ТIЛГЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛЕР

ТIЛГЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛЕР

ТIЛГЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛЕР
ашық дереккөзі

Өткен аптада Алматы қаласы Тiлдердi дамыту басқармасы ұйымдастырған екi бiрдей тiл мерекесiнiң куәсi болдық. Оның бiрi — Оралхан БӨКЕЙ атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң Х қалалық дәстүрлi байқауы болса, екiншiсi — "Мемлекеттiк тiл — менiң тiлiм" атты мемлекеттiк мекемелерде қызмет ететiн өзге ұлт өкiлдерiнiң аудандық байқауынан iрiктелiнiп алған жеңiмпаздары бақ сынасты.

Алғашқысының мақсаты — жазушы шығармаларын насихаттау, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру, жастардың туған тiлге деген сүйiспеншiлiгiн, сол арқылы халық арасынан дарынды талантты жастарды iздеу, олардың әдеби шығармаларға деген ынта-жiгерiн бақылап, көркемсөз оқу өнерiнде жаңа есiмдер iздеу болды. Сондықтан да байқауға 15-30 жас аралығындағы талапкерлер қатысты.

Мемлекеттiк тiлде өзiн-өзi таныстыру, ресми iс-қағаздарын орыс тiлiнен қазақ тiлiне аудару және мемлекеттiк тiлде құжат әзiрлеумен қатар, қазақтың салт-дәстүрлерiне байланысты бейнеүзiндiнi сөйлетуде бағын сынаған екiншi байқаудың да маңызы ерекше болды. Мемлекеттiк тiл жөнiндегi жыл сайын өтiп келе жатқан бұл үрдiс өзге ұлт өкiлдерiнiң қазақтың тiлiнде таза сайраса да, салт-дәстүрiне келгенде шабандап қалғаны байқалды. Дегенмен, жастардың бойындағы тiлге деген құрмет, бiлсек, ұқсақ, сезiнсек деген ынта-ықыластары ерiксiз елжiреттi.

Қазақстан халықтары тiлдерi күнiне орайластырылған тағы бiр мереке — Ахмет Байтұрсынұлы оқуларына арналған-тын. Алматы қаласы әкiмдiгiнiң Тiлдердi дамыту басқармасы, А.Байтұрсын атындағы Тiл бiлiмi институты, мұражай әкiмшiлiктерi мен №139 мектеп-гимназиясы, ағайын-туыстарының қатысуымен өткен бұл басқосу Байтұрсынұлының 135 жыл толуына арналған "Жас ақындар мүшайрасына" қатысушылардың өнер көрсетуiмен аяқталды.

Аталған тiл мерекелерiнiң маңызы мен мәнiсi де сол — бүгiнгi ұрпаққа туған тiлiнiң өлмес-өшпестiгiнiң дәлелi ретiнде осынау құнды шығармалармен етене танысу, арғысы Ахмет Байтұрсыновтар мен бергiсi Оралхан Бөкейлерге дейiнгi құнды дүниелердi санадан өшiрмеу сынды қабылданды. Егер олардың шығармаларын тарихтан өшiре алмасымызды мойындасақ, қазақтың тiлi де өшпейтiнiн ұғынуымыз қажет сияқты.

Таңсұлу Алдабергенқызы