«ЕУРАЗИЯНЫҢ» КӨШI БАСТАЛДЫ
«ЕУРАЗИЯНЫҢ» КӨШI БАСТАЛДЫ
«Еуразия» кинофестивалiнiң дәстүрлi мерекеге айналғанына – 4 жыл. Жыл сайын сарыала күзбен бiрге алматылық жұртшылықтың асыға күтетiн мерекесiне айналды. Рас, «Еуразия» кинофестивалiнiң өзге фестивальдерден тағы бiр ерекшелiгi бар. Оның артықшылығы – қазақ елiне дүниежүзiнiң майталман кино шеберлерiнiң мұхит асып, ат арытып келетiндiгiнде болса керек.
Сонымен, дәстүрлi кинофестивальдiң өз шымылдығын ашып, Алматыны өнер додасына айналдырғанына да төрт күндей болыпты. 23 қыркүйектен басталған фестивальдiң әр күнi думанға айналған. Достық үйi мен Республика сарайының есiгi жұртшылыққа айқара ашылып, күн сайын әлемнiң озық туындыларын насихаттап, көрсетiп жатыр. Одан қала бердi, тiлшi қауым үшiн күнiне төрт-бес рет өткiзiлетiн баспасөз-мәслихаттарын қосыңыз. Биылғы жылы да «Еуразия» кинофестивалiнiң бас демеушiсi – «Атамекен холдингi». Екiншi мәрте демеушiлiк танытып отырған «ATAMEKEN HOLDING» ҚӨТ АҚ-тың Басшылар кеңесiнiң Төрағасы Ұзақбай Айтжанов мырза: «Төл руханиятымызға жанашырлықпен қарап, осындай айтулы оқиғаға қол ұшымызды созып, сүбелi үлесiмiздi арнау бiз үшiн қашанда абыройлы, ардақты iс. Өйткенi, өнер қашанда ел мен елдi жақындастырып, мызғымас достығы үшiн себепкер болатын алтын көпiр. Сол өнер арқылы сiздер үшiн бiздiң халқымыздың тiлi мен дiлi, дәстүрi мен салт-санасына бойлап, мол мағлұмат алуға мүмкiндiк туатын болса, фестиваль арқылы бiз де өзге халықтардың болмысы мен тыныс-тiршiлiгiн танып бiлемiз»,–деген едi. Расында да, ел мен елдi жақындатып, тәжiрибе алмастыруда «Еуразияның» орны бөлек болары анық. ҚАЗАҚ МУЛЬТИПЛИКАЦИЯСЫНА – 40 ЖЫЛБиылғы «Еуразияның» жөнi де, жолы да бөлек. Оның себебi, әлемнiң кино жұлдыздарын шақыруымен қатар, биылғы жылы қазақ кино өнерiнiң шеберi, белгiлi режиссер Мәжит Бегалиннiң күндерiнiң өтуi. Қазаққа «Артымызда Мәскеу», «Мәншүк туралы ән», «Отқа оранған Орал» атты классикалық дүниелердi ұсынған Мәжит Бегалин қазақ кинематографиясында орны бөлек тұлға. Бейнелеу тәсiлi мен тақырып таңдауы жағынан оның фильмдерi бүгiнгi күнге дейiн өз маңызын жоғалтқан жоқ. Мәжит Бегалин кеңестiк кино тарихында бiрiншi болып ғұмырнамалық жанрға баса назар аударған режиссер. Оның кез келген туындысын алсаңыз да, бас кейiпкер тарихи немесе жасанды образ емес, нақты адам. Ол бейнелеген Шоқан, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк – қазақ халқы үшiн орны бөлек тұлғалар. Олардың бейнесiн жасандылықпен жасау мүмкiн емес. Мұндай күрделi жанрға бару режиссер үшiн де оңай болмағаны рас. Мәселен, «Отқа оранған Орал» аталған соңғы фильмi тарихта болған нақты оқиғаны, 1919 жылы Орал қаласын ақгвардияшылардың басып алуы туралы баяндайды. Фильмнiң басты кейiпкерiнiң қатарында қазақтың Алаш Орда үкiметi жетекшiлерiнiң бiрi – Бақытжан Қаратаевтың бейнесi сомдалған. Кеңес үкiметiнiң ұлтшылдық саясаты ұлып тұрған кезiнде мұндай фильм жасау, әрине, үлкен ерлiк едi, сондықтан бұл фильмдi көрсетуге тыйым салыныпты. Мүмкiн, талантты режиссердiң өмiрден ерте кетуiне бұл оқиға да үлкен себепкер болған шығар, кiм бiлсiн?! Жексенбiден берi кинофестивальдi тамашалап жатқан жұртшылық фестиваль аясында режиссердiң қолтаңбасы қалған фильмдермен де тағы бiр рет қауышатын болады.
