АЛЬЯНС БАНК ЖАРНАМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚШАСЫ ЖАҚСЫ

АЛЬЯНС БАНК ЖАРНАМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚШАСЫ ЖАҚСЫ

АЛЬЯНС БАНК ЖАРНАМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚШАСЫ ЖАҚСЫ
ашық дереккөзі

Жарнама нарықтық реформалармен бiрге күнделiктi өмiрiмiзге дендеп енген құбылыс болса да, бұл саладағы жаңашылдық пен сапалы өнiм шығару iсi Қазақстанда ендi-ендi аяғынан қаз тұрып келедi. Осы саладағы жетiстiктердi атап өту мақсатында тiл мерекесi аясында "Көркем тiл — көрiктi жарнама" атты республикалық байқауы ұйымдастырылған болатын. Өткен аптада Алматыда осы байқаудың жеңiмпаздарын марапаттау рәсiмi өттi. Жеңiмпаздар қатарында Альянс Банк те бар.

Байқаудың өтуiне Алматы қалалық әкiмшiлiгi, "Тiл" оқу-әдiстемелiк орталығы мен Жезқазған қаласының Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi, "Қазақмыс" компаниясы мұрындық болған. Байқаудың мақсаты — ең сапалы жарнама өнiмiн айқындау және ынталандыру. Байқауға келiп түскен жарнама өнiмiне салиқалы қазылар алқасы тiлдiк, көркемдiк және эстетикалық тұрғыда баға бердi. Республикадағы iрi компаниялардың барлығы дерлiк осы байқауға өз жарнамаларын жiберген. Бұл жарнамаларды қазақстандықтар күн сайын көрiп-естiп жүр.

Сансыз жарнаманың арасынан ең сапалысын таңдау қазылар алқасына оңайға түспедi. Дегенмен, байқаудың басты талаптарына жауап беретiн жарнама иелерi анықталды:

Әлеуметтiк роликтiк жарнама үшiн бiрiншi орын "Алматықалабезендiру" кәсiпорнына берiлсе, екiншi орын сапалы жарнама жасағаны үшiн "Айқын" газетiне, ал үшiншi орын "Алматы" телеарнасына бұйырды.

Ал қазақ тiлiндегi ең үздiк сыртқы және телевизиялық жарнама үшiн арнайы ынталандыру жүлдесiне "Альянс Банк" ие болды.

Альянс Банк өкiлi байқау ұйымдастырушыларының банктiң сапалы, қазақтiлдi жарнамалар дайындаудағы күш-жiгерiн атап өткенiне ырзашылық бiлдiрдi. Альянс Банк — Қазақстандағы банктердiң iшiнде алғашқы болып, 2005 жылы қазақ тiлiндегi бiрқатар бiрегей телевизиялық роликтер шығарды.

Жарнама өнiмдерiнiң басым бөлiгi алдымен орыс тiлiнде жасалып, содан кейiн ғана оның қазақ тiлiндегi нұсқасы жасалатындығы ешкiмге құпия емес. Ал бұл жарнаманың мәнiн өзгертiп, сапасына, тiлiне керi әсерiн тигiзедi. Альянс банк бұдан бас тартып, ең қатаң талаптарға жауап беретiндей сапалы жарнама жасауға тырысады.