Татьяна БУРМИСТРОВА: ҚАСТЕРЛЕЙТIНIМ — ҚАЗАҚ ТIЛI

Татьяна БУРМИСТРОВА: ҚАСТЕРЛЕЙТIНIМ — ҚАЗАҚ ТIЛI

Татьяна БУРМИСТРОВА: ҚАСТЕРЛЕЙТIНIМ — ҚАЗАҚ ТIЛI
ашық дереккөзі
ӘКЕГЕ ТАРТҚАН ҚЫЗ БАҚЫТТЫ
 

Татьянаның әкесi Николай Кириллович Бурмистровты танушы едiм. Шымкент облысындағы Алғабас ауданының "Алғабас" совхозының директоры болған. Шаруашылықты ұзақ жылдар бойына басқарды. Ол туралы ел iшiнде әңгiме көп. Бүгiнде орта жастан асқандар, көз көргендер оның адамгершiлiк асыл қасиеттерiн жыр ғып айтып жүр. Қазiр менiң есiме мына бiр жай түсiп отыр.

Оңтүстiкте бидай ерте пiседi. Орақ науқанының қызған шағы. Қырман жал-жал астыққа толған. Николай Кириллович шаңқай түсте астықты алқаптан келе жатып, сонда соғады. Қырманшылардың бәрi түстiк асқа кеткен. Үйiлген астықты тасаланып бiр шал, бiр қап бидайды есегiне артқалы жатыр екен. Қария директорды байқамайды. Тыңқиған қапты көтере алмай әлекке түскенiн көрiп, мырс етiп күледi. — Ақсақал, шамаңызға қарап алмадыңыз ба?, — дейдi. Қария сасып қалып: — Үйдегi кемпiрiм ғой тауықтардың жемi таусылды деп мазамды алған, шырағым, — дептi. Бурмистров: — Қане, есегiңiздiң басын ұстаңыз, — деп қапты өзi өңгерiп бередi. Ұяттан қысылып, қалбалақтаған шалдың алғыс айтуға да шамасы келмептi. Аудан орталығы Шаян мен "Алғабас" совхозының арасы жиырма бес, отыз шақырым жер. Кешкiсiн автобустан қалып қойғандар үлкен жолдың бойына шығып жүргiншi көлiктердi күтедi. Бурмистровтың аупартком жиналысынан кештетiп шығатын кездерi аз емес. Ондайда жол бойында қол көтерiп тұрғандарды өзi отырған "УАЗ" көлiгiне сыйғандарынша салып алады. Жолай хал-жағдайларын сұрап, өтiнiштерiн қағазға жазып алып, көңiлдерiн көтеретiн күлдiргi сөздерiн айтады екен. Заты орыс демесең, қазақша тiлге судай. Совхоздағы жиналысты да қазақ тiлiнде өткiзедi. Басшы қазақша сөйлеп тұрған кезде қосшысы қайда барсын. Әр саланы ұстаған өзге ұлт өкiлдерiнiң де сол тiлде сөйлеуiне тырысқанын жергiлiктi жұрт жақсы бiледi. Қайсыбiр жылдары аудан басшылары Бурмистровты артта қалған шаруашылықты көтеру үшiн ауыстырмақшы да болған. Сондай сөз шыққаннан-ақ совхоз еңбеккерлерi ауданға, облысқа хат жазып, өздерiнде қалдыруын өтiнгендерiн де жақсы бiлемiн. Басшылардың үстi-үстiне жазылған хаттардан өтiнiштерiн орындамасқа амалдары қалмады. Ол жергiлiктi ұлттың тiлiн, салт-дәстүрiн құрметтедi. Олар Бурмистровты сыйлады. Бәрi туған бауырындай көрдi. Кейiн қазақпен құдандалы болды. Татьянаның әкесi осындай жан едi. Әкеге тартқан қыз бақытты.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ  

Татьяна Бурмистрова! Осы бiр аяулы есiмнiң қазақ сахнасында қазақтың қасиеттi қара домбырасымен әуелетiп ән салып келе жатқанына отыз жылға жуық уақыт өтiптi. Сол шақта туған сәбидiң өзi орда бұзар жасқа жеттi десек арада шын мәнiнде салмақты, сындарлы жылдардың өткенiн аңғару әсте қиын емес. Алдыңғы толқын анық бiледi: Үш Татьяна, ақын Надежда есiмiн бiлмейтiн қазақ кемде-кем едi. Бауырмалдығы бар халықтан озық бiздiң ел Үш Тоты деп ерекше еркелеттi. Ақын қызын ардақтады.

