«МЕНIҢ КIТАБЫМ ДА «АЛЛАЖАР» ФИЛЬМIНIҢ КҮЙIН КЕШТI»

«МЕНIҢ КIТАБЫМ ДА «АЛЛАЖАР» ФИЛЬМIНIҢ КҮЙIН КЕШТI»

«МЕНIҢ КIТАБЫМ ДА «АЛЛАЖАР» ФИЛЬМIНIҢ КҮЙIН КЕШТI»
ашық дереккөзі

Былтыр Желтоқсан көтерiлiсiне – 20 жыл толды. Желтоқсаншылардың қасық қанымен келген тәуелсiздiк мерекесi қарсаңында бiрталай құнды дүниелердiң бетi ашылып, баспасөз беттерiнде жарияланды. Соның бiрi әрi бiрегейi ретiнде Талғат Айтбайұлы құрастырған «Алматы 1986 жыл Желтоқсан» кiтабының екi томдығының жарық көргендiгi, ал жақында аталмыш кiтаптың үшiншi томы оқырманға жол тартқанын қуана айтқымыз келедi. Алайда, «Азын-аулақ үш жүз, төрт жүз данамен жарық көрген кiтап кiмге жетедi?» деп күйiнген Талғат Айтбайұлы билiкке деген жанайқайын да жасырып қалмайды.

«Желтоқсан көтерiлiсi қалай басталды, немен бiттi?» деген сауал сол жабулы қазан жабулы күйiнде қалып қойды. Неге екенi белгiсiз, осы көтерлiстi сөз қылғанда шындықты айтпай, қасарысып алатын бол¬дық. Естерiңiзде болса, былтыр Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығын «жетiм қыздың тойындай» атап өттiк. Мiне, биыл 21 жылға аяқ басқалы тұр. Билiк болса, әлi де өз тарихымызда орын алған шындықты айттырмауға тырысады. Мәселен, бүгiнге дейiн Желтоқсан көтерiлiсi туралы талай дүние жарық көрдi. Мен де қарап қалмай, өз тарапымнан жүз баспа табақ кiтап шығардым. Бiр өкiнiштiсi, мемлекеттiң қолдауы жоқ. Қаншама мекемеге хат жазып, өтiнiш бiлдiрдiм. Қаншама фильм түсiрiлдi, мемлекет бiр тиын да бөлген жоқ. Ал Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты Талғат Теменов «Қызғыш құс» атты фильм түсiрiп едi, Жәнiбек Жетiруов та сол iспеттес дүниенi өмiрге әкелдi, билiк өзiне ыңғайлы жолын таңдай кеттi. Осы секiлдi фильмдi қаржыландырады, ал, шындықты шырылдатып бейнелеген «Аллажар» әлi экранға шығарылмай келедi. Қысқасы, қалың көрерменге жол таба алмай жатыр. Бұл бұл ма, менiң кiтабым да сол күйдi кештi. Былтыр Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығы кезiнде Мәдениет және ақпарат министрлiгiне, Президент әкiмшiлiгiне: «Менi тендерге iлiктiрiңдер, 2 том кiтап дайын тұр» деген сарында өтiнiш хат жазып едiм, бәрiнен де: «Өте қажеттi кiтап екен, тендерге қатысыңыз, көмек болады…» деген жауап алдым. Бiрақ, сөйтiп сөзбен алдап қояды да, тендер бермейдi. Тағы бiрде Мәдениет және ақпарат министрлiгiнен Нұрлан Нұрғазин деген азамат хабарласып, «Келiңiз, Желтоқсан кiтабына қаржы берiледi» дедi. Сендiм. Бұл уәде де сөз жүзiнде қалды. Содан не керек, Желтоқсан кiтабының 2 томы дайындалды. Оның бiрiншiсi, 1990 жылдары шығарылған «Алматы 1986 Желтоқсан» деген үш кiтаптан тұрды. Ал, екiншi томы соңғы кездегi жинақталған материалдардан құрастырылды. Көмек қолын созғысы келген азаматтар азын-аулақ ақша бердi, дегенмен бұл кiтапты оңай жолмен шығаруға ғана жеттi. Таралымы өте аз, алғашқы 2 кiтап 300 данамен ғана жарық көрдi. Үшiншi томының таралымы 400 дана. Оған ҚР депутаты Нұртай Сабильянов мырза демеушiлiк жасады. Яғни, кiтаптың үшiншi томы Нұртай секiлдi жүрегi бар азаматтың арқасында жарық көрдi. Бiр түсiнбейтiнiм, бiздегi кәсiпкерлер мен қалталылар, билiк басындағылар «Желтоқсан – қазақтың тарихы ғой, осыны айтатын адамдар бар кезде жазып қалайық, тоқтатпай кiтап басып шығарайық» демейдi ғой. Мысалы, көптеген кәсiпкерлерге: «Мына кiтапты көп таралыммен шығарайық, мектеп пен кiтапханаға тегiн таратайық» деп те айттым. Бұлардың бәрi айтыс ұйымдастыруға машықтанып алды. Есептесем, соған бөлiнген он көлiктiң бар болғаны екеуiне ғана бақандай он мың дана кiтап шығаруға болады екен. Бiрақ кiтап басып шығару мәселесiне мойнын бұрып, қарап жатқан жан бар ма? Жақында кiтап сататын «Эврика» сауда нүктесiне барсам, алдымен кiтаптың iшiнде не барын бiлуiмiз керек» дейдi. Былтыр Алтынбек Сәрсенбаевтың қоры 10 томдық кiтап шығарып едi, оны саттырмай қойды. Өйткенi, онда ащы, жанға батарлық материалдар көп-тiн.

