Жаңалықтар

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ ҚАЗАҚҚА КЕРЕК ПЕ?

ашық дереккөзі

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ ҚАЗАҚҚА КЕРЕК ПЕ?

Дүйсенбi күнi Алматыдағы «Intercontinental Almaty the Ankara in Kasahstan» қонақ үйiнiң Ball room залында халықаралық конференция болып өттi. Алдын ала ескерте кетейiк, осыншама аспандаған шет тiлдiң сөздерiнен оқырмандарымыздың шошымай-ақ қоюына немесе шаттана қоймауына да болады. Мұның бәрiн қарапайым тiлмен айтқанда Алматыдағы «Анкара» қонақ үйiнде деген сөз ғана. Аталмыш шараны ұйымдастыруға Қазақстандағы зейнет ақы жүйесiнiң 10 жылдық жұмысын қорытындылау үшiн Ұлттық банк және Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры мұрындық болған.

Екеуi де қазiргi таңда аузын айға бiлеп тұрған аса табысты құрылымдар. Тiптi, халықаралық конференцияда Қазақстан Ұлттық банкiнiң төрағасы Әнуар Сәйденов мырзаның өзi «Жинақтаушы зейнетақы қорларының Қазақстан Республикасы қаржы жүйесiндегi рөлi» атты көлемдi баяндама жасап, одан кейiн сөз алған шешендердiң әрбiр сөздерi түрлi слайдтар арқылы негiздеуiнiң өзi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң көптеп шақыртылуынан осы халықаралық конференцияны ұйымдастыруға аса үлкен мән берiлiп, қомақты қаржы жұмсалғаны аңғарылып тұр.

Сонымен кеңестiк кезеңде ұрпақтар жалғастығына, бiрлiгiне негiзделген зейнетақымен қамтамасыз етудiң мемлекеттiк жүйесiнiң әлсiздiгi анықталып, 90-шы жылдардың ортасында әлеуметтiк қамтамасыз ету саласындағы дағдарысқа ұласты.

Қазақстан ТМД елдерiнiң арасында бiрiншi болып зейнетақымен қамтудың жинақтаушы жүйесiне бiртiндеп көше бастады. Қазiргi таңда елiмiзде 14 жинақтаушы зейнетақы қоры қызмет көрсетуде. Олардың iшiнде 6-уы зейнетақы активтерiн өздерi басқарса, 5 ұйым жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерiне инвестициялық басқаруды жүзеге асыруда. 2007 жылдың қыркүйек айында елiмiздегi зейнетақы қорларында жинақталған қаржы 1086 млрд.теңгеге жетiп отыр және 8 млн.425 мыңнан астам адамның зейнетақы шоты ашылған.

Зейнетақы активтерiнiң негiзгi бөлiгi алты зейнетақы қорының уысына шоғырланғанын айта кету керек. Олар: «Халық банкi» жинақтаушы зейнетақы қоры», – 28,75 пайыз, «ГНПФ» ЖЗҚ-i» – 17,31; «ҰларҮмiт» – 17,27; «БТӘ Қазақстан» – 10,25; «Грантум» жинақтаушы зейнетақы қоры – 6,22 пайыз.

Осы жылдың 1 тамызындағы деректерге сенсек, зейнетақы активтерiнiң 60 пайызы мемлекеттiк емес құнды қағаздар негiзiнде сақтаулы көрiнедi, яғни, әлемде экономикалық дағдарыстар дүркiн-дүркiн болып жатқан кезеңде олардың болашақ тағдыры күмәндi деген сөз. Ал зейнетақы активтерiнiң 31 пайызы ғана Қазақстан республикасының мемлекеттiк құнды қағаздары түрiнде сақталатынын ескерсек, жинақтаушы зейнетақы қорларының ертеңгi күнiне адамдардың алаңдауы түсiнiктi де. «Қазақстанның зейнеткерлiк нарығы – жүйелiк реформаларға 10 жыл» атты осы халықаралық конференцияға қатысушыларға, тiптi, 21 қыркүйекте мұхиттың арғы бетiндегi Чилидiң астанасы Сантьягодан Зейнетақы қорларын басқарушылардың халықаралық федерациясы (FIAP) атынан құттықтау хат жолдаған Артур Жиллермо мырзаның сөздерi де қауiп бұлтын сейiлте алмайды. «Бiз қиындықтарға ұрынып, жиi-жиi негiзсiз сынға ұшырайтынымызды сiздер жақсы бiлесiздер. Бiрақ, үш деңгейлi зейнетақы жүйесi жұмыс iстеушiлердiң қажеттiлiгiн ең тиiмдi жолмен қамтамасыз етедi деген сенiм бiздiң жүйемiздi одан әрi дамытып, жақсартуды жалғастыруға бiз үшiн қамшы болады», – деп жазады Артур Жиллермо мырза және өзiнiң бұл салтанатқа қатыса алмайтынына кешiрiм сұрай отырып, Қазақстандағы жақтастары мен iзбасарларына бұдан былай да энтузиазммен және творчестволық тұрғыдан жұмыс жүргiзудi жалғастыра берулерiн тiлейдi.