Жуырда Мәскеуден Полтавская, Шымкенттен Мартыненко, Ұзынағаштан Надежда ақын ат басын Алматыға бұрды. Татьяна Бурмистрова кешiнiң құрметтi қонақтары болды. Кеш кейiпкерi Татьяна Бурмистрова Оңтүстiк Қазақстан облысында туған. Төрт жасқа келгенде әкесiнiң қызмет бабымен бiрыңғай қазақтар тұратын ауылға совхоз директоры болып келуi болашақ әншiнiң қазақ тiлiне деген қызығушылығын арттырады. Қазақтың байтақ даласында емiн-еркiн тiрлiк кешуi, ешкiмге ұқсамайтын өзiне ғана тән ерекшелiктерi, қонаққа деген құрмет, ағыл-тегiл ықылас Татьянаны еркiнен тыс әншi еткен сияқты. Қолына алғаш домбыра алдырған "Қыз Жiбек" фильмi едi. Фильмдегi кербез Жiбек шырқаған сұлу ән орыс қызын қазақ әнiне мәңгi ғашық еттi. Мамандығы — психотерапевт дәрiгерi Татьяна ұзақ жылдар медицина саласында еңбек еткенде де жанынан домбырасын тастаған жоқ. Жан мен тәннiң емделушiсiне айналған ел алдында елеулi қыздың тыңдаушысына айтары көп. Бiздiң аз-кем әңгiмемiз әншiнi толғандырған мың сан мәселенiң ең маңыздысынан басталды: — Менiң бұл жанымның жарасы шығар, көңiлiм толмай жүргенi — жұмыссыздық. Қадырдың әдемi бiр өлеңi бар: "Күйгеннен басқа — мiнiм жоқ, Сүйгеннен басқа — мұңым жоқ. Қинайды менi күндерiм, Асылым бар да, құным жоқ". Қарапайым сөзбен айтсам, қастерлейтiнiм – қазақ тiлi. Осы тiлдiң жарнамасы сияқты болып жүрген адаммын ғой. Бiрақ жұмыс iстеп жатқаным шамалы. Жалғыз адамның қолынан көп нәрсе келе бермейдi. Халықпен кездесудi ұйымдастырып, жоғары деңгейде мемлекеттiң тарапынан, әкiмшiлiктiң тарапынан көмек болу керек. Мысалы, мен ертеректен ән салып, қазақ тiлiнде сөйлеймiн. Негрлер де қазақ тiлiнде сөйлейдi. Бiрақ олардың сөйлегендерi қалай? Мысалы, менiң тек қана қазақтың тiлiне ғана емес, салт-дәстүрiне, әндерiне ғашықтығым тiлдi бiлмейтiндер мен шала бiлетiндерге ерекше әсер етедi екен. Көп адамдар сiзбен бiрге сөйлескеннен кейiн қазақ тiлiнде сөйлескiмiз келедi деп жатады. Халықпен кездесуiмде өте аз. Алматыға көшiп келгенiме он жыл болды. Он жылдың iшiнде халықпен он рет те кездескен жоқпын. Өйткенi өзiмнiң қолымнан не келедi?! Оның барлығының арендасын төлеу керек, ұйымдастыратын жарнамасын жасау керек. Ол бiр адамның қолынан келмейтiн нәрсе. Менiң жеке Ұлттық Өнер орталығым бар. Бiрақ оның өзiнде бұндай үлкен тiршiлiктердi өткiзе алмаймын. Оған көп ақша керек. Ал ендi бұрын тiл мемлекеттiк тiл болмай тұрған кезде халықпен көп кездесетiнмiн. Кейде таң қаламын. Ол кезде мұндай насихат болмап едi. Ал бiрақ iс болатын. Жұмыс болатын. Бiздi өздерi шақыратын. Барлығын төлейтiн. Барлық жағдайымызды