Жаңалықтар

Адольф ЯНУШКЕВИЧ: ӘДIЛДIК IЗДЕГЕНДЕР ХАЛЫҚҚА БАРСЫН

ашық дереккөзі

Адольф ЯНУШКЕВИЧ: ӘДIЛДIК IЗДЕГЕНДЕР ХАЛЫҚҚА БАРСЫН

2003 жылы Адольф Янушкевичтiң "Қазақ даласына сапары туралы жазбалар" атты кiтабы Ғабит Зұлхаровтың аудармасымен "Аударма" баспасынан жарық көрген болатын. ХIХ ғасырдың ортасында қазақ даласында ұзақ мерзiмдi айдауда болған поляк офицерiнiң қазақ халқына құрметi, намысқойлығы мен батылдығына әуелгi таңданысы табынуға айналатыны ғажап. Халық рухы алдында бас иедi.

Бiр айта кетер жайт, Адольф Янушкевич сапар кiтабын жазуды ойламаған. Сол кездерi анасына, iнiсiне, достарына жазған хаттарын, күнделiк жазбаларын олар кейiнiрек кiтап етiп шығарған. Бұл адамгершiлiк, шынайы мәдениеттiң нақты көрiнiсi ғой.

Осы жазбалардың шағын бөлiгiн оқырмандарымыздың назарына ұсына отырып, әрбiрiмiз өз қазағымызды Адольф Янушкевичтей сүйсек қой демекпiз.

ҚАЗАҚ ТIЛI ЖӘНЕ АЙТЫС ТУРАЛЫ

"…Бiр кездерi Омбы облысының орталығы болған Семей қазiр Томск губерниясының округiне қарайды. Ол Тобылдан 1300 шақырым қашықтықта болса, Омбыдан 700 шақырымдай алшақтықтағы Семей өзенiнiң Ертiске құяр аңғарында тұр. Ол бұл жерге XVIII ғасырдың екiншi жартысында, яғни, 1716 немесе 1726 жылы осы аттастықпен кiшiгiрiм бекiнiс қамалы ретiнде, 20 шақырым төменде қоныс тепкен. Жоңғарлардың қираған ескi қорғандары орнына салынған бүгiнгi Семейде 7000 тұрғын бар. Мұның басым көпшiлiгi татарлар, ташкенттiктер мен бұхаралықтар. Сондықтан да болар,Семейде бiр ғана шiркеу бар. Оның есесiне алты немесе жетi мешiт болса керек. Қазақ тiлi барлық жерде дерлiк қолданылады. Тiптi, дәулетi мен мәдениетi асқан орыстардың басым көпшiлiгiнiң өзi, бiздiң әйелдерiмiздiң француз тiлiнде сөйлесетiнi сияқты, қазақша сөйлей бередi".

* * *

"…Бұл даулы iс бiздi бiрнеше күн аялдатты. Өйткенi, бiр-бiрiмен жауласқан екi жақ егеске түскен. Бұл дау әбден ушығып шегiне жеткен. Минут сайын сөзге жаңа шешендер араласады. Осындай дала Демосфендерiнiң кейбiреулерiнiң сөздерi мәнерлiгiмен менi барынша қызықтыра түстi. Тоқымбай старшина мен Бейсекенiң өзi де егер ертедегi Греция немесе Римде өмiр сүрсе, даңқтан белдерi бүгiлiп кеткен болар едi."

"…Осы арада мен өмiрi естiмеген боқтық сөздер бұршақша жауды. Бұл керiс тыңдаушыларға үлкен әсер еттi. Тоқымбай әр сөзiн шешендерге тән жiгерлiлiкпен қолын сермеп тастаған сайын жиналғандар оны ұйып тыңдады. Сөйлеген сайын сөздерi сомдана түстi. Ол бiрде ресейлiк шенеунiктер алдында Қойшыбайдың құрдай жорғалайтын түр-кескiнiн қимылмен бейнелеп, бас шағымшыны келемеж еттi. "О, мұндар, мұндар" деп сөзiн аяқтады".

"…Ойда жоқ жерде айтыс басталып кеттi. Киiз үй iшiнде қайта тыныштық орнады. Ертедегi Олимп ойындарындағыдай-ақ, екi саңлақ ақын бiр-бiрiмен айтысқа түстi. Бiрi шумақпен атқылай бастаса, екiншiсi оған дереу жауап бередi. Бiрiншiсi шапшаң шабуылдаса, екiншiсi қапысыз қорғанады.

