Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЗАҚ КЕРЕК ПЕ, МАМАН КЕРЕК ПЕ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЗАҚ КЕРЕК ПЕ, МАМАН КЕРЕК ПЕ?

Осыдан бiраз жыл бұрын, «Түркiстан» газетiнiң бетiнде «2005-2007 жылдары Қазақстанға қосымша жұмыс күшi қажет болады екен» деген сәуегейлiк жасаған едiк. Соның алдын бүгiннен алып, еңбек мигранттарын шетелде жүрген қандастарымыз есебiнен толтыру үшiн арнайы бағдарлама жасау керек дегендi айтқанбыз. Бұл мәселе бiр емес, бiрнеше мақалаларда көтерiлдi. Соның бiрi – «Квота қаржының жетiмсiздiгiнен орындалмайды» («Түркiстан», №9, 27-ақпан, 2003 жыл) деп аталады.

Дәл осы мақалада бiз Қазақстанға сырттан алынуы мүмкiн жұмыс күшi жайында айта отырып, сол кезде өз алдына жеке шаңырақ тiгiп тұрған Көшi-қон және демография жөнiндегi Агенттiкке сауалдар жiберген едiк. Ол сауалдардың бiрi: «Бейресми ақпарат бойынша, Қазақстанға жұмыс күшi қажет болатын күн алыс емес сияқты. Сiз басқарып отырған Агенттiк бұл қажеттiлiктi оралмандар есебiнен толтыру барысында қандай iс-қимыл жасап жатыр? Жалпы, квотамен келетiндерге қандай талап қойылады? Яғни, шетелден келетiн қандастарымыздың жасы, еңбекке жарамдылығы және мамандығы ескерiле ме?» деген мағынада болыпты. Оған Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiктiң қызметкерi: «Бiздiң басшылыққа алатын ақпаратымыз ресми статистикалық мәлiметтер. Оларға сүйенсек, қазiр Республикадағы жұмыссыздықтың деңгейi 9,4%, ал Үкiметтiң 3 жылдық бағдарламасында 2005 жылы жұмыссыздықты 8,15%-ке түсiру көзделген. Яғни, жұмыссыздықтан құтылып, жұмыс күшiн сырттан қажет ететiн күн жақын арада туады дегенге әзiр сену қиын. Бiздiң шетелдердегi казақ диаспорасын елге қоныстандырудағы негiзгi мақсатымыз — әртүрлi тарихи кезеңдерде әдiлетсiздiктiң салдарынан елден шеттеп қалған қандастарымызды өздерiнiң тарихи отанына қайтару болып табылады.

Әрине, квотаға кiргiзу кезiнде әр облыстағы бiздiң аумақтық басқармаларда әр саланың бiлiктi қызметкерлерiнен құрылған комиссия жұмыс iстейдi. Олар квотамен келушiлердiң әлеуметтiк жағдайымен бiрге мамандықтарын, бiлiмдiк деңгейлерiн, сол аумақтағы еңбек рыногындағы сұранысын да ескередi» деп жауап берген.

Әрине, жылдар жылжып, қас-қағым сәтте 4 жылды да артқа тастадық. Бiздiң болжауымыз расталып, Қазақстан шетелдiк жұмыс күшiне зәрушiлiкке ие болды. 2006 жылдың өзiнде заңсыз мигранттарды заңдастыру арқылы, 1 миллион жатты жарылқадық. Биыл тағы да 1 миллион жұмыс күшi қажет деп ұрандатып жатырмыз. Алайда, осы жұмыс күшiн жасақтау барысында шетте жүрген қандастарымызды әкелу идеясын ұсынған ешкiм жоқ. Жетекшi партия «Нұр Отан» да, Мәжiлiс сайлауында жеңiлiс тапқан басқа партиялар да, Үкiмет те.

