ҰЛТТЫҚ ДIН ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯ
ҰЛТТЫҚ ДIН ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯ
Мұсылман дiнi – дүниежүзiлiк дiн. Бiздiң маңдайымызға мұсылмандықтың сүннизмi, сүннизмнiң имам Ағзам Абу Ханифа мазһабы тидi.Сонымен, осы либералдық масхаб (кең және жұмсақ) бiзге, қазаққа рухани азыққа айналды. Қазақ құранды арабша оқиды, парыздарын өтейдi.
Қазақ Дүниежүзiлiк Ислам қауымдастығының белдi мүшесi, басқа мұсылмандардың бауырласы.Қазақ ұлттық идеологиясының негiзгi тiрегi – ислам дiнi. Алдымен Қазақстан – Алланыкi, әрқашан Қазақстан – қазақтiкi деймiз. Ешкiм Алладан басқа бұл елдi иеленбейдi, Алланың жолын Қазақстанда ұстанушы — қазақ. 1990-жылдары Орыс Шешен соғыстарында қираған шешен астанасы Грозный қабырғаларында мынадай жазба көп кездесiптi: "Шешенстан Алланыкi, Ресейдiкi емес". Қаһарман шешендер өз мемлекетiн Алланың территориясындай қорғады емес пе?
Қазақстандағы исламның мың жылдан астам тарихы бар. Қазақстандағы қазақтың классикалық исламының ұлттық дiн сипаты бар. Сонау әл-Фарабиден бүгiнгi күндерге дейiн бұқара қазақ арабша құранды қазақша дұғамен аяқтайды. Қазақ Алланың сөзiне өз сөзiн, қауымдық және ұлттық идеяны қосады. Ислам дiнiнде қазақ философиясының негiздерi, қазақ метафизикасы, қазақ космогониясы, қазақ антропологиясы, тiптi қазақ өркениетi бар деймiз. Айтылған қазақ метафизикасы әлемдiк метафизиканың жалғасы екенi белгiлi жайт. Нақтыласақ, ғаламдық космогония, әлемдiк антропология, дүниежүзiлiк өркениеттiк құндылықтар мәселесiмен бiрге қазақ өркениетi, қазақ рухының маңызы, территориялық – ұлттық мәңгi мүдделер туралы фәлсафасы бiрге жүредi.Ислам дiнiмен қоса қазақ ұлттық мемлекетiн, төл тiлiн, саяси жүйесi мен дәстүрiн, өнерiн, әдебиетiн, ұлттық санасын қабыстырады. Болашақта және бүгiннiң өзiнде қазақ әдебиетiн, қоғамдық ойын, өнерi және философиясын аз дегенде 20% дiни мазмұнға бұру керек. Сонымен бiзге керегi — ұлттық дiн. Орыстың дiнi – орыс православиесi, армяндардiкi – армян– григориан шiркеуi, чехтар, поляктар, украиндер төл дiнi арқылы басқыншы елдермен жүргiзген қаһарман күресiмен мемлекетiн де, тiлiн де, ұлтын да сақтап қалды.
Қазақстандағы ислам қазақ тiлiнде уағыз өрiсiн жайып келедi. Бiр жақсысы бiздiң молдаларымыз көбiсi ауыл балалары есебiнен қалыптасты, қазақ дiндарлары арасында орыс тiлдi жоқтың қасы. Бүгiнгi таңда қазақ руханиятының бiр ошағы мешiт болмақ. Қазақтың салты мен дәстүрi, тарихы мен ұлт санасы Құдай үйiнде әңгiме өзегiне айналып келедi. Жергiлiктi жерлердiң көзi ашық молдалары қазақ баспасөзi тақырыптарын көтередi екен. Қазақ тағдырын ойластыру, ұлт және дiн мәселесiн қатар қою, қазақ жағдайы мен рухы мәселесiн уағыздарында көтеру соны көрiнiс. Рухты молдалар "Жұлдыз" журналы, "Түркiстан", "Қазақ әдебиетi", "Ана тiлi" газеттерi қозғаған тауқыметтерге әлеуметтiк және рухани талдау берiп, идеологиялық, халықтық дидактикаға барады екен. Сонда дiни уағыз тақырыбы интеллектуалдық тәрбие, моральдық эсселiк әңгiмеге айналады. Молдалардың өлкелерде абыройының өскенi туралы дерек көп. Көптеген қазақ аудандарында молда мен әкiмнiң беделi қатар жүредi дейдi халық. 1960-жылдардағы қазақ ауылдары молдаларының аянышты жағдайы әлi есiмде. Ескiлеу бас киiм, тозыңқыраған шапан, мыжылған мәсiге киiлген галош, әжiм-әжiм бет, дұрыс қырылмаған сақал, шалалау оқылатын құран сөрелерi әсерлерi, бәрi де сакралды сезiм тудырмайтын. Бүгiнгi таңда жағдай мүлде өзгеше: көзi жанып, ойы самғап тұрған қазақ жас молдалары интеллектуалдық бәсекеге түсiп жатыр. Бiрде мен дәруiш молдаларды да кездестiрдiм. Қазақ молдасының екi сағаттық насихаты үзбей жүрдi, аяғы тыңдаушы екi мосқал жiгiт намазға жығылмақ болды.