Стенография өнерiнен хабарым жоқ болғандықтан, жаңа ақын өлеңiнiң мәнiн ашатын бiрнеше шумақтарын ғана саған жеткiзейiн. Оның өзi де менiң қасымдағы тiлмаштар есiнде қалғандары ғана.

"Уа, мен де сен сияқты осы халықтың ақынымын. Мұндай көп ұлы адамдардың, атақ даңқы жайылған беделдi адамдардың алдында менiң де өлең айтуым бiрiншi емес! Мен де ақынмын. Бiрақ Орынбайдай емеспiн. Жанақтың жырлары Орынбайдың жырларындай емес. Уа! Орынбай! Сен жандаралды дәрiптедiң. Жанақ та оны мақтай алар едi. Онсыз да ұлы, онсыз да даңқты және байтақ далаға сүйiктi болып тұрғанда, жандаралға бәдiк ақын өлеңiнiң не қажетi бар. Сен өзiмiздiң сұлтандарды дәрiптедiң, өйткенi, олардың шапандары мен жылқыларын тәуiр көресiң. Мен болсам, сормаңдай мүсәпiрмiн, жылмаң қағып, ешкiмге жарамсақтанбаймын. Сен әркiмге бiр қол жайып, аш төбеттей майлы сүйек күтiп жаутаңдайсың, мен айуан болғым келмейдi. Сен өзiңдi өлеңшi деп айтуға аузың қалай барады? Сенiң өлеңiң ақы төлеген адамға ғана арналады. Егер сен шын ақын болсаң, өлгендер туралы неге айтпайсың? Арамызда қазiр жоқтардың еңбегi туралы неге жырламайсың? Осы иен далада бiр кезде өмiр сүрген әкелерiмiз бен аталарымызды неге мадақтамайсың? Ие, жылқы да, шапан да бере алмайтын оларды қалай жырға қосарсың? (Ол Орынбайдың даусы мен қимыл-қозғалысын әжуалап келтiрдi). Ей, Орынбай! Уа, әйгiлi ақынсың! Бағзы заманда даламыздың қандай болғанын сен осы бiлетiн бе едiң? Абылай заманында кiм едiк, осы бiз… т.б.".

"…Қазақ жыры мен сазының үнiнiң бұдан әрi бастырмалатуынан, шамасы именсе керек, жандарал бiрнеше жылы сөз айтып, шалбарлық жақсы шұғадан сыйлықтар тапсырып, бақталастың аптығын басты. Сөйтiп, осылайша олардың сөз сайысы аяқталды.

Мен ойға қалдым. Осының бәрiн мен дүниежүзi тағы және жабайы санайтын далада көшiп жүретiн халықтың ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бiрнеше күн бұрын мен дүрдараз екi ел өкiлдерi қақтығысуларының куәсi болып, ешқашанда Демосфен мен Цицеронды естiп және бiлмеген шешендердiң сөзiне қол соғуыма тура келдi. Ал бүгiн менiң алдымда, тiптi, оқи да, жаза да алмайтын ақындар өнерлерiн алдыма жайып салды. Олар өзiнiң таңқалдырарлық талантымен менiң жүрегiм мен жаныма көп нәрсенi ұялатып, менi, тiптi, тәнтi еттi. Ал бұлар тағы жыртқыштар ма? Бұлар болашақтан мақұрым қалмақ па? Жоқ, олай емес! Бұл имандай шындығым! Мұндай талант иесi өркениеттiлiктен әсте тысқары қалмақ емес. Оның рухы қазақ даласына да жетiп, жарық шоғын үрлей түсер".

* * *

"Осы салтанат үстiнде мен тұңғыш рет өлеңшiнi тыңдауға мүмкiндiк алдым. Бұлар қазақ трубадурлары, даланың бардтары — ұлы ақындар. Бұлардың өлең шығару мен оны орындау деңгейi осы ұлы халықтың ақыл-ой қабiлетiн тамаша айғақтайды. Несiн айтайын, менi сонау орта ғасырға алып барды. Бүгiн мен қазақ киiз үйi iшiнде көргенiмдi готикалық қорғанның тас күмбездерi астында өздерiнiң серiктестерiмен масайрап отырған барон тойынан ғана таба алар едiм…".

