлаймыз. Коммунизм тұсында бiр тiл екiншi тiлдi жеңедi деген тұжырымды кейбiр жолдастар қазiргi өмiрге қолданатын аксиома санайтын көрiнедi. Мұны нағыз зияндық көзқарас деп атамасқа болмайды. Бұл секiлдi үстiрттiктi ешбiр елдiң тарихынан iздеп табу қиын.

Бәрiнен бұрын қазақ мектептерiнде қазақ тiлiн оқыту жайы мәз емес екендiгiн айтуымыз керек. Қазақ тiлiнiң грамматикасы мектептердiң 7-класына дейiн ғана өтiледi. Әрине, осы уақыттың iшiнде де көпшiлiк оқушы сауаттана алады. Мiне, осыдан кейiн мектеп бiтiрушiнiң басым көпшiлiгi қазақ тiлiне қайта оралмайды. Өйткенi, Қазақстанның бiрде бiр жоғары оқу орнында (филология факультетiнен басқа) қазақ тiлi пәнi жүрмейдi. Жоғары оқу орындарында қазақ факультеттерiн ашудың қажеттiгiн айтпағанның өзiнде, институттарда оқитын қазақ студенттерiне қазақ тiлiн оқыту шарт. Жоғары оқу орындарын, әсiресе техникалық, жаратылыс факультетiн бiтiрушiлердiң басым көпшiлiгi орысша сөйлей, жаза алатын, бiрақ ойдағысын ауызша да, жазбаша да қазақ тiлiнде жарытып жеткiзе алмайтын кадрлар пайда болады. Мұның ақыры неге соғатынын өмiрдiң өзi көрсетiп келедi. Бiзде қазақ тiлiнде жаза бiлетiн инженер, агроном, зоотехник, физик дегендi iлуде бiр кездестiруге болады. Мұның өзi көп жағдайда кiсi күлерлiк жайға душар етедi. Қазақ интеллигентi ана тiлiн бiлмейдi! Ең қынжыларлығы сол – бұл мәселенi кейбiр жолдастар әбден, табиғи, заңды көрiнiс деп санайды. Ол – ол ма? Халқымыздың мақтанышы болып саналарлық профессор, ғылым кандидаттарының денi қазақша кiтап түгiлi, кiшкене мақала да жаза алмайды. «Самарқанда бiр қызым бар, бұдан һәм сорақы» деген екен бiреу. Бiздiң басшы қызметте отырған қазақ жолдастардың бiразы да қазақша сауаттымыз деп мақтана алмаса керек. Астанадағы, облыс орталықтарындағы балаларының көпшiлiгi қазақ тiлiн бiлмейтiнi құпия ма? Әрине, бұл арада балалардың еш айыбы жоқ. Кiнәлi олардың ана тiлiн менсiнбейтiн, «оқыған» ата-аналары екенi даусыз. Бұл жөнiнде жекелеп мысал келтiрмесек те, әркiмнiң-ақ көкiрегiнде сайрап тұрғаны түсiнiктi. «Дүмше молда дiн бұзар» дегендей, мұндай көрiнiстi тiл бұзарлық демеске болмайды. Қайткен күнде де, тiлдi екiншi тiлдi ұмытудың есебiнен үйрену жақсылық емес. Қалада тұратын әжелер мен олардың немерелерiнiң ыммен немесе тiлмәш арқылы сөйлесетiнiн де көрiп жүрмiз. Мiне, бiзде орыс мәдениетiнен үйрену дегендi нақ осылай, тұрпайы түсiндiрушiлер аз емес. Кейбiр жолдастар прогреске жетудiң бiрден-бiр жолы ана тiлiн ұмыту деп ойлайтын тәрiздi. Әрине, олар баяғы Абай айтқандай «Прощение жазуға, тырысар келсе шамасы» дейтiн бiлiмнiң, мәдениеттiң бетiнде қалқып жүргендер екенi күмәнсiз. Қазақ балалары өз ана тiлiн өте жақсы бiлетiн болсын деген мәселенi батыл қоятын уақыт жеттi.

