ӨМIР ТАЛАБЫН ӘРКIМ ӨЗ ОРНЫНДА АТҚАРУЫ ТИIС

ӨМIР ТАЛАБЫН ӘРКIМ ӨЗ ОРНЫНДА АТҚАРУЫ ТИIС

ӨМIР ТАЛАБЫН ӘРКIМ ӨЗ ОРНЫНДА АТҚАРУЫ ТИIС
ашық дереккөзі

Елiмiз тәуелсiздiк алған жылдары республикамыздың жылжымайтын мүлiктi тiркеу жөнiндегi мекемелерi үлкен өзгерiстерге ұшырап, бұрынғы мемлекеттiк техникалық түгендеу орталықтары жылжымайтын мүлiк орталықтары болып қайта құрылып, оларға жаңа мiндеттер жүктелгенi мәлiм. Бұл ретте қызмет сапасына байланысты тұрғындардың көкейлерiнде көп сауал жүргенi де анық. Газет оқырмандарының назарына журналист М.Берiкболованың «Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi тiркеу қызметi комитетiнiң Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiндегi орталығы» республикалық мемлекттiк кәсiпорнының директоры Нұрлыбек Сапарбекұлы Қожахметпен сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Нұрлыбек Сапарбекұлы, адам мен адам сөйлескенше деген. Танысу — сауапты iс.

– Мен Ресейдiң Омбы облысы, Шербакуль (Шұбаркөл) ауданының Артакшил (Ортақшыл) ауылының тумасымын. «Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiндегi орталығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорынның директоры лауазымына 2007 жылдың маусым айында тағайындалдым. Бұған дейiн Қызылжар қаласындағы «Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiндегi орталығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорынының құжаттарды қабылдау және беру бөлiмiнiң бастығы, осы кәсiпорын директорының орынбасары болып жұмыс iстедiм. Ақмола, Маңғыстау облысындағы жылжымайтын мүлiк орталықтарының директоры қызметтерiн атқардым.

Кезiнде Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн, кейiннен «Фемида» заң академиясын бiтiргенмiн, мамандығым — заңгер.

– Өзiңiз басқаратын Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiндегi республикалық мемлекеттiк кәсiпорны, оның құрылымы туралы айтып берсеңiз. Мұндай құрылымдар көпшiлiкке беймәлiмдеу ғой.

– Орталықтың құрамына он бес аудандық филиал және тоғыз өндiрiстiк учаске кiредi. Қызметкерлердiң санына келсек, Өскемен қаласында 109, Семейде 66, филиалдарда 91 адам жұмыс iстейдi. Ұжымымыз көп ұлтты. Бiздiң ұжымда қазақ, орыс, немiс, украин және басқа ұлт өкiлдерi қызмет iстейдi, тағы бiр атап өтетiн нәрсе, орталықта және аудандық филиалдарда бiлiктi мамандар жұмыс iстейдi, олардың барлығының жоғары немесе орта арнаулы бiлiмдерi бар.

Атап айту керек, «Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiндегi орталығы» мемлекеттiк техникалық түгендеу және бағалау саласындағы iрi және тәжiрибелi ұйым болып табылады. Орталық мамандарының техникалық түгендеу саласындағы кәсiби тәжiрибелерi мен жоғары бiлiктiлiктерi республикамыздағы ұлттық ақпарат инфроқұрылымы мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру шеңберiнде «Салық төлеушiлердiң және салық салу объектiлерiнiң Тiзiлiмi» ақпараттық жүйесiн енгiзуге және де «Жылжымайтын мүлiк тiркелiмi» мемлекеттiк дерек қор базасын құруға белсендi түрде қатысуға мүмкiндiк бередi.

– Бұрынғы мемлекеттiк техникалық түгендеу орталықтары жылжымайтын мүлiк орталықтары болып қайта құрылғаны мәлiм, сол кезден бастап оларға қандай мiндеттер жүктелдi?

– Дұрыс айтасыз, техникалық түгендеу бюролары 1995 жылы алғашқы өзгерiстерге ұшырады, сөйтiп, олар жылжымайтын мүлiктi бағалау және тiркеу басқармалары болып қайта құрылды. Республика Үкiметiнiң 1997 жылғы 15 тамызда шыққан қаулысының негiзiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы» 1995 жылы 25 желтоқсандағы жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң тiркеушi органдары құрылған болатын. Одан кейiнгi жерде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеудiң кейбiр мәселелерi туралы» қаулысының негiзiнде облыстық жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу жөнiндегi қызметтер аумақтық әдiлет органдарының қарамағына берiлген болатын.

Қазiргi кезде ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауында жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу жүйесiн одан әрi реформалауды көздейтiн заң жобалары жатыр.

– Сонда сiз басқаратын республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының атқаратын жұмыстары қандай?

– Мемлекеттiк құқықтарды кадастр жүргiзу мақсатында жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң сәйкестендiрiлген, техникалық және құндық анықтамаларын анықтау жөнiндегi жұмыстарды жүргiземiз, жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеймiз және тұлғалар үшiн салық салу объектiлерiн бағалаймыз. Жоғарыда аудандар бойынша филиалдар мен өндiрiстiк учаскелер құрылғанын айттым, олар да осы секiлдi әртүрлi бағытта жұмыс атқарады.

– Сiздiң орталықтың құрамында басқа бөлiмдермен қатар мұрағат қоры бар екенiн естiдiм. Оның атқаратын функциясы қандай?