БАТЫРЛЫҚ ПЕН БАРЫМТА БАЯНЫ

«… Дегенмен Қойшыбай өшейiн дген дау отын тағы бiр қыздырып қалайын дедi ме, бақталасының ауылынан қарға адым ұзап шықпайтынын, ал өзiн осы аймақтың бәрi бiлетiндiгiн, бiр казак полковнигiнде қадiрлi мейман болғандығын, бiр князьдың оған темекi тартатын қорқор сыйлағанын айта бастап едi, оны нөсер селi өшiрiп тастайтындай Бейсекенiң екпiндi сөзi қағып әкеттi. Бейсеке ұшып тұрып: "Сен сол полковниктерiңдi, генералдарыңды, князьсымақтарыңды айнала бер, аймалай бер. Мен– қазақпын! Сол қазақтардың ортасында әрқашанда боламын және қала беремiн", — дедi. Ақырында ол Викторға бұрыла тiке қарап, мынадай сөздердi айтты: "Сен ендi менiң денемнен қан қалдырмай сығып ал немесе ана Қойшыбайдың денесiнде бұдан әрi бiрде-бiр түк өспейтiндей етiп терiсiн сыдыр. Әйтпесе, бiздер әсте татуласа алмаймыз".

* * *

"Қазақ салты бойынша құрдастар кез-келген уақытта бiр-бiрiне әрқилы сөздер айта бередi және оған олардың ашулануына, кектенуiне рұқсат етiлмейдi".

* * *

"Ол он алты жасында барымтаға аттанып, жылқы ұрлап жүргенде қапыда қолға түсiп қалса керек.

Бұл елде жалпы барымтаға жiгiттiк шақта үйрену ержүректiлiк пен ептiлiк деп бағаланады. Сол бiр қолға түсiп қалған Бейсекенi жаулары киiз үйдiң керегесiне кере байлап, есiнен танғанша дүрелептi. Қалай сол азап пен өлiмнен аман қалғанына Бейсекенiң өзi де күнi бүгiнге дейiн таңданатын сияқты. Әйтеуiр, өлiмнен құтылуға өзiнiң батылдығы мен қайтпас қайсарлығы себеп болса керек. Оның денесiндегi Қойшыбай салған таңба мен барымтадан қалған көптеген тыртықтар Бейсекенiң денсаулығына зиян тигiзгенi былай тұрсын, қайта оны Аягөз округiнде алшаңдай басып жүрген Геркулестей сезiндiредi".

* * *

"Ал бiз болсақ, өз тарапымыздан сақтық қамына кiрiстiк. Виктордың айтуы бойынша, ашуға мiнген қазақтардың жантүршiгерлiк айқайы мен адамдардың шартпа-шұрт келiп ұрысқа кiрiсетiнi нағыз тозақтың өзi болса керек. Әрине, мен iшiмнен мұндай шайқастың куәгерi болуды қалаймын".

* * *

"Барақ сұлтан — Шыңғыс ханнан тарайтын хандардың ұрпағы. Ол қазiр де дер шағында. Әлi жас, алып дене күшiне сай, жүзiнен нұр төгiлген сұлу адам. Табиғат оған Дала Геркулесiндей күшпен қоса ақыл мен қайсар мiнездiң үстiне жүрек жұтқан батылдықты қоса сыйлапты. Феодалдық дәуiрдегi баронның ұлы секiлдi ол серiлiк дәстүрiнде тәрбиеленген. Садақты ешкiм одан дөп атпаған, асауларды одан тез ешкiм үйретпеген, ауыр тасты одан ешкiм оңай көтермеген. Қазақ сайысы — бәйге, аңшылық пен ерлiк бұл адамның атын бүкiл далаға жайған. Оңай олжа iздегендердiң көпшiлiгi осы Барақтың жасыл туының астына жиналып, Алатау жаққа сан рет жорық жасаса керек…".

* * *

"…–Шәуешекке бiр барғанымызда,- дейдi батыр, — сол жердiң алдайына (комендантына) тап болдық. Жанымдағылардың бәрi қайнағасына сәлем берген жас келiншектердей тiзелерiн бүгiстi. Мен оны құрмет тұтудың белгiсi ретiнде қолымды кеудеме апардым. Менiң илiкпеуiме таң қалған алдай:

–Басқалардай сен неге тiзеңдi бүкпейсiң,- дедi.

–Ондай құрмет тек тәңiрге ғана көрсетiледi, ал сен құдай емессiң … Мiне, жалпылай баяндасақ бұл нағыз байрондық бейне, халықты соңынан ертiп, оны алға қойған мақсаттарына бағыттай бiлетiн рухы күштi адамның тұлғасы осындай ".

