Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ «ЭКОНОМИКА» ГАЗЕТI РЕСЕЙДI МОЙЫНДАТТЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ «ЭКОНОМИКА» ГАЗЕТI РЕСЕЙДI МОЙЫНДАТТЫ

Көзi қарақты, көңiлi ояу оқырмандар қауымы «Қазақ газеттерi» ЖШС құрамында ежелден елге танымал газеттер мен журналдар арасында, арқалар жүгi атынан-ақ аңғарылып тұрғандай, «Экономика» газетiнiң былтырғы, 2006 жылдың желтоқсанынан шыға бастағанынан бек құлағдар.

Басқаша айтқанда, оның тарихы – бесiктен әлi белi шықпаған сәбимен пара-пар. Соған қарамастан алғашқы сандарынан-ақ, ондағы жарияланымдар қалың оқырмандар арасында әжептәуiр қызығушылық туғызып келедi. Ең бастысы, бұл – тек Қазақстан үшiн ғана емес екен. Сонымен қатар бiздiң елiмiзден тысқары, алыс-жақын шетелдерде газеттi мұқият қадағалайтындар жеткiлiктi болып шықты.

Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн нақты фактiге жүгiнейiк. Өткен қыркүйек айының соңғы күндерiнiң бiрiнде Мәскеудiң «Российские вести» федералдық апталығы (26 қыркүйек – 3 қазан) өзiнiң кезектi 33-iншi (1883-iншi) нөмiрiнде қазақстандық сәби газет «Экономикада» жарияланған «Началась схватка России и Китая» мақаласын көшiрiп басқан. Мәскеулiк аталмыш азулы газеттiң әуелгi баста ресейлiк Үкiметтiң газетi құзырында құрылып, кейiн келе дәрежесi көтерiлiп, Ресей Федерациясы Президентi Әкiмшiлiгiнiң басылымына айналғанын айтсақ та – бұл БАҚ-тың қаншалықты құнды екенiне артық дәлелдiң қажетi жоқтығы – ашық ақиқат.

Шындап келгенде, осыншама беделдi басылымның өзге жұрттық БАҚ-ты тiлге тиек етуiнiң өзi – бұрын болып көрмеген құбылыс. Өйткенi, Ресейдiң орталық баспасөз құралдары қазақстандық мерзiмдi басылымдардан көшiрiп басу сияқты «жеңгетайлықты» өздерiне ұят санайды. Бәлкiм, бiздiң өзiмiзде, Қазақстанда (оның өзiнде аракiдiк) ресейлiк газеттерде шыққан материалдар көшiрiп басылып жатады.

Ресейдегi жағдай – мүлде өзгеше. Мәскеуде небiр белдi де беделдi газеттер бар. Әдетте жоғарыдағыдай жағдай олар үшiн – бұлжымас қағида. Қайда болмасын орыс тiлiнде жарық көрген мақалаларды бұл газеттер ешқашанда көшiрiп баспайды. Бұған себеп: ең алдымен, олардың басылымдары көлемiнiң әрбiр шаршы сантиметрi қып-қызыл рубль құнын құрайды. Сосын әлдебiр жерде жарық көрiп қойған жарияланым үшiн қайталап орын беру – әуелi метериалдық тұрғыдан еш ақтауға келмейтiн «жалпақ шешейлiк» және өздерiнiң имиджiне нұқсан келтiрер кiшiреюшiлiк болып шығар едi. Сондықтан да, егер кейбiр басылымдар көшiрiп басуға iлуде бiр мүмкiншiлiк жасап жатса, бұл – әңгiменiң аса үлкен сенсациялық немесе өте көкейкестi маңызы бар мақала төңiрегiнде болып отырғанын аңғартар факт.

Бiз қозғап отырған мәселенiң мәнiсi де, мiне, осында жатыр. Қазақстандық «Экономика» газетiнде жарық көрген мақаланың «Российские вести» газетiнiң беттерiнен көрiнуi нақ осындай материалды көшiрiп баспай, оның орыс басылымында оңды көрiнiс таба алмауы әсерiнен туындаған. Және белдi басылымның қазақстандық автор көтерген проблемалық мәселеге Ресей билiгiнiң басшы, лауазымды адамдарының назарын аударуға тырысқаны да сөзсiз.

Мәскеулiк басылым журналистiк те, баспагерлiк те этиканы, оған қоса авторлық құқықтарды да толықтай сақтауымен қуантады. Газетте мақаланың бастапқы тақырыбы өзгертiлген – «Газовая атака» деп аталыпты. Ал мақаланың өзi «Чего ожидать в Средней Азии?» деген редакциялық кiрiспе сөзбен ашылады. Оның авторы Александр Филопулов қазақстандық газеттен алынған мақаланың пайда болуын былайша түсiндiредi: «Казахстанский журналист Ерберген Салыков опубликовал в газете «Экономика» (14.09.2007) под названием «Началась схватка России и Китая» материал, который был впоследствии помещен независимым Интернет-изданием «Навигатор». В основе статьи — аналитические и экспертные заключения зарубежных специалистов. «Российские вести» сочли возможным ознакомить читателей с основными положениями этого материала ввиду его актуальности». Мақалаға арналған құлақтандыру «Российские вести» газетiнiң 1-шi бетiне айғайлатып тұрып берiлген, ал толықтай мәтiнiн 6-шы бетке орналастырған.

Өздерiңiз көрiп отырғандай, ауқымды ресейлiк баспасөз аяғын ендi тұра бастаған, шағын ғана қазақстандық газетке айтарлықтай көңiл бөлiп отыр. Ал, мұндай шұқшия назар аударуға Ресей-Қытай қарым-қатынасының маңызды мәселелерiн қозғаған сараптамалық мақаланың негiз болғаны айрықша қуантады.

Бiр қарағанда, «Нақ осы – мұнай және газ саласында, Қытайтану бағытында – қазақстандық авторға нендей жаңалық ашар әңгiме айтуға болады?» деген сауал тууы заңды. Қытайтану жүйесiнде аса iрi интеллектуалдық және зерттеу ресурстары бар ресейлiктердiң арасында асқан қызығушылық тудырар туынды жасар қазақстандық автордың қандай мүмкiндiктерi бар?!

Алайда, «Экономика» газетiнiң мына мақаласы арқылы көзiмiз жетiп отырғанындай, мұндай мүмкiндiк бар екен. Мұны жаңа басылымның алғашқы жемiстi жетiстiгi деп бағаласа да болады!

Ресейдiң мүйiздерi қарағайдай, iрi-iрi газеттерi бүкiл Қазақстан бойынша таратылады, оның үстiне бiздiң елiмiзде ежелден берi олардың ауқымды оқырман нөпiрi бар. Бiрақ, осы кезге дейiн, солардың беттерiнен Қазақстан баспасөзiнде жарияланған әлдебiр көлемдi материалдың көшiрiлiп басылғанын кездестiре алмадық-ау. Мұның үстiне – халықаралық экономикалық қатынастар және геополитика мәселелерiн көтерген мынадай салмақты да салиқалы тақырыптағы мақаланы.

Түптеп келгенде, осының бәрi кешегi сәби, аз ғана уақыт арасында аяғын нық баса бастаған «Экономика» газетiнiң одан әрi аршынды қадаммен iлгерiлеуiне күш-жiгерi жеткiлiктi деп айтуға толық негiз бар сияқты.

Iске сәт, «экономикалық» әрiптестер.

Исатай ЕСIРКЕПҰЛЫ