Жаңалықтар

“БЕГЕН ТРАГЕДИЯСЫ” ҚАЙТАЛАНБАЙ МА?

ашық дереккөзі

“БЕГЕН ТРАГЕДИЯСЫ” ҚАЙТАЛАНБАЙ МА?

Республика жұртшылығын селт еткiзген Беген орманшылығындағы трагедия әлi ұмытыла қойған жоқ. Биылғы қыркүйек айының алғашқы онкүндiгiнде Өскемен қаласына жақын Ұлан ауданында дала өртi шығып, өрт сөндiрушiлердi де, облыс пен қала әкiмдiктерiн де бiр дүрлiктiрдi. Өрттiң қалаға жақын келгенi сондай, тiптi «Жiбек маталар» ықшам ауданындағы балалар ауруханасы от құшағында қала жаздады. Әйтеуiр өрт сөндiрушiлердiң жанқиярлық қимылының арқасында өрт ауыздықталып, өшiрiлдi. Осы оқиғадан кейiн журналист Мира Берiкболова ҚР Өртке қарсы қызмет комитетiнiң Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өртке қарсы қызмет департаментiнiң бастығы, полковник Руслан Зауытханұлы Нұрбатшановқа жолығып, әңгiмелескен едi. Төменде сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Соңғы кезде облыс аумағында орман-дала өрттерi көбейiп кеткенi белгiлi. Солардың таралу ауқымдарына, шығу себептерiне тоқталсаңыз.

— Аймақта қалыптасқан құрғақ ауа-райына байланысты облыстың далалы жерлерiнде өрт шығу жағдайлары көбейiп кеткенi рас. Өрт қауiптi мерзiмнiң басынан бастап облыс бойынша жалпы аумағы 18 мың гектарды құрайтын 50-ден астам өрт шығу жағдайлары болды. Жыл сайын табиғи өрттердiң ең көп болатын кезi тамыз – қазан айларына дәл келедi. Өзiңiз бiлесiз, биыл жаз бойы күн ыстық болды.

2007 жылғы тамыз айында ғана облыс бойынша 14979 гектар алқапты шарпыған 23 дала өртi болды. Көп жағдайда өрттiң шығуына халықтың отқа абайсыз болуы, найзағай себеп болуда. Бұл өрттердi сөндiруге барлығы 130 техника мен 500 адамдық жеке құрам жұмылдырылды.

— Облыстық өртке қарсы қызмет департаментiнiң өткен сегiз айдағы жұмыс көрсеткiштерi қандай?

— Сегiз айда облыс аумағында 1417 өрт тiркелген, бұл көрсеткiш 2006 жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 6,5 пайызға төмен.

Өрттерден келген материалдық шығын 291101000 теңгенi құрады, бұл да өткен жылғымен салыстырғанда 4 пайызға төмендеген. Өртте қаза тапқан адамдардың саны да өткен жылғыдан 13 пайызға төмендедi, былтыр осы мерiзiмде өртте 39 адам қаза тапса, биыл 34 адам қаза тапқан.

Өрт сөндiруге шығудан басқа, облыстың өрт сөндiру бөлiмшелерi 1165 рет өрт ретiнде есепке алынбайтын жағдайларды жоюға, 1153 рет АҚЖ жүргiзуге және 45 рет жалған шақыруға шықты.

Осы жылдың сегiз айында облыстың өртке қарсы қызметi өрт кезiнде 525 адамды құтқарып алды, бұл 2006 жылғыдан 7,2 пайызға артық. Құтқарылған материалдық құндылықтардың сомасы 5062960 мың теңгенi құрайды, бұл да өткен жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 1,2 пайызға көп.