Бiз европа елдерiнен үлгi алуымыз керек. Ресейде соңғы жылдары ешбiр қоғамдық шара орыс священниктерiнсiз өтпейтiн болды. Ресей көпконфессианалдық ел болса да тек орыс православиесiнiң өкiлiн ғана шақырады екен. АҚШ-та капелландар сол елдердiң әскери құрамаларында бар. Түркияда молдалар мемлекет тарапынан көмек алады.Көмек пен бiрге қадағалау, адасушылыққа тиым да жоқ емес. Германияда екi партия — ХДС және ХСС, Италияда да христиандық партия бар, ал көршi Тәжiкстанда мұсылманшыл партия бар. Бiздiң заңнамалар дiни негiзде партиялар құруды рұқсат етпейдi. Бұл қағида елiмiздiң зайырлылығының белгiсi, бiрақ конституция құран емес тағы да түзету еңгiзуге болады ғой, халық қаласа.
Сьера Леоне (Латын Америкасында) мемлекетiнде жергiлiктi халық пиджин тiлi кең тараған. Бұл жергiлiктi үндiстер мен ағылшындар арасында жаралған субкультура және дүбәра тiл дәлелi. Екi сөз айтылса бiрi — ана тiлiнде, екiншiсi – сөз ағылшынша айтылады. Ал мемлекет тұрғындарының тегiнiң бiразы креолдар. Креолдар испандар мен жергiлiктi үндiстерден туған будандардан пайда болды. Олар не үндiс емес, не испандық емес жеке этникалық популяция. Бұл креолдар пиджин инлиш тiлiнде сөйлейдi. Ал қазаққа келсек қазақтың ортасында тiлдi шұбарлату тараған, сол сияқты маргиналды топтар арасында шұбарланған қазақ тiлi тарап кеттi. Бұл әрине тiлге де, ұлтқа да қауiптi үрдiс. Сондай қазақ креолдары ассимиляциялық үрдiстерiнiң куәсi едi.Қазақ креолдары пиджин тiлiн – шала қазақ тiлiн, шала қазақ ұлт санасын қалыптастырды. Олардың идеологиясы, мiнез-құлқы советтiк, коммунистiк, атеистiк жүйеге айналды. Бұндай қазақтар мұсылманшылық пен қазақ тiлiнiң қуғыншыларына айналды.
Қазақстанда шала қазақтардың алғашқы тобы ХIХ ғасырда түрлi жағдайда қазақ жерiне өз бетiмен көшкен немесе өз туған жерiнен қашқан ташкендiк, андижандық, казандық саудагер, бақалшы, iсмерлер, молдалар болды. Олардың бiразы қазақ жерiне сiңiп жергiлiктi қазақтармен отбасы құрып шалақазақ атанып кеттi. Сол дүбәралар қазақтың iшiнде ықпалды субэтникалық топ құрды. Әсiресе татар шала қазақтары ресей шенеунiктерi мен iскерлерiнiң көңiлiнен шықты. ХIХ-ХХ ғасырларда татар буржуазиясы мен оқымыстылары қазақты татарландыру мақсатын жүзеге асыруға тырысты. Татарлардың бiр бөлiгi ресейшiл–орысшыл немесе татаршыл бағытта болса, екiншi бөлiгi қазаққа жақын жүрiп мұсылманшылықты таратты. Сондай иманжүздi адамдардың бiрi — Шәрiп қари болды. Қажымқан Есiмхан ұлының айтуынша Михалев Мухаммят Шариф Хамза ХIХ ғасырдың аяғында ХХ ғасырдың басында Лепсi уезiнде өзi көтерген мешiтте бала оқытып, мұсылманшылықты таратқан. Шәрiп қари медресесiнде дiнi дәрiстен басқа жағрапия, арифметика, ботаника пәндерi берiлген. Сол медреседе алғашқы бiлiм алғандардан белгiлi мемлекет қайраткерлерi шыққаны мәлiм.