жасайтын. Бiздiң тұяғымызды тырп еткiзбей тек қана сахнаға шығаратын. Ал қазiр бiздiң жұмыс iстегiмiз келсе де, бiзге көмектесетiн адам өте аз. Айтсам жаман атты боламын: қазақ "жылағанның көзi жаман, сөйлегеннiң аузы жаман" демей ме? Мiне, солай, жұмыссыз отырғаным жанымды ауыртады. Бiзде өнер зерттеу ғылыми иниституты бар. Сонда барып, «Менi зерттеңiзшi, бiреулер өнер атадан келдi деп айтып жататын. Бесiншi атам осындай едi, тұқымымызда осындай ақын болып едi, болмаса әншi болып едi деп. Осы орыстан домбыра ұстаған атам жоқ едi. Маған мынау өнер қайдан келiп қонды», — дей бергiм келмейдi. Өнерiмдi халқыма сыйлағым келедi. Қиналатын, жанымның ауыратын сәттерi көп-ақ. "Жаман-жақсы болса да өткеремiн, Өмiр өтiп барады құсқа мiнiп, Мен артынан жетем бе деп келемiн". Мен де бел ортаға келiп қалдым. Бiр күн өтсе де, ол қайтып оралып қайтып келмейдi. Өмiр өтiп бара жатыр зымырап. Көп тiрлiктерiм iстелiнбей қалып қойып жатыр. Осы бiр-ақ нәрсеге жаным ауырады. Қалған өмiрiме ризамын, шүкiрмiн. — Ән салғаныңызға отыз жылға жуық уақыт болыпты. Осы жылдар аралығында не нәрсеге көзiңiз жеттi? – Халықтың өнерге, асыл дүниеге тоймайтынына, соған асығатынына, соны күтетiнiне көз жеткiзiп отырмын. Мысалы, кiшкентай ғана адаммын. Бойымда құйттай өнерiм бар. Ал ендi жан-дүниеммен әнiңдi халыққа шынымен ықыластанып сыйлаған кезде "Ойпырмай", – деп қалмаған адамды көрген жоқпын. Тiптi әндi онша ұнатпайтын адамдардың өздерiнiң домбырамен ән айтқан кезде көздерi нұрлана түсетiнiн сеземiн, байқаймын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын солтүстiк жаққа өнер сапарымен барған кезде нағыз орыс тiлдi, қазақтар бiрен-саран тұратын Петропавлск, Целинный аудандарын араладым. Сол аудандардағы әкiмшiлiкте iстейтiн азамат айтып едi: "Жасым қырық үшке келдi. Бiрақ осы қырық үшке келгенше ойланбаппын. Сiз өлеңдерiңiзбен, сөздерiңiзбен менiң тұла бойымды "К-700" тракторы секiлдi қопарып тастадыңыз. Мен бүгiн ғана өзiмдi қазақ деп мойындап жүрегiм ерекше соғып тұр". Мұны айтқызған мен емес. Менiң бойымдағы өнерiм, қала берсе, сөздiң рухы. Қашан болса да халықтың әндерiнде үлкен философия, тазалық, асыл-ой жатыр. Қай жылдары қандай реформалар болса да социалистiк кезеңде өмiр сүремiз бе жоқ, демократиялық кезеңде өмiр сүремiз бе, бәрiбiр Құдайдың жаратқан жанына тазалық керек екен. Ол тазалық сөз арқылы, ақындар арқылы келедi екен. Өйткенi, ақындарға өнер Құдайдан келедi емес пе? Ұлы өнер болмаса, поэзия болмаса, қаншалықты бiздiң экономикамыз дамып, әл-аухатымыз керемет жақсарғанмен, әй, қайдам… Бұл