Жаңалықтар

АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ ҚҰРЫЛСА...

ашық дереккөзі

АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫ ҚҰРЫЛСА...

Бүгiнгi жастар бiлмегенмен, бiздер аяқ жағын болса да көрдiк, бастан кешiрдiк. Әр ауылдың келелi iстерiнiң бәрiн сол ауыл ақсақалдарының басшылығымен, солардың ақылымен жастар ұйымдастырып, барлығын ауызбiршiлiкпен өткiзетiн. Ол заманда ауылда милиция деген болмаушы едi. Ауылдың телi мен тентегiн жолға салатын да ақсақалдар едi. Ұрлық жасап, бұзықтық, бейбастық жасағанда оны тезге салатын да ақсақалдар едi.

Бүгiнде әр ауылда маскүнемдiкке салынып, үйiнiң, ауылының берекесiн алып жүрген жастар аз ба?! Нашақорлық та көбейiп барады. Осы бетiмен кете берсе, келешек ұрпақтарымыздың күнi не болмақ?!

Сондықтан, бiз, әрбiр ақсақалдар жастарға дұрыс тәрбие беруге үлесiмiздi қосайық. Бұл сөз жүзiнде қалып қоймас үшiн әр ауылдың жанында әкiмнiң көмегiмен ақсақалдар алқасы құрылса. Екi аптада немесе бiр айда бiр рет мiндеттi түрде алқа мәжiлiсi өтiп, онда ауыл тентектерiн тәртiпке салып отырсақ. Сонда мәселенiң бәрi сотқа жетпей, шешiмiн тауып жатар едi. Егер алқа жұмысы дұрыс жолға қойылса, басбұзар тентектер мен маскүнемдер талқыға түсуден де қорқатын болады, тәртiпке келедi. Ақсақалдар алқасы мектептегi тәлiм-тәрбие жұмысына да, күн көрiсi төмен отбасыларға жәрдем ұйымдастыру мәселелерiнiң шешiлуiне де жәрдемi тиер едi. Сонда мектептiң де, ауыл әкiмiнiң де, милицияның да жұмысы жеңiлдер едi.

О.ӘШIРБАЙҰЛЫ, Еңбек Ерi

Оңтүстiк Қазақстан облысы,

Шардара ауданы