Жаңалықтар

АСАНӘЛI

ашық дереккөзі

АСАНӘЛI

Бiрде Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың сахнасынан Орта Азия халықтарының театр фестивалiн тамашалағаным бар. Алыс-жақын шет елдерден, республиканың белдi-белдi режиссерлерi мен актерлерiнiң басын тоғыстырған кеште бiрiнен соң бiрi алма-кезек сөз алған қонақтар қазақтың дархандығын, қазақтың қонақжайлығын айтып, сыр шертiп жатты. Бiр сәтте кезек қазақтың театр мамандарына келдi. Сахна төрiне көтерiлген Асанәлi Әшiмов ә дегеннен-ақ:

«Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бiр қарашы,

Танисың ба, сен менi…

Мен – қазақтың баласы!» деп, өлең жолдарын ағыта жөнелдi. Ешкiмге ешнәрсенi түсiндiрiп жатқан жоқ. Бар-жоғы төрт шумақ. Сан мәрте естiген, сан мәрте жадымызда жатталған осы бiр өлең жолдарын дәл сол сәтте белгiлi актердiң аузынан естiгенiмiзде, ерекше күйге түстiк.

«БЕКЕЖЕН, ШАДИЯРОВ, ҚАСЫМХАНОВ…»

Қазақтың бүгiнгi кино өнерi «Голливудтың» атыс-шабысынан аса алмай, жастарымыздың санасы қилы қилы қияли кейiпкерлермен уланып тұрған бүгiнгi ғаламда, қазақтың киносын көрмейдi деу бекершiлiк. Азып-тозған iлуде бiреу болмаса, кез-келген қазақтың қарадомалағынан қазақ кино өнерiнiң Алтын қорына енген туындылардың бас кейiпкерлерi Қожаны, Алпамысты, Төлегендi, Бекежанды, Жiбектi, чекист Шадияровты, Салтанатты, Қайыркендi сұрасаңыз, «бiлемiн» деп жауап беретiнiне кәмiл сенем. Өйткенi, кино өнерiнiң қайталанбас туындылары саналатын бұл фильмдер қазақтың санасынан әзiр шыға қоймайды. Келешекте де ұмытылмайтынына күмәнiмiз жоқ. Демек, бұл фильмдер көрерменнiң жадынан шықпайтын болса, сол фильмдердегi сүйiктi кейiпкерлерiн сомдаған актерлердiң де оңайлықпен естен шыға қоймайтынын мойындауымыз қажет. Шын мәнiнде, Бекежанды, Қасымхановты, Шадияровты ұмыту мүмкiн бе? Мүмкiн, бұл бейнелердiң ұмытылмас дүниеге айналуына себепкер болған актердiң шеберлiгi шығар. Актер болғанда да, оларды жай актер емес, «әмбенiң Асанәлiсi» атанған Асанәлi Әшiмов сомдаса… Расында да, қазақ кино өнерiн Асанәлi Әшiмовсiз, Әнуар Молдабековсiз, Нұрмахан Жантөринсiз, Ыдырыс Ноғайбаевсыз, Фарида Шәрiповасыз, Құман Тастанбековсiз елестету мүмкiн бе?!! Бұлар бiр-бiрiнен ажырамайтын егiз ұғым секiлдi.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын курстағы бiр қызбен «Қыз Жiбек» фильмiне байланысты дауласқаным бар. Ол аталмыш фильмнiң мықтылығы – фильмнiң бағына Сұлтан Қожықовтай режиссердiң тап келгендiгi десе, мен керiсiнше, фильмнiң мықтылығы актерлердiң сәттi таңдалуында деп дес бермеймiн. Мүмкiн, шын мәнiнде Сұлтан Қожықовтың да мықты режиссер болуында шығар, фильмнiң әлi күнге өз бояуын жоғалтпай келе жатқандығы. Ал, бiрақ, Бекежанды дәл сондай етiп Асанәлi Әшiмов сомдамағанда, Бекежан «Бекежан» болар ма едi. Бар-болмыс бiтiмiмен, қайтпас қайсарлығымен, қайратты мiнез құлқымен, қазақтың аңғал батырын сомдаған жоқ па? Рас, Бекежан көрермен үшiн фильмде жағымсыз кейiпкер. Төлегендi мерт еттi. Бiрақ, жағымсыз кейiпкердi де дәл сондай батыр, парасатты қылып, кiм сомдар едi?! Әсiресе, фильмдегi Бекежан-Асанәлiнiң күлкiсi ерекше емес пе? Бекежанды басқа бiреу сомдаса, дәл осындай образ жасалар ма едi, әй, қайдам?! «Егер менде таңдау болса, Төлегендi емес, Бекежанды таңдаған болар едiм. Ол өкiнiшке орай, қойылымдарда қара ниет қас жауыз, түрi де соған сай, ұр да жық, жағымсыз кейiпкер ретiнде көрсетiлген. Ал, бiз екеумiз ақылдаса отырып, махаббаттың шәрбатына шөлдей бiлетiн нәзiк жүрегi бар, бiрақ өлiспей берiспейтiн өр мiнездi, жауына тұйғындай түйiлетiн, елiн қорғай бiлетiн, өзiнiкiн көлденең көк аттыға мiнгестiрiп жiбере салмайтын, қызғаныштың қызыл шоғына шыжғырылған аңғал Бекежанды сомдап шықтық»,–дейдi Асанәлi ағаның өзi де.