* * *

"…Айналамыз дүрлiккен жұрт. Бәйгеге арналып сойылған сиыр, қой, жылқы еттерi тайқазандарда бүлкiлдеп пiсiп жатыр. Қазақтар арлы-берлi шапқыласып жүр. Сағат 10-да қазақ жасақтарының байқауы болды. Бұдан сәл бұрынырақ осы араға би мен бiздiң басшымыз келген. Оның өн бойы толған қару-жарақ, қолында өз туы бар. Туды ол генералдың үйiне таяу қадады да, өзi қолына қылышын ұстап соның қасында қақайып тұра бердi. Бiз онымен әңгiмелескiмiз келiп едi, ол қызмет үстiнде сөйлесуге болмайды дедi. Байқау әлi басталмайды деген бiздiң ескертпемiзге ол: "Өлсем де осы арадан кетпеймiн",- деп қысқа жауап қатты".

"Қазақтар аштыққа шыдамды, суыққа да төзiмдi. Желтоқсан айында отыз барымташы сұрапыл қарсыластыққа душар болып, сойылға жығылып, бәрi бiрдей зақымдалып қалады. Ауылдары болса 150 шақырымдай қашықтықта. Содан олар қар астынан басы қылтиған шөптердi жағып, бәрi соған жылынып, денелерiн жалынға тосып, жандарын аман сақтап қалған. Бiр жердегi от сөне бергенде, бiрнеше адамдар алға жүгiрiп, тағы да шөп жұлып от жаға отырып, қыс iшiнде ауылдарына жеткен, тек бiр адамы өлiп, қалғандарының қол-аяқтарын азды-көптi үсiк шалып, оның өзi де көп ұзамай жазылып кеткен".

* * *

"…Төзiмi таусылған Виктор, бiрден досына ашуланып, оған қамшы үйiрiптi. Бұған қазақ аузын ашпапты. Бiраздан кейiн Есен: "Ауыл алыста екен. Оған ертең зорға жетемiз", — дейдi. Одан әрi екеуi сөз таластырмай үн-түнсiз жүре бередi. Кешке қарай тоқтаған жерде Виктор шаршап ұйықтап қалады. Оянса Есен шай қайнатып қойыпты. Шай үстiнде екеуi көңiлденiп, сөйлесе бастайды. Сонда қазақ: "Сен барып тұрған ақымақ, есерсоқ екенсiң. Маған, қазаққа, қамшы үйiргенiң ақылыңның барлығы ма? Ұйықтап жатқаныңда өзiңдi өлтiрiп, атыңды алып, қашып кете беруiме әбден болатын едi. Бағыңа қарай мен сенi өз баламдай көрдiм. Тегiнде менiң ақылымды ұмытпа, қазақты жазықсыз жәбiрлеме, ол ондай оспадарсыздықты көпке дейiн ұмытпайды және елдiң бәрi саған Есендей болмас", — дейдi ол. Содан берi екеуi жұбы айырылмас достар болып кетiптi.

ҚАЗАҚ КӨШIНIҢ ҚЫЗЫҒЫ ТУРАЛЫ.

"…Бұл аймақтың қазақтары қыстауларын, яғни қысқы тұрақтарын тастап шыққалы айдан асқан. Бiрнеше ай бойы отырған мекенiнен киiз үйлерiн жиып, барлық дүниелерiн түйеге артып, үйiр-үйiр жылқысын, отар-отар қойын қоса айдап, үдере көшiп жайлауға бет алады. Бұлай көшу қыс бекiп, аяз қысқанға дейiн созылады. Бұл — олар үшiн бақыттың және жалпы шаттықтың күнi.

Түтiн ыстаған жүзi жабырқау, көңiлi күңгiрт, бойы салбыраңқы қазақ ендi жайраңдап, өзiнiң ең таңдаулы атына мiнiп, жасарып, көп iшiнде жарқылдап жүредi.

Күндiз-түнi оты өшпейтiн ошақ басында отырып, ажары тотыққан оның қосағы ендi сәндi сәукелесiн киiп, керуен басы құсап, үй мүлкiн артқан түйелер шеруiнiң алдында кетiп бара жатады.

Қараңғы қапаста солғын тартқан гүлге ұқсаған қыздар ыстанған үйден шыққандарына қуанышты. Аспанның алып күмбезi астында ескен самалға қолаң шаштарының қисапсыз бұрымдарын төсеп, жүйрiк арғымақтарымен желдей еседi.

Өжет және еркiн өскен жiгiттер көздерi оттай жайнаған қаракөз сұлулармен жарысқа түседi. Алайда қуаныштары көп реттерде оңайға түспейдi. Өйткенi садақ оғынан ұшқыр, оқ жыландай зуылдап бет пен белге тиетiн қамшыдан қандай болмасын қуғыншының желi тез басылады. Қатты аяздарда ошақ басындағы күлге араласып жататын жас балалар қазiр түйелерге таңылған бесiктерден бастарын қылтита қуана айғайлап күледi. Қыс бойы қар астынан тұяғымен аршып, тапқан қорегiн қанағат етiп, аяздан арып шыққан табындағы жылқылар қожайынның қуанышын қостағандай сан-алуан үнге салып кiсiнейдi.