менiң жеке басымның түйгенi. Қазiр бiз дамыған елу мемлекеттiң қатарына қосыламыз деп отырмыз. Мен ойлаймын, бұл тек қана бiздiң элитамыздың қолынан келетiн нәрсе. Ақындарымыздың, жазушыларымыздың, әншiлерiмiздiң, ғалымдарымыздың арқасында ғана дамыған мемлекеттердiң қатарына қосыламыз. Барлығы да керек. Экономикамыздың да дамығаны керек. Бiрақ ең бiрiншi байлық ол — рухани байлық. Рухани байлыққа теңелетiн ештеңе жоқ. — Шығармашылық кешiңiз туралы хабардар етсеңiз… – Әуелгiде өткiзе ме, жоқ, әлде өткiзбей ме, деген ойда жүрдiм. Елей ме, елемей қоя ма деген күдiк те болған. "Мынау жұртым неғып жатыр үндемей, алаулатып ошақ отын үрлемей, құшақ-құшақ гүлдерiн де ұсынып, мынау — шапан, мынау — атың мiн демей" деп жырлаған Мұқағали Мақатаев та тойламай-ақ өмiрден өттi ғой (күлiп). Өнерге тосыннан келдiм. 1976 жылы медициналық институтта оқып жүрген кезiмде, қазақша ән айтқаным жұртқа таңсық болды. Өнер сапарам алтын босағам, алтын бесiгiм — телевидения және радиодан басталды. Консерваторияны бiтiрмегеннен кейiн көп концерттерге қоспайтын себептерi "Сiз оқымағансыз" дейдi ғой маған. Үлкен концерттерге тек қана жұлдыздарды қосамыз деген әңгiмелердi де естiдiм. Жарайды, қарапайым адаммын ғой, өткiзе ме менiң елу жылдығымды, өткiзбей ме деп қатты да ойлағам да жоқ. Осындай ұсыныс жасағаннан кейiн қала әкiмшiлiгi қолдап, Абай атындағы мемлекеттiк опера және балет театрында жетiншi қыркүйек күнi отыз жылдық шығармашылық кешiмдi өткiздi. Сахнаға шығып әндерiмдi, термелерiмдi орындап жүргенмен осы жолы қатты ойландым. Негiзiнен бiрiншi халықпен жүздесуiм теледидар арқылы "Алтыбақаннан" басталды. Мен ендi жаңадан Ресейден көшiп келген орыс емеспiн ғой. Творчествалық сапарымда басқан әрбiр қадамымды халық бiледi. Соны қайтадан еске түсiрiп, халықпен қауышсам деген ойым бар. Бағасын халық бередi. — Ең үлкен арманыңыз қандай? — Әр адамның басында түрлi арман болады. Дүниеге келiп, Аллаһ Тағала маған осындай тiлдiң байлығын бердi. Әр уақытта халықтың аузында жүрген Татьянасымын. Өзiмдi танығалы берi бала кезiмнен ән салушы едiм. Халық менi жақсы көрушi едi. Ал одан кейiн үлкен теледидар арқылы бүткiл Қазақстан халқымен, көрермендерiменен таныстым. Солардың барлығы алғысыменен, батасыменен, мiнеки, бәлен жасқа жеттiм. Арманым ұзақ өмiр сүргiм келедi. Басқа жағынан арманым жоқ. Құдай тағала маған ұлды да бердi, қызды да бердi. Халықтың сый-құрметiн де көрсетiп жатыр. Бөленiп жатырмын ыстық-ықыласына. Арманым жоқ десем де болады.
  Әңгiмелескен Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