Әшiмовтың мықтылығы Бекежанмен ғана көрiнбейдi. Ол кiсi сомдаған қайратты да, қайсарлы чекист Шадияров бейнесiн қалай ұмытамыз?! «Атаманның ақыры» фильмiн жүз рет, тiптi мың рет қайталап көрсек те, әсте бiр жалыққан емеспiз. Өйткенi, онда бiз табынатын Шадияровтың бейнесi бар. Әсiресе фильмнiң соңғы эпизодтары тiптен де ұмытылмақ емес. Салтанаттың батыр күйеуiн бәрiмiз бiрге егiлiп қарсы алған жоқпыз ба? «Транссiбiр экспресiндегi» Қасымхановтың да шоқтығы биiк. «Қыз Жiбек» те, «Атаманның ақыры» да көптiң ұқзақ жылдар бойы күткен асыл арманы деймiз, мүмкiн бұл тума таланттың өнер атты қасиеттi дүниенi жан-тәнiмен сүйе бiлгендiгiнде жатса керек. «Бүгiнде ойлап отырсақ, Асекеңдi тағдырдың ауыр тауқыметiнен аман сақтап келе жатқан бойындағы екi iрiлiгi ме дерсiң. Оның бiрi – бақытты еткен ортасы. Бұл ортада кiмдер жоқ дейсiң. Бар қазақтың өнерiнiң бетке шығар бал қаймақтары. Алды Ел ағаң, Сер ағаң, Қаллеки, Шәкен боп, аяғы Асекеңнен (Асқар Тоқпановтан) туған тоғыз талант боп кете барады. Әрқайсысы өнер үшiн бiр-бiр кiтап, жеке дастан. Ал, екiншiсi –табиғатынан бiткен iшкi жан дүниесiндегi ұлттық әзiл қалжыңы мен көптi көрген көсемдiгi болар. Қандай қиын жағдайда әдемi әзiлi тек өзiне ғана тән жарасымдығымен жадырап тұратындығы. Асекеңнiң өмiрдегi әзiлi қашанда әдемi. Қағытпа қалжың, әдемi әзiлдерi не өз болмысынан, болмаса, қалыптасқан табиғи ортасы. Қайсысы десек те орынды» дейдi режиссер Ерсайын Төлеубай. Кино әлемiнде жасаған рөлдерi бiр төбе де, театрдағы сомдаған әрбiр кейiпкерi бiр төбе. Оған көрнектi актердiң драматургиядағы өзiндiк қолтаңбасын қосыңыз. Әрi режиссер. Дүниеге кинодан «Шоқанды», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлуды», театрда «Апатты», «Ымырттағы махаббатты», «Фархад пен Шырынды» әкелген де – Асанәлi Әшiмов.

ТОЙ БАСТАЛДЫ АЛАТАУДЫҢ ТӨРIНДЕ…

Табиғи тума таланты, дарабоз дарыны, өресi биiк, өрiсi кең өнегелi өнерi бар Асанәлi Әшiмовтың мерейтойы күндерден күндерге, түндерден түндерге жалғасуда. Сүйiктi актерiнiң мерейтойын Алматы жұртшылығы ғана емес, бүкiл республика жүртшылығы тойлауда. Бүкiл халық жаппай атап өтiп жатқан мерейлi кештер Асанәлi ағаның ғана биiк мәртебесi емес, қазақ кино және театр өнерiнiң биiк мәртебесi. Күнi кеше ғана Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда жалғасқан мерейтой Асанәлi Әшiмовтың көрмесiмен ашылды. Екiншi қабаттағы сарғайған суреттер, көнерген жазулар Әшiмов үшiн қымбат қазыналар. Онда өзi тәлiм-тәрбие алған ұстаздары, көзi көрген театр саңлақтары, бiрге ойнап, бiте қайнасқан достарының бейнесi бар. Асыл жары Майра да, асылдың сынығы ұлдары Мәдиi мен Сағиы бар. Әрбiр сурет өзiнше бiр әлем, өзiнше бiр құпия. Онда сол бiр кездердiң, сол бiр шуақты күндердiң iздерi сайрап жатыр. Көрмеде Асанәлi ағаның әрбiр жылдарда алынған құрметтi наградалары да, грамоталары да қойылған. Қылқалам шеберiнiң қолынан шыққан ағаның портретi де осында. Бiз жастар жағы әрбiр сарғайған суреттерден өзiмiзге таныс бейнелердi iздесек, жанымыздағы апа-ағалар өздерiнiң таныс құрбы-құрдастарын көрiп, көздерiнiң жасын бiр сығып алды…