Құдай қаласа, алдағы уақытта төртiншi томын шығармақшымын. Оған былтырғы жылы жарық көрген материалдар мен көтерiлiс куәгерлерi жазған деректер енедi. Қысқасы, бұл кiтап өз аяғымен келген материалдармен толығады. Естерiңiзде болар, «Егемен Қазақстан» газетiнде «Желтоқсан қаһармандары үн қатыңдар!» деген материалым жарық көрдi. Соның арқасында жыл бойы жан-жақтан көтерiлiске қатысқан қаһармандардан хат алдық. Мәселен, Талғар қаласынан жазған әскерден келген тракторист жiгiт алаңға келедi де, қолына таяқ алып жауға қарсы шығады. Содан бiр кезде қазақ капитан: «Жiгiттер, шаршадыңдар ғой, ертең де күн бар, болды қайтыңдар…» деп алдауқаратып сөйлегенде әлгi жiгiттердiң iшi жылып, қолындағының бәрiн тастаған екен. Сол мезетте: «Оңбағандарды ұрыңдар, соғыңдар!» деп жендеттерге бұйрық берген де сабатқан ғой. Уақыт өттi, заман өзгердi. Кешегi капитан қазiр генерал ма екен, полковник пе екен, кiм бiлсiн?! Егер қазiр дәл сондай көтерiлiс болса, жаңағы адамдар халыққа қарсы қару көтеруi мүмкiн ғой. Әлде ойланды ма екен?! Кiтаптың ұстанған бағыты да осы.

ҚАЙТА СОЛ КЕЗДЕ ТIЛ, БИЛIК ТУРАЛЫ АШЫҚ АЙТЫЛДЫ

Жалпы кiтапты шығарудағы мақсат – өмiр сабағы. Қазақ жастарының алаңға шыққандағы алдына қойған мақсаты әлi орындалған жоқ. Сан түрлi сауал қазақ халқының алдында әлi көсе-көлденең тұр. Керiсiнше, тәуелсiздiк алғалы берi бәрi күрделенiп кеткендей. Қайта сол сексенiншi жылдары тiл, билiк туралы ашық айтылатын едi. Қазiр жердiң асты мен үстiндегi байлықтың бәрi сатылып жатыр. Қарапайым халық қамқорсыз қалды. Ауылдың жағдайы тiптi қиын. Адамның өмiр сүру жасы бұрынғыға қарағанда қысқарып кеттi. Қаншама әлеуметтiк мәселе күн тәртiбiне қайта шықты. Ал ендi ақиқатты айтайық десек, тағы айттырмайды. Шыны керек, Желтоқсан – әлi қырық қатпары ашылмаған майдан. Желтоқсан – мезгiлдiк науқан сияқты. Мәселен, былтыр 20 жылдық кезiнде бәзбiреулер елемесе де, қыруар шаруа атқарылды. Парламентте мәселе көтерiлдi. Нұртай Сабильянов зиялы қауым мен депутаттар жазған хатты Парламентте оқып бердi. Соның негiзiнде «мына кiсiлер марапаттауға лайық» деген тiзiм жасалды. Оның iшiнде қайтыс болғандары бар, оның бер жағында әлi күнге жан жарасы мен тән жарасының зардабын тартып жүрген жандар көп. Айтыңызшы, сонда олар алаңға не үшiн, кiм үшiн шықты?