Қысқасы, көктемгi алғашқы көшi-қон қазақтар үшiн Феникстiң өлiп қайта тiрiлгенiмен бiрдей.

Бұған дейiн тымырсық тыныштықты ауық-ауық соғатын жел ғана бұзатын болса, бұл кезде сол даланың өзi аяқ астынан жайнап, түлеп сала бередi. Оның ұшы-қиырына көз жетпейтiн сай-саласын, жота-жонын, өлке-өзегiн қазақ әнi қуанышқа бөлеп, жер мен көктi тамсандырады".

* * *

"Көшке кезiктiк. Түйеге мiнген әйелдер бiрiнен соң бiрi шұбап келедi. Бiр келiншек әдемi қызыл күрең шалбар киiптi. Қара биқасап желең киген сұлу қыздар кербез кер атын ойнақшытып барады".

* * *

"Қымбатты Густав! Қазақ малының есеп-қисабын қағазға түсiруге арналған ұзақты күнге созылған жұмыс әбден қалжыратты. Даланы төсек етiп, ертоқымды жастанып жата кетiп едiм, тұяқ серiппестей қатты ұйықтайтын Сiбiр шаруаларындай ұйықтауға берiле жаздаппын. Дәл осы бiр сәтте бiздiң уақытша қожамыз сұлтан Шалғынбайдың сәйгүлiктерiн бағып жүрген жылқышылардың түнгi дауыстары алыстан естiлдi… Бұл әуендер сенiң бiр ауыз өлеңiңдi еске түсiрдi:

Шiркiн, қазақ әндерiн-ай, әндерiн,

Жұлып кетер жүректiң нәр-әрлерiн.

Кейде ызғырық күз даладай қайғылы,

Кейде аспандай неткен шексiз, сәндi едiң.

(Г.Зелинскийдiң "Қазақ" поэмасы. Аударған Ә.Ахметов — ред.).

Ендi ұйқы менен қашайын дедi. Қазақ әуенi де, сенi еске түсiруiм де бойымды ширықтырды… Осы бiр салауатты әрi жанға жайлы тыныштықты пайдаланып, мен төсектен тұрдым да сигарымды тұтатып, қолыма сенiң "Қазағыңды" алдым.

…Қазiр осы сәтте киiз үйдiң ашық шаңырағынан түнгi аспанда ай қалқып жүзiп барады. Құс жолы жұлдыздары самсап жарқырап тұр. Түннiң салқын ауасы жанға жайлы. Ауыл қалың ұйқыда. Арсылдап үретiн төбеттер де тынған. Бұл Шекспирдiң жүрегiн қытықтаған бiр таңғажайып поэтикалық сәт! Өзiм де осыны сезiнемiн".

"…Қазақтардың ойлау қабiлетiнiң кереметтiгiне менiң барған сайын көзiм жеттi. Олар сөзге дегенде ағып тұр. Әрбiреуi өз шаруасын жерiне жеткiзе түсiндiредi. Ал қарсы жақтың сылтауын бет қаратпай табан астында жоққа шығарады. Балаларының да ақылы да ерте толысады".

* * *

"…Бiз ғарiп жанның соншама үлкен талантына тағы да таң қалып, тағзым еттiк. Оның суырып салып айтқан барлық жырлары ұйқасты. Ана тiлiн еркiн меңгергенi көрiнiп тұр. Ал даусынан тек әйел затына ғана тән керемет сезiмталдық аңғарылады. Мен оны ерекше бiр толғаныспен тыңдадым. Әйгiлi құдай-ананың әнiн тыңдасам да дәл сондай толқуды бастан кешпес те едiм…

Қазақ тiлiн нашар бiлетiндiгiме ашуым келдi, ал бiздiң тiлмаштардың поэтикалық асқақ та әдемi жырларды аударуға шамасы жоқ едi. Оларға тiптi Жазықтың жырлары шатысқан, түсiнiксiз көрiндi. Алайда, ешқашан iлiм-бiлiмдi парық етпеген жандардан не күтуге болады!"

