YКIМЕТ НЕГЕ ДӘРМЕНСIЗ?

YКIМЕТ НЕГЕ ДӘРМЕНСIЗ?

YКIМЕТ НЕГЕ ДӘРМЕНСIЗ?
ашық дереккөзі

Премьер Мәсiмов нан бағасына қатысты мәселенiң саяси реңк алып бара жатқанына алаңдайды. Өйткенi, қымбатшылық пен қазақ шенеунiктерiн әбiгерге салған нан мәселесi отандық бұқаралық ақпарат құралдарындағы басты тақырыптардың бiрiне айналды.

Тiптi, кейбiр басылымдар сарапшылар мен мамандарға "нан бағасының қымбаттауы Үкiметтiң отставкаға кетуiне ықпал ете ме?" деген сауал тастап та үлгердi. Ал бiрқатар саяси партия өкiлдерi Мәсiмов бастаған Министрлер кабинетiнен өз ерiктерiмен отставкаға кетудi талап еттi. Көптiң көкейiндегi сұрақ: "22 миллион тонна астық жинаған Қазақстан азаматтарын арзан нанмен неге қамтамасыз ете алмай отыр? Отандық нарықтағы қатшылық пен қымбатшылық кiмнiң қалтасын қампайтуда?"

"БЫЛАЙ ТАРТСА — АРБА, БЫЛАЙ ТАРТСА — ӨГIЗ…"

ҚР еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың мәлiмдеуiнше, қазiргi таңда республикамызда 3 миллионға жуық отандас әлеуметтiк көмекке зәру. Олардың 187 мыңы сiңiрi шыққан кедей. Сол 187 мың қандастың құны 60-65 теңге тұратын нанды кез-келген уақытта сатып алуға жағдайы келе ме, келмей ме? Үкiметтi толғандырған бұл сұрақ емес. Ушығып кеткен мәселенiң себебiн де отандық нарықтан алыс, мұхит пен теңiздердiң арғы жағынан iздейдi. Мысалы, "әлемдiк астық нарығын жайлап алған қымбатшылық салдарынан жағдай күннен күнге күрделенiп барады. Францияда бiр тонна астық бағасы 340 долларға тең. Көршiлес Ресейде — 320 доллар. Кезiнде 40 доллардан сатылған қазақтың дәндi-дақылы бүгiнде 300 доллардың үстiнде". "Нан — стратегиялық тауар" деген ұстанымдағы Қазақ елiнiң Үкiметi қоғамның саяси белсендiлiгiн туғызған бағаны ырықтандыруға мүдделi. Өйткенi, елдегi жемқорлық, қаржы дағдарысымен бiрге қымбатшылық тек экономикалық емес, саяси тұрақсыздыққа себеп болуы әбден мүмкiн. "Жығылғанға — жұдырық", қазiр былтырдан берi жиналған қоймадағы бидай 2 миллион 800 мың тоннаға жуық. Биылғы жиналған астық — 22 миллион тонна. Ресми деректерге сүйенсек, 22 миллион дәннiң 8 миллион тоннасы iшкi тұтынуға кетедi. Соның iшiнде азық-түлiктiк дәндi-дақыл мен нан пiсiруге арналатыны — 3 миллион 2 мың тонна. Дәл осы 3 миллионнан астам астық үкiметтiк бақылауда болуы тиiс. Яғни, мемлекеттiң қарамағындағы, Үкiмет меншiгiндегi мүлiк. Бүгiнгi таңда тек Елбасының тiкелей бақылауында тұрған 500 мың тонна астық қоры бар. Үстiмiздегi жылдың көктемiнде Мемлекеттiк азық-түлiк корпорациясы отандық диқандардан нанның әр тоннасын 150 доллардан алуға келiсiм-шарт жасасты. Баға кенеттен шарықтап кетсе де, бұл келiсiм орындалуы шарт. Оны жергiлiктi әкiмдер бақылап отырмақ. Сонымен қатар Мемлекеттiк азық-түлiк корпорациясы 2 миллион тонна астықты диқандардан нарықтық бағамен сатып алады. Жуырда ғана Мәсiмов пен Есiмов нанның зауыттарда қойылатын ресми бағасы 39 теңгеден аспайтынына сенiмдiлiк бiлдiрген едi. Қос шенеунiк бұл сөздерiн көп кешiкпей-ақ қайтып алды. Дүкен мен базар сөрелерiндегi қымбатшылық пен қатшылықтың түпкi себебiн анықтауға құлшынған Министрлер кабинетiнiң әдепкi арыны да басылып қалған сыңайлы. Осыдан бiр ай бұрын: "Биыл наннан ешкiм тапшылық көрмейдi. Мен оған сенiмдiмiн. Аттан салудың, ұнды көптеп сатып алуға тырысудың қажетi жоқ. Қолда бар ақшаларыңызды желге шашып аласыздар" деп елдi сабырға шақырған вице-премьер Шөкеев те үнсiз. Есесiне, әр дүйсенбiде шендi, шекпендi сан шенеунiк "Күлтөбенiң басына жиылып алып", кеңес құрады.

