ЕСКЕРТКIШ

ЕСКЕРТКIШ

ЕСКЕРТКIШ
ашық дереккөзі

Адамның өмiрiнде естен кетпес сәттi кезеңдерi болады. Сондай сәттi күндердiң бiрi – заманымыздың заңғар жазушысы, табиғи дарын, ғұлама ғалым, Мұхтар Әуезовпен бетпе-бет кездесiп дидарласуым едi.

Мұхаң 1955 жылы жаз айында бiздiң ауданға творчестволық сапармен келдi. Қасында өзiнiң сүйiктi ұлы Ернар және жақсы көретiн шәкiрттерiнiң бiрi – Жамбыл облыстық «Сталин жолы» (қазiргi «Ақжол») газетiнiң редакторы Ғайса Сармурзин бар едi. Мен ол кезде Сарысу аудандық комсомол комитетiнiң I секретары болып iстеушi едiм. Мұхаңның Байқадам селосына келiп, сол кездегi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Шаймерден Қалдыбаевтың үйiнде қонып отырғанын естiдiк. Ұзақ сапардан шаршап келген ұлы адамның демалып тынығуына жағдай тусын деген оймен сол күнi ол кiсiге сәлем берудiң қисыны келмедi.

Аудандық партия комитетi кеңес атқару комитетi және комсомол комитетi бiр үйде болатын. Кеңсеге ерте келiп отыратын орнымызды ретке келтiрiп отырғанда, сағат 10 кезiнде бiрiншi хатшы шақырып жатыр деген хабарды естiдiк. Хатшының қабылдау бөлмесiне келсем, сол жерде аудандық кеңес атқару комитетiнiң төрағасы Аман Алпысбаев, аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы Р.Ш.Ассадуллин, аудандық кеңес атқару комитетiнiң орынбасары Шоланбай Қанатбеков, аудандық мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi Жазықбай Сармашев, аудандық халық ағарту бөлiмiнiң меңгерушiсi Төлендi Баймұратовтар жиналып тұр екен. Бас аяғымыз қосылғаннан кейiн хатшы iшке кiруiмiздi өтiндi. Iшке кiрсек төр алдында маңдайы жарқырап ашық жүздi, орта бойлы, қоңыр дауысты, көтерiп әкелiп қойған жар тастай Мұхаң отыр екен. Ол кiсi орнынан тұрып, барлығымыздың сәлемiмiздi қабылдап рахмет айтты, денсаулық тiледi. Жайғасып отырғаннан кейiн хатшы Ш.Қалдыбаев бiздi шетiмiзден аты-жөнiмiзден атап, қызметiмiздi айтып, Мұхаңа таныстырды.

Мұхаң әрқайсымыздың атымызды блокнотына жазып отырды да жылы шыраймен бас изедi. Танысу аяқталғаннан кейiн Мұхаң орнынан тұрып, хатшыға: «Бұл кiсiлермен кеңседе отырып сөйлескенше, селоны аралай жүрiп пiкiрлескенiмiз дұрыс болар», – дедi. Бұған хатшы да, отырған бiздер де шын ықылас бiлдiрiп далаға шықтық. Мұхаң селоны аралауды кiтап дүкенiнен бастады. Сол кезде кiтап дүкенi шағын екi бөлмелi үйге орналасқан едi. Сатушысы Шүленбаева Мәрия едi. Мұхаң Мәриямен амандасқаннан кейiн кiтап саудасы жөнiнде әңгiме дүкен құрды. «Бұл жерге «Абай жолы» романы түстi ме, сатылды ма?» – деп сұрақ қойды. Мәрия бұдан екi ай бұрын «Абай жолы» романының 30 данасы түскенiн, оның барлығы да сол сәтте сатылып кеткенiн айтты. Мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi Жазықбай Сармашев жақсы кiтаптардың аз келетiнiн, оқушылардың сұранымын қанағаттандырмайтындығын айтты. Мұхаң сәл ойланып тұрды да: «Пәлi, Алматыда отырғандар селода кiтап өтпейдi дейдi ғой, шындық басқаша екен. Кiтап өтпейдi емес, алушысына жетпейдi екен», – дедi.