Сондай-ақ, биылғы жылы қазақ мультипликациясына 40 жыл толады екен. 40 жылдық тарихы бар, қазақтың мультипликация өнерi бүгiнде кенжелеп қалған өнердiң бiрi. Бiр кездегi Әмен Қайдардың түсiрген мультфильмдерiнен соң, ауызға iлiп аларлық дүние де қалмаған сыңайлы. Әрине, мультипликация жанры – ең ауыр да, күрделi жанр. Бұл жанрға бара қою да оңай шаруа емес. Оның үстiне, қазақтың технологиясының да озық боп тұрғаны шамалы. Бұл проблемалардың көбi, Әмен Қайдар бастаған қазақ мультипликациясын жасаған өнер шеберлерi қатысқан баспасөз-мәслихатында да сөз болды. 40 жылдық тарихы бар мульти-өнерде шын мәнiнде ауыз толтырып айтарлықтай дүние де аз. Әсiресе, ел тәуелсiздiгiн алып, нарыққа көшкен жылдары бұл жанр мүлдем тоқтап қалған сыңайлы. Оның басты себебi, әуелi қаржыға барып тiрелетiнi айқын, одан қала бердi прокат мәселесi тағы бар. Бiр қызығы, бiздiң мультипликациямыз саусақпен бүгiп санауға жетпейдi деп жүрсек, керiсiнше, Әмен ағамыз 100-ге тарта мультфильмдерiмiздiң жарыққа шықпай жатқандығын айтты. Оны шығару үшiн, ең бастысы телеарналармен жұмыс iстеу қажет. Ал телеарналар тегiн ешнәрсенi шығармайтындығы тағы белгiлi. Сондықтан, бүгiнгi күннiң ең басты мәселесi «Кино туралы» Заңның бекiтiлуiнде жатыр. Сонда ғана қазақ киносы да, қазақ мультипликациясы да дамитын болады. «ҚАЗАҚТЫҢ КИНОСЫН ӘЛЕМГЕ ШЫҒАРУ ҚАЖЕТ»«Еуразияның» биылғы қонағы кiмдер болады?» деп күтiп жүрген оңтүстiк астана жұртшылығы Республика сарайының қызыл алаңқайында француздардың атақты жұлдыздарымен де, Голливудтың озық кино шеберлерiмен де, Болливудтың атақты актрисасымен де, Ресейдiң өнер жұлдыздарымен де кездестi. Биылғы жылдың айтулы қонақтары француздық жұлдыздар Софи Марсо, Кристофер Ламберт, Жерар Депардье, үндiлiк актриса Нандита Дас, американдық жұлдыздар Жаклин Биссет пен Арманде Ассанте болып отыр. Оның қатарына ресейлiк бiр топ өнер жұлдыздарын қосыңыз.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем бередi» демекшi, алыстан ат арытып, француздық жұлдыздар келiп жатқанда, неге тамашаламасқа деп, бiз де баспасөз-мәслихаттарынан қалмауға тырыстық. Әйгiлi француз жұлдызы Софи Марсоның есiмi қазақ көрерменi үшiн жақсы таныс. 14 жасынан фильмге түсiп, әлем жұртшылығына танылған қаршадай қыздың алғашқы ролiнiң өзi-ақ, Софидiң атын әлемге паш еттi. Француз фильмiмен танылған актриса Голливудтың да туындыларынан жырақ кетпептi. Оны әлемге танытқан фильмдердiң бiрi – Мел Гибсонның «Батыл жүрек» («Храброе серце») атты туындысы. Ең қызығы, Софи Марсо Қазақстанға бұдан бұрын да бiр рет келген екен. Софиға қазақ елiнiң қонақжайлылығы, кiшiпейiлдiгi, табиғатының сұлулығы ұнайды екен. Алғаш келгенiнде ресми сапармен жүргендiктен, қазақтың көп жерлерiн аралай алмаған екен. Бұл жолы талантты актриса өзiн қазақ елiне режиссер ретiнде танытпақ болып, өзiнiң «Довилде жоғалғандар» атты алғашқы туындысын алып келiптi. Жерар Депардьенi танымайтын қазақ жоқ шығар. Жапа-тармағай суретке түсiрiп, телеарнадан ғана тамашалап жүрген сүйiктi актерiн көзбен көргенiне мәз болып жатқан жұртшылықты көргенде, шiркiн-ай, қазақтың да актерi мен актрисасын әлем осылай мойындап жатса ғой деп армандадық. Кино өнер ғана емес, елiңдi әлемге танытудың таптырмас құралы. Француздың кедей отбасынан шыққан, алты баланың ортаншысы Жерарды кино болмаса, әлем таныр ма едi? Өзi де дәл кинодағыдай қалжыңға құмар, баладай аңғал, әзiлқой жан екен. Ә дегеннен-ақ, қазақтың психологиясын меңгерiп алғанын байқадық. Әсiресе, тiлшi қыздың: «Жерар Депардье мырза, сiз үнемi жаныңыздан