Ендi жерден жетi қоян тапқандай Үкiмет жаңа Қаулы қабылдап, мемлекеттiк көшi-қон квотасына жаңа ережелер енгiздi. Яғни, шетелден келетiн оралман әрбiр адамға көмек ретiнде берiлетiн 900 доллар мөлшерiндегi қаржыға қол жеткiзу үшiн, 10 балл жинауы қажет екен. Оның ең маңыздысы – мамандығы еңбек рыногындағы сұранысқа жауап беруi қажет болса, екiншi орында тұрғаны кәмелетке толмаған балаларының саны. Дұрыс-ақ, былай қарасаңыз бiздiң талап еткенiмiздей бар. Квотаға әрине, Қазақстанға қажеттi мамандығы мен бiлiмi және кәмелетке толмаған балалары бар адамдар енгенi жөн болсын. Алайда, бiрiншiден, бұл қадам тым кеш басталды. «Түстен кейiн маңыраған ақсақ қойдың» кебiн киiп отырмыз. Өйткенi, дәл осы Қаулыны осыдан 5 жыл бұрын шығарып, елiмiздiң еңбек рыногындағы сұранысының орнын толтыру үшiн – қазақтардың көптеп келуiн қамтамасыз етуiмiз қажет едi. Ол дер кезiнде қолға алынбады. Екiншiден, шеттен келiп жатқан еңбек мигранттарына дәл осы талап қойылып отыр ма? Қазiр елiмiздiң еңбек рыногын жаулап алған заңдысы бар, заңсызы бар өзбек мигранттарының арасында әлiптi таяқ деп бiлмейтiндер жиi кездеседi. Өйткенi, олар екi қолға бiр жұмыс, кез-келген қара жұмысты атқара алады. Бiздiң еңбек рыногына қажет болып отырған жұмысшылардың көбiне қойылатын талап бiреу – арзан еңбек күшi болса болғаны. Үшiншiден, бала санының көптiгiне қарап алалаудың да қисыны келе қоймайды. Өйткенi, шеттегi диаспораның негiзгi бөлiгi отырған Қытайдағы қандастарымыз 1-2 баладан артық балалы бола алмайтыны мәлiм. Себебi, Қытайдың демографиялық саясаты осыған, жетелейдi. Қытайдағы қандастарымыздың көбi бала санын өсiруге Қазақстанға келгеннен кейiн ғана мүмкiндiк ала алып отыр.

Демек, Үкiметтiң аяқ астынан мемлекеттiк көшi-қон квотасына өзгерiстер енгiзiп, оралмандардың оралуына тұсау салуын немен түсiндiруге болады? Бiздiңше, билiк басындағылар елiмiздiң мүддесiн көздегеннен гөрi, Қазақстанда қазақтың санының молаюынан үркiп отырған тәрiздi. Себебi, Қаулы бойынша, квотаға зейнет жасындағы адамдар ене алмайды. Ал, отбасылық институт берiк сақталған қазақ отбасылар кәрiсiн далаға тастап кете алмайтыны тағы анық.