Бұдан кейiн Мұхаң аудандық кiтапханаға кiрдi. Кiтапхана меңгерушiсi Бикен Сәулебаева Мұхаңа кiтап сөрелерiн аралатты. Мұхаң кiтапханада: «Абай жолы» романы бар ма шырағым, жаңа кiтап дүкенiнен таба алмадым», – дедi. Бикен «Абай жолы» романының бiр данасын Мұхаңа әкелiп ұсынды. Мұхаң кiтапты парақтап көрiп тұрып қатты толғанды. Кiтаптың мұқабасы көнерген, iшкi беттерiнiң әр жерiнен белгi қойылған, көп оқырманның қолтаңбасының iзi қалған. Кiтапты әрi-берi ақтарып көргеннен кейiн Мұхаң Бикенге қарап: «Шырағым, кiтапты ұқыпты сақтаңдар. Бұл қазына ғой. Бұл адамзаттың ақыл ойының жиынтығы ғой, шежiресi ғой. Мынау «Абай жолы» романының авторы – менмiн. Жиырма жыл ғұмырым осы романды жазуға арналды, сондықтан бұл кiтапты барған жерiмде iздеп көрмесем, жаным жай таппайды. Қазақта «iштен шыққан шұбар жылан» – деген сөз бар емес пе? Бұл кiтап та менiң сүйiктiм ғой» – дедi де, Бикенге алғыс айтты.

Кiтапханадан шыққаннан кейiн аудандық клубқа барды (клуб үйi кино көрсететiн шағын едi). Клуб iшi адамға лық толыпты. Ине шаншатын жер жоқ. Жиналғандар Мұхаңды орындарынан тұрып, құрмет көрсетiп қарсы алды. Осы жиында Мұхаң өзiнiң Индияға барған сапары жөнiнде, қазiргi қазақ совет әдебиетiнiң хал-ауқаты жайлы бiр жарым сағат әңгiме айтты.

Кездесу бiткеннен кейiн Мұхаң «Түркiстан» совхозына баруға жиналды. Сөз арасында «Осы жерде комсомолдың жетекшiсi бар ма?» – деп сұрады. Мен Мұхаңа жақындап, не айтар деп тұрып қалдым.

– Жолдас хатшы, «Түркiстан» совхозының тың игерушiлерi жастар ма? Олар қайдан келген? – деп сұрады.

Мен тың игеруге келгендердiң басым көпшiлiгi жастар екенiн, «Түркiстан» әскери округiнен азаматтық борышын өтеп қайтқан жауынгерлер екенiн айттым. Көбi Армениядан, Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан келген жастар екенiн баяндадым. Аудандық комсомол комитетiнiң ұйымдастыруымен оларға 750 түрлi орыс тiлiндегi әдеби және саяси кiтаптар тарту еткенiмiздi, спорт құралдарын, музыка аспаптарын апарғанымызды айттым.

«Пәлi, оларың жақсы тiрлiк екен. Тыңгерлердiң арасында Шекспир, Гете, Байрон, Бальзак, Шиллер, Гейне, Толстой, Абай жүр десейшi», – дедi Мұхаң.

Мұхаң бұл жөнiнде «Түркiстан» солай туған» – деген очеркiнде, аудан жастарының сыйын да, бұндағы жиынды үлкен алғыс ажарымен қабыл алды. Қол соғып тұрған көпшiлiкке көрсете түсiп, Жанаева өз сыйлықтарының алды етiп «Родина» атты радио қабылдағышын көтерiп шықты. Бұған ерген жетi-сегiз ер-әйел жолдастары да қолдарына бiр-бiр сый бұйымдарын әкеп ұсынды. Онда патефон, сағат, шахмат, домино тәрiздi көпшiлiкке керек бұйым, сыйлар бар едi» – деп жазды.

Мiне, содан берi 52 жыл өтiптi. Мұхаң сол кездегiдей әлi көз алдымызға елестейдi. Алатаудай кескiнi жүрегiмiзде мәңгi сақталып қалды.

Иген НҰРМАХАНОВ,

еңбек ардагерi, зейнеткер