Ақыры қазақ татарланбады, бiрақ татар қаны аралас қазақтар саяси және рухани элитада маңызды орын алды. Орыстардың отаршылдық миссиясына өз зор үлесiн қосқан татарлар ұзақ уақыт гомогендiк сипатта болды, олар орыс салған қалаларда өз кварталдарында қоныстанды, олардың өз мешiттерi, медреселерi, зираттары, дүкендерi болды. Сол сияқты Алматы қаласында түрiк, шешен, ұйғыр тұрғындары кварталдары болды.Бiрақ нарықтық қатынастар ескi тұрғындар географиясын бұзып жергiлiктi ескi этникалық қоныстануды бұзып келедi. Алматы қаласында 1960-жылдары қазақ баласы жоқ үйлер аз емес едi. Бүгiнгi күнi қазақтан басқаларға ұлттық компакты қоныстану және өмiр сүру қиын немесе мүмкiн емес. Ал аралас қоныстану этникаралық экономикалық, әлеуметтiк қатынастардың жиiленуiне, ұлтаралық некелердiң көбейуiне әкеледi. Айталық, әрбiр төртiншi ұйғыр жiгiтi мен қызы басқа ұлтқа, ал өзбектiң 12% басқа ұлтпен некеге түсетiнi белгiлi. Қорыта айтсақ түрiк тектестер қазақтанып келсе, европалық этностар орыстанып келедi. Мұсылман дiнiнiң түрiк тектестерiнiң және жалпы мұсылмандарының қазақтануына әсерi мол. Мұсылман молдалардың мұсылман қауымдастығының интеграциясын күшейтуге ролiнiң үлкен және бұл бiрлесудi бiз құптаймыз.
Бiзде тiлдiк пуризм бағыты қазақ лингвистикасында бар. Сол тiлдiк пуризмге саяси сипат беру керек. Ұлт ұлт болады егерде өз гомогендiгiн және iштен ұдайы өсу потенциалын сақтаса. Ұлттық пуризм сол тiлдi сақтау, тек сол тiлде сөйлеу, мемлекеттiк статус беру және сол заңды орындау. Дiни пуризм дiннiң фундаменталдық негiзiн сақтау. Айталық, халал тамақ өндiрiсi. Сонымен пуризм керек және ол саяси сипат алғаны жөн.Францияда Париж Академиясының француз тiлiн пайдаланудағы әдеби нормаларды бұзу және басқа қателiктерге белгiлi санкциялар бар.Жақын болашақта бiзде Тiл комитетi ашылады. Мүмкiн содан кейiн мемлекеттiк тiлдiң тағдыры оңтайлы шешiлуi ықтимал.
Дiн және мемлекет арасындағы көптеген мемлекеттерде түсiнбеушiлiк бар.Кезiнде секуляризация және атеизм дiн позициясын қатты шайқалтты. ХVIII-ХIХ ғасырларда қоғамның бiрқатар ықпалды топтары шiркеулер мен монастырлардың жерi мен байлығына қызықты және кейiн байлықтарды тартып бөлiп алды. Кеңес дәуiрiнде большевиктер шiркеулер мен мешiттердiң меншiгiн талан таражға салды, уакыф жерлерiн де тартып алды. Орыс большевиктерi шiркеулердiң алтын күмiс ғибадат дүниесiн тонап, шетелдерге сатты. Ал мұсылмандарды қудалау бiрнеше мәрте артық болды. Мешiттер атқораларға айналып, молдалар аттырылған кезеңде рух мықтылығын көрсеткендер де аз болған жоқ.Сондай мысалдың қаhармандарының бiрi — Дәуренбекұлы Ғали болды. Дәуренбекұлы Ғали коллективтендiру жылдарында екi колхоз ұйымдастырған белсендi азамат болған. Коллективтендiру жылдары молда мен байлардан қалған дiни кiтаптарды жинаған. Кейiннен дiни кiтаптарды тығып сақтаған, басқа дiни кiтаптармен толықтырған.
Ғали атамыз 1938 жылы "халық жауы" Ораз Жандосовпен байланыста болғаны үшiн концлагерге айдалып, 1944 жылы аман-есен оралды. Ғалекең концлагерде ораза ұстап, намаз оқыған адам. Қиыр Шығыста қарағай қиғандар iшiнде жуындыға таласып бiр-бiрiн соққыға жығып кейiн тышқақтап өлгендер де аз болмаған. Ғали атам үйде де, түзде де орысша сөйлемеген. Әрине, КСРО концлагерiнде алты жылдың iшiнде орысша үйренбеу мүмкiн емес едi. Бiрде мен атаммен колхоздың қойын бағып жүргенде ұлты орыс председатель келдi. Атам аттан түспедi, тек қазақша сөйлестi. Мен аудармашы болдым. Ол кiсi қазақ кириллицасымен жазылған кiтапқа ұмтылмайтын. Бiрде мен Майлықожаның жаңа шыққан кiтабын көрсеттiм. Атам кiтапты алып араб әлiппесiне аударып дәптерiне көшiрiп алды. Кейiннен атамның латинницаны танитынын бiлдiм. Айтпақшы, атам жетi жылдық бiлiмiнiң бiразын татар медресесiнде алған.