әйелiңiздi тастамаушы едiңiз. Бiздiң елiмiзге неге жалғыз келгенсiз?» деген сауалына: «Менiң әйелiммен ажырасқаныма көп болды. Мүмкiн, қазақтар сияқты бес-алты әйелiм болған соң, сонымен шатастырып жатқан шығарсыздар» деп бiр күлiп алды. Француздар мен бiрлесiп қойған «Ұлжан» кинофильмiне қатысты сауалға Депардье жалғыз-ақ жауап қайырды. «Сiздер мұндай әдемi табиғаттарыңызбен тамаша-тамаша дүниелердi ешкiмнiң көмегiнсiз-ақ, көптеп түсiрулерiңiзге болады. Сiздерге әуелi фильмдерiңiздi әлемнiң кино кеңiстiгiне шығаруларыңыз қажет. Ол үшiн жастарға көбiрек қамқорлық көрсетiңiздер»,– дедi. Иығына оқалы шапан мен құндыз бөрiк киген Жерардың түрi қазаққа ұқсап қалған сияқты көрiндi. Үстiндегi киiмiне бiр, қолындағы алмас қылышына бiр таңданып, мәз болды. Тек, әттеген-айы, шуылдаған тiлшiлердiң арасынан қазақша сұрақ қоюға мүмкiндiктiң болмай қалғаны. Онда қазақ елiне алғаш рет ат басын тiреп отырған Депардьеден қазақтың тiлiн, қазақтың дәстүрiн қайдан естiп бiлгенiн сұрайтын едiк. Жапа-тармағай қол көтерiп, сауал қойып жатқандардың көбi, «Сүйiктi фильмiнен, сүйкiмсiз кейiпкерiнен» аса алмай қалды. Оқалы шапан құндыз бөрiк кигiзген жақсы-ау, бiрақ, оның қазақтың бiр ауыз сөзiн естiмей кеткендiгi жанымызды қынжылтады. ҚАЗАҚҚА «ЕУРАЗИЯ» КИНОФЕСТИВАЛI ҚАЖЕТ ПЕ?«Еуразия» басталардан бiрер күн бұрын кинофестивальдi ұйымдастырушылардың бiрi, «Қазақфильм» акционерлiк қоғамының президентi Сергей Әзiмов мырза қазақтiлдi баспасөз өкiлдерiне өкпесiн айтқан едi. «Сiздер қазаққа «Ерузаия» кинофестивалi қажет емес» деп жиi жазасыздар. Қайта мұндай фестивальдер қазақты әлемге танытуға көмегiн көп тигiзбей ме? Қайта осының қажеттiгiн айтып жазбайсыздар ма?» деген баспасөз-мәслихатында Әзiмов мырза. Рас, Қазақстанды танытуда мұндай фестивальдер қажет болса қажет шығар. Тек ол үшiн мұндай фестивальдердiң тiлi қазақша болуы керек. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келген қонақтар ең әуелi құлағына қазақтың тiлiн сiңiру керек. Содан кейiн барып қана, қазақтың озық дәстүрiн, қазақтың ұлттық музыкасын естуi керек емес пе?! Сонда ғана барып, олар қазақты таниды. Сонда ғана барып олар, қай елге, қай мемлекетке келгенiн ұғады. Тiптi, күнi кеше ғана көршi мемлекеттердiң бiрiнен келген қонақтардың бiрi бiздiң қазақша сөйлегенiмiздi көрiп, «Е-е, қазақша сөйлейтiндер де бар екен ғой. Әйтпесе, бәрi тiлдi ұмытып қалған ба деп, қорқып қалып едiм» дедi. Қалжыңмен айтылса да, ауыр шындық. Осыдан екi жыл бұрын, «Еуразияға» келген Жан Клод Вандаммның: «Егер мен қазақша бiлсем, қазақша сөйлейтiн едiм. Сөйлей алмағаным үшiн кешiрiңiздер» дегенi де есiмiзде. Мұхиттың арғы жағынан келген актерге кешiрiммен қарай аламыз, ал елiмiзде тұрып, қазақша сөйлемегендердi қайтiп кешiремiз?!
«ЕУРАЗИЯ» ӘЛI ДЕ ЖАЛҒАСУДАЖалпы, алғанда «Еуразия» фестивалiнiң өтуiне қарсы емеспiз. Тек, ол фестиваль жоғарыдағы бiз айтқан талаптарға сай келер болса… Ол үшiн «Еуразияны» ұйымдастырушылардың ұлттық рухы мықты болуы қажет… «Еуразия» әлi жалғасып жатыр. Фестивальдiң көпшiлiкке ұсынатын жаңалықтары да көп болмақ. Байқауға қатысатын фильмдер де сан алуан. Оларға баға берiп, төрелiк жасайтындар да әр алуан. Әзiрге Республика сарайында, Достық үйiнде, Кино үйiнде көрсетiлiп жатқан фильмдерге шетелдерден келген өнер шеберлерi төрелiк жасауда. Олардың арасында Аргентинадан, Ираннан, Кореядан, Қырғызстаннан, Түркiменстаннан келген режиссерлерiмiз бар. Байқаудың қорытындысы шығатын күн де алыс емес. Қай фильмнiң бағы жанады, оны уақыт көрсетедi.
Гүлзина Бектасова