2010 ЖЫЛ — МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДIНДЕРДI ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН ЖЫЛ

2010 ЖЫЛ — МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДIНДЕРДI ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН ЖЫЛ

2010 ЖЫЛ — МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДIНДЕРДI ЖАҚЫНДАСТЫРАТЫН ЖЫЛ
ашық дереккөзі

Астана қаласы Бейбiтшiлiк пен келiсiм сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуiмен Әлемдiк және дәстүрлi дiн басылары Съезi хатшылығының VI отырысы болып өттi.

Бұдан бiр күн бұрын, яғни, 18 қыркүйек күнi 2010 жылды — Мәдениеттер мен дiндердi жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялауды ұсынған едi. Бұл туралы арнайы басқосуда сөз алған Тоқаев: "Қазақстан мемлекет басшысы 2010 жылды мәдениеттер мен дiндердi жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау жөнiнде бастама көтердi. Бүгiн бұл мәселе ЮНЕСКО желiсiмен дәйектелiп, ұйым тарапынан қолдау тапса, бiз БҰҰ Бас ассамблеясына тиiстi резолюция қабылдау жөнiнде ұсыныс жасамақшымыз" дедi мәлiмдемесiнде. Сонымен қатар, Тоқаев әлемдегi әр түрлi дiндер арасындағы диалог — бiрлiк пен келiсiмге қол жеткiзудiң маңызды құралы екендiгiн атап өттi. Халықаралық терроризм адамзаттың қауiпсiздiгiне стратегиялық қатер төндiрiп отырған шақта әлемдiк қоғамдастық өзiнiң күш-жiгерiн бiрiктiре отырып, тезiрек дамытуы тиiс. Сол себептен дiндер мен конфессияаралық түсiнiстiктiң айтарлықтай артқаны дұрыс. "Әлемдiк және дәстүрлi дiн басыларының II съезiнде Н.Назарбаев: "Жаратушы — бiреу, бүкiл ғалам — бiреу, аспан шексiз, демек, бiздiң бәрiмiзге бiр әке мен бiр шешенiң балалары секiлдi бейбiтшiлiк пен келiсiмде өмiр сүру парыз" деп айтқанын еске түсiрген Қ.Тоқаев тағы да форумның маңыздылығына тоқталды. Басқосудың мақсаты — дiндер мен конфессиялар арасындағы айырмашылықты iздеу немесе бәсекелесу емес, жақын жүздесуiне төте жол салу. Осы тұрғыда әл-Азхар университетi ислам зерттеулерi жөнiндегi Бас хатшысы Әли Абдель Баки Шехата шейхтың өздерi уағыздайтын дiни құндылықтарды зерделеуге қатысты негiзгi мәселелердi ауқымды, терең талқылау жөнiнде бастаманы құптады. Бұл маңызды үнқатысуды iс жүзiнде жүзеге асыру жайында айтқан Қ.Тоқаев оны алдағы жылы Астанада өткiзу туралы ұсыныс жасап едi, жиналғандар тарапынан қолдауға ие болды. Сондай-ақ, Тоқаев қазақстандық делегацияның қасиеттi Эгидия қоғамының бастамасымен қазан айында Неополь қаласында өтетiн бейбiтшiлiк жолындағы дiнаралық кездесуге қатысатынын жеткiздi. Ал биыл әлемдiк және дәстүрлi дiнбасылары съезi хатшылығының төрағасы Барселона қаласында "Casa Asia" институтының эгидасымен өтетiн "Батыс-Шығыс" диалогына қатысуды жоспарлап отыр. Қысқасы, съездiң қорытынды құжаттарын дайындау жөнiндегi жұмыс тобының құрамы бекiтiлiп, әлемдiк және дәстүрлi дiнбасылары съезi хатшылығының кезектi VII отырысы 2008 жылдың 28-29 қазанда Алматы қаласында өтетiн болды.

Динара Мыңжасарқызы