Дiн және ұлттық қауiпсiздiк. Соңғы жылдары билiк бiрнеше экстремистiк аталған мұсылман секталарын жапты. Бiрақ христиандық секталардың бiрi де экстремистiк болып табылмаған. Ал протестанттық прозелиттер қазақты шоқындыруды үдетiп келедi. Бiраз уақыт бұрын "Хизбут-тахрир" ұйымдары да үш әрiптер әрекеттерiмен жойылды. Бұл да жөн шығар. Себебi, соңғы дiни ұйым Қазақстанды Өзбекстанға қосуды мақсат қойған едi. Ал яссауишылдарды қудалау Қазақстан уммасын одақтасынан айыру болып табылады. Яссавишiлдердiң ұлттық мүдделерi сақталған едi. Олай болса олар одақтас, олардың ұлтжанды энергетикасын барлық мұсылмандардың мақсаттарына жегу парыз едi. Қазақты егемендiк мемлекеттен айыру қылмыстың нақ өзi. Протестанттық прозелитизмге қарсы мұсылман дiндарлары мен православие священниктерi ынтымақ құрғаны абзал.
Қазақстандық конфессиялардың ұлттық қауiпсiздiктi қарастыруы маңызды. Айталық, Украинада орыс православиесiнiң басқармасының бiр топ шiркеулерi Украинаға бағынса, одан басқа православтардың дербес бөлiгi Ресей патриархатына бағынады. Украинадағы дүрбелеңдерде Ресейге бағынатын православиешiлдер Ресейдiң сөзiн сөйлейдi екен.Украинаның айырмас бөлiгi Қырым жартыаралы Ресейдiң жерi дейтiн сепаратистердi қолдау сол елдегi православиешiлдерi арасында баршылық. Көрсетiлген жағдайдан сақтану мақсатымен бүгiнгi күндегi Қазақстан орыс православтарының тым болмаса жартысы Мәскеуге емес өз мемлекетiмiздiң құрылымына бағынғаны жөн деп есептеймiн, яғни Қазақстан православтарының дербес басқарма болғаны елiмiздiң мемлекеттiк қауiпсiздiгiне қосымша кепiл болатын едi.Сол сияқты жарты миллионға жуық украиндардың төл шiркеуi униаттық христиандық, ал бiздiң елде украиндар төл шiркеуi жоқтықтан орыс православия шiркеулерiнде ғибадаттарын атқарады. Егер де аталған жағдайлар саяси либерализм мен ұлттық қауiпсiздiк принциптерiне сәйкес болса көптеген қатерлерден құтылуға болатын едi.
Мен авторитаризмдi қолдаймын. Бүгiнгi таңда бiздегi авторитаризм көзi ашық, партиялық авторитаризм. Алдымен экономикалық реформаны тындырып, тек сонан кейiн саясатқа кiрiсейiк деген ой ұғымды деп санаймын. Бiрақ, экономикалық реформалардан кейiн саяси реформаларға кiрiспес бұрын бiзге ұлттық модернизация жасау керек деп бiлем. Бiзде отарсыздандыру саясаты тым бәсең жүрдi. Бүгiнгi таңда байырғы жер атаулары, төл рухта жазылған тарих, тұғыры биiк мемлекеттiк тiл статусына жету, қазақ ұлтымен басқа этностарды интеграциялау, яғни ұлттық бiрiктiру мемлекеттiк стратегиясына көшу, мұсылман уммасына тиiстi жағдай жасап оларға қайта түлеуге тиiстi көмек көрсету және басқа мәселер күн тәртiбiне қойылуы уақыт күттiрмейтiн мәселелер. Ұлттық авторитаризмнiң жұлдызды кезеңi басталды деп бiлем. Ұлттық модернизацияға қазақтар кейiнiрек кiрiссе де тындырымды iс бiтiредi деп өзiм сенем. Әрине, 1990 -шы жылдары осы iстердi бiтiрер жағдайлар болмады дегенге де келiсемiз, бiрақ бүгiнгi таңда мемлекеттiк аппарат аяғына тұрған тұста орындалмаған iстердi жүзеге асыру уақыт күттiрмейдi. Иә, мен авторитаризмдi қолдаймын. Қазақ авторитаризмi экономикалық либерализммен қатар ұлттық идеяны жүзеге асырса.
Қорыта айтқанда, қазақ мемлекетi үлкен абыройлы iстiң алдында тұр.Ұлттық мүдделердi ұлттық ресурс арқылы шешкен қайраткер сол халықтың жадында мәңгi сақталмақ, ал сол тұстағы патша — Қазақата атанар.
Әзiмбай ҒАЛИ