Қазақ мектептерiнiң ерекшелiгiмен санаспаушылық жоғары оқу орындарының қабылдау емтиханынан да айқын көрiнедi. Мектептерде орыс тiлiн оқытудың жетiмсiздiгi анық. Қазақ мектебiн бiтiрушiлер көбiнесе орысша өз ойын түгел айтып жеткiзерлiк болып шықпайтыны мәлiм. Бұл бiр жылда немесе бiрнеше жылда шешiлерлiк жай емес. Ендеше, осы шындықпен есептесуге тура келедi. Амал не, көптеген жоғары оқу орындарының басшылары бұған тым қарадүрсiн қарайды. Соңғы екi жылдың iшiнде қазақ мектебiн бiтiрушi мен орыс мектебiн бiтiрушiге қабылдау емтихандарында орыс тiлiнен бара-бар талап қоюшылық байқалды. Мұндай әдiстiң қателiгi әркiмге аян. Мысалға, өткен жылы Қазақтың мемлекеттiк университетiне түсуге арыз берген, қазақ мектебiн бiтiрген абитуриенттердiң көпшiлiгi орыс тiлiнен қанағаттанғысыз баға алғанын айтсақ та жеткiлiктi. Әрбiр абитуриенттiң қабылдау емтиханын ана тiлiнде өткiзуiне мүмкiндiк тудыру керек. Әрине, қазақ оқушыларынан сынақты ана тiлiнде алған күнде олардың ең таңдаулылары ғана қабылданады. «Бiлсең де, бiлмесең де орысша сөйле» деу зорлық. Мұндай ретпен небiр талант иелерiнен, өздерiн ғылым мен техникаға арнаған жастардан айырылып қалуға болады.

Ал жоғары оқу орындарында қазақ тiлi әдебиетiнiң мамандарын даярлайтын филология факультеттерiнiң халi нешiк? Бiраз институттың қазақ тiлi, әдебиет факультеттерi қазiрдiң өзiнде жабылып отыр. Дәлдеп айтқанда, ондай факультет қазiр университет пен Абай атындағы педагогикалық институтта ғана бар. Шындығында, қазақ мектептерiне, ғылыми орындарға қазақ тiлi мамандарын даярлау қажеттiгi бiтiп қалды ма? Бiздiңше, мәселе бiраз басқашалау сияқты. Әрине, Қазақ ССР Оқу министрлiгi қазақ тiлiн оқыту перспективасын ғылыми негiзге сәйкес шеше алмай отырған жағдайда әртүрлi кездейсоқтық болуы мүмкiн. Қазақ мектебiн бiтiрушiлер орыс тiлiн бiлмейтiндiктен жоғары оқу орнына түсе алмай отырса, ендi кiм өз баласын қазақ мектебiне бергiсi келедi. Мүмкiндiгi болса, әркiм-ақ орысша мектептi iздейдi. Бұл соңғы бiр-екi жылда, әсiресе, анық көрiнiп отыр. Әлбетте, қазақ балалары қазақша оқымайтын болса, оған тiл маманының қажетi жоқ. Тiлдiң тағдырын шалағай белсендiлердiң еркiне берсе, олар «әр баста бiр қиял» дегеннiң керiн келтiрiп жүндей түтер едi. Асылы, Қазақ ССР министрлiгiнiң басшылары осы мәселенi өздерi анық түсiнбейдi.

Тiлдi табиғи заңдылығымен көркейту үшiн, оның еркiн дамуына мүмкiндiк туғызу керек. Бастауыш мектептен бастап жоғары оқу орнындағы қазақ студенттерiне дейiн қазақ тiлiн жүйелi түрде оқытудың қажеттiгi де осыдан. Теориясыз практика соқыр болатыны сияқты, тiлдi оқыту мәселесiн де ғылымға негiздемесе болмайды.

Қазiргi қазақ тiлi совет жылдарында көптеген техникалық-ғылыми терминдермен байыды. Көптеген ескi сөздер жаңа мазмұнға ие болды. Ондаған соны ағымдар, тың оралымдар, сөз жүйелерi жарыққа шықты. Мұның бәрi республикадағы мәдени революцияның жемiсi екендiгiнде дау жоқ. Тiлдi барлық салада дамыту үшiн қазақ тiлiндегi техникалық, саяси, ауылшаруашылық газет, журналдары үлкен роль атқаруы тиiс. Бiрақ мұнда да шалағайлық бар екенiн жасыруға болмайды. Тiлдiң мүмкiншiлiгiн, барлық қуатын жарыққа шығару үшiн ондай журналдар қазақ тiлiнде шығуы шарт. Қазақстандағы «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналының, «Қазақстан мұғалiмi» газетiнiң орысшадан аударма болып шығатындығын үйлесiмдi деуге болмайды. Бұларға түсетiн материалдардың бәрi де орыс тiлiнде жазылып, одан соң қазақшаға аударылады. Осыдан барып, бiрiншiден, көбiнше жасанды тiлмен аударылған мақала қаптаса, екiншiден, қазақша ойлап саяси, техникалық мақалалар жазуға жол жабылады. Мұндай жағдайда қазақ тiлiнiң ұшан-теңiз байлығын пайдалануға, оны дамытуға орын аз екенi даусыз. Қазақ оқушысының жалпы аударма әдебиеттi, оның iшiнде аударма журналдар мен газеттерiн сүйсiне оқи алмайтыны сондықтан.

