Жаңалықтар

БЕРМЕТ ЕЛIНЕН БЕЗДI

ашық дереккөзі

БЕРМЕТ ЕЛIНЕН БЕЗДI

Осыдан екi жыл бұрын қырғыздардың экс-президентi Асқар Ақаевтың қызы Бермет «Түркiстан» газетiне арнайы сұхбат берген болатын. Ақаевтар шаңырағына төнген қауiп, елiндегi саяси дағдарыс пен күрделi ахуалға алаңдаған ақылды қыз бiздi өзiнiң қарапайымдылығымен, сабырлы және ұстамдылығымен тәнтi еткен. Сол кезде депутаттық мандаты қарсыластарының қанжығасында кеткен оның үстiнен арада екi жыл өткенде қылмыстық iс қозғалды.

2007 жылдың мамырында қырғыз прокуратурасы Берметтi республикалық Қылмыстық кодекстiң 3-бабы бойынша айыптаған: «сотты құрметтемедi», «әдiлдiктiң орнауына кедергi жасады», «құжаттарды, мөр таңбаларын ұрлап алды немесе iске жарамсыз еттi». Алайда, тергеу амалдарын жүргiзген Қырғызстан Ұлттық қауiпсiздiгiнiң мемлекеттiк комитетi прокуратура тарапынан тағылған айыптарға, «Ақаеваның қатысты жоқ» деген шешiмге келiп, қылмыстық iстi жапты.

Негiзi аталған қылмыстық iс жыл басындағы парламенттiк сайлау науқанына қатысты. Саяси додада тағы да бақ сынауды жөн көрген Ақаева Қырғызстанның Кеминдiк сайлау округiнен үмiткер болады. Бiрақ оның бәсекелестерi президент қызының үстiнен сотқа шағымданып, оны үмiткерлер тiзiмiнен аластауды талап етедi. (Қырғыздардың сайлау туралы заңы бойынша, әрбiр үмiткер республикада кем дегенде 5 жыл тұруы керек). Бiр қызығы, сот процесiнде Бермет жеңiп шыққанмен, бiрнеше сағат өткен соң сот өзi шығарған шешiмiнен айнып, оны сайлауға қатысу құқығынан айырады. Мұндай әрекетке неге барғанын түсiндiруге тырысқан сот: «Берметтi қолдауға келген оның жақтастары менi кепiлдiкке алды. Сондықтан олардың талаптарын орындап, айтқандарына көнуге тура келдi» деп ақталған. Үстiмiздегi жылдың мамыр айынан бастап үйiнде қамауда отырған Ақаева құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң әрекетiн «саяси қуғындау» деп есептейтiнiн мәлiмдедi. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң өкiлдерi қылмыстық iстi тоқтатысымен, Бермет елiнен безiп кеттi. Бiзге берген сұхбат барысында, «Қырғызстандағы ахуал тұрақтанғаннан кейiн әкем елге қайтып келедi» деп сендiрген сөзi адыра қалғандай. Сiрә, жүйкесi сыр берген шығар. Әлде үздiксiз тайталас пен тасада тұрып тас атқан бақталастардан шаршады ма…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