«ШЫМКЕНТ – ПАЛАС» ҚАЙ КӨПШIЛIКТIҢ ҚАЛАУЫ?

«ШЫМКЕНТ – ПАЛАС» ҚАЙ КӨПШIЛIКТIҢ ҚАЛАУЫ?

«ШЫМКЕНТ – ПАЛАС» ҚАЙ КӨПШIЛIКТIҢ ҚАЛАУЫ?
ашық дереккөзі

Оңтүстiк Қазақстан облысының жаңа әкiмi алғаш келгеннен-ақ Шымкент қаласын аралау кезiнде маңдайшалар мен жарнамалар, жалпы көрнектi ақпарат бойынша кемшiлiктердiң бар екендiгiн байқаған. Мысалы, «ҚОНАҚ ҮЙ ШЫМКЕНТ» жазуының қате екендiгiне назар аударып, оны тездетiп жөндеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған байланысты облыстық тiлдердi дамыту басқармасы «Шымкент» қонақүйiнiң директоры Ж.Мейiрмановқа осы жазуды он күн iшiнде алып тастап, қазақ тiлiнiң орфографиялық ережесiне сай «ШЫМКЕНТ ҚОНАҚҮЙI» деп қайта жазу қажеттегiн талап еттi.

Алайда кәсiпкер Ж.Мейiрманов осы мәселе туралы басқармаға жолдаған хатында «Қонақ үй Шымкент» жазуы ғимараттың құрылыс пропорциясына сәйкес жазылғандығын, оның «Шымкент қонақүйi» болып өзгертiлетiндiгi қаржы жағынан тиiмсiз екендiгiн және бұл атау көпшiлiктiң сұранысына орай қараша айында «Шымкент – Палас» болып өзгертiлетiндiгiн алға тартады. Сонда қалай, қазақ тiлiнiң бiр әрпiн қосып, қонақүй атауын қазақша сауатты жазу үшiн ғимарат құрылыс пропорциясының оған не қатысы бар? Әлде, ғимараттың пропорциясы «тарылып» қала ма екен?

Екiншiден, маңдайшаны өзгерту тиiмсiз болса, «Чимкент» қонақүйi жазуын түзеткенде, қонақүйi мәтiнiнiң орнын не үшiн ауыстырған, сол кезде неге бiрден дұрыстап жазбаған? Бiз, бұл жөнiнде Ж.Мейiрмановқа сол заматта ескерткенiмiзде, осы жазуға көп қаржы жұмсағанын айтып, сәл-пәл жағдайын жақсартқан соң жөндеймiн деген-тұғын. Ендi бүгiн, қаржы жағынан тиiмсiз деп, ұлттық намысты ақшаға айырбастамақ секiлдi.

Үшiншiден, жалпы, «Палас», «Сити» сияқты атауларға Астана, Алматы секiлдi iрi қалаларымыздың өзiнде жұртшылық қарсы болып жатқанда, «Шымкент–Палас» атауы қай көпшiлiктiң сұрауымен, қай қазақтың қалауымен ауыстырылатынын түсiнбедiк. Әлде, қонақүй ағылшынша аталса мұхиттың арғы жағынан доллар ағылады деп ойлай ма екен? Қаймағы бұзылмаған қазақы өлкемiздiң орталығы атанған Шымкенттiң қонақүйi ғана емес, тағы басқа да атаулары қазақша болғаны нұр үстiне нұр ғой.

Осы мақала дайын болғанда, «ҚОНАҚ ҮЙ ШЫМКЕНТ» жазуының алынғанын көрiп, ендi тез арада «ШЫМКЕНТ ҚОНАҚҮЙI» деп жазылып және бұл атау болашақта осылай қалатын шығар деген үмiттемiз.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ, ОҚО тiлдердi дамыту

басқармасының бөлiм бастығы