2007 жылдың 12-қазаны Ораза айт

2007 жылдың 12-қазаны Ораза айт

2007 жылдың 12-қазаны Ораза айт
ашық дереккөзі
Мейiрiмдi, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!
 

Құрметтi, мұсылман ағайындар!

Сiздердi барша мұсылман қауымының ұлық екi мерекесiнiң бiрi — Ораза айтымен шын жүректен құттықтаймын! Күнi кеше ғана 1 ай бойы ұстаған оразамыз да аяқталып, бүгiнгi қуанышпен тойлайтын мерекеге де жеттiк. Қасиеттi Рамазан айында ораза ұстаған бауырларымыз күнәларынан тазарды. Бұл хақында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бiр хадисiнде: "Кiмде-кiм Рамазан оразасын Аллаһ разылығы және сауабы үшiн ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешiрiлер. Ал, Қадiр түнiнде ояу отырып, намаз оқығанның әуелгi күнәлары кешiрiлер" — деген. Қасиеттi айда сан мыңдаған жамағаттарымыздың қатысуымен мешiттерiмiзде тарауих намаздары оқылып, бiрқатарында Құран хатым етiлдi. Кiм-кiмге де белгiлi Құран хатым етiлген ауылда, кентте, қалада, жалпы сол елде береке, ынтымақ артып, Аллаһтың нұры жауады. Қадiр түнiн де жамағаттар мешiттерде қарсы алып, құлшылықпен көрер таңды көзбен атырды. Қаншама iзгi тiлектер тiленiп, дұғалар жасалды. Аллаһ Тағала өз дәргейiнде қабыл еткей деп тiлейiк. Рамазаннан кейiн айттың келуi бiз үшiн тосын оқиға болмаса да, бейне бiр жаңа атқан таңдай жан-сарайымыз бен санамызды нұрға бөлеп, көңiлiмiздi барша кiрбiңнен тазалайды. Осы мүбәрак күнi бүкiл әлем жақсы бiр шаттыққа, рухани ғаламат күйге бөленедi. Адам жаны аса жеңiлдейдi де, ақыл мен жүрек өзара үйлесiм табады. Адам кейде осы бiр деңгейдегi өзгерiстерге қарап, таңданады. Өйткенi, бұл оразадан алған рухани күшiмiздi толықтырар айттың жүректерге берген сыйы. Дiнiмiздегi мейрамдар мұсылман қауымын ғана емес, барша адамзат баласын ынтымақ пен берекеге үндеп, сыйластық пен бауырластыққа шақырады. Олай болса, жүректер бұл күндерi оң өзгерiстерге енiп, айттың құшағына кiрiп, бiр-бiрлерiне тек жақсы тiлектер айтуға асығатын күн. Мереке күнi әрбiр мұсылман ерте тұрып, тазаланып, хош иiс жағынып, Ораза айт намазын оқу үшiн мешiтке бет алады. Кезiнде сүйiктi хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз да айт намазына таза киiмдерiн киiп, хош иiстенiп, үйiнен дәм татып шығатын. Жыл бойына жiберiп алған қателiктерiмiздi шынайы көңiлмен кешiрiсудi насихаттаған. Бұл күнi мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөлiсiп, кембағал, жетiм-жесiр, мүгедек жандарға қолынан келгенiнше сыйлық тартады, ауру-сырқаулардың халiн бiлiп, оларға Аллаһтан шипа тiлейдi. Мұсылмандар бiр-бiрiнiң үйiне барып, зиярат етедi. Ата-анасы мен туған-туыс, дос-жарандарымен жолығады. Алыста болса хабарласып, iзгi тiлектерiн бiлдiрiседi. Осы күннiң Аллаһ Тағала құрметiн аса ұлық еткен. Олай болса бiз де жылына бiр рет келетiн ораза айтын ерекше сезiммен қарсы алып, уәжiп болған намазға қатысып, бiр-бiрiмiзге, елiмiзге бақыт пен жақсылықтар тiлеуге асығайық, ағайын! Аллаһ Тағала баршамызға келер Рамазан айын да қуанышпен қарсы алуды нәсiп еткей! Әмин!
  Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти.