ЕЛДIҢ МҮДДЕСI МЕ, ӘЛДЕ...

ЕЛДIҢ МҮДДЕСI МЕ, ӘЛДЕ...

ЕЛДIҢ МҮДДЕСI МЕ, ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі

«Жер қойнауы және ондағы байлықтарды пайдалану туралы» Заңды Мәжiлiс мақұлдап, Сенат қабылдап жiбердi. Бұл заң бойынша, елiмiздегi инвесторларға деген талап күшейетiн болады. Бұған дейiн елiмiзге инвесторларды көптеп тарту және оларға жағдай жасау мақсатында шетелдiк алпауыттарға көптеген жеңiлдiктер жасалып келгенi белгiлi. Тiптi, тапқан табысының едәуiр бөлiгi елiмiздiң қазынасына құйылса, соның өзiн қанағат тұтып, барымызды басқаның аузына салып берiп қарап келдiк.

Тек, Қашаған кен орнын игерушi Аджип компаниясымен арадағы келiспеушiлiк, Қазақ мемлекетi басшыларын ойлана қадам жасауға итермелеген сияқты. Бұны парламентарийлердiң өзi де мойындап отыр. Елдiң бар байлығын қандаладай сорып жатқан итальяндық компания аса iрi мұнай қоры бар Қашағанды игеру үшiн құрылған болатын. Аджип консорциумының кен орнын игеру жұмысын кейiнге шегерiп, оған кететiн шығынды 57 миллиард доллардан 136 миллиард долларға көтерiп жiбергенi ел үкiметi мен шетел компаниясы арасындағы дау-дамайға түрткi болғаны белгiлi.

Дәл осы жанжалдан кейiн «Жер қойнауы және ондағы байлықтарды пайдалану туралы» заң жобасы қолға алынып, жаңа жасақталған Мәжiлiс қабырғасына келiп түскен едi. Мәжiлiс көп күттiрген жоқ, аталған заң жобасына аздаған өзгертулер мен толықтырулар енгiзiп, Сенатқа жiбердi. Сенат төменгi палатаның енгiзген өзгертулерi мен толықтыруларын бiрден мақұлдады. Демек, бұл заңның өмiрге жолдама алуына көп уақыт қалған жоқ. Заңдағы ең басты және маңызды бап – егер ел байлығын игерушi шетелдiк компаниялар «Қазақстанның экономикалық мүддесiне қол сұғып, ұлттық қауiпсiздiк мәселесiне қауiп төндiрген жағдайда» Қазақстанның билiк өкiлдерi қазба байлықтарды пайдаланушылармен арадағы келiсiм-шартты бiржақты түрде бұза алады. Бұл ереже екiжақты келiсiм-шарттарда анық көрсетiлетiн болады. Шенеунiктердiң келiсiм-шартты бұзуы үшiн сотқа шағымдануының да қажетi жоқ. Сондай-ақ, заң бойынша Үкiмет стратегиялық маңызы бар кен орындарын өздерi анықтайды. Әрi бұдан бұрын қол қойылған келiсiм-шарттарға да бұл заң талабы жүрмек.

Мәжiлiс депутаттары бұл өзгертулер мен толықтырулардың Қазақстанның экономикалық мүддесiн ескеруден және ұлттық қауiпсiздiктi бекемдеуден туғандығын айтады.

Кейбiр Ресей басылымдарының пайымдауына қарағанда, Қазақстан Парламентi бұл заңды қабылдау арқылы шетел инвесторларының алдын орап, есiгiн мықтап жауып тастауға көшкен. Сонымен қатар, мұнда Ресейдiң мүддесi де тыс қалмай отырғанға ұқсайды. Айталық, дәл осы Қашаған кен орны мен тағы да басқа стратегиялық маңызы бар мұнай кен орындарына ресейлiк компания Лукойл иелiк етуге ниет етiп жүрген көрiнедi. Жаңа заң талабының құрығына тек Қашаған ғана iлiнiп қоймайды, американдық Chevron компаниясы басшылық етiп отырған Теңiз кен орны, газдың мол қоры табылған Қарашығанаққа (ENI және British Gas игеруге атсалысып жатыр) да осындай қауiп төнiп тұр. Бұл екi жобаға Ресейдiң Лукойлы қатысып жатқалы бiраз уақыт болған. Ал, Қашағанды игерушi консорциумының жоба операторы ENI компаниясы екi ел арасындағы келiссөздердiң ойдағыдай жүрiп жатқанын айтады. Компания басшысы Паоло Скаронидiң мәлiмдеуiнше Қашағанды игеру мәселесiнде екiжақты келiсiмге келу мүмкiндiгi жоғары көрiнедi. VisorCapital сараптау бөлiмiнiң басшысы Майкл Картер Қазақстан үкiметiнiң бұл iс-әрекетi Eni компаниясына бағытталып отырмағандығын айтады. Оның айтуынша Қашағанды барлау жұмыстары барысында консорциумдағы Shell компаниясы басты рөлге ие болған. Игеру кезiнде бұл орыннан ExxonMobil мен Shell компаниялары үмiттi болды. Ал, ENI компаниясын операторға таңдағандағы мақсат аталған екi компанияға араағайындық жасау болған. Бiрақ, ENI компаниясының басшысының айтуына қарағанда, консорциумдағы iрi компаниялар оған қысым көрсеткен көрiнедi. Қалай дегенменде, Қашаған бүгiнгi елдiң аузынан түспейтiн әңгiмеге айналды. Ал, оның соңы қалай тәмамдалатындығы белгiсiз.

Тек бiздi алаңдататыны басқа жағдай. Қазақстан үкiметi шетелдiк иевесторларға өздiгiнен азуын көрсете бастады ма, жоқ Ресейдiң мүддесiн көздеп отыр ма? Ресейдiң сыртқы саясаттағы ойыны мен бағыты Қазақстанға да әсер етiп, Америка мен Батыстан келген инвесторларға қатаң талап қоюды қолға алды ма?

Есенгүл Кәпқызы