"…Түстен кейiн Виктор ұйықтаған кезде, сигарымды тiстеп, күнге жылынбақ болып, сыртқа шықтым. Түндiгi жабық киiз үй iшi сырттан гөрi суықтау. Киiз үйдiң күн жақ сыртында тұрып рақатқа баттым. Жан-жаққа тарап жатқан қазақтарды көрiп, олардың малының ауа-райына төзiмдiлiгiне қайран қалдым. Барынша ұқыптылықпен от жағылып, үнемi жылы бөлмелерде өскен бiздерге бұл жаққа үйрену қиын. Сыр бермеуге тырысып, қаншама қайыспай шыдасаң да денсаулығыңа нұқсан келтiрмеуiң мүмкiн емес. Қазақтарға мына суығың түкте емес, жазғы шапандарын киiп алып, қыңқ етпестен жүре бередi. Бiз болсақ кафтандарымызды, жылы бөкебайларымызды, тондарымызды, қысқасы, қысқа киетiн жылы киiмдерiмiздiң бәрiн қоржындарымыздан шығардық. Осы туралы ойға кеткенде келесi хатымда iнiме өзiнiң кiшкентай Густавтар мен Витольдтерiн қазақша тәрбиелеуге кеңес бермекпiн. Егер тағдыр оларды мына ағасы тәрiздi тосыннан Сiбiрге немесе қазақ даласына тап қылса, онда олар айтарлықтай қиыншылықтарға ұшырамай, өз танауларын жел мен аязға айқара тоса алатын болады".

ҚАЗАҚ ТҰЛПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ

"…Ауа-райының қолайсыздығына қоса маған қайдағы бiр танауы жырылған, ернi салбыраған адуын айғыр тап болды. Бұл, сiрә оның тарпаңдығы мен өзi тектес айғырлармен жиi тiстесiп-тебiсулерiнiң айғағы болса керек. Қарғыс атқыр бұл айғыр басқа аттармен қатар жүруге көп реттерде қиракездiк көрсетiп, жан-жағына жиi мойнын бұрып, жер тарпи бердi. Тiптi, анадайда жайылып жүрген бiр үйiр жылқыны көзi шалып, оңбаған айғыр кiсiней бергенiн қайтерсiз. Басына әл бермей, сол жақтағы биелерге қарай алып қаша бередi. Алайда, қазақ аттарының қанына сiңiстi қатарындағы топтан қалмаушылығы менiң қауқарсыз қылығымнан күштi болса керек, айғырым ендiгi сәтте менi алға ала жөнелдi. Осымен-ақ ол қас-қағымда менiң көңiлiмдi өзiне баурап алды. Сондай-ақ, көкiрегiме бiрталай сыр да ұялатты.

Ақымбет-керейлердiң қоныстарынан өте бере жайылып жатқан үйiр-үйiр жылқыларды көргенде айғырым бейне бiр нақсүйерiн тастап, шайқасқа асыққан батырдай басы ауған жаққа жұлқынып, шаба жөнелдi. Қамшы салдырмай-ақ шетсiз-шексiз даланың апшысын қуырып, атқан оқтай зулады, жұлдыздай ақты. Тiптi, араб сайгүлiгi Фаристiң алдында да тау мен төбелер дәл осындай жапырылып қалмаса керек. Көп күнгi жауған жаңбырмен арнасы толған Шар өзенi де, жыланы көп ойлы-қырлы Делбегетей тауы да, қарсы соққан дүлей жел де оны тоқтата алмады. Ол осы бiр шабысынан танбады. Сөйтiп мен, зуылдап Гималай тауы шыңының басына шыққанда ғана сәл тыныстауға қонатын қыранға мiнiп келе жатқандаймын. Соның өзiнде де ол Еуропа өркениетi үндi әлемiне есеңгiрете соққы берiп, қанға бояған жерлердi менiң көре кетуiм үшiн ғана кiдiретiндей.

Сонша биiк, сонша алыс шырқап кетпесем де осы бiр жойқын жүйткуiмнiң бүкiл болмыс-бояуын дәл өзiңдей ажарландырып, төгiлте баяндай алмағаныма өкiнгеннен басқа шарам жоқ. Бұл әдiлiн айтқанда, Мицкевичтiң немесе Байронның ақындық қаламдарына лайық көрiнiс едi.

Аполлонның ұлағатты ұлы емес, тiптi, оның жарасымды жиенi болудың өзiн де маған құдай жазбаған соң, еншiме тиген жылуы пәс прозамен алдарқатамын.

–Жүйтки бер, желден жүйрiк ақбақайым!, — деп, қазақ даласы қыранының үстiндегi шалқу сезiмдерiмдi мен қарасөздiң небiр асыл түрiмен де жеткiзе алмаспын".

* * *

"…Денсаулығым мығым. Даланың құр атындай тыңмын. Атқа мiнiп жүрiп қанша таудың басына шығып, қаншама таудан төмен түскенiмдi бiлмеймiн. Ой, аттар қандай десеңiзшi!"

* * *

"…Ендiгi әңгiме ат жарысы – бәйге туралы. Мiне, алдағы бiр қырат үстiне көмбе үшiн белгi қойылған. Бәйгеге қатысатын аттар 10 шақырымдық қашықтықтан осы көмбеге дейiн шауып келуi қажет. (Қолжазбада 10 верст болуы мүмкiн. Ол қазiргi 15 шақырымға тең — Ж.Ш.). Иә, қазақ сәйгүлiктерi үшiн бұл аралық тiптi де қашық емес. Алайда, осы қашықтықта мейлi су мен от, жыра мен тау болсын, аттар оларды ешбiр бөгетсiз шауып өтiп, көмбеге алдымен жетуi керек. Мұндай сайысқа, менiңше, Үндi аттары ғана шыдай алуы мүмкiн деймiн. Ал мiне ендi жиырма жасөспiрiм Алатау кескiндес ақ боз аттарға мiнiп, жарысқа бет алды. Олардың арттарынан будақтаған шаң ғана қалып, ал өздерi лезде найзағайдай жарқ етiп, тау асып жоқ болды. Барша көпшiлiк бәйгенiң алдын асыға күтер уақытта келiп жеттi. Арада бiр сағаттай мезгiлден соң алдағы көз жетер қыратта ұшып келе жатқан адамдардың бейнелерi көрiнiп, бергi ойысқа сағымдай құлдырап түстi. Шаң көтерген ат тұяқтарының дыбысы көмбеге де жетiп қалды. Қай ат бұрын келедi екен?.."

* * *

"…Сағат 3-те генералмен бiрге Сарымсақты бұлағына бардық. Шынымды айтсам, бұған дейiн дәл осындай жолмен жүрмеген шығармын. Шақтап айтқанның өзiнде, бiр өзендi әлденеше рет жүзiп өтiп, қатермен әр кез бетпе-бет кездескендей болдық. Әйтеуiр, жергiлiктi жағдайға көндiккен аттар ғана бiздi минут сайын төнген қауiптен құтқарып отырды. Басымызды жұлып алардай анталаған қатерге мына бiр өлең жолдарын арнауға әбден болар деймiн:

Аллаңа сиын да,

Қоя бер ат басын…

Мұндайда сақтаса — ат қана сақтасын.

(А.Мицкевичтiң сонетi — Авт.ескертуi)".

* * *

"…Әли шынында да осылардың бәрiнен ақылды. Қазақтарда мынандай мақал бар. "Тоғыз құмалақ ойнайтындар Құланға барсын, ақыл сұраған Әлиге, әңгiме құмарлар Сүйiкке, ал әдiлдiк iздегендер халыққа барсын".

* * *

"Шынында бұл сапар қиыншылықтарға да толы, өйткенi, барлық жерде тастар, жартастар, оларға тек жергiлiктi аттармен ғана көтерiлiп, шығуға болады. Табан тайса ат та, оның үстiндегi кiсi де түпсiз терең құзға құлап кету қаупi басым. Жүздеген қауiп-қатердi бастан өткерiп, әлдебiр таудың басына шығып тұрсаң, оның биiк шыңынан етектегi басқа тауларға құмарта көз тастасаң Альпi мен Апенинге лайықты көрiнiстердi қызықтау қандай ғанибет десеңiзшi. Осы сапарлар кезiнде менiң мiнiп жүрген атым шын мәнiнде нағыз кереметтей қимыл көрсеттi. Менi талай рет шың құздардың басына өрмелегендей шеберлiкпен алып шығып, тау басынан керi қиялай терең қойнауларға жеткiзiп, тек маралдар мен арқарлар өтетiн шатқалдардағы жiңiшке жолдардан батыл өттi. Тек бiр ғана жартасты жағадан түбi тастақ өзенге қарғығанда сүрiнiп жығылды. Бiрақ, өзiнiң жығылғанына ұялғандай, атып тұрып көбiк шашқан судың бетiмен оқша зу етiп, менi қас қаққанша арғы жағадағы жолдастарымның ортасына жеткiздi".