Сондай-ақ, Чили–Британ университетiнiң директоры, ЮСАИД-тың кеңесшiсi Андреас Керн Баскуньян мырза да Сантьягодан 22 қыркүйекте хат жолдап, өзiнiң осы жиынға келе алмағанына кешiрiм сұрапты. Осындай құттықтаулар Қазақстанға нелiктен Чилиден ғана ағылып жатыр және әлгi мәртебелi мырзалардың бiздiң елге келе алмауына не себеп?

Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң үлгiсiн Чилиден алғаны белгiлi. Бұл жүйе әлемдегi ең озық әрi тиiмдi үлгi ретiнде қабылданды, яғни мұны жұрттың бәрi мойындауға тиiс-тұғын. Бiрақ, әлгi Артур Жиллермо мырзаның өзi мойындағанына қарағанда, бұл жүйеге қарсылар да көп сияқты әрi жиi сынға ұшырайтын көрiнедi.

Гамлеттiң «Дат корольдiгiнде әлденелер дұрыс емес» дейтiнi сияқты, бұл мойындаудың өзi адамдардың сенбеушiлiгiн одан әрi үстемелей түсетiнi сөзсiз. Ал осы қымбатты қонақтардың келмеуi Чилидегi жинақтаушы зейнетақы қорларында дағдарыстың басталып кеткенiн бiлдiретiн белгi емес пе екен?! Олар өз жүйелерiнiң тиiмдiлiгi мен артықшылығына қанша сенiмдi болғанмен, жинақтаушы зейнетақы жүйесi әзiрге әлемде сынақ түрiнде ғана жүргiзiлiп жатқанын Жиллермо мырза да iштей мойындайтын сияқты. Ал Қазақстандағы банк жүйесiнiң әбден орныққанын, оның тиiмдiлiгiне қаржыгерлер қанша сендiрiп баққанымен бұл салада да көптеген түйткiлдердiң барлығын соңғы айлардағы күтпеген оқиғалар дәлелдеп бердi. Елiмiздегi мақтаулы, табысы мол құрылыс компанияларының дағдарысқа ұшырап, таяуда бiрталайы банкротқа ұшырайтынын бiлiп отырған жұрттың алаңдайтын жөнi көп. «Аузы күйген үрiп iшедi».

2000 жылы 3 млн.адамның ғана жеке зейнеткерлiк шоты болса, қазiр миллионға жуық адам қамтылған дейтiнге келер болсақ, оның де себебi бар.

Бiрiншiден, әу баста адамдардың ерiктiлiгi жарияланған бұл жүйе кейiнiрек жаппай мiндеттiлiкке айналды. Адамдардың басқа барар жер, басар тауы қалған жоқ.

Екiншiден, мемлекет осы жүйенi ғана түбегейлi қолдап, оған жалпы мемлекеттiк маңыз бердi. Яғни, ешқандай баламалы жүйе жасалған жоқ.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң өмiршеңдiгi мәселесiне келетiн болсақ, оның әлдекiмдерге тиiмдi болып отырғаны немесе болашақта аса тиiмдi болатыны сөзсiз. Өйткенi, Қазақстанда адамдардың орта жасы зейнеткерлiк жастан төмен болып отырған қазiргi жағдайда олардың өмiр бойы жинақтаған зейнетақылары әлгiндей қорлардың қоржынын қампайтып қалатыны бесенеден белгiлi. Бiрақ, әуел бастан тәубешiл, оптимист қазақтар Құдайдан ғұмыр тiлеп, келер күнге қам жемей, қыңқ етпей-ақ жүр. Бiр мәнiсi болар…

Сонымен, конференция қызу жүрiп жатты. Баяндамашылар баяғы әдетiмен орысша сөйлеуде. Мейлi, олардың қай тiлде сөйлеуiн өз еркiне-ақ қалдырайықшы, бiрақ осы халықаралық маңызды конференцияның материалдары мемлекеттiк тiлге аударылмағаны жиналғандардың зығырданын қайнатты. Оның үстiне бұл конференцияға шақыртылғандардың басым бөлiгi өзiмiздiң қаракөздер екен. Биiк мiнберден жалынды сөз сөйлеп тұрған шешендердiң айтқандарының көбiсiн түсiне алмаған шығар, олар алдарындағы арасан суын жиi-жиi жұтып, өз беттерiмен отыр. Құдды, мұғалiмнiң айтқанын ұқпаған төменгi сынып оқушылары сияқты зерiгiп, әрнәрсенi ермек етуде.

Содан соң Ә.Сәйденов мырза өз сөзiн аяқтағанда орнымнан тұрып, «Конференция материалдары нелiктен мемлекеттiк тiлге аударылмаған? Әлде қазақтарға зейнетақы қорларының керегi жоқ па?» деген сауал қойдым. Президиумдағылар қозғалақтасып, сұрақтардың конференция соңынан қойылуы қажет екендiгiн айтты.

Осылайша бұл конференцияда да қазақ тiлi кейiнгi қатарға сырылып тасталыпты. Елiмiздегi халықтың басым бөлiгi қазақтар екенiн ескерсек, олардың тiлiн менсiнбеген мұндай конференциялар кiм үшiн ұйымдастырылады?! Адамдардың орта жасы зейнеткерлiк жасқа жетпейтiн мемлекетте жинақтаушы зейнетақы қорларының қандай қажеттiгi бар? Кiм бiлсiн…

Жаңабек ШАҒАТАЙ