Жаңалықтар

ТЕРМИНДЕР МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТПЕКШI

ашық дереккөзі

ТЕРМИНДЕР МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТПЕКШI

Жуырда Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуiмен мемлекеттiк терминология комиссиясының мәжiлiсi өттi.

Мәжiлiсте мәдениет және ақпарат министрi, Терминология жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның төрағасы Ермұхамет Ертiсбаев мырза атқарылып жатқан iс-шараларға арнайы тоқталып, толық мағлұматтар бердi. Бүгiнде аталмыш министрлiктiң қолдауымен оннан астам терминологиялық сөздiк шығыпты. Ал биылғы жылы «Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi» жарық көрдi.

Мәжiлiсте қазақ терминологиясының бүгiнгi жай-күйi, халықаралық, кәсiби және салалық терминдердi аударып, тiлдiк қолданысқа енгiзудегi бұған дейiнгi атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын шаруалар туралы сөз қозғалды. Бұл басқосуда Мемлекеттiк хатшы мемлекеттiк терминком жұмысындағы атқарылған iстерге баға бере отырып, халықаралық терминдердi аударудағы баспасөздегi ала-құлалық пен халықтың қабылдауына ие бола алмаған жаңа сөз қолданыстары туралы жан-жақты әңгiмеледi.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың терминдерде бiрiздiлiк пен қалыптасқан шарттылықты ретке келтiру және осы саладағы жұмысты жөнге қою туралы тапсырмасына сай жүзеге асырылатын тапсырмаларын нақты шешудiң жолдары қарастырылды. «Қабылданған терминдер мемлекеттiк тiлге қызмет етумен қатар, бiздiң сыртқы әлеммен қарым-қатынасымызды жақсартып, халықаралық қауымдастықпен жақындасудың да жағдайын жасау керек», – деп атап көрсеттi Қанат Саудабаев мырза. Одан әрi мәжiлiсте комиссия мүшелерiнiң де пiкiрлерi тыңдалды.

Мәжiлiстi қорытқан Мемлекеттiк хатшы Терминком алдында тұрған мiндеттердi саралап, комиссияда қабылданған сөздердiң заңдық күшке ие болу, терминдердiң бiрiздiлiгi үшiн тиiстi базалық орталық құру, 30 бағыт бойынша құрылған секцияларда экспертизалық топтар жасақтау, осы салаға қос тiлдi еркiн меңгерген маман ғалымдарды кеңiнен тарту жөнiнде нақты тапсырмалар бердi.

Г.БЕКТАСОВА