Сөз болып отырған мерзiм iшiнде облыста бiр де бiр iрi өрт тiркелмеген. Аңшылық және орман шаруашылығы басқармаларының мәлiметтерi бойынша, осы өрттердiң саны 2006 жылғы тиiстi мерзiммен салыстырғанда 1,8 пайызға төмендеген. Өрт шалған жерлердiң жалпы аумағы 165 гектарды құрады, бұл 2006 жылдың осы мерзiмiмен салыстырғанда 48 есе аз. Өрттердiң шығу себептерi – отқа абайсыз болу – 20 оқиға, орман өрттерiнiң шығуына найзағай заряды әсер етуi – 146 оқиға болды.

— Осыдан бiр жыл бұрын Беген орманшылығы селосы түгелдей дерлiк өртенiп кеткенi жалпақ жұртқа аян. Облыстың орман шаруашылықтары бүгiнгi күнi осындай күтпеген бақытсыздықты қарсы алуға сақадай сай ма?

— Облыстық Өртке қарсы қызмет департаментi биыл наурыз айында орман шаруашылықтары мекемелерiнiң өртке қарсы құрылымдарының жауынгерлi дайындығын тексерген болатын. Сәуiр айында Өртке қарсы қызмет комитетi және Орман шаруашылықтары комитетi өкiлдерiмен бiрлескен тексерулер ұйымдастырылды. Мамыр айында орман шаруашылықтарына бақылау – тексерулер жүргiзiлдi. Сол тексерулер толық барысында орман шаруашылықтарының қолда бар өрт-химиялық станциялары өрт сөндiрушi жауынгерлер штатымен жасақталмағаны, яғни жауынгерлiк қабiлетiнiң жоқ екенi анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетiне, облыс әкiмдiгiне, облыстық прокуратураға, облыстық табиғат қорғау прокуратурасына және басқаларына ақпарат бердiк.

Ал орман өрттерi жөнiндегi облысымыздағы биылғы жағдай мынадай: 2007 жылы облыс ормандарында жалпы аумағы 65 гектарды құраған 147 өрт тiркелдi. Салыстыру үшiн айтатын болсақ, 2006 жылы тиiстi мерзiмiнде жалпы аумағы 7000 гектардан астам жердi шарпыған 312 өрт болған едi.

— Ал орман-дала алқаптарында, елдi мекендерде өрттердiң алдын-алу үшiн қандай шаралар қолданылады?

— Бұл ретте облыс әкiмдiгiмен бiрлесiп, облыстың орман-далалы алқаптары мен елдi мекендерiндегi өрттердiң алдын-алу жөнiндегi iс-шаралар жоспары жасалды. Өртке қарсы қызмет департаментi өрт қауiптi маусымға және облыстың орман қорындағы өрт қауiптi жағдайға дайындық бойынша проблемалық мәселелердi шешу жөнiнде облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармасының бастығын, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментiнiң директорын, «Семей орманы» кәсiпорынның бас директорын шақыра отырып, кеңес өткiздi.

Биылғы мамыр айында «Семей орманы» мекемесiнiң 20 өрт сөндiру машинасының жүргiзушiлерi оқытылды, осы мекеменiң филиалдарына бақылау-тексерулер жүргiзiлдi. Қазiргi кезде облыстық Өртке қарсы қызмет департаментi «Семей орманы» мекемесiмен бiрлесе отырып, өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтау, орман қорында өрттердi сөндiрудi қамтамасыз ету мәселесi бойынша филиалдар мен орманшылықтарға бақылау-тексеру жүргiзу кестесiн жасаған. Тексерулер өрт қауiптi маусым аяқталғанға дейiн жүргiзiледi.

— Мекемелер мен кәсiпорындардағы өрт сөндiрушi құрылымдардың даярлық деңгейi туралы не айта аласыз?

— Тексерулер кестесi бойынша ҚР Үкiметiнiң 2004 жылғы 27 ақпандағы № 239 қаулысына сәйкес құрылған ШҚО өртке қарсы құрылымдарының жауынгерлiк даярлығына тексеру үнемi жүргiзiлуде. Өткен мерзiмде өрт техникасы мен қарсы құрылымдары бар нысандар тексерiлдi. Тексеру нәтижесi бойынша өрт сөндiрушi құрылымның жауынгерлiк қабiлеттiлiгi болмағаны үшiн жауапты тұлға әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды. Өрт қауiпсiздiгiн бұзу орын алған, өртке қарсы құрылымдармен қамтамасыз етiлмеген әрекет етушi нысандарының жұмысын тоқтата тұруға талап-арыз берiлдi.

— Тұрғын үй секторында екi-күннiң бiрiнде өрт шығып жатады. Осы ретте облыстағы жағдай қандай?

— Өрттердiң көпшiлiгi тұрғын үй секторына қатысты. Бұл санаттағы нысандарда 1031 өрт болды, бұл жалпы өрт санының 71 пайызын құрайды. 2006 жылмен салыстырғанда бұл санаттағы нысандарда өрттiң 12,48 пайызға азайғаны тiркелген.

Тұрғын үй секторында өртеп жiберу оқиғалары жиiлеп кеттi. Осы себеппен 150 өрт тiркелген, бұл — өрттердiң жалпы санының 7 пайызын құрайды. Өрттердiң шығу себебiне келсек, 703 оқиға абайсыздықтан, 113 оқиға пештердi пайдалану кезiнде өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзудан, 100 оқиға электр құрал-жабдықтарынан болған.

Жыл басынан берi тұрғын үй секторында жұмысты күшейту мемлекеттiк өрт бақылау қызметiнiң басым бағыты болып табылады. Iшкi iстер органдарымен бiрге жағдайы нашар отбасыларға рейдтер жасалады, барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгiт-насихат жұмысы жүргiзiледi, баспаналарға рейдтiк тексеру жүргiзу жұмыстары күшейтiлген.

— Өрт сөндiру бөлiмдерi қалалар мен аудан орталықтарында ғана бар. Ал алыстағы елдi мекенде өрт шықса аудан орталығынан өрт сөндiрушiлер жеткенше өрт шыққан үй-жай өртенiп кетедi. Осы жағдай қалай шешiлуде?

— 2000-2004 жылдары облыс аумағында өртке қарсы қызмет бөлiмдерiнен алыста орналасқан елдi мекендер мен орман және дала аймағына жақын орналасқан аумақтарды қорғау жөнiндегi ауылдық өрт сөндiру 72 тiрек пункт құрылған болатын. Қазiр солардың 25-i ғана уақытша қызмет атқаруда. Олардың 8-i шаруа қожалықтар есебiнен, 17-сi жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыстар есебiнен жұмыс iстейдi. Ал 47 тiрек пунктiнiң жұмысы тоқтатылған. Бiз тиiстi органдарға тiрек пункттерiнiң ары қарай қызмет ету мүмкiндiктерi мен нұсқаларын қарастыру туралы бiрнеше рет хат жолдадық. Қазiргi кезде облысымыздың жұмысы тоқтатылған ауылдық тiрек пункттерiнiң жұмысын қайта жандандыру мәселесi шешiлмеуде. Ал бұл мәселенi шешпейiнше, елдi мекендерде өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қиын екенi әркiмге түсiнiктi болар.

Бұл ретте мынаны айта кеткен ләзiм. Қалыптасқан өрт қаупi жағдайына байланысты 2007 жылғы 4 қыркүйекте орман өрттерiн сөндiру және алдын алу, дала өрттерi бойынша жағдайды тұрақтандыру мәселелерi бойынша облыстық әкiмдiктiң кезектен тыс кеңесi өткiзiлген болатын. Осы кеңеске облыстық өртке қарсы күрес қызметi департаментi дайындаған ұсыныстарда жергiлiктi атқару органдарының өрт сөндiру тiрек пункттерiнiң қызметiн қайта жандандыру туралы ұсыныс та бар болатын. Құзырлы органдардың осы мәселеге қайта оралып, мәселенi оң шешуiн қалар едiк.

— Басқа бақылаушы органдар секiлдi өрт сөндiру қызметкерлерi де бизнесмендердiң дүкендерiн, кафелерi мен мейрамханаларын тексеру деген желеумен олардың қалтасын қағатыны туралы сөздер жиi айтылады. Осы жөнiнде не айта аласыз? Жалпы, өрт сөндiрушiлер аталған мекемелердi қандай құжаттардың негiзiнде тексере алады?

— Бiздiң департамент бойынша сыбайлас жемқорлық және басқа қылмыстар тiркелмеген. Және өрт сөндiрушiлер жайында ондай пiкiрлер «Бөрiнiң аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген долбармен айтылған сөз деп санаймын.

Депертамент «Өрт қауiпсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 22 қарашадағы №48-1 Заңының 9-6 баптарына сәйкес өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк-құқықтық актiлердiң орындалуын бақылауды жүзеге асырады. Осы заңға сәйкес елдi мекендердiң, сондай-ақ меншiк нысандарына қарамастан, барлық ұйымдардың өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормаларды, ережелер мен стандарттарды сақтауы бақылануға жатады.

Өртке қарсы қызмет органдарды құқықтық статистика және арнайы есепке алыну саласындағы уәкiлеттi органға жоспарлы тексерулер жүргiзудiң жылдық жоспарын ұсынады. Әр айдың соңында меншiк нысандарына қарамастан барлық ұйымдардың қызметiне тексерулер тағайындау туралы актiлерiне және тексеру – есепке алу карточкаларына салыстыру жүргiзедi.

— Осынау тiлсiз жаумен күрестiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн сiздiң ұжым не iстеу қажет деп ойлайсыз?

— Бiздiң облыстық Өртке қарсы қызмет департаментi мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнде және әр түрлi салада қызмет ететiн нысандарда өрт қауiпсiздiгi деңгейiн көтеру жөнiндегi мақсатты жұмыс жалғастырылатын болады. Осы мақсатпен өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтау бойынша тексерулер жүргiзiлiп, облыс аумағындағы нысандардың өрт қауiпсiздiгi жағдайы жөнiнен құзырлы органдарға, атқарушы және өкiлеттi билiк органдарына ақпараттар жiберiлiп, өндiрiстiк нысандар мен тұрғын үй секторындағы өрт қауiпсiздiгi ережелерi мен нормаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ететiн боламыз. Орман шаруашылығы мекемелерiнiң өрттiң алдын-алуға және жоюға дайындығын қамтамасыз ететiн iс-шаралардың орындауына бақылау жасау күшейтiледi және оларға бұл орайда қатаң талаптар қойылады.

Сондай-ақ салынып жатқан нысандарды жобалау және құрылыс жүргiзу процесiнде, оларды пайдалануға беру кезiнде бақылау жасауды күшейту үшiн аумақтық сәулет органдарымен бiрлесiп жұмыс жүргiзу ұйымдастырылмақ. Көпшiлiкпен, тұрғындармен жүргiзiлетiн үгiт-насихат жұмыстарына баса көңiл бөлiнбекшi.

Бiздiң департамент облыстың елдiмекендерiнде «Ауыз су»бағдарламасының iске асуына мүдделi. Осы бағдарлама шеңберiнде облыстың қалалары мен ауылдарында өртке қарсы сумен қамтудың жаңа жүйелерi мен құрылғыларын салғызуға және қолданыстағыларын қалпына келтiруге қол жеткiзуге күш салатын боламыз. Аумақтағы өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету проблемалары бойынша келешекте де облыс пен қаланың, аудандардың атқарушы және өкiлеттi билiк органдарымен әрекеттестiктi белсендi жүргiзу жолында жұмыс iстемекпiз.

— Әңгiмеңiзге рахмет. Халықтың байлығын сақтау жолындағы игiлiктi жұмыстарыңызға табыс тiлеймiн.

Мира БЕРIКБОЛОВА, журналист Шығыс Қазақстан облысы