ӘР ЖАҒДАЙДЫҢ ШЕШIМI БАР

ӘР ЖАҒДАЙДЫҢ ШЕШIМI БАР

ӘР ЖАҒДАЙДЫҢ ШЕШIМI БАР
ашық дереккөзі

Бүгiнгi күнде жұртшылықты алаңдататын сауалдар жетiп артылады. Әсiресе, дiни мәселелердiң дұрыс шешiмiн бiлгiсi келетiндер көп-ақ.

Сондай сауалдардың бiрқатарына жауап iздеп көрген едiк.

Оқырмандар сауалына Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы Дiни уағыз, оқу-ағарту бөлiмiнiң маманы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унивеситетiнiң Ph.D доктаранты Ершат Ағыбайұлы Оңғаров жауап бередi.

Сұрақ: – Сiңiлiм тұрмысқа шығар кезде жiгiтпен жақын таныспай, әйтеуiр мұсылман болған соң келiсе салған. Арада 5 ай уақыт өткеннен кейiн күйеу баламыздың жұмыс iстеп, жарытып нәпақа таппайтыны белгiлi болды. Сондай-ақ, ол сiңiлiме ұнамайды. Жiгiттi сүймейдi. «Мен онымен бiрге өмiр сүре алмаймын», — дейдi. Ал күйеу бала: «Кетсе кете берсiн, мен оған талақ бермеймiн»,- деп ажырасқысы келмейдi. Бұл жағдай бiздi қатты уайымдатып отыр. Қазiргi күнде сiңiлiм менiң үйiмде тұрып жатыр. Осы мәселенiң шариғат бойынша шешiмiн бiлгiмiз келедi.

Жауабы: – Мәселе күрделi екен, дегенмен Ислам шариғатында әр жағдайдың шешiмi бар.

Менiң түсiнгенiм, қыз тұрмысқа шығуға асығыс шешiм қабылдап қойған, бұл — басқаларға сабақ боларлық жағдай екен. Ислам үйленуге шешiм қабылдарда бiр-бiрiмен жан-жақты танысуды талап етедi, әрине, оның бәрi шариғат шеңберiнде болу керек. Күйеуiн тастап кетiп қалу әйелге күнә болып жазылады.

Сiңлiңiз оған басында өз еркiмен келiсiмiн берiп тұрмысқа шыққан екен, ендi оған қайғы әкелуден сақтануы керек.

Ислам әйелдiң хұқығын толық сақтайды, оны күйеуi жәбiрлеуге, жаманшылық жасауға, арын шашуға немесе зарар беруге жол бермейдi. Сол үшiн Ислам “талақты ” (ажырасуды) және “хулуьғты” (ажырасуды әйелдiң өзi талап етудi) рұхсат еттi. Бiрақ ол үшiн нақты себептер болуы керек.

Жағдайдың шешiмi:

1. Егер күйеу күн көруге жетерлiк нәпақа (қаражат) таппай, әйелiн аш-жалаңаш қалдырып жатса, ол жаманатқа саналады. Бұл жағдайда әйел қазыға арыздануы керек. Қазы өз кезегiнде жағдайды мұқият тексередi. Әйелдiң сөзi дұрыстығын анықтау үшiн екi куәгер немесе нақты дәлел талап етедi. Соңында әйелдiкi дұрыс болып шықса, жағдайды түзеу үшiн күйеуге үш күн уақыт бередi, егер күйеудiң қолынан жағдайды түзеу келмесе, екеуiн ажырастырады.

Қазiргi күнде дiни басқармада «фатуа» (пәтуә) бөлiмi бар. Осы бөлiмге жүгiнгендерiңiз дұрыс. Сондай-ақ, ақсақалдар немесе имам сияқты үлкен адамдарды ортаға салып, күйеудi “әйелiңе жамандық жасама” деп насихаттап, талақ беруге үгiттеу керек. Егер оған да көнбесе, сотқа арыздану арқылы шешуге мәжбүр боласыздар (сот арқылы ажыратасыздар). Сiңiлiңiз күйеуiн тастап кетiп қалуының күнәсына батпас үшiн жедел түрде осы шараларды қолдану керек.

2. Егер әйел нақты себептер (ұнатпай қалуы, жеккөруi, қанағаттанбауы, бала болмауы) үшiн күйеуiмен өмiр сүре алмай жатса, ол берген махырды (қалыңмалды) қайтып берiп, одан талақ сұрауға әйелдiң толық хұқы бар. Оны Исламда “хулуьғ” дейдi. Егер оған күйеуi келiссе, ажырасқан болып саналады, екеуiнiң қайтып қосылуларына болмайды. Тек әйел басқа күйеуге шығып, одан заңды түрде ажырасқан жағдайда ғана қайта қосылуларына болады. Бұл жағдайда әйел талақ алу үшiн күйеуi берген махырдың үстiне ақша қосып беруiне де болады. Алайда оны алу күйеуге мәкрух.

