Жаңалықтар

КIРМЕЛЕР МЕН КЕЛIМСЕКТЕР

ашық дереккөзі

КIРМЕЛЕР МЕН КЕЛIМСЕКТЕР

Қазақ елiне нан табу мақсатында келетiн шетелдiктердiң әрбiр он екiншiсi Қазақстан Республикасының заңына қайшы әрекеттерге барады екен. Оларды тезге салуға, анығында, заң бұзушыны қатаң жазалауға қазақстандық құқық қорғау органдары дәрменсiз. Өйткенi, мигранттарға келгенде бiздiң заң солқылдақ. Сондықтан қазақтар жерiнде «ай дейтiн ажа, қой дейтiн қожа жоқ» жатжұрттықтар Ата Заңды белден басып, алшаңдап жүр. Ал «өзiм дегенде» емес, өзге дегенде «өгiз қара күшi бар» бiздiң «жалпақшешей» билiк мемлекеттiк қауiпсiздiкке қатер төндiруi бек мүмкiн жайттардың алдын алуға қатысты шараларды қарастыруға, заңды қатайтуға асығар емес.

БИЛIК ҚАРАПАЙЫМ ЖҮЙЕНI ҚАБЫЛДАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ

Былтыр Үкiметiмiз бар, басқамыз бар алашапқынға түсiп жүрiп, Қазақстандағы бiрнеше мыңдаған заңсыз мигрантты заңдастырып алдық. 1 тамыз бен 31 желтоқсан аралығында бiр-ақ рет өткiзiлген шара нәтижесiнде қаншама кiрме билiктен ресми түрде рұқсат алды. Бiр ғана Алматының өзiнде 25 мыңнан астам еңбек мигранты тiркелген. Оның 95 пайызға жуығы – ТМД елдерiнен келгендер екен. Құқық қорғау саласының қызметкерлерi мигранттарға арналған бiздiң заңның солқылдақтығының кесiрiнен экономикалық тұрғыда орасан зор мөлшерде шығын келiп жатқанын айтады. Мысалы, Алматыда тiркелген 25 мыңдай шетелдiк заңды түрде салық төлеу тұрмақ, iзiм-қайым жоғалған. Оларды заңдастыруға көмектескен отандастарымыз: «Қайда екенiн қайдан бiлейiн?» деп ат-тондарын ала қашады. Сорақысы сол, миллиондаған қаржы заңсыз түрде шекара асып жатыр. Мигранттарды заңдастыру шарасының көлеңке тұстары көп. Айталық, заңдастыру мерзiмi маусымдық жұмыстармен айналысатын кезбен (мысалы, құрылыс саласы) сәйкес келмедi. Шара басталған кезде шетелдiк жалданушылардың көпшiлiгi үйлерiне қайтып жатқан болатын. Жұмыс берушiмен арадағы келiсiм-шартты 3 жылдық мерзiмде қарастыру да қателiк едi. Өйткенi, маусымдық жұмыстармен айналысатын мигранттар елдерiне кеткенде олар үшiн жұмыс берушi салық төлемесi белгiлi. Сарапшылар қауымы бұл мәселеде ресейлiк тәжiрибенiң тиiмдi екендiгiн көлденең тартады. Үстiмiздегi жылы көшi-қон туралы заңдарына өзгертулер енгiзген ресейлiктер шет мемлекеттерден келетiн жұмысшылар қолына 3 құжат бередi: миграциялық карточка, тiркеуден өту және РФ шеңберiнде еңбек етуге арналған рұқсат қағазы. Шетелдiк жалданушы жұмысқа тұрғанда жұмыс берушi мигрантты қызметке алынғандығы туралы мәлiметтi көшi-қон полициясына жөнелтедi. Қиын ештеңесi жоқ. Бiздiң билiктiң осындай қарапайым жүйенi енгiзуге енжарлық танытуы түсiнiксiз.

