РЕСЕЙ ОТАРШЫЛДЫҒЫНЫҢ АҚЫРЫ

РЕСЕЙ ОТАРШЫЛДЫҒЫНЫҢ АҚЫРЫ

РЕСЕЙ ОТАРШЫЛДЫҒЫНЫҢ АҚЫРЫ
ашық дереккөзі

Соңғы кезде болып жатқан оқиғалар мәселеге осылай түйiн жасауға жетелеп отыр. Бұл, әсiресе, бiр-бiрiмен бүйрегi жабысып қалғандай сезiлетiн қазақ-орыс қарым-қатынасынан байқалып қалуда. Ресей мен Қазақстан қатынасына жарықшақ түсiрген басты мәселе – Байқоңырдан ұшырылған «протондардың» қазақ даласына құлай беруi және оған Қазақстанның немқұрайлы қарамауы («протон» ұшыруға тыйым салу, өтемақыны Ресей күткендегiден әлдеқайда артық сұрауы, т.т).

Ресей мен Қазақстан президенттерi соңғы уақытта екi рет кездестi. Бiрi Тәжiкстанның бас қаласы Душанбеде өткен ТМД, ЕурАзЭҚ және Ұжымдық қауiпсiздiк саммиттерiнде болса, екiншiсi Ресейдiң Новосибирск қаласындағы шекара аймақтар жиынында. Ресей басылымдарының жазуына қарағанда, қазақ президентi Путиннiң алдында бұрынғыдай жалпылдап, жалтақтық танытпаған. Керiсiнше, өз амбициясын көрсете бiлген. Ал, «Рейтер» агенттiгi «Казахстан не хочет лидирующей роли России в СНГ» (07.10.2007) атты мақалада Қазақстан Президентiнiң Ресейдiң көшбасшылық рөлiн жоққа шығарғандығын жазған. Мақала авторының былай деуiне Қазақстан Президентiнiң «Орталық Азия мемлекеттерi» одағын құру туралы мәлiмдемесi себеп болған көрiнедi. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен 50 миллион халқы бар аймақта саяси және экономикалық мүмкiндiктердi пайдалана отырып, Орталық азиялық экономикалық одақ құру қажеттiгiн ұсындым» деген сөздерiнен мысал келтiредi. Сондай-ақ, «Достастықтағы Мәскеудiң жетекшiлiк рөлiне көңiлi толмайтындығын бiлдiрдi» дей келе, «Соңғы уақытта Назарбаевтың ТМД-ға көңiлi толмауы, оның Орталық Азияда көшбасшы болуға ынталылығын танытады. Бұл аймақта экономикалық өрлеу жағынан Қазақстан алда» деп атап көрсеткен. Газетiмiздiң өткен санында жазғанымыздай, «КоммерсантЪ» газетi де екi ел басшыларының Новосибирскiде өткен кездесуiнде салқынқабақтың iзi байқалғандығын айтқан.

Яғни, Ресей империялық саясатын қалайда жүзеге асыруға талаптанғанымен, өз қолы өз аузына жеткен тәуелсiз мемлекеттер оны өзiмен санасуға мәжбүрлеуде. Ерiксiз уысынан шығып кетуге талпынуда. Грузия мен Украинаны батысшылдығы үшiн ұнатпайтын Путин ең сенiмдi одақтастарының да қаһарына ұшырауы бек мүмкiн жағдайда. Бұған дейiн Ресеймен бiр одаққа бiрiгуге келiскен Беларусьтiң де оңайлықпен бас имейтiндiгiнiң куәсi болдық. Осы аптаның басында Мәскеуде баспасөз-мәслихатын өткiзген Беларуссия президентi Владимир Лукашенко да Ресейдiң шовинистiк пиғылына қатысты бiраз сындар айтып тастады. Бұның барлығы Ресейдiң күнi өтiп бара жатқандығының дәлелi сынды.

Қазiр қазақстандық және ресейлiк басылым беттерiнен «орыс мәселесiне» қатысты тақырыптарды жиi байқаймыз. Бiрақ, соңғы мақалалардан бұрынғыдай байбаламшыл-шовинистiк пиғылдағы пiкiрлерден гөрi, Ресейден тыс жерлердегi орыстардың сол елдiң мәдениетi мен саясатын қабылдауға үндейтiн ойлар айтыла бастағанының да куәсi болдық. Мәселен, Қазақстан интернет кеңiстiгiнде пайда болғанына көп бола қоймаған «Позиции.kz» интернет-басылымы ресейлiк интернет-басылым «Агентство политических новостей» порталының редакторы, орыс ұлтшылы деп айдарлаған Константин Крыловты осы мәселеге байланысты әңгiмеге тартқан. «— Өзiнiң ұлттық бет-бейнесiн сақтап қалу үшiн Қазақстандағы орыстар не iстеуi керек? Қазақстандағы орыстарға ұлттық ерекшелiгiн сақтап қалудың қажетi бар ма өзi?» деген сауалға К. Крылов: «– Сейчас русским следует осознать себя как диаспору, имеющую свои интересы и не имеющую никаких опор вне себя (ибо современная РФ не является государством русского народа и не желает им быть). Следует также осознать, что русская национальная идентичность – не только бремя, но и капитал» деп жауап қатқан. Демек, орыс ұлтшылының өзi шетелдегi орыстар өздерiн жергiлiктi ұлтпен қатар қойып, «аға ұлттың» рөлiн ойнайтын кезеңнiң кеткендiгiн түйсiнiп отыр. Қазақстандағы орыстар «диаспора» өкiлi екендiгiн мойындауы қажеттiгiн баса көрсеткен.