АЙТЫП, АУЫЗ ЖИҒАНША — ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Бiр апта бұрын Үкiмет үйiндегi жиылысқа ҚР ауылшаруашылығы министрi Ахметжан Есiмов келмей қалған. Премьер Мәсiмов: "Елдегi баға мәселесiнiң ушығып кетуiне ауылшаруашылығы министрлiгi кiнәлi, дер кезiнде шара қолданбады" деп қатаң сынға алды. Әкiм-дерге нанның нарқын тұрақтандыруға ықпал ететiн астық қорларын құруға пәрмен еттi. Есiмов дүйсенбi күнi мәжiлiсмендердiң алдында есеп бердi. Канада мен Австрия елдерiндегi және 25 мемлекет мүшелiкке өткен еуроодақтық мемлекеттердегi ауа-райының қолайсыздығы салдарынан егiннiң бiтiк шықпағанын, әлемдiк нарықта астық сатудың оңай олжаға айналғанын көлденең тартқан бiздiң билiк нан мен ұн бағасының өсуiне әлемдiк астық нарығындағы жағдайдың тiкелей қатысы барын айтады. Әлемдiк астық қоры кейiнгi 3 жылда 140 миллион тоннадан 111 миллион тоннаға бiр-ақ төмендеген. Дәл осы жағдай бағаның өсуiне әсер еткен көрiнедi. Қазiргi кезде әлемдiк нарықта 1 тонна бидай бағасы орташа есеппен алғанда, 355 долларға тең. Бұл көрсеткiш былтырғымен салыстырғанда 80 пайызға жоғары. Есiмовтiң айтуынша, премьер пәрмен еткен астық қорлары ендiгi құрылған көрiнедi. Ал экспорттау мәселесiне келсек, жоғары сұранысқа ие боп отырған қазақ бидайын кiм көрiнген әлемдiк нарыққа шығара алмайды. Себебi, билiк қатаң бақылап отыр. "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ ай сайын 1 миллион тонна астықты экспорттауға ғана қауқарлы. Осыған байланысты ҚР Ауылшаруашылығы министрлiгi, тiптi, Акционерлiк қоғам өкiлдерiмен бiрге арнайы келiсiм-шарт жасасқан. (Үстiмiздегi жылы Қазақстанның экспорттық потенциалы 9-10 миллион тонна астыққа жеткен). Сонымен қатар бағаны ырыққа көндiруге қатысты шаралар ендi басталып та кеткен. Мысалы, Атырау облысында жергiлiктi билiк ұн тасымалдаушылармен бiрге бiрiншi сортты ұнды 56 теңгеге сатып алу туралы арнайы құжатқа қол қойыпты. Яғни, ас атасы мұнда 45-50 теңге тұрмақ. Есесiне, Алматыдағы баға — 55-65 теңге. Егiншiлiкпен айналыспайтын Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Астана және Алматы қалаларының әкiмдiктерi астықты үздiксiз тасымалдауға қатысты диқандармен келiсiм-шартқа отырған. Министр депутаттарды "Астықпен қамтамасыз ете алмайтын аймақтарға келсек, олардың әрқайсысымен тиiстi меморандум қабылданды. Бұл құжаттарда астыққа зәру аймақтарға оны қандай бағамен жеткiзу қажеттiлiгi көрсетiлген. Сонымен қатар бұл облыстар астық өнiмдерiнiң бағасын жергiлiктi әкiмшiлiктерде реттейтiн болады" деп сендiруге тырысты. Шенеунiк сөзiнiң ықпалы қаншалықты екендiгiн уақыт көрсетедi. Бiрақ баға мәселесiн билiк түбегейлi жүйеге қойып, оны үздiксiз қадағалап отырмаса, инфляция деңгейiнiң өсе берерi хақ. Оның үстiне, биыл Президент халыққа Жолдауында 2008 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақының 28 пайызға, ал балалы отбасыларға бөлiнетiн жәрдемақының 2 есеге дейiн көбейтiлетiнiн айтқан. Елбасы айтып, ауыз жиып үлгергенше, дүкендер мен базарлардағы баға шарықтап шыға келдi. Қашанда осы! Билiк бюджеттен бөлiнетiн қаржыға 5-10 теңге қосты дегенше, "қалтасы тесiк" қарапайым халық, әсiресе, ауылдағы ағайын сорлады дей берiңiз. Парламенттегi үкiметтiк сағатта Есiмов: "Бұл бағалар 2008 жылдың 1 қаңтарына дейiн сақталады. Одан кейiн баға жағдайға сәйкес өзгертiлуi мүмкiн" деп мәлiмдедi. Министр сөзiнiң астарында "қымбатшылықтан бәрiбiр қашып құтылмайсың, ерте ме, кеш пе, нан қымбаттайды" деген емеурiн жатқандай. Демек, дастарқанның сәнiн келтiретiн ас атасымен бiрге өзге тауар түрлерi де қымбаттайды. Дайындала берiңiз…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