Жаңалықтар

БIРI КҮЙIНДIРЕДI, БIРI СҮЙIНДIРЕДI

ашық дереккөзі

БIРI КҮЙIНДIРЕДI, БIРI СҮЙIНДIРЕДI

Соңғы уақыттағы жаңалықтар елдi елеңдету үстiнде. Оның құлаққа жағымсызы және жағымдысы да бар.

Жағымсызы – нан қымбаттады. Бұл туралы ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Алматыда бұрын 40 теңге тұратын бөлке нан қазiр 60 теңгеге сатылуда. Тiптен түстен кейiн дүкендерден бөлкенi таппайсың. Сатушылар бiздiң тапсырысымыздан әлдеқайда кем әкеледi дейдi. Соған қарағанда нан зауытының басшылары әлiптiң артын бағып отырған секiлдi.

Жұрт Астанаға алаңдауда. Ал Үкiметте екi ұдай пiкiр бар. Вице-премьер министр Өмiрзақ Шөкеев: «Нан зауыттарында бiр бөлкеге 39 теңге шығын жұмсалады екен. Наның дүкендердегi сатылу бағасы да осы төңiректе болуы керек», — десе, Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмов: «Бiр бақалаш судың бағасы 70 теңге. Бөлке нанға жұмсалатын шығын бұдан әлденеше есеге көп», — деп отыр. Бiрi-берi тартса, екiншiсi-ары тартуда. Қысқасы Үкiмет нан бағасын тұрақтандыра алмай әлекке түсуде.

Алматы облысының Iле ауданындағы Байсерке ауылында тұратын Талапбек Өскенбаев: «Менiң отбасымда тоғыз жан бар. Бес балам мектепте. Үлкендерiмнiң бiреуi жұмыссыз, бiреуi базар жағалап арба итерiп жүр. Тапқан–таянғаны жүрiс-тұрысынан, iшiп-жемiнен артылмайды. Өзiм зейнеткермiн. Негiзгi азығымыз – нан. Күнiне бiр уақыт ұннан iстелетiн тамақтан бөлек, бес бөлке нан жеймiз. Есiмов айтқандай малға берiп жатқанымыз жоқ. Өзiмiз жеп, күн көрiп жатырмыз. Қазiр ненi болса да есептейтiн болдық қой. Сонда мен күнiге 300 теңгенi нанға жұмсайды екенмiн. Бiр айда бұл 9 мың теңгенi құрайды. Бұған 4 мыңнан екi қап ұнды қосыңыз. Сонда барлығы 17 мың теңгенi құрайды. Азғантай зейнетақымды жеткiзе алмай басым қатып отырғанын несiне жасырайын?! Бұл бiзге және бiз секiлдi бiрнеше мыңдаған отбасыларына ауыр соғады. Менiң түсiнбей-ақ қойғаным мынау. Кейiнгi үш-төрт жыл бойына елiмiз миллиард пұт астық өндiрiп келедi. Биыл тiптен былтырғыдан да көп астық жиналатын түрi бар. Лайым Аллаһ елiмiзге осы молшылығынан жазбасын. Алайда осыншама астық өндiрген елде нан неге қымбат болуы керек? Шырағым-ау, астық көбейген сайын оның өнiмдерiнiң құны қайта бiршама арзандамай ма? Шетелдерге бидайды қаншаға сатамыз десе соншаға сатсын-ақ. Бұл сыртқы саясат. Ал iшкi саясат сол бидайды өсiрiп, молшылықты жасап отырған өз халқың үшiн басқаша болу керек қой. Қалтасы қалың шенеунiктер нан қанша қымбаттаса да ауыртпалығын сезiнбес, ал бiз секiлдi пақырларға күн көрiсiмiз бұрынғысынан да қиындай түсерi айтпаса да белгiлi. Шөкеев елдiң iшiнде өскен азамат қой. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсы бiледi. Үкiметтiң басқа мүшелерi оның ұсынысын құптаса иегi едi».

