БАЙҚОҢЫРДАН ТАҒЫ ДА “ПРОТОН” ҰШЫРЫЛМАҚ

БАЙҚОҢЫРДАН ТАҒЫ ДА “ПРОТОН” ҰШЫРЫЛМАҚ

БАЙҚОҢЫРДАН ТАҒЫ ДА  “ПРОТОН” ҰШЫРЫЛМАҚ
ашық дереккөзі

Қыркүйектiң 6-сында Жезқазған даласына құлаған «Протон-М» зымыран тасығышынан құлаған улы гептилден келген зиянды мемлекеттiк комиссия 74 миллион долларға бағалады. Ресей тарапынан келiссөзге «Роскосмостың» төрағасы Анатолий Перминов қатысты. Бұдан бұрынғы Қызылорда облысының елдiмекендерiнiң бiрiне құлаған «Днепр» зымыран тасығышынан келген зиян 1,1 миллион долларға бағаланып, аталған айыппұл Қазақстан экономикасына құйылған едi. Бұл жолғы айыппұлдың сомасы әжептәуiр. Дегенмен, бiздiң мемлекеттiк комиссияны басқарған Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр В. Храпунов кейбiр есептеулердiң күдiк тудырып отырғанын жеткiздi. Министр аталған соманың төмен екендiгiн, қосымша тексерулердiң қажеттiгiн сөз еттi.

Бұдан бұрын алдын-ала жасалған қорытындылар бойынша, келтiрiлген зиян мөлшерiн 8,3 миллион долларға бағалапты. Ал, соңғы тексерулердiң нәтижесiнде аталған сома 9 есеге өсiп кеткен. Бұл Ресей жағын таңдандырмай қойған жоқ.

Кейбiр ақпарат көздерiне қарағанда, бұл жағдай Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа да салқынын түсiрген сияқты. «КоммерсантЪ» газетiнiң жазуы бойынша, Ресей және Қазақстан президенттерiнiң Новосибирскiде өткен Ресей және Қазақстан шекара аймақтарының басшыларының форумында бiр-бiрiне онша жылы қабақ танытпаған. «Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен арадағы қарым-қатынастың қазiргi жағдайына көңiлi толмайтындығын жасыра алмады» делiнген онда. «КоммерсантЪ» газетiнiң тiлшiсi Андрей Колесников бұған дейiнгi екi ел президенттерiнiң кездесуiнiң талай куәсi болғандығын айта отырып, бұл кездесудiң аса қобалжулы болғандығын жеткiзген. «Владимир Путиннiң кiрiспе сөзi қысқа болды. Ол екi ел қарым-қатынасындағы жеңiстер жөнiнде де, қарым-қатынасқа түскен сызаттар жөнiнде де тiс жармады. Жеңiс жайында айтпайтыны – Қазақстанның Байқоңырынан «Протон» ұшыруға тыйым салынды. Ал, Қазақстан тарапының келтiрген айыппұлын төлемеуге тағы болмайды. Өйткенi, ондай у Ресей даласына құласа, не iстер едiк. Керiсiнше, Назарбаев мырзаның сөзi қатқыл болды. Ол Қазақстан тарапы Шығыс Қазақстаннан Ресейге жалғайтын автомобиль жолын салды. Ал, Ресей Алтай өлкесiндегi 40 шақырым жолдың құрылысын бастаған да жоқ дедi. Сондай-ақ, Омбымен жалғайтын жолды Қазақстан тарапы да бiтiре алмай жатқандығын айтты» делiнген «Пограничное состояние. У Нурсултана Назарбаева замедлились отношения с Россией» атты мақалада.

Қазақстан үкiметi белгiлеген 74 млн. доллар өтемақы ресейлiктердiң көңiлiнен шықпай отыр. Сол себептен де, өтемақы төлеу мәселесiн Ресей желтоқсан айына шегердi. Соған қарамастан, 25 қазанда жаңа зымыран тасығышы ұшырылу көзделуде. «Глонасс-М» ғарыштық аппаратын ұшыру үшiн Байқоңыр космодромына жеткiздi. Жоспар бойынша оны ұшыру мерзiмi 25 қазан болуға тиiс екен. Алайда, «Протон-М»-нiң аварияға ұшырауы, аталған зымыран тасығышын ұшыруды белгiсiз мерзiмге созып қойған. Сол себептi де, Ресей аталған өтемақыны төлеуге мүдделi, әрi асығыс болуға тиiс едi. Ресей мемлекеттiк комиссиясының төрағасы, Федералдық ғарыш агенттiгiнiң басшысы Анатолий Перминовтың айтуынша, Байқоңырдан «Протондардың» ұшырылуы мәселесi осы айдың онында белгiлi болатын көрiнедi. Бiрақ, олар аталған сомаға келiспей тұрып, зымыран тасығыштарды ұшыруға Қазақстан тарапын көндiруге мүдделiлiгi бiздi таңқалдырды.

Есенгүл Кәпқызы