Қазақ тiлiнiң шешiлмеген мәселелерi тiптi көп. Жеке сөздердi әр түрлi жазушылық екiнiң бiрiнен ұшырайды. Қазақ тiлiндегi барлық сөздердi бiр iзге түсiретiн жаңа орфография сөздiгi қажет-ақ. Тiптi, тiлдiң тарихи қалыптасқан жүйесiн орынсыз бұзушылық газет, журнал беттерiнде де жиi байқалады. «Ауылдың жанында қой жайылып жүр» деудiң орнына «Ауылдардың жандарында қойлар жайылып жүр» дегендi көре бастадық. Мұндай шым-шытырықты ғылыми негiзде пiкiр алысып қана шешуге болады.

Кейбiр жолдастар қазақ тiлiн «прогреске» жеткiзудi көздеп, оған орынды-орынсыз «жаңалық» енгiзуге құштар. Бұдан бiрнеше жыл бұрын баспасөз бетiнде қазақ тiлiндегi «һ» әрпiн жоюдың амалы қайсы деген айтыстың болғаны да есiмiзде. Бiрақ «һ» әрпiн жоюға мүмкiншiлiк болмағандықтан ол бос талас болып өттi. Ондай науқандар әлi күнге дейiн болып келедi. Соның бiрi қысқарған сөздер жайындағы өткен жылғы мемлекеттiк терминологиялық комиссияның шешiмi болып келедi. Өткен жылдан бастап, бұрыннан күллi қазақ оқушысына түсiнiктi «СОКП», «СОТА», сияқты сөздер «КПСС», «ТАСС» деп жазылатын болды. Осы арада бiздiң кейбiр тiл мамандарымыздың тым белсендiлiк көрсеткенiне қынжылмасқа болмайды. Мәселе «СОКП», «КПСС» деген жеке сөздерде тұрған жоқ. Бiздiң оқушымыз ол екеуiн де түсiне алады. Әңгiме тiлдiң заңдылығының бұзылуында болып отыр. Мүмкiн, терминком мүшелерi бiрнеше қысқарған сөздi орысша алғаннан жалпы тiлге нұқсан келмес деп те ойлаған шығар. Бiрақ бұл ғылыми қате ұйғарым екенiн батыл айта аламыз. Тiл мен ой тығыз байланысты. Оқушы қысқарған сөздердi оқығанда, оның әрпiн емес, мағынасын еске алады. Егер оқушы қыс¬қарған сөздердiң мәнiн ұға алмаса, сол сөз тұрған сөйлемдi де түсiне алмайды. Қысқарған сөздердiң жалпыға түсiнiктi баламасын өзгерту тiл заңдылығына жасалған зорлық демеске болмайды. «СОТА-ның фотохроникасы» деудiң орнына, «ТАСС-тың фотохроникасы» дегенде не ұттық? Түк те ұтқанымыз жоқ. Сырт қарағанда «ТАСС» деп аталған тiл мұқалмайтын тәрiздi. Бiрақ оқушы «ТАСС» деп ойсыз көз жүгiртпейдi ғой. «ТАСС» деген «Телеграфное агентство Советского Союза» емес пе! Сонда «ТАСС-тың фотохроникасы» дегенiмiз «Телеграфное агентство Советского Союзаның фотохроникасы» болып шықпай ма? Тiлдiң негiзiн, оның табиғи жүйесiн бұрмалау деген осылай болса керек. Әрине, барлық қысқарған сөздердiң қазақша баламасын iздеп сарсаң болу шарт та емес шығар. Оның бәрiн қазақша қолдануға қазақ тiлiнде оригиналды техникалық, ғылыми еңбектердiң аздығы мүмкiндiк бермейдi. Көптеген қысқарған сөздер, мәселен, «Васхнил» деген сияқтылар орысшадағыдай алынып жүр. Бұл осылай-ақ болсын. Бiрақ қазақ баспасөз бетiнде жиi қолданылатын, барлық оқушыға түсiнiктi қысқарған терминдердi өзгерту ақылға сыймайды. Мұндайда жұртшылық пiкiрiн ортаға салып отыру орынды болар едi.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында қазақ тiлiн оқытудағы, тiлдiң лексикалық, орфографиялық, терминологиялық мәселелерiндегi даулы жайларды шешудiң маңызы зор. Бұл бәрiнен бұрын бүгiнгi өмiрдiң қажетiнен туып отыр. Бұған, әсiресе, тiл мамандары, әдебиетшiлер , күллi интеллигенция қызу ат салысуы тиiс.

«Қазақ әдебиетi» газетi,

1956 ж., 22 сәуiр