Иә, Үкiмет саясатында қарапайым халық түсiне бермейтiн мәселелер көп. Экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есiркепов: «Нан өнiмдерiне бағаны реттеп, тұрақтандырып отыру үшiн қоймаға арнайы сақталған екi миллион пұт астық қайда? Бұл жөнiнде Үкiмет неге үндемейдi?» — дейдi. Қарапайым халықты алдауға болар, ал көзi ашық, көкiрегi ояу ғалымдар олардың анау-мынау желеулерiне көнiп, бас изей қояр ма екен. Шынында Үкiмет сол резервке қойылған астық дерегiн неге айтпайды?

Ендi жағымды жаңалыққа келейiк. «Қазақтелеком» акционерлiк қоғамы қымбатшылыққа қарамастан тұтынушылардың қаражатын үнемдеу үшiн телекоммуникация қызметтерiнiң бiрқатар тарифтерiн төмендетуде. Былтырғы жылға дейiн байланыс жүйесiнде монопалистiк компания болған «Қазақтелеком» биылдан бастап халыққа бетiн бұрғаны сондай игi iстерiнен байқалуда. Атап айтар болсақ, оның IP VPN жаңа қызметi көпшiлiк көкейiнен шығуда.

Үстiмiздегi жылдың басынан бастап халықаралық телефон байланыстарының тарифтерi орта есеппен екi есеге жуық арзандаған. Сондай-ақ «TARLAN», «TARLAN-Ресей», «TARLAN-Қазақстан» карталарын пайдалану арқылы көрсетiлетiн халықаралық байланыс қызметтерiнiң тарифтерi де соншалық төмендетiлген. Бұған алдын-ала төленетiн «TARLAN–Еуропа», «TARLAN–Азия», «TARLAN–Германия», «TARLAN–Түркия», «TARLAN– Америка», «TARLAN–Қытай» карталарымен шығатын байланыс қызметiнiң тарифтерiн күндiз 64 пайызға, түнде 24 пайызға арзандатып отыр. Бұл бизнес саласындағыларды былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерде ұл-қыздары оқитын жандарға көп жеңiлдiктер әкелуде.

«Қазақтелеком» АҚ өткен ақпан айынан бастап, заңды тұлғаларға ғана абоненттiк терминал нөмiрлерiн беру және байланыс желiсiне қосу қызметтерiнiң тарифтерiн 25 пайызға кемiттi. Мұны Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Өскемен қалаларынан көруге болады. Бұл iс алдағы уақытта республиканың өзге де қалаларында жалғастырылады.

Бүгiнде қалта телефонды елiмiз тұрғындарының қырық пайыздан астамы пайдалануда. «Қазақтелеком» бұл байланыс түрiнiң қызметiне де елеулi өзгерiс ендiрдi. Жыл басында жергiлiктi телекоммуникация қызметi қалта телефон байланыс операторларының желiсiне шығу үшiн тарифтiң әрбiр толық емес 10 секундына ҚҚС-тi есептемегендегi 5,97 теңгеден 5,69 теңгеге төмендеудiң төртiншi кезеңi iске асырылды.

Өткен жылы жеке тұлғалар үшiн Интернетке «Megaline Hit» кең жолақты қызметiнiң тарифi 76,5 пайызға, ал үстiмiздегi жылдың ақпан айында осы қызмет көрсету тарифi тағы 23 пайызға арзандатылған. Наурыз, тамыз айларында «Megaline» қызметiне қосылуға 50-100 пайыздық жеңiлдiктер жасалды. Бұл әсiресе Интернет қызметiн жиi пайдаланатын студенттер мен оқушыларға көп көмегiн тигiздi десек асылық айтқандық болмас.

Айта кететiн бiр жай мемлекеттiк тiлдi де алғашқылардың бiрi болып қолданысқа ендiрген осы «Қазақтелеком». Дегенмен мұнда да әлi атқарылмай жатқан жайлар бар. Республика шалғайындағы елдi мекендердiң сегiз пайызы күнi бүгiнге дейiн жоғары сапалы телекоммуникация байланыс жүйелерiне қосылмаған. «Қазақтелеком» ұжымы таяу уақытта осы мәселенi қолға алып, жүзеге асырмақ.

Көлбай Адырбекұлы