«Russians.Kz» сайтындағы Рифат Асадуллиннiң «Конец Русской Колонизации Казахстана» атты мақаласындағы ойлар шынымен ойлануға жетелейдi. «Қазақстандағы орыс қауымдастығы жетекшiлерi өздерiне сенiмдiлiгi соншалық, «мықты маман-кадрмыз» деп кеуде соғады. Алайда, ондай статистиканы мен еш жерден кездестiре алмадым, демек бұл адамдар ғылыми, шығармашылық, өндiрiстiк, аграрлық, т.б. «элита» деген атақты өздерi-өздерiне таққан. Екiншiден, шынымен таптырмайтын мықты мамандар болған болса (әлеуметтануда ондай адамдарды «авангардтар» деп атайды), олар Путин шақырмай-ақ, Кеңес одағы құлап жатқан тұста Қазақстанды ғана емес, бүкiл Кеңестер одағын тәрк етiп, Батысқа кетiп те қалған. Үшiншiден, қазақстандық орыстардың бiразы Қазақстанды тастап кетiп те қалды. Алайда, Ресейде олар бәсекелестiкке шыдамды маман ретiнде өздерiн көрсете алмай, қайтып келiп, масқара болған жоқ па?» дей отырып, автор Қазақстандағы орыстардың қоқан-лоқысын немен түсiндiруге болатындығын бiлмей, налиды.

Сондай-ақ, Ресей президентi В. Путиннiң алыс-жақын шетелдерде жүрген қандастарын отанына шақыруын Ресей империясының туының жығылуымен түсiндiредi. «Ресейдегi орыстар өздерiнiң саяси мүшкiл халдерiн айтып шағына бастаса, оларға «Ресейге оралыңдар» дейдi, олар: «Қазақстандағы орыстардың өмiрiн жақсартуға күш салыңдар» дейдi. «Бiз тәуелсiз елдiң iшкi iсiне қол сұға алмаймыз, Ресейге қайтыңдар» десе, «Қазақстанда орыстарды ұстау керек. Ол үшiн мұндағы қандастарға көмек қолын созғандарыңыз абзал, Қазақстан үкiметi бiзге қолдау көрсетуi керек» деседi. Ресей: «Бiз Қазақстан үкiметiнiң iсiне араласа алмаймыз, Ресейге келiңдер» дейдi. Ал, Қазақстандағы орыс, казак-славян ұйымдарының жетекшiлерi: «Бiз Қазақстанда iс-қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзудi тоқтатуды талап етемiз» дейдi. Сөйтiп, осы бiр шырғалаңнан шыға алмайды» деп жазған. Автор бұл арқылы Ресей отаршылдығының күнi өтiп бара жатқандығын жеткiзген. Сол үшiн де шеттегi орыстардың мәселесiн өмiр сүрiп отырған елiнде емес, өз отанында шешудi көздейдi.

Ресей бұрынғыдай омырауламайды. Келiссөз үстелiнде өзге көршiлерiмен иық теңестiре сөйлесуге пейiл. Бұл бiрiншiден — өркениеттi қоғамның талабы болса, екiншiден – империялық күштердiң алысқа бармайтындығының дәлелi. Ресей ендi әдiс тапты. Көршiлерiмен қоян-қолтық сөйлесе жүрiп, өз дегенiне бағындыруға кiрiстi. Оған жақында ғана Душанбеде өткен Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi ұйымның саммитiнде қабылданған аса маңызды құжат дәлел. Дәл осы ұйымның аясында ұжымдық бiтiмгершiлiк күшiн құру туралы Мәскеудiң 2003 жылдан берi қойып келе жатқан талабы ендi ғана жүзеге аспақ. Демек, Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi ұйым посткеңестiк кеңiстiкте iрi әскери-саяси құрылымға айналатын болады. ТМД елдерiнiң әскери базасы әлемнiң қай мемлекетiнде болсын бiтiмгершiлiк шараларын атқармақ. Әсiресе, бұған Ресей қатты мүдделiлiк танытқан. Өйкенi, әлемге қожа болу мақсатымен АҚШ пен Еуропаға азуын көрсетуге талаптанғанымен, Ресей бұрынғыдай ықпалдылық таныта алмай келедi. Сол себептi де, Ирак мәселесiнде де, Иран мәселесiнде де Ресейдiң үнi құмығып естiлдi. Ендi 15 республикадан жасақталған бiтiмгершiлiк отрядтары Ресейдiң қалауымен кез-келген мемлекетке бiтiмгер ретiнде аттана алады. Әрi оған БҰҰ-ның рұқсатының қажетi жоқ. Мiне, Путин асау аттардың жалынан сипай, ығына жығыла отырып, өз дегенiн iстетудiң жаңа әдiсiн тапты.

Есенгүл Кәпқызы