Көрмеден соң жұртшылық бiрден залға жиналды. Асанәлi ағаның мереке¬сiне жиналған қауымда да шек жоқ. Соңғы кездерi театр ұжымы мерейтойларды қатып қалған сценариймен емес, емiн-еркiн, сахналанған көрiнiстермен өткiзудi жақсы үрдiске айналдырыпты. Кеш басталар алдында жұртшылыққа Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсiрген «Асеке» атты деректi фильм берiлдi. Әп-әдемi түсiрiлген деректi фильмге орысша дубляж жасап, қойыртпақталып кетiптi. Асанәлi ағаның жүрегiнен шыққан әдемi сөздерi естiлмей, орысша нұсқасымен ғана қанағат тұттық. «Бүгiн қазақтың тойы емес пе едi. Қазақша берiлсе неттi?» деген көрерменде де өкiнiш кеттi. Одан ары сахнаға жарасымды, әзiлi жарасқан құрдастар шықты. Асанәлi аға бастаған топ, театрдың майталмандары Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәрiпова, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова. Әрқайсысы өзiнше бiр әлем. Оларды бiр арнаға тоғыстырған өнер атты құдiреттi күш. Сол құдiреттiң арқасында жұптары ешқашан да жазылған емес. Тағдыр оларды өмiрде талай мақамға салған шығар, бiрақ өнерде олардың әрқайсысының бағындырған бiр-бiр биiгi бар. Сол биiкте олар бiрге келедi. Бiрi – кеше, бiрi – бүгiн жетпiстiң қырқасына шықты. Жетпiс деген не тәйiрi? Жақсы адамға жақсы қартая бiлу де өнер. Жарасым тапқан өнер жұлдыздарының жүздерiне қарасаңыз, қарттықты емес, ерекше бiр шаттықты байқайсыз. Оның өзi өнердiң де бiр құдiретi болар.

Асанәлi ағаны құттықтап келген көпшiлiкте де шек жоқ. Ең әуелi Елбасының құттықтау хатын жеткiзген Алматы қаласының әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы сахна мэтрiне жеңiл көлiктiң кiлтiн табыстады. Одан соң, Үкiмет басшысының, Мемлекеттiк хатшысының, Мәдениет және ақпарат министрiнiң құттықтау хаттары оқылды. 5-рет өткiзiлiп жатқан «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалiне Орта Азия мемлекеттерiнен арнайы келген өнердегi әрiптестерi де Асекеңнiң тойына сый-сияпатсыз келмептi. Өзбектiң де, тәжiктiң де, қырғыздың да шапаны «әмбенiң Асанәлiсiнiң» иығына жабылып жатты. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарға қарап, қазақтың Асанәлiсiнiң мәртебесiнiң әлдеқайда биiк екендiгiне тағы бiр көзiмiз жеттi. Сол күнi елдi күллi әлемге паш етiп жүрген қара баласынан айналған да шығар қазақ даласы.

P.S. Бүгiнде қазақтың киносы да нарықтың бiр баласына айналып кеттi. Оны айналдырған да бүгiнгi қоғам. Өйтпеске тағы болмайды. Голливуд пен Ресей кино кеңiстiгiне шығар жол сол ғана. Бiрақ, қанша жерден бизнеске айналса да, қанша жерден алып сатылса да, өнер қашанда өз биiгiнде қалады екен. Оған көзiмiздi жеткiзген, қазақтың баласы – Асанәлi Әшiмов. Тума таланттың өнердегi де, өмiрдегi де паспорты сол – Асанәлi Әшiмов. Сондықтан да болар, айналаңа тағы бiр рет қарап,

«Танимысың сен оны..

Ол – қазақтың баласы!» деп, жар салғың келедi.

Гүлзина Бектасова