Ислам әйелдiң хұқығын жерге таптамайды, керiсiнше оны толық сақтайды, оны күйеуi жәбiрлеуге, жамандық жасауға, абрыойын төгуге немесе зарар беруге жол бермейдi. Сол үшiн де шариғат “хулуьғқа” (талақты әйелдiң өзi талап етуiне) рұхсат еттi.

Дегенмен менiң айтарым, әлi де жарастыру жолын iздеу керек. Қайткенде де еркек болып әйелiн өзiне қызықтыру жолын iздеу керек екенiн ескерткен жөн.

Өйткенi, “Аллаһтың алдында ең жағымсыз халал iс, ол — талақ” — деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисi бар. Яғни талақ халал, бiрақ Аллаһтың ашуын келтiретiн iс.

Сондықтан қарындасымыз әлi де бiраз уақыт жақсылап ойлансын, жүрегiне қарасын, мүмкiн ол жiгiттi аз да болса жақсы көретiн шығар.

Сұрақ: – “Лайлатүл Қадiр” түнi тағдыр жазылады деген сөздi қалай түсiнемiз?

Жауабы: – Әр жылы осы түн iшiнде адамзаттың және басқа да мақұлықтардың бiр жылдық ризық-несiбелерi, дүниеге байланысты дәрежелерi және осы жыл iшiнде дүниеге келетiндерi мен дүниеден өтетiндерi анықталады. Бұл жайында қасиеттi Құранда:

“Құранды Бiз анығында, мүбарак түнде түсiрдiк”. “Сол түнде хикметтi iстiң барлығы (“Лаухүл Махфуздан” «Кәтәбә» перiштелерiне) бөлiнедi”. Ал, “Мұның (бөлiнетiн iстер) барлығы – Бiздiң құзырымыздан бiр бұйрық (тағдыр)…” («Духан» сүресi, 3-4-5- аяттар), — делiнген.

Негiзiнде барша жаратылыстың қиямет күнiне дейiнгi тағдыры әуелде, Аллаһ тағаланың ежелгi қалау (Ирада) және бiлу (Iлiм) сипатымен “Лаухүл Махфузда” жазылып, анықталып қойылған. Өйткенi, Аллаһтың бiлiмi осы заманда да, келешекте де болатын барлық нәрселердi қамтиды.

Бұл жайында Имран ибн Хусайннан имам Бухари риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әуелде Аллаһтан басқа ешнәрсе жоқ едi. Сосын Аллаһ тағала судың үстiне Аршыны (таққа ұқсаған жаратылыстағы ең үлкен дене) жаратты. Ал содан кейiн Кiтапқа барлық нәрсенi (тағдырды) жазды. Соңыра аспан мен жердi жаратты» – деген. Бұл жердегi айтылған кiтап – “Лаухүл Махфуз”. Ол – маржаннан, екi жиегi жақұттан болған, көлемi (көлденеңi) бес жүз жылдық жердей болатын жоғарғы, алып дене.

Ибада ибн Самит (р.ғ.) жеткiзген хадисте:

«Аллаһ тағала (су мен аршыдан кейiн) бiрiншi “Қаламды” жаратты да, оған: «Жаз»! — деп бұйырды. Сол кезде қиямет күнiне (жәннат иелерi жәннатқа, тозақ иелерi тозаққа кiргiзiлгенге) дейiн болатын нәрселердiң бәрi (тағдыр) жазылды» — делiнген. (Имам Термизи)

Ал имам Муслим риуаятында:

«Расында Аллаһ тағала көктер мен жердi жаратудан 50 мың жыл бұрын барша жаратылыстың тағдырын жазды» — деп нақты айтылған.

Ондағы жазылған мағлұматтар Аллаһтан өзгеге құпия, оны ешкiм бiлмейдi. Адамзатты дұрыс жолға бастау үшiн жiберiлетiн пайғамбарлар мен елшiлер түгiл, Жәбiрейiл сияқты Аллаһқа ең жақын перiштелердiң өздерi де одан бейхабар.

Аллаһ тағаланың Өзi басталуы жоқ Әуелгi (Әзәли), аяқталуы жоқ Мәңгi (Бақи) өзгермейтiн болғандықтан, оның барлық сипаттары да өзгермейдi. Аллаһ тағала ол баста бiр нәрсенiң болуын немесе болмауын Ирада (қалау) сипатымен қалап қойған болса, оны әлдебiр жағдайларға қарап өзгерте салмайды. Сондықтан “Лаухүл Махфузға” жазып, анықтап қойған тағдырға әр жыл сайын жаңа тағдырды қосып, оны өзгертпейдi. Өйткенi өзгеру Аллаһқа тән сипат емес, бұл пендеге, жаратылысқа тән сипат.