«ҚАНША РЕТ ҚУЫП ЖIБЕРСЕҢ, СОНША РЕТ ҚАЙТЫП КЕЛЕМ»

Үстiмiздегi жылдың 12 қаңтары мен 6 маусымында Үкiмет Қазақстанның кейбiр заңдық құжаттарына өзгертулер мен толықтырулар енгiздi. Маусымдағы заңда Қазақстанға келу мақсатын бұзған ТМД елдерiнiң азаматтарына қойылатын талаптар бекiтiлген. Билiктi мұндай қадамға баруға мәжбүр еткен жайт: кейiнгi кездерi тым еркiнсiп кеткен жатжұрттықтар ҚР Конституциясын жиi бұза бастаған. Елiмiзде жүрген әрбiр он екiншi мигрант түрлi құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жазаға тартылған, әрбiр жүзiншi мигрант соттың шешiмiмен елден аластатылған. Өкiнiшке қарай, қылмыстық реңк алған жағдайлар да бар. Жуырда нәпақасын iздеп Қазақстанға заңсыз келген бiр айырқалпақты қазақтың қос бүлдiршiнiн ұрлап әкетiп, олардың ата-аналарынан көп мөлшерде ақша талап еткен. Абырой болғанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi оңай жолмен пайда табуды көздеген «пысықай» қылмыскердi құрықтап, қаракөздердi құсадан қан жұтқан әке-шеше, туыстарына дiн-аман табыстады. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарынан көрiнiс таппаған мұндай келеңсiз жайттардың қаншалықты жиi қайталанатыны бiр Аллаһқа ғана аян. Есесiне, заңды, заңсыз жолмен өтетiн қырғыз, өзбек, тәжiктердiң саны күннен күнге артып келедi. Оның үстiне, биыл келгендер былтырғыға қарағанда 41 пайызға көп (шамамен 155 мың адам). Ал, заңдық құжаттарда әлi күнге Қазақстанға ешқандай визасыз келетiн тмд-лық жұмыскерлерлердiң еңбек әрекеттерiне қатысты белгiлi бiр ереже жоқ. «Әй дейтiн ажа», «қой» дейтiн қожа жоқ» шетелдiктер Қазақстанға заңсыз келгендiктен, Ата Заңды сақтап қайтсын! Ресми деректер бойынша көршiлес мемлекеттерден келген әрбiр оныншы елiмiзге келу мақсатын жасырады. Мысалы, құқық қорғаушыларға Қазақстанға қонаққа келдiм деп ант-су iшiп, көп ұзамай екi қолға – бiр жұмыс тауып ала қояды. Негiзi заң бойынша, бiздiң органдар мұндай көргенсiздердi Қазақстаннан түре қууға құқылы. Бiрақ елден аластатылған әлгi келiмсек туған топырағына қазақтардың Үкiметi бөлген қаржымен жетiп алады да, iзiнше заңсыз жолмен Қазақстанға қайта оралады. Мейлi, оны он бес рет қуып жiбер, иесiз ит сияқты бәрiбiр қазақтардың есiгiн қағып тұрғаны… Әрине, мүмкiндiгi барлар бiр үзiм нанын тауып қана емес, бүкiл туыс-туғанын заңсыз жолмен асырап жүр. Өкiнiшке қарай, ауданаралық әкiмшiлiк соттар мигранттарға қатысты iстердi қарауға аса құлшына қоймайды. Тiптi, мигранттардың мәселесiмен айналысатын полицейлердi сөгуге бар: «Сендерге салса, Қазақстаннан бәрiн түре қуу керек!»… Iс жүзiнде жұмыс берушiлердiң басым бөлiгi жұмысшылармен келiсiм-шарт жасаспайды. Екiжақты қатынас заңды түрде құжатталмағандықтан, заңбұзушылықтар мен қылмыстардың дәлелденбейтiнi айқын. Көшi-қон полициясы қызметкерлерiнiң қолында қаржы комитетi тарапынан берiлген салық төлеуден жалтарған мигранттардың ұзын-сонар тiзiмi бар. Олардың көпшiлiгi – ТМД елдерiнiң азаматтары. ҚР «Көшi-қон туралы» Заңда Қазақстанға келу, республика аумағында болу және елiмiзден кетуге қатысты нақты талаптар анық көрсетiлмегендiктен, жыл сайын Әкiмшiлiк кодекске де, ережелерге де өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп әбiгерге түсемiз. Әрi шетелдiк жұмыс күшiн тартуға қатысты квота мөлшерi де уақыт өткен сайын өсiп келедi. Ал Үкiмет тарапынан бекiтiлуi тиiс жүйелеу жұмыстары әлi қабылданған жоқ. Қаржы комитетi мен көшi-қон полициясының қиындықтар астында қалуы сол себептi. «Жаны ашымастың қасында…» деген осы!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