ЮЩЕНКО ӨКПЕЛI СИЯҚТЫ

ЮЩЕНКО ӨКПЕЛI СИЯҚТЫ

ЮЩЕНКО ӨКПЕЛI СИЯҚТЫ
ашық дереккөзі

Украинада кезектен тыс парламенттiк сайлау өттi. Анау айтқандай дау-дамайдан, ұрыс-керiстен, арғы жақ пен бергi жақтың теке-тiресiнен дiн аман. Тек…

Жоғарғы Радаға сайлау барысында бiрнеше адам опат болған екен. «Корреспондент net» сайтының мәлiметiне жүгiнсек дауыстарды санау кезiнде қазанның 1-iнде аймақтар партиясының бiр адамы дүние салыпты. Ауырса керек. Жүрек талмасына шалдыққан ол тiлге келместен кеттi. Харьковте компартияның бiр өкiлi де көз жұмған. Сайлау кезiнде жүрегi дiмкәс тағы бiр зейнеткер қайтыс болған. Сол күнi сайлау учаскелерiндегi тәртiпке жауап беретiн бiр милиционер өз көлiгiнде отырып, ажалын тауыпты. Тағы бiр тәртiп сақшысы неге екенi белгiсiз өз өзiн тапаншамен атып салған. Аталған қазалардың ешбiрiнде саяси астар жоқ деп мәлiмдейдi Украинаның Орталық сайлау комиссиясы. Округтiк сайлау комиссиялары протоколдарының 95,24 пайызы сүзгiден өткенде, белгiлi болғаны мынау: Аймақтар партиясы сайлаушылардың 34,19 пайызы, Юлия Тимошенко блогы – 30,80 % «Бiздiң Украина – халықтық қорғаныс» (президенттiк партия) – 14,27%, Украинаның коммунистiк партиясы – 5,37%, Литвиннiң блогы – 3,98%, Украинаның социалистiк партиясы – 2,94%. Қалған партиялар 2,70% дауысқа ие болыпты. Жоғарғы Радаға 3 пайыздық белестен өткен партиялар ғана өтiп, депутаттық мандатқа иелiк ете алады екен. Украинадағы кезектен тыс парламенттiк сайлауға күллi сайлаушылардың 57,94 пайызы қатысты. Оның өзi аз күш емес. Украина ОСК баспасөз қызметiнiң мәлiметтерiне қарағанда сайлауға Украинаның 37 млн.514 азаматы қатысыпты.

…Сонымен саяси науқанның лебi саябырсыған шақ. Ендi анау ана таққа, мынау мына таққа жайғасады, Янукович-Тимошенко бақталасы басталады деген жорамалдар желдей есе бастады. Ал бұл Украина халқына не бередi?

– Денi дұрыс бiрде-бiр саясаткер бұл сайлау елге тұрақтылық әкеледi деп айта алмас, – дейдi Украинаның бұрынғы президентi Леонид Кучма Ресейдiң «Известиясына» берген сұхбатында. – Тақ ауысқанмен, бiреуден-бiреуге бақ ауысқанымен, билiктегi дағдарыстың қайталануы, тiптi өршiп кетуi әбден мүмкiн. Ал, бұл тығырықтан шығар жол бiреу. Ющенконың «Бiздiң Украина – халықтық қорғаныс» партиясы мен Януковичтың Аймақтар партиясы тiзе қосқанда ғана, билiк дәлiздерiндегi жанжал азайып, ел еңсесiн тiктеуi мүмкiн.

Бұл ендi бұрыңғы президенттiң ойы. Және ол Ющенко президент, ал Янукович премьер болып қала беруi керек деген пiкiрiн де жасырып қалмады.

Ал, халықаралық сарапшылардың пiкiрi мүлдем бөлек. Тимошенко-Ющенко тандемiне қайта жан бiтсе, олар 230 депутаттық мандатқа ие болады екен де, аймақтар, коммунистер партияларының және Литвиннiң блогының үлесiне 220 мандат тиетiнге ұқсайды. Ондай жағдайда Януковичтiң тегеурiнi тежелуi кәдiк.

Қалай болғанда да оның бәрiн орны-орнына қоятын нәрсе – уақыт. ТМД-ның саясат аренасындағы ахуал ендi өршiсе керек. Өзбекстанда, Ресейде тағы бiрқатар елдерде сайлау көрiгi қызғалы отыр.

Оның алдында Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев ресейлiк әрiптесi Владимир Путинмен Новосибирскiде екiжақты кездесу өткiзедi, сол жақтан 4-5 қазанда Душанбеде өтетiн ТМД басшыларының саммитiне аттанбақ ниетте. Ал, күнi кеше ғана парламенттiк сайлауы өткен Украинаның президентi Виктор Ющенко Тәжiкстан астанасындағы саммитке қатысудан бас тартып отыр. Өзiнiң орнына сыртқы iстер министрi Арсений Яценюктi жiбермек.

Шамасы бұның астарында, Ющенконың бiр қыжылы бар секiлдi. Оның Ресей астанасына ресми сапары белгiлi-белгiсiз себептерге байланысты қайта-қайта шегерiлiп отыр. Владимир Путинмен кездесе қалған жағдайда ол әуелi Ресейден Украинаға берiлетiн газдың бағасын реттеп алмақ, Украина мен Ресейдiң 2008 жылға арналған iс-әрекеттерiнiң жоспарын жасап, Қаратеңiз флотының Қырымдағы базасына жайғасып және басқа да мәселелердiң басын ашып алмақ.

Ғалымжан Мелдеш