Оңтүстiк Қазақстан облысы Сайрам ауданы әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат бөлiмi «Егемен Қазақстанға» шыққан материалымды теледидардан 5-6 рет хабарландыру ретiнде берiптi. «Хабарласыңдар, материал болса берiңдер, кiтап шығайын деп жатыр, қалып қоймайық» деп сан қақсаса да, ешкiм хабарласа қоймапты. Одан қала бердi, әкiмшiлiктегi қызметкерлер мектептi аралап, «Ей, сен, Желтоқсанға қатысқан едiң ғой» десе, «Айтпаңызшы, баяғыда Желтоқсанға қатысып, қаншама таяғын жедiк, ендi бала-шағамызға тыныштық берсiн, осылар бейбiт өмiр сүрсiншi…» деп жалыныпты. Көрдiңiз бе, халық та әлi күнге қорқақтайды, ашық айтпайды. Жасырады. Қай саланың болсын, басы-қасында Желтоқсанның қаһармандары жүр. Бiрақ кешегi күркiреген күнi басынан өткiзген машақатты айтпайды. Айтқысы келмейдi де. Себебi бiреу, шен мен шекпендiсiнен айрылып қалмау үшiн жылы орнынан кеткiсi келмейдi. Өйткенi, әлi күнге бiр-бiрiнiң сөзiн аңду, артынан адам салып қою жалғасып келедi.

…300-400 ДАНА КIМГЕ ЖЕТЕДI?

Кiтап шығару оңай iс емес. Ол үшiн талай жылғы жиған-терген жемiстiң қорытындысы қажет. Сонау 1988 жылдан берi Желтоқсан көтерiлiсi туралы не айтылды, не жазылды деген мәселеге аса ден қойып келдiм. Нәтижесiнде, талай айтылмай келген дерек көздер мен жарияланбаған материалдарды жұртқа паш еттiк деп ойлаймын. Бiрақ, айналайын-ау, 300-400 дана кiмге жетедi? Қазақстанда қазақ тiлiнде 5 жарым мың мектеп бар. Қаншама кiтапхана, жоғары оқу орны бар, олар ненi азық етедi? Тiптi, кейбiр зерттеушi ғалымдар хабарласып, «Ұлттық кiтапхананың өзiнде Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты сiздiң кiтабыңыздан басқа кiтап жоқ» деп зар илейдi. Әрине, баспасөз беттерiнде, журнал, альманахтарда көтерiлiс туралы жарық көрген материалдар өте көп. Дегенмен, оны жинақтап, бiрiктiрiп, саралап жарыққа шығарып жатқан ешкiм жоқ. Құдай қаласа, төртiншi томына жер-жердегi облыстық, аудандық баспасөз бен теледидарда берiлген материалдарды енгiзбекшiмiн. Қолымнан келгенше, бар мүмкiндiгiмдi пайдаланып, зерттеудi одан әрi жалғастыра түсемiн. Кезiнде қазақ үшiн жанын беруге даяр Мұхтар Шаханов үлкен ерлiк жасап, басын бәске тiгiп, соның арқасында Желтоқсанның шындығы аздап болсын ашылды. Қалғанын айтып, оны халыққа жеткiзу бiздiң мiндетiмiз.

Үшiншi томның соңы Мейрам Байғазин деген автордың «Жиырма жылдан соң» атты мақаласымен бiтедi. «Елiмiздiң тәуелсiздiк алуына бiрден-бiр себепкер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы Отанымыздың тарихында әдiлеттi бағасын алған жоқ. Ең бастысы, тәуелсiз елдiң тiзгiнi өз қолымызға тие тұра, әлi де осы оқиғаға саяси және тарихи баға бере алмауымызда. Бұл да бiздiң елдiгiмiзге үлкен сын. …Осыдан 20 жыл бұрын қазақ жастары алаңға шықты. Қазақ жастарына қарсы мұздай қару қолданды, ұрды, соқты, итке талатты. Арада 20 жыл өттi. Алайда Алматыдағы «Шаңырақ» пен «Бақайда» сол процесс тағы қайталанды. Қаптаған полицейлердiң ұрып-жаншып, баспаналарын қиратқаннан соң, ендi олардың болашаққа артқан үмiттерi мен сенiмдерi күңгiрттенiп, көмескiленбейтiнiне кiм кепiл бере алады екен?» деп аяқталады. Бүкiл кiтаптың айтатын мазмұны осыған құрылған. Бар болғаны тарихтан сабақ алайық деген ой ғой.

Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