– Мұрағат iстерiнде құқықтық кадастр жүргiзуге қажет техникалық сипаттамалардың алғашқы дерек көздерi сақталатындықтан, олардың экономикалық және әлеуметiк маңызы ерекше. Есепке алу, жоспарлау, жердi қорғау, салық салу мақсатында құқықтық кадастр жүргiзуге мүдделi болып отырған мемлекет үшiн мұндай ақпараттық қорлардың ролi зор. Мәселен, бiздiң орталықтың мұрағаттық қорында жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң техникалық, құқықтық, құндық ақпарттары және сәйекестендiрiлген сипаттамалары көрсетiлген 312090 түгендеу iстерi сақталған.

– Өзiңiз басқаратын орталықта мүлiктi заңдастыру жөнiндегi жұмыстар қалай ұйымдастырылуда?

– «Мүлiктi жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылжымайтын мүлiк, ақша қаражаты, жылжымалы мүлiк пен құнды қағаздар заңдастыруға жататыны аян. Заңдастырылуға тиiстi жылжымайтын мүлiк нысандарына техникалық төлқұжаттарды жылжымайтын мүлiк органдары жасайды. 2007 жылғы мамыр айының басындағы жағдай бойынша бiздiң облыста техникалық төлқұжаттар дайындап беруге 82286 өтiнiш түссе, бiздiң орталық соның 75506-сын қанағаттандырды, оның iшiнде 68927 техникалық төлқұжат ақысыз дайындалды. Бұл бағытта, әсiресе, орталықтың филиалдары мен өндiрiстiк учаскелерi жақсы жұмыс атқарғанын айтып өткен ләзiм. Ретi келген соң айта кетейiн, Ұржар және Бородулиха филиалдары техникалық төлқұжаттарға берiлген арыздарды 100 пайызға орындап, өзгелерге үлгi болды.

– Халықтың арасында заңдастыру кезiнде құжаттардың дайындалу мерзiмi ұзаққа созылады, орталық қызметкерлерi iстi жылдам тындырмай, созып жүредi деген пiкiр бар. Осыған орай не айтасыз?

– Бiз, әрине, халықтың аузына қақпақ қоя алмаймыз, әркiм өзiнiң пiкiрiн айтуға ерiктi. Мен бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiнiдегi орталығының басшысы ретiнде орталықта тапсырыс берушiлердiң өтiнiштерiн қысқа мерiзiмде әрi сапалы орындау мақсатында бiрқатар шаралар қолданылғанын айтқым келедi. Атап айтқанда, техникалық зерттеу рыногында қалыптасқан жағдайды ескере отырып, жұмыстарды компьютерлендiру жүзеге асырылуда, жұмыста лазерлiк өлшеуiштер пайдаланылады, ақпарат өңдеудiң қазiргi заманға технологиялары енгiзiлiп, меңгерiлуде.

Бүгiн таңда орталықтың халлыққа қызмет көрсету залына қабырға теледидары, электронды кезек жүйесi орнатылған. Бұл келушiлердiң кезегiн реттейдi, ал клиенттерiмiз уақыттарын үнемдейдi, келушiлер үшiн залда ыңғайлы орындықтар орнатылған, желдеткiштер жұмыс iстейдi

Тағы бiр атап өтетiн нәрсе, заңдастыруға жататын гараждарға техникалық төлқұжат рәсiмдеу тәртiбi жеңiлдетiп, төлқұжатты дайындау жұмысына алынатын төлем құнының ең аз мөлшерi бекiтiлдi, ал бұл техникалық төлқұжаттарды дайындау мерзiмiн қысқартуға және өтiнiштердi барынша көбiрек өңдеуге мүмкiндiк бередi.

– «Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлiк жөнiндегi орталығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорны таяуда өзiнiң құрылуының 10 жылдық мерейтойын атап өткен екен. Осы мерекелi датаға орай орталықта қандай шаралар ұйымдастырылды?

– Кәсiпорын құрылуының 10 жылдығы қарсаңында бiздiң орталықтың қызметкерлерi «Жылжымайтын мүлiк орталықтары» республикалық мемлекеттiк кәсiпорындары арасында волейбол, теннис, мини-футбол бойынша өткен республикалық спартакиадаға қатысты. Орталықтың қыздар командасы спартакиадада волейболдан үшiншi орынды жеңiп алды. Осы жеңiстерi үшiн М.Ахмадиева, В.Акимова, А.Ибраева, О.Тәженова, Л.Кемешова, Р.Құрманғалиева, А.Тәженова, Н.Тiлесбаева секiлдi спортшы қыздарымыз грамоталармен, ақшалай сыйлықпен және кубокпен марапатталды.

– Ұжымның алдында болашақта қандай мiндеттер тұр? Және ол мiндеттердi орындауға орталық ұжымы қабiлеттi ме?

– Өзiңiз бiлесiз, Республика Президентi таяудағы 10 жылда Қазақстанды әлемнiң бәсекеге қабiлеттi елу елiнiң қатарына шығару туралы асқаралы мiндет қойғаны мәлiм демек, бiздiң ұжымның мүшелерi де осы мiндеттi шешуде өз жұмыс орнында өздерiне қатысты жұмыстарды уақытылы әрi сапалы атқаруы керек деп ойлаймын. Бiздiң жоспарымыздың жүзеге асуы облыстық орталықтың барлық филиалдары мен өндiрiстiк учаскелер ұжымдарының жылдам да жұмыла жұмыс iстеуiне байланысты. Сондықтан республика тарихындағы маңызды кезеңде қызметкерлерiмiздiң бiлiмi мен бiлiктiлiгiне, жинақталған бай тәжiрбиесi мен күш-қуатына сенiм арта отырып, келешекте де елiмiздiң мемлекеттiк құқықтық саясатын жетiк және кәсiби бiлiктiлiкпен жүзеге асыруға орталық қызметкерлерiнiң мүмкiндiгi де, қабiлетi де жетедi деп сенiммен айта аламын.

Мира БЕРIКБОЛОВА, журналист