«АЗИЯ ДАНАЛЫҒЫ»

«АЗИЯ ДАНАЛЫҒЫ»

«АЗИЯ ДАНАЛЫҒЫ»
ашық дереккөзі

Бүгiнгi дәуiр – жаһандану заманы. Яғни, әлемдегi барлық елдердiң мәдениетiнiң бiртұтас араласуы. Демек, жаһанданудың қоғамға берер пайдасы да, зияны да көп. Сондықтан қазақтың мәдениетi де ешбiр елден кем болмауы тиiс. Ұлт мәдениетiнiң бiр бөлiгiн құрайтын күй өнерi сонау бабалар заманынан бастау алады.

Мәселен, Қорқыт пен Ықылас күмбiрлеген күйiн қара қобызымен жеткiзсе, Сүйiнбай, Құрманғазы, Дина сынды күйшiлерiмiз ұлы өнердi қос iшектi домбырада сөйлеттi. Бүгiнде сол қасиеттi қара домбыраның құлағында ойнап, қазақ елiн әлемге танытып жүрген талантты жаcтарымыздың қатары көбейiп келедi. Солардың бiрi – Қазақстан эстрадасында аты танымал болып жүрген жас орындаушы Мейiржан Ермегияев. Мейiржан халқымыздың құдiреттi аспабы домбырада ойнап, көптеген сайыстар мен фестивальдердiң жүлдегерi атанып жүр. Сонымен қатар жас орындаушының өнерiне Қазақстанмен бiрге, АҚШ, Англия, Түркия сынды мемлекеттер куә. Осыған дейiн бiрнеше күйтабағы жарық көрген жас орындаушының өткен аптада Алматы қаласында «Азия даналығы» атты тағы бiр жаңа инструментальды шығармалар жинағының тұсаукесерi болып өттi. Аталмыш күйтабақтың ең басты ерекшелiгi қазақтың күйшiлерi Тәттiмбеттiң «Қосбасары», Әшiмтайдың «Қоңырқаз» күйлерiмен қатар, әлем классиктерi Хермозаның «Ламбадасы», Моцарттың «Ронлосы» да үлкен шеберлiкпен орындалған. «Ал басты мақсат қазақ жастарының ұлттық аспабымыз саналатын қасиеттi домбыраға және өнерге деген қызығушылығын арттыру», – дейдi Мейiржанның продюсерi Салтанат Жұмабаева.

Самат СҮЛЕЙ