Алайда, бiздiң тағдырымыз “Лаухүл Махфузда” ежелде анықталып, жазылып қойылған болса, сүйiктi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Сол Қадiр түнi адам баласының келесi жылғы Қадiр түнiне дейiнгi тағдыры белгiленедi”, — деген хадисiн қалай түсiнемiз?

Негiзiнде Қадiр түнiнде Аллаһ тағала құрметтi перiштелерiне баяғы “Лаухүл Махфузда” жазылған, келесi Қадiр түнiне дейiн болатын iстерден хабардар етедi. Мысалыға айтсақ: пенделердiң бұл дүниеге келетiндерi мен дүниеден өтетiндерi. Аллаһ тағала кiмдi ауру-сырқау, кедейлiк, не бiр кесапатпен сынап, кiмдi байлық, денсаулық нығметтерiне бөлейтiнi. Одан да басқа көптеген iстердi Өзiнiң ең жақын перiштелерiне бiлдiредi. Осы бiр құпия мағынаны «Духан» сүресiнiң төртiншi аятындағы Аллаһ тағаланың: “Сол түнде хикметтi iстiң барлығы (“Лаухүл Махфуздан” Кәтәбә перiштелерiне) бөлiнедi”-деген сөзiнен түсiнемiз.

Сұрақ: – Дiни бiлiм деңгейi төмен адам Исламдағы төрт мәзхабтың дұрыс жерлерiн ұстануына, яғни әрқайсынан бiр алуға болады ма?

Жауабы: – Сұрақ қоюшы өзi айтқандай, дiни бiлiм деңгейi төмен адам өзi жетiк бiлмеген нәрсенi калай төрт мәзхабтан таңдайды? Адам «әрқайсынан бiр аламын» деп жүрiп жалқаулыққа, немқұрайлыққа душар болады. Ислам ғылымдарын игеру оңай емес, оның мән-мағынасын терең түсiну керек. Сол үшiн әуелi бiр мәзхабты толық оқып алған дұрыс. Бiр мәзхабтың ғылымын толық бiлмейтiн адам басқаны қалай айырмақ?! Төрт мәзхабтың ең дұрысын таңдап, ыждағаттанатын адамның бiлiмi «мәзхаб мужтаһидi» дәрежесiне жету керек. Ондай адам араб тiлiн ана тiлiндей жетiк бiлiп, араб сөздерiнiң синонимдерiн, баламаларын бiлуi керек. Өйткенi Исламның негiзi Құран мен хадистер араб тiлiнде. Сонымен қатар Құран кәрiмдi толық жаттап қана қоймай, Құран ғылымын (аяттардың түсу тарихын, нәсiх пен мәнсух аяттарын т.б.) жетiк бiлуi шарт. Оның ең қиын шарттарының бiрi – сансыз көп (кейбiр ғалымдардың айтуынша 100000-нан астам) хадистi Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бiзге жеткен тiзбегiмен бiрге жаттаған болу керек. Өйткенi бiр мәселеге дәлел iздеген кезде жадынан табуы тиiс. Ал казiргi күнде ондай мұжтаһидтер Қазақстан түгiл бүкiл Ислам әлемiнде бiр қолдың саусағына толмайды. Төрт мазхаб иелерi 300000-нан астам хадистi жатқа бiлген. Ал ендi тығырыққа тiрелiп, зәру жағдайға душар болғанда басқа мәзхабтардың үкiмдерiне жүгiнсе болады.

Сұрақ: – Үйлену мақсатында қыз бен жiгiттiң 3 реттен көп кездесуiне бола ма?

Жауабы: – Болады, тiптi 1000 рет кездессе де. Бiрақ оның шарты бар: Шариғат шеңберiнде болсын, яғни екеуi ешкiм жоқ жерде жеке қалмасын, шахуатпен бiр бiрiне қарамасын, кыз жiгiтке жүзi мен екi қолынан басқа жерлерiн көрсетпесiн, т.б..

Сұрақ: – Тарауық намазын 8 ракағат оқу дұрыс па?

Жауабы: – Негiзiнде тарауық намазы 20 ракағат. 8 ракағат оқыса болады, бiрақ ғұламалардың басым көпшiлiгiнiң айтуынша, тарауық намазы болып саналмайды, «Рамазан қиямы» – Рамазандағы түн намазы болып саналады.

Дайындаған Күлпара ЖҰМАҒАЛИ