МЕРЕКЕГЕ ҰЛАСҚАН МЕРЕЙЛI КЕШ
МЕРЕКЕГЕ ҰЛАСҚАН МЕРЕЙЛI КЕШ
22 қыркүйек күнi Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, композитор Мыңжасар Маңғытаевтың 70 жылдық мерейтойына орай Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттiк филармониясында салтанатты кеш болып өттi. ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi Жексембек Еркiмбековтiң кiрiспе сөзiмен ашылған салтанатты жиын Н.Тiлендиев атындағы Мемлекеттiк академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрi, Байқадамов атындағы мемлекеттiк хор капелласы, ҚР Мемлекеттiк академиялық симфониялық оркестрi, сондай-ақ, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсiпжанов, Майгүл Қазтұрғанова, Мұрат Шалабаев, Гүлзат Дауырбаева және Талғат Күзенбаевтардың қатысуымен концерттiк бағдарламамен жалғасты.
Кеш барысында замандас ретiнде ҚР Халық әртiсi Нұрғали Нүсiпжанов мерейтой иесiне деген құрметiн былайша бiлдiрдi: "Елу жылдай бiрге араласып келемiз. 1957 жылы екеумiз консерваторияға келiп түсiп, сонда танысқанбыз. Мыңжасар композиторлар дайындайтын бөлiмде оқыды. Бiрақ шығармашылық жолда бiрге келе жатырмыз. Әрбiр шығарылған әнiмiз, әрбiр атқарылған шаруаларымыздың барлығы да көз алдымызда. Шынын айтқанда, ауылдың қара сирақ балаларынан осындай мәдениет қайраткерi деңгейiне жетуiмiздiң бәрi қыздың өрiлген қолаң шашындай бiрге өрiлiп келе жатыр. Соған тәубе деймiз, еңбегiмiз еш кетiп жатқан жоқ. Шамамыз келгенше талантымызды, қабiлетiмiздi елдiң игiлiгiне, қазақ өнерiне жұмсап келе жатқан жағдайымыз бар, сол үшiн де бақыттымыз. Ал, ендi Мыңжасар өзi түрлi жанрларда еңбек етiп келедi, мұндай жағдай кез-келген авторларда кездесе де бермейдi. Опера жанрларына да, симфония, аспаптық музыкада да, тiптi бiрнеше ән-романстары да бар. Хор капелласына шығарма жазу қиын iстiң бiрi. Осы жанрларда Мыңжасар көп еңбек еткен. Мiне, бүгiн 70 жылдығын тойлап отырмыз. Тойымыз тойға ұлассын!" .
Екi сағаттан астам уақытқа созылған салтанатты кеш Абай атындағы МОБТ жеке орындаушыларының өнерiне ұласты. "Орындаушы ретiнде айтар болсам, шығармалары нағыз қазақи шығармалар. Мұндай композиторларды кездестiру өте қиын. Мен осы алдыңғы буын әншiлерге қызыға да, қызғана қараймын, неге десеңiз, олардың заманында Мыңжасар, Нұрғиса ағаларымыздай композиторлар болды, қазiр де сондай композиторлар болса деп армандаймыз. Бүгiн ағамыз 70-ке толып отыр. Жасына жас қосып, жақсы туындылар жаза берсiн. Бiз сол кiсiлердiң шығармаларын орындап жүре берейiк ", – дейдi Абай атындағы МОБТ-ның жеке орындаушысы, ҚР Еңбек сiңiрген әртiсi Гүлзат Дауырбаева. Нағыз ұлттық рухта жазылған автордың шығармаларын тыңдаған көрермен қауым мерейтой иесiне кеш соңында өз ризашылықтарын бiлдiрдi.
Балжан ҮСЕЕВА