Жалпы, 2005 жылдың күзiнде Астанада өткен Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайынан кейiн, қазақ көшi-қоны туралы сындарлы саясат қолға алынбады. Ендiгi көшi-қонның қалай бағыт алатындығын, оның қалай жүзеге асатындығын меңзеген Қаулы-қарар да болмаған. Құрылтайдағы шешiм бойынша, мемлекеттiк көшi-қон квотасы 2007 жылға дейiн ғана белгiленген. 2007 жылдан кейiнгi көш барысы туралы әңгiме әлi көтерiлмеген едi. Көшi-қонның ендiгi тағдыр-талайына алаңдап жүргенде, атышулы Қаулы қабылданды. Бұл Қаулыны қабылдарда Үкiмет қоғамдық пiкiрге құлақ асқан жоқ. Көпшiлiктiң пiкiрi тыңдалмады. Тоталитарлық жүйедегiдей белден басып, бюрократиялық тәсiлмен қабылдана салды. Демек, оны жасаушылардың пиғылында қазақ көшi-қонына жан-тәнiмен қарсылық жатқан сынды. Тарихта С. Терещенко Үкiмет басында болған жылдар аса бiр экономикалық ауыртпалығымен есте қалады. Бiрақ, дәл сол жылдары атақты №791-шi Қаулы қабылданған едi. Бұл Қаулы бойынша, шеттен келген қазақтарға арнайы куәлiк берiлiп, сол куәлiгi арқылы олар медициналық көмекке тегiн қол жеткiзуге қалааралық көлiкте Қазақстан азаматымен бiрдей бағамен жүруге т.т. жеңiлдiктерге ие болуға құқылы болған. Бұл оралмандар саясатындағы ең қолайлы Қаулының бiрi болғаны мәлiм. Бұдан кейiн ешқандай премьер осы Қаулының деңгейiнде құжат қабылдай алмады. Көшi-қон өзiнiң инерциясымен жүрдi десе де болғандай. Қазақстанның тәуелсiздiгiн алған 15 жылда шеттегi келуге мүдделi қазақтың бәрiн көшiрiп алуына мүмкiндiгi болған едi. Сөйтiп, қазағы аз солтүстiк облыстардың демографиялық мәселесiн шешуге ат салысар едi. Бiрақ, әлi күнге дейiн стратегиялық маңызы бар құжаттың қабылданбауы, көшi-қон саласында сындарлы саясаттың болмауы, дүниежүзi қазақтары құрылтайының декоративтi сипат алуы – көшi-қон үрдiсiн баяулатты. Қанша алаулатып-жалаулатқанымызбен 15 жылда 1 миллион қазақты көшiрiп әкеле алмадық, керiсiнше, бiр жылдың iшiнде 1 миллион келiмсектi заңдастырып үлгердiк. Қазақстандағы жыл сайын ағылып келiп жатқан өзбектiң ертең мәдени автономия талап етпесiне кiм кепiл. Бiз түгiлi ұлттық проблемаға көз жұмып қарайтын Германиядағы 3 миллион түрiк пен Франциядағы соған жетеқабыл арабтардың проблемасының өзi шаш етектен болып отырғанда, ұлт саясатында тым жалпақшешейлiк танытатын бiздер өзбектiң де, өзгенiң де ығына жығыла кетермiз.

Бұл Қаулыдан түйгенiмiз Қазақстан қазақты молайтуды көздеп отырған жоқ, шеттен маманды адамдарды көптеп тартуды мақсат етiп қоюда. Яғни, Қазақстан ұлттық мемлекет құрудан үркедi, қазақтың көбеюiнен қобалжиды. Сөйтiп, шетте жүрген 5 миллион қазағын әкелгеннiң орнына, кiм болса ол болсын мейлi, басқалардың маңдайынан сипағанды жөн көредi.

Көршiлердiң үлгiсi:

Ресей былтырдан берi алыс-жақын шетелде жүрген қандастарын шақырып, оларды орналастырудың арнайы бағдарламасын қабылдады. Бұл, бiрiншiден, тұралап тұрған демографияға аз да болса септiгiн тигiзсiн деген идеядан туындаса, екiншiден, шетелдiк мигранттарға тұсау салу үшiн де керек болып отыр. Ол үшiн Ресей үкiметi шеттен келетiн орыстарды орналастырудың үш түрлi категориясын жасады. «А» категориясына енетiн территория — Ресей үшiн стратегиялық маңызы бар шекара аймақтар; «Б» — iрi инвестициялық жобалар жүзеге асып жатқан, жұмыс күшi жетiспей жатқан аймақтар; «В» — әлеуметтiк-экономикалық дамуы тұрақты, соңғы екi-үш жылда халық саны азайып бара жатқан немесе жұрт кетiп жатқан аймақтар.

Бiзде дәл осындай стратегиялық маңызы бар құжат қабылданса, ешкiм қолымыздан қағып жатқан жоқ. Бiрақ, өзiмiздiң салғырттығымыздан бұған мән берiлмедi. Ендi азын-аулақ квота үшiн де шектеулер ойлап таптық.

Есенгүл Кәпқызы