* * *

"Сағат 9-да сауыт киген байсалды дала биi шекаралық бастықтың киiз үйiне таяп келдi де, аттан түсiп, оған жақын жерге шашақты туын қадап, жалаң қылышымен соның қасында күзетте қалды. Көп ұзамай бiздiң қосынды қоршаған алаңға құлақ тұндырарлық ащы айқаймен үш жүз салт аттылар шауып шықты. Олар ұзындығы 15 қарыс найза, айбалта, шитi мылтық, шоқпар, сойыл, садақпен қаруланыпты…

…Одан кейiн ол жасағын екiге бөлiп, бiзге қазақ ұрысының болмысын көрсеттi. Бұл сондай бiр берекесiз қым-қуыт, азан-қазан, бас-аяғы белгiсiз, жабайы жанталас болды. Осы орайда менiң ойыма Вальтер Скоттың екi жол өлеңi түстi:

Аласұрған ызалы жын-перiлер,

Бар денесiн өзi жұлып еңiрер.

Ұзақ уақыт айналадағы тау-тастар ұрыс айқайынан жаңғырып тұрды".

* * *

"…Осы мерзiм iшiнде Алакөл мүлде көрiнген жоқ. Оның телегей теңiздей көлемi жөнiнде қазақтардан көп естiсем де, бiр тамшы суын көре алмағандықтан ба, кешегi көп елестеген көлдер секiлдi жалған сағымның нәтижесi болар деп ойға қалдым. Тiптi, оның мен үшiн жұмбақ күйiнде қала берерiне, бәлкiм кейiнгi географтардың шешуiн табарына күмәнданбадым. Осы сәтте астыма мiнген сәйгүлiгiм менi Айтөбе басына алып шықты.

Тәңiрiм-ау! Қандай ғажап көрiнiс! Таң-тамаша болған бiздiң жасақ бiр дауыспен айғайлап жiбергенiн қайтерсiз. Бұл тiршiлiкте бұдан асқан жақсы дүние болар ма? Тiптi, бұдан артық нәрсенi еске алудың қажетi болар ма екен, сiрә?! Көз шарасына сыймайтын, оңайдан-оңай көрiнбейтiн, ынтыққан саяхатшылардан қалың қамыс қалқалап, жолбарыс қоритын, қазақ теңiзi — Алакөл бiздiң көз алдымызда айнадай жарқырап жатыр! Күн сәулесiнде дiрiл қаққан оның толқындары маңғаз жатқан жалғыз аралды жан-жақтан толассыз ұрғылайды. Арал иығында алыстан мұнартып, аспанға шаншылған Аралтөбе тұр. Менiңше, бұл ешбiр Колумбының ескегi жетпеген шетсiз-шексiз теңiзге орнатқан әлдебiр бақсының немесе осы су иесiнiң қамалы болса керек. Сол жақта көз жетер алыста атақты Тарбағатай сiлемдерi аспанға тiрелген тауларымен қарауытады. Оң жағымызда заңғар аспанмен астасып жатқан Алатау шыңдарының көк мұздары жалтырайды. Ғажап сурет! Осы кең жатқан жерлер мен сулардың үстiне төңкерiлген аспанға көз салсақ, ол ап-ашық, көкпеңбек. Көз тiгiп, аспанға, ақынға қосылып:

Аспан ашық, ап-айқын жарқырайды,

Көруге болатындай дәл құдайды, — деп онымен бiрге өзiң де жырлап кеткендейсiң

Бiр кезде Апеннин шыңдарынан менiң екi теңiзге бiрдей көзiм түскен едi. Ол ғаламат көрiнiс жүрек қылымды шертiп, көп сырға да бөлеген. Алайда, алып самұрық құстың қанатына мiнiп, Кордильердiң ең шынар басынан тағы бiр телегей теңiз көк айдынға қарап отырар жайды басымнан кешiрер болсам да, соның бәрi дәл бүгiн мына бiр шағын төбеде тұрып көрген сағымды далаға, алдымдағы мол суға, қасымдағы тауға, үстiмдегi аспанға жетпес едi-ау.

Әсем де кербез көрiнiс ерекше сипатымен, ұтымды үйлесiм тауып тұрған айқындығымен менi таңдандырғанына қарамастан қысылшаң тобыр iшiнде, адамдар арасында емес, оңаша өзiм болғанда алатын әсерiм бұдан жүз есе болар едi. Иен далада сәйгүлiкпен құйғытып келе жатып, табиғат қойнауында үн-түнсiз жатқан көлдi көру қандай ғанибет. Ие, мұндай ғажап көрiнiс әсерiнен тастай қатып қалмасам да, дәл мұндай әсемдiктiң асқақ үлгiсiн жасаушының рақымдылығына өз өмiрiммен борышты болармын деген сезiмдемiн".

Дайындаған Жаңабек ШАҒАТАЙ