Жаңалықтар

БАСТЫ НАЗАРДА — ШЕТЕЛДЕГI ҚАНДАСТАР ТАҒДЫРЫ

ашық дереккөзі

БАСТЫ НАЗАРДА — ШЕТЕЛДЕГI ҚАНДАСТАР ТАҒДЫРЫ

Соңғы кездерi алыс-жақын шетелдегi қандастарымыздың ана тiлiн сақтап қалуы, олардың ата-жұртпен мәдени-рухани байланыс жасауы маңызды мәселелердiң бiрiне айналып отыр.

Аталған мәселе жөнiнде пiкiр алмасып, ортақ мәмiле қабылдамақ ниетпен, 2006 жылы негiзi қаланған «Жерұйық» қоғамдық бiрлестiгi «Шетелдердегi отандастармен рухани-мәдени байланыстардың бүгiнi мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Арнайы сарапшы мамандар және қоғамдық ұйым өкiлдерi қатысқан жиында шет жұрттағы қазақ диаспорасының мәдени-рухани хал-ахуалына қатысты тығырыққа тiрелген жайттар сөз болды. Дөңгелек үстел барысында алыс-жақын шет елдегi қандастарымыздың әдеби кiтаптарға, оқу-әдiстемелiк құралдарына зәру екендiгi айтылды. Жиында аталмыш қоғамдық бiрлестiк тарапынан үндеу қабылданып, «осы ретте елiмiздiң жоғары билiгi аталған мәселеге мемлекетшiлдiк тұрғысынан жанашырлықпен қарайтын уақыттың жеткенiн» баса айтты.

Атажұрттан тысқары жүрген қандастарымыздың, оның iшiнде жас буын өкiлдерiнiң түпкi тамырынан ажырап бара жатуы олардың ата-аналарын да алаңдатып отырған жағдайы бар. «Жерұйық» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Болатбек Төлепберген: «Бұл тұрғыда бiз нақты екi құрылымның қажеттiгiн айтар едiк. Бiрiншiсi, қазақ диаспорасын зерттеп-сараптайтын, болашағына болжам жасайтын ғылыми орталықтың қажеттiгi, екiншiсi, шетелдердегi отандастарымыздың әлеуметтiк-рухани мәселелерiмен нақты айналысатын және оларды мейлiнше толыққанды шешуге ықпал жасай алатын мемлекеттiк құрылымның керектiгi. Мiне, осы сынды ұсыныстарымызға қолдау бiлдiрiп, шетелдердегi отандастарымызбен ортақ рухани байланыстардың жаңа сапалы сатысының қалыптасуына қоғам тарапы қалыс қалмаса деген тiлегiмiз бар», — дедi.

Балжан ҮСЕЕВА