АЛТЫН САПА КӨРМЕ-БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТI

АЛТЫН САПА КӨРМЕ-БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТI

АЛТЫН САПА КӨРМЕ-БАЙҚАУЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі

Өткен жылдан берi Елбасының арнайы бұйрығы бойынша «Сапа жағынан жетiстiкке жеткенi үшiн» марапаттауы мен «Алтын сапа» республикалық көрме-байқауы ұйымдастырылып келедi.

Осы байқау аясында 3 – тамыз күнi Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Алматыда жасалған» атты көрме көпшiлiктiң назарына ұсынылды. Оған Елбасының өзi арнайы келiп қатысып, отандық өнiмнiң қаншалықты дәрежеге көтерiлгенiн өз көзiмен көрiп куә болды. Аталмыш көрмеге Алматы қаласының шамамен 90-нан астам iрi және шағын өндiрiс мекемелерi қатысып, халық үнемi тұтынатын өнiмдердi ортаға салған-ды. Нәтижесiнде Алматы қаласының 201 мекемелерi мен ұйымдары халықаралық жүйедегi менеджмент сапасына лайық деген сертификатқа ие болды.

Негiзi байқаудың жеңiмпаздарын анықтау өндiрiс мекемесiнiң қызмет көрсету аясын сарапқа салудан басталып, көрсетiлген материалға қарай балдық жүйемен лайықты бағасын алды. Бұл саралау 10 талап бойынша, яғни, өнiмнiң сапасы мен оның бәсекеге қабiлеттiлiгiн тексеру, сол сияқты халықаралық стандартқа сәйкестiгi жөнiнде қаржылық-шаруашылық, әлеуметтiк аспектiнi толық қамтуы бойынша жүзеге асты. Бұдан соң сарапшылар назары өнiмнiң ассортимент түрлерiне, сондай-ақ кәсiпорын ашқан жаңа жұмыс орындарының қазiргi кездегi әлеуетiне ауды. Мұндай егжей-тегжейлi салыстыру мен бағалаудың арқасында ең сапалы өнiм өндiретiн брендтiң аты аталды.

1 — категория (шығын кәсiпорындар бойынша) бiрiншi орынға – «КазСтройСтекло» ЖШС, екiншi орынға – «Вулкан» ЖШС, ал үшiншi орынға – «Ани» мен «Alina pro» ЖШС ие болды.

«Тұрғындарға арналған ең сапалы тауарлар» номинациясы 2 категория – iрi және орта кәсiпорындар аясында өрбiдi. Қазылар алқасы бiрiншi орынға –«Глобал фарм» ЖШС, екiншi орынға –«Семирамида» ЖШС, үшiншi орынға – «Алматы Жиһаз фабрикасы» және «Алматықала безендiру» АҚ-ын лайық деп таныды. Ал 1-категория бойынша шағын кәсiпорындар арасында бiрiншi орынды «Кара» ЖШС, екiншi орынды – «Ангельхер», үшiншi орынды – «Шертер» ЖШС-i олжалады.

Сондай-ақ, «Ең сапалы азық-түлiк тауары» номинациясы 2 категория (iрi және орта кәсiпорындар) бойынша бiрiншi орын «Рахат» АҚ, екiншi орын – «Ақсай» нан-тоқаш комбинатына, үшiншi орын «Вита» А мен «АЛВЗ» АҚ-на бұйырды.

1 категория (шағын кәсiпорындар) төңiрегiнде:

Бiрiншi орынға – «Бижан» ИП, екiншi орын – «Шин-Лайн» ЖШС, үшiншi орынға – «Қызылмай» фирмасы таңдап алынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаудың жиi өткiзiлуiнiң арқасында жұрт азық-түлiк немесе күнделiктi тұрмысқа қажеттi тауар өндiретiн мекеменiң қай өнiмi бәсекеге қабiлеттi екендiгiн бiрте-бiрте айыра алатын болады. Бүгiнде кез келген сапалы тауар өндiретiн кәсiпорындар мен комбинаттарда тұтыну мәдениетiнен хабардар ететiн маркетинг бөлiмi жұмыс iстейдi. Олар әрқашан өз өнiмдерiнiң құн мен сапа биiгiнен түспеуiне атсалысады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