АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАР "АТТАНҒА" БАСТЫ

АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАР "АТТАНҒА" БАСТЫ

АЙЫРҚАЛПАҚТЫЛАР "АТТАНҒА" БАСТЫ
ашық дереккөзі

Аталасы қызметтен қуылса да, шеруге шығуды әдетке айналдырған айырқалпақтылар елiнде тағы да дүрбелең басталды. Бұл жолғы айқай елдiң Атазаңына қатысты. Үстiмiздегi жылдың 21 қазанында жалпыхалықтық референдум өткiзiлмек. Саяси реформаны алға тартқан қырғыз билiгi қазақ бауырлары салған соқпақпен жүруге бейiл. Бiрақ депутаттар Бакиевтiң Назарбаев сияқты партия құруына үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытып отыр.

РЕФЕРЕНДУМ — 21 ҚАЗАНДА

Осыдан екi жыл бұрын бiр-бiрiмен жаға жыртысып жүрiп, билiк басына келгендер Ақаевтың тұсындағы Конституцияны кәдеге жаратпай тастаған. Бiрақ көп ұзамай-ақ, өздерi қабылдаған Атазаңнан бас тартып, кезiнде жерден алып, жерге салған "ақаевтық" заңға мойынсұнуға мәжбүр болды. Дүйiм жұртты тағы да тығырыққа тiреген саяси дағдарыстан құтылу үшiн президент Бакиев 2003 жылғы Конституцияны тұғырына қайта қондырды. Әрине, мұндай жаңалық депутаттардың бәрiне бiрдей жаққан жоқ. Ер-тұрмандарын бауырға ала тулаған кейбiр халық қалаулыларының талабы бойынша, елде референдум өткiзiлмек. Бакиев референдумның үстiмiздегi жылдың 21 қазанында өткiзiлетiнiн мәлiмдедi. Сырт қарағанда, сыр алдырмағанмен, президенттiң көңiлi күптi. Себебi, ол қит етсе, шеруге шығуды әдетке айналдырған айырқалпақтылар қоғамына саяси реформа жасайтын кез жеттi деп есептейдi. Тек ол реформаның кiмге тиiмдi екендiгiн қарапайым халық та, билiк эшалонында жүрген шенеунiктер де iштей сезiп отыр.

2005 жылы қабылданған негiзгi заңның күшi небары екi айға жеттi. "Президенттiң билiгiн шектеп, парламенттiң құзырын арттыру қажет" деп шешкен оппозиция өкiлдерi Конституцияны өзгерткен болатын. Алайда, жедел қимылдаған Бакиевтiң жақтастары көп ұзамай, президенттiң "жоғалтып алған" құзырын парламент арқылы қайта бекiттi. 2007 жылдың 14 қыркүйегiнде Конституциялық сот Атазаңның екi вариантын да заңға қайшы, жарамсыз деп тапты. Осылайша, бiр-бiрiмен аңдысып отырған оппозиция мен билiк амалсыздан "ескi" Конституцияны еске алған. Сарапшылар пiкiрiнше, "ақаевтық" құжаттың да ғұмыры ұзаққа созылмайды. Өйткенi, 21 қазан күнi басталатын елдегi конституциялық реформа биыл жүзеге асырылып бiтпек. Жаңа заң жобасын премьер-министр Алмас Атамбаев бастаған жұмыс тобы дайындап жатыр. Үстiмiздегi жылдың сәуiрiнде ұйымдастырылған қарсылық шараларында оппозиция Конституцияны қайта жазу керек деп дабыл қаққан болатын. Қарсыластарының бастамасын iлiп әкеткен Бакиев соңғы қабылданған екi Конституцияны да жарамсыз деп тауып, өзгерiстер мен толықтыруларды өзi ұсынған. Егер оны қолдаушылар саны көп болса, елдiң сайлау туралы заңына сәйкес, депутаттар парламентке партиялық тiзiм арқылы сайланатын болады. Саяси белсендiлiк танытып отырған Бакиев өзiнiң партиясын құруға мүдделi. Бiрақ оны қолдағандар кем де кем. Заңгерлердiң айтуынша, екi Конституцияның жоққа шығарылуы 2006 жылдың қарашасында қабылданған құжаттардың заңдық күшiне және сол кезеңде тағайындалған шенеунiктердiң лауазымына нұқсан келтiрмейдi. Себебi, сот тек парламенттiк регламентке қатысты бапты ғана заңсыз деп тапқан. Аталған бап депутаттарға Конституциялық соттың келiсiмiнсiз-ақ Атазаңды қабылдауына мүмкiндiк беретiн. Сондықтан қырғыз парламентi 2006 жылдың қарашасында қабылданған барлық құжаттарды қайта сүзгiден өткiзуге кiрiстi. Әрине, депутаттардың көңiлiн алаңдатқан басты мәселе бұл емес. 2003 жылғы заң бойынша, президент парламенттi таратып жiберуге құқылы. Оппозиция тарапынан сайланған халық қалаулылары "Бакиев өзiне пайдалы маңызды заң жобаларын қабылдату үшiн осы құқығын пайдаланып, сөзге көнбегендердi тезге салып алады" деп уайымдайды. Оның үстiне, Конституция өзгерiске ұшыраған жағдайда, әсiресе, өзгерiстер мен толықтырулар президент пен парламенттi сайлауға қатысты болса, "билiк басына ескi ереже бойынша келген адамдардың әрекетi заңды ма, заңсыз ба?" деген сауал алдан шығары анық. Негiзi мұндай қарама-қайшылықты жою үшiн жедел түрде сайлау өткiзiлетiнi белгiлi.

"ТОҚПАҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА…"

Егер Бакиевтiң Атазаңға қатысты жоспары жүзеге асса, ол "Қырғызстанды дамыған елдердiң қатарына қосу жауапкершiлiгiн мойнына ала отырып, өзiнiң партиясын құрады". "Өйткенi, қазiргi партиялар тек билiктi сынап, мiнеудi ғана бiледi". Бұл бастамаға өре түрегелген оппозициялық депутаттар президентке үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытты. Олар билiк басында тек бiр ғана партияның болуы мемлекеттiң демократиялық бағытта дамуына керi ықпал ететiнiне сенiмдi. Жоғарғы кеңестiң депутаты Дооронбек Садырбаев: "Бұны мақұлдасақ, бiз, кезiнде коммунистiк партия билiк құрған КСРО-ның немесе қазiр "Нұр Отан" билеп отырған Қазақстанның кебiн киемiз. Көршiлерiмiзде Президент есiмiнiң алғашқы буыны алынып, "Нұр Отан" құрылса, бiзде "Құр Отан" болады. Қырғыз тiлiнде "құр" деген сөз — "бос" дегендi бiлдiретiнi белгiлi" дейдi. Сондықтан айырқалпақтылардың белсендi оппозиционерлерi билiкпен күрестi жалғастыра бередi. Әрине, Бакиев президенттiк тақтан оңайлықпен қоштаса қоймайды. Керiсiнше, референдумның көмегiмен, енгiзiлетiн өзгерiстер арқылы президенттiк мерзiмдi ұзартуға мүмкiндiк алмақ. Сарапшылар Өзбекстан мен Тәжiкстандағы схеманың пайдаланылуы ғажап еместiгiн айтады. Ол елдiң билiк басында отырған президенттерi Конституцияға өзгерiстер енгiзу барысында ұзартылған президенттiк мерзiмдi "алғашқы мерзiм" деп жариялаған болатын. Есесiне, парламент реформаның құрбанына айналды. Бұған дейiн депутаттар президенттiң парламенттi таратуға қатысты жасаған әрекеттерiне ашықтан ашық қарсылық бiлдiрiп, төтеп беруге қауқарлы едi. Бiрақ уақыт өте келе, сәл жуасыған сыңайлы. Олардың көпшiлiгi Бакиевтiң командасын отставкаға жiберудi бiр емес, бiрнеше рет талап етсе де, сәуiрдегi дүрбелеңде бұрынғы премьер, қазiргi оппозиционер Феликс Куловты да, ол ұйымдастырған қарсылық шараларын да жақтаудан бас тартқан. Депутаттар: "Әлем не дейдi? Билiкке қайта-қайта қарсы шыға берсек, демократияның күнi не болмақ?" деп ақталады. Мұндайда "тоқпағы мықты болса, киiз қазық жерге кiредi" деген атам қазақтың